• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Субсидия 12 Желтоқсан, 2023

Сарсаңға салған субсидия

177 рет
көрсетілді

Жетісуда ауыл шаруашылығы саласында субсидия беру кезінде қателік көп кездеседі. Мәселен, шағын және орта бизнес өкілдерінің техника алуға сұранысын басқарма бірнеше рет кері қайтарған. Тек антикордың араласуымен ғана мәселе шешілген. Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы ескірген техникалар туралы мәлімет беруден қашқақтап отыр. Одан бөлек, мемлекеттік сатып алу ісінде де сыбайлас жемқорлық меңдеп тұр.

Аграрлы өңірдің алдына қой­ған мақсаты – ауыл шаруа­шы­лығы саласында алға шығу. Қазір бос жатқан жерлерді игеруге күш салып жатыр. Әрине, бұл тұста шағын және орта бизнес өкілдеріне салмақтың көбірек түсе­тіні белгілі. Сол себепті Мем­лекет басшысы Жолдауында ауыл шаруашылығы негізгі сала­лардың бірі болып қала бере­ті­ніне тоқталып, мемлекеттік ор­ган­дарға субсидия бөлуге ба­қы­лауды күшейту тапсырылған еді. Соған орай Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің Жетісу облысы бойын­ша департаменті көптеген шикілікті байқаған. Мониторинг барысында «таңдамалы әдіс» бо­йынша субсидияларды төлеу фак­тілері, сондай-ақ өтініштерді қарау мер­зі­мінің жаппай бұзылуы анық­тал­ды. Тіпті осындай факті­лер субсидиялаудың басқа салаларында да кездеседі.

«Біздің ұсыныстарымыз бо­йын­ша барлық өтініш қара­лып, 1,6 млрд теңгеге кәсіп­кер­лер­ден түскен 782 өтініш қа­на­ғаттандырылды. Осылайша, олардың заңды құқықтарын қал­пына келтіру шаралары қолға алынды. Дәл осы бөлімде жеке істерді шешу шаралары жүр­гі­зіліп жатыр, олардың болуы жекелеген лауазымды тұлғалардың Пре­зидент тапсырмаларының ма­ңыз­дылығын түсінбейтінін, ал басшылар тарапынан бақылаудың мүлдем жоқтығын көрсетеді. Сайып келгенде, мемлекеттік қол­дау көрмеген кәсіпкер шы­ғынға батады», деген еді Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бо­йынша департаментінің бас­шысы Мақсат Жебегенов қыр­күйек айын­­да берген баспасөз мәс­ли­ха­­тын­да.

Мысалы қараңыз, шағын және орта бизнес өкілдері өз бизнесін қолдау үшін ауылшаруашылық техникасын сатып алуға мемле­кет­тік қолдауға үміттеніп, ин­вес­­тициялық субсидия алуға өті­ніш берген. Алайда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы құжаттар пакетінің толық ұсы­ныл­мағанын алға тартып, субсидия беруден бірнеше рет бас тартқан. Негізі құжаттың бәрі заңды түрде болған. Аталған департамент қызметкерлерінің мәліметінше, құжаттың толық­тығы Мемлекеттік ақпараттық жүйені зерделеу арқылы расталды. Кәсіпкер ақпараттық жүйеге заңнамада белгіленген құжат­тардың толық тізбесін қосады. Тек антикордың араласуынан ке­йін кәсіпкерге инвестициялық субсидиялар берілген.

«Қазір өңірдегі ауылшаруа­шы­лығы техникаларының дені ескірген. Оларды жамап-жасқап жұ­мыс істете алмайсың. Солай іс­те­геннің өзінде уақыттан ұты­­лып қаласың, өнім күтіп тұр­­­майды. Соған орай мемле­кеттен қолдау күтеміз. Мен техникаға субсидия алу үшін қаншама уақыт күттім. Құжаттан шикілік шыға береді немесе кейін қайтарады. Бір станоктың өзі 15 млн тұрады. Оған біздің қаражатымыз жет­пей­ді, лизингке иек сүйейміз. Жұмысқа мұндай көзқарас, әсі­ресе кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау саласында дұрыс емес», дейді кәсіпкер Арман Отарбаев.

Мемлекеттік сатып алу ісінде де сыбайлас жемқорлық меңдеп тұр. Бұл салада кәсіпкерлер де әкім­­шілік кедергілерге жиі ұшы­­­­­райды. Кейбір жағ­дай­­­ларда мем­ле­кеттік органдар мем­ле­кет­тік сатып алуды жүзеге асыру ке­зін­де негізсіз білік­­тілік та­лап­та­рын қояды, ал басқа­ла­рын­да келісім­шарт­тар мүлдем жасалмайды.

Әкімдіктің белгісіз себептермен мемлекеттік сатып алу кон­кур­сының жеңімпазымен шарт жасаспаған фактісі анықталды. Бұл кәсіпкердің бір ай бойы зиян­ды қалдықтарды шығару жұ­мыстарын жүргізіп, шығынға ұшырағанына қарамастан, сы­бай­­лас жемқорлыққа қарсы қыз­меттің араласуынан кейін ғана мәселе шешіліп, кәсіпкермен келісімшарт жасалып, қаражат тө­ленді. Тағы бір жағдайда кә­сіп­кер өз нысанының орталық су құбырынан су арнасынан ажыратылғанына байланысты бізге хабарласты. Деректерді қа­шықтан жіберу құрылғысының жоқ­тығына сілтеме жасалды. Сонымен бірге су арнасы кә­сіп­кердің бір қабатты үй тү­рін­дегі нысаны Ұлттық экономика министрінің бұйрығына ба­ғын­байтынын ескермеді, өйт­кені соңғысы көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты. Су шаруа­шы­лығы басқармасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­­меті тиісті түсініктемелер бер­ді, кәсіпкер қолданыстағы шарт негізінде орталық су құбы­ры­на қосылған», дейді Мақсат Жебегенов.

Оның айтуынша, кәсіп­кер­лер­дің әкімшілік іс жүргізу орбитасына заңсыз тартылуын Мемлекет басшысының тапсырмасын орындамаумен де теңестіруге болады.

Іріктеп жүргізілген мо­ни­то­ринг кезінде полиция қыз­меткерлерінің шағын кәсіпкерлік субъектісіне орта кәсіпкерлік субъектісі ретінде айыппұл салу арқылы әкімшілік жауап­кер­ші­лік­ке тарту фактісін анықтаған. Осыны сезген департамент қыз­мет­керлері полицияға ұсыныс жіберіп, кәсіпкерге 17 мың теңге қай­тарып берген.

«Анықталғандай, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау депар­та­мен­ті кәсіпкерді штатта нақ­ты мамандарсыз сараптау қыз­метін жүргізгені үшін негізсіз әкімшілік жауапкершілікке тартып, 1,2 млн теңге көлемінде айыппұл салған. Уәкілетті мем­ле­кеттік орган атал­ған ЖШС тіркелген сәттен бас­тап, ал бұл 2022 жылдан бас­тап құрылыс қызметі саласында инженерлік-сараптамалық қызмет көрсет­пе­генін, атап айтқанда, са­рап­тамалық қорытынды бер­ме­ге­нін ескермеген», дейді департамент қызметкерлері.

Қазір осы мәселе бойынша сот үдерістері жүріп жатыр. Антикор «Атамекен» өңірлік кә­сіп­керлер палатасымен бірлесе оты­рып, кәсіпкердің заңды мүд­десін қорғауға күш салмақ.

Жалпы, елімізде барлық өңір бойынша Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы жүзеге асырылуда. Талдау көрсеткендей, Жетісу өңірі үшін ауыл шаруа­шылығы, фискалдық сала, құры­лыс және тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық, экология, медицина, жол және инфра­құ­ры­лым, кәсіпкерлік салаларында жемқорлық жиі кездеседі. Мысалы, жер қатынастары бо­йынша пайдаланылмай жатқан 43 977,5 гектар жер мемлекет қоры­на қайтарылды. Салық саласында 32 шағын және орта бизнес субъектілерінің құқығы қорғалған. Кеден органы Алакөл және «Нұр Жолы» ТП-да жүк ағыны үдерісін оңтайландыруға және ашықтығына ықпал еткен ұйымдастырушылық және әкімшілік шараларды қабыл­да­ды. Білім саласында бюджет қара­жатын ұрлау фактілері анық­тал­ған.

«Қазір өңірде субсидия мәсе­ле­сі ушығып тұр. Құжатын алып жүгірген кәсіпкерлер, бос жатқан жерлерді игеруге әрекеттенген ауыл тұрғындары өте көп. Тек ауыл шаруашылығы басқармасы адаммен жөнді сөйлеспейді. Біздегі кәсіпкерлер палатасына да реформа керек. Бәрі электронды дегенімізбен, қаптаған құжат мезі етеді. Сондықтан кейбір кәсіпкер антикорды жа­ғалауға мәжбүр. Біз – аграрлы өңірміз, сон­дықтан осы салаға облыс тарапынан көбірек көңіл бөліну керек», дейді кәсіпкер Алтай Арманұлы.

Біз облыстық ауылшаруа­шы­лы­ғы басқармасына хабарласып ескірген техникалардың жай-жапсарын сұраған едік. Дегенмен әртүрлі сылтаумен басқарма қыз­мет­керлері мәлімет бермеді.

 

Жетісу облысы