Қолданыстағы «Білім туралы» Заңда еліміздегі барлық баланың тұрған жеріне, жағдайына қарамастан, сапалы орта білім алуға құқылы екені анық жазылған. Бірақ «Ауыл баласы мұндай мүмкіндікке ие ме?» деген сұрақ туындайды. Себебі шалғай елді мекендегі білім ошақтарының материалдық-техникалық базасының деңгейі қала мектебінен әлдеқайда төмен екені ақиқат. Ауылда кадрдың тапшы екені де белгілі. Қайтпек керек? Қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасы мен мүмкіндіктер теңсіздігін қалай жоямыз?
Бір мұғалім бірнеше пәннен береді
Білім беру саласындағы бірқатар ірі жобаның жетекшісі Рауан Кенжеханұлы еліміздегі ауыл мектептерінің түйткілдері әртүрлі екенін, тиісінше мәселелерді шешудің жолдары да әралуан болу керегін жеткізді.
– Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының айырмашылығы бізге ғана емес, көп елге тән. Кез келген елде білім сапасын жақсартудың бір тетігі – дәл осы айырмашылықты жою. Қазір қабылданып жатқан көп құжатта сапалы білім қолжетімді болуы керектігін айтып жүрміз. Ал енді оны жүзеге асыру жолдары – әр өңірде әртүрлі. Өйткені жеріміз кең және әр өңірдің өз ерекшелігі, өзіне ғана тән өзекті мәселелері бар. Айталық, Түркістанда үш ауысымды мектептер мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Солтүстікте керісінше ауылдардағы шағын жинақты мектептерде бала тапшы. Солтүстік Қазақстан облысындағы орта білім беру ұйымдарының 85 пайызы – шағын жинақты мектептер. Мұндай мектептерде толық құрамда мұғалім ұстау қиын. Айталық, шағын жинақты бір мектепте 40 бала оқиды десек, 40 мұғалім ұстау мүмкін емес. Сол себепті мамандығы келсін-келмесін, бір мұғалім 2-3 пәннен сабақ береді. Осының салдарынан оқушылар білімді жеткілікті түрде ала алмай отыр. Сондықтан әр өңірдегі ауыл мектептерінің мәселесін шешетін жеке стратегия керек. Бәріне ортақ талаппен тығырықтан шыға алмаймыз, – деді Р.Кенжеханұлы.
Оның пікірінше, әр өңір өз аумағына бейімделген, лайықталған, өзіне тән мәселелерді шешудің жолдары қарастырылған білім беру стратегиясын қалыптастыруы қажет. Екінші үлкен мүмкіндік – технологиялар. Қазіргі ІТ құралдармен, жаңа технологияның көмегімен барлық баланың үздік ұстаздардың қолымен жасалған әлемдегі ең ілгері әдістемелік жетістіктерді ескеретін қормен (оқулық, бағдарлама, әдістемелік құралдар, материалдар) білім алуға мүмкіндік жасасақ, онда үш ауысымды мектепте де, шағын жинақты білім ошағында да сапа бірдей болады.
Англия амалы
Расымен, қала мен ауыл мектептерінің білім сапасындағы, қарастырылған мүмкіндіктер турасындағы теңсіздік мәселесі өзге елдерде де бар. Дамыған мемлекеттер бұл түйткілдің түйінін қалай тарқатты? «Anglian Learning Multi Academy Trust» негізін қалаушы-бас директоры, англиялық педагог Кейт Эванс Ұлыбританияда ауыл мен қала мектептерінің мүмкіндіктерін теңестіру 90 жыл бұрын басталғанын жеткізді.
«Англиядағы қалалық мектепте де, ауылдық білім ордасында да жұмыс істедім. Кейінгі 12 жылда ауыл мектебінің директоры болып қызмет етіп келемін. Меніңше, ауыл мен қала мектебі арасындағы бүгінгі жағдай қаржыландыру мен ғимараттардың түрі, материалдық аспектілері жағынан өте ұқсас. Бірақ әрдайым бұлай болған емес. Әрине, тарихи тұрғыда қалалардағы және ауылдық жерлердегі мектептердің мүмкіндіктері мен көрсеткіштері арасында алшақтық болды. Демек бұл – өзгерген нәрсе. Кейбір айырмашылықтар әлі де бар және ауылдық жердегі балалар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету Ұлыбританиядағы басымдық болып қала береді. Өзім директор болып жұмыс істейтін мектеп «ауыл колледжі» (жоғары мектепті меңзеген болуы керек – ред.) деп аталады. Бұл – Ұлыбританияның бір бөлігіндегі Кембриджширде дамыған мектептің ерекше түрі. Ауылға қатысты аталған жұмыс 90 жыл бұрын басталған. Ол кезде ауыл мен қала мектептерінің мүмкіндіктері арасындағы айырмашылық өте үлкен еді. Ауыл колледжін құру идеясы «Қай жерде тұратынына қарамастан, барлық балаға бірдей мүмкіндік болуы керек» деген ойдан шыққан. Бұл ауыл колледжі қозғалысының бастауы болды», деді К.Эванс.
Британиялық спикеріміздің сөзіне сүйенсек, ауыл колледжі идеясы ауыл адамдарын, бүкіл қоғамдастыққа мектепті олардың да меншігі ретінде сезіндіруден тұрады. Яғни күндіз оқушылар оқыса, кешкі уақытта ересектерге оқуға, өзін дамытуға мүмкіндік беріледі. Барлық нысан, спорт ғимараттары, кітапханалар – қоғамға ортақ. Осының нәтижесінде оқушылар жергілікті қауымдастықпен емен-жарқын араласады, жергілікті қауымдастықтың да өз меншігі сезінетін мектепке демеушілік жасауына ықпал етеді. Жергілікті қоғамдастықтың инвестициясы арқылы мектеп жаңартылып, жақсарып, жаңғыртылады.
«Бүгінде мәселе бұрынғыдай өткір тұрмаса да, кейбір қаладағы нәтиже кейбір шалғай аудандарға қарағанда әлі де жақсырақ екені рас. Бұған себеп болатын кейбір мәселелер бар. Мысалы, өте шалғай, оқшауланған өңірлерге мұғалімдерді тарту қиын. Сонымен біз адамдарды қалай ынталандыруға, тартуға, олардың өз үлесін қосуға болатынын қарастыруымыз керек еді. Алайда мәселе түбегейлі шешілмеді, бұл қиындық әлі күнге дейін бар. Бірақ бұрынғыдай емес. Десек те өзекті мәселе жеткілікті. Атап айтсақ, Англияда мұғалімдіктен кетіп жатқан адам көп, білім саласына келіп жатқандар аз. Бұл – ұлттық проблема. Негізінен шалғайдағы ауыл мектептері көбірек зардап шегіп жатыр. Cіздердегідей бізде де мұғалімдерді алыс өңірлерге тартуға бағытталған әртүрлі жоба болды. Солардың бірі – «Оқыту – бірінші» деп аталатын жүйе. Бұл оқытуға қызығушылық танытпайтын өте білікті түлектерді тартуға бағытталған. Осы жүйе бойынша үздік түлектер балаларды оқытумен екі жыл бойы айналысады, кейін олар жоғары сапалы дайындықпен біршама оқшауланған орындарға, шалғай ауылдарға жіберіледі», дейді К.Эванс.
Оның айтуына қарағанда, «Оқыту – бірінші» жүйесі бойынша білім беруде екі жыл ғана болғандар да айтарлықтай үлес қосып, кей нәрсені өзгертуге көмектеседі. Бірақ жүйе толықтай мінсіз емес. Бұдан басқа да қаржылық стипендиялар арқылы жүзеге асырылатын бағыттар жұмыс істеді. Олардың өзіндік әсері, ықпалы болғанымен, тұрақты нәтиже көрсетпеген.
Құс өсіруші бастамасы
Англиядағы жүйе бойынша ауыл адамдары мектеп жағдайының жақсы болуына мүдделі. Бұл жүйені бізге енгізуге келе ме? Өзі де қалаға көшіп кеткісі келіп, шаруасы шатқаяқтап тұрған ауылдағылардың мектепті жабдықтау туралы ойлауға мұршасы бар ма? Бұған білім саласының реформаторлары жауап іздей жатар. Әзірге біздің елде басталған жүйеге ойысайық.
Жалпы, еліміздегі әрбір мектеп үздік жағдайға жету үшін бизнес-қауымдастық та мүдделі болғаны аса қажет. Осы ой біртіндеп іске асырылып келеді. Себебі тек мемлекеттің қаржысына жақын арада барлық баланы жайлы мектеппен қамтамасыз ету мүмкін емес. Ауыл мектебі десе, бүгінде осы атаумен іске асырылып жатқан жоба ойға оралады. Ауылдағы мектептерді инфрақұрылым, құрал-жабдық, мұғалімдердің біліктілігі жағынан жоғары сапаға көтеруге бағытталған бұл жоба құс шаруашылығымен айналысып отырған кәдімгі кәсіпкердің бастамасы екенін көпшілік біле бермес. Ауыл балаларының қамын ойлап, игі істі жүйелі түрде жүзеге асырып отырған отандық кәсіпкердің еңбегі өзгелерге үлгі болса дейсің. «Aitas» холдингінің иесі Серік Толықбаев «елдің тұрақты дамуы ауылдардың өркендеуіне байланысты» деген көзқараспен ауыл мектептеріне жүйелі түрде жағдай жасап жүр.
«Серік Толықбаев осы игі ісін өзінің туған жері Катонқарағайдан бастады. Сол ауданда Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорын құрды. Бұл қор тұтас бір ауданның ауылдарын жан-жақты (медицина, білім беру, әлеуметтік жағдай) дамытуға бағытталды. Бірақ түптеп келгенде ауыл адамдарының әдетте баласына сапалы білім іздеп қалаға көшетінін біліп, қор құру арқылы ауыл мектептерінің жағдайын жақсарту көзделді. Осылайша, бұл ой білім беру саласындағы мықты реформаторлардың бірі Күләш Шәмшидиноваға жетті. Ол «Ауыл мектебі» жобасын бастауды ұсынды. «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ауыл мектептерінің біраз педагогін оқытқанымен, олардың үйренгенін іс жүзінде қолдануға білім ошақтарындағы жабдықталу жағдайының төмендігі мүмкіндік бермеді. Сол себепті ауыл мектептерін қайта жаңғырту қажеттігі туындады. Сөйтіп, 2019 жылы Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарынан 3 мектепті таңдап алып, қор оқу ошағын толық жабдықтаумен, жаңғыртумен айналысты. Ал Назарбаев зияткерлік мектептері сол мектептердің мұғалімдерін оқытты. Нәтижесінде, 3 ауыл мектебі қайта түлеп шыға келді», дейді Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.
Жұмысы жүйеленген қор 2020 жылы әр ауданға ондағы бірнеше шағын жинақты мектепті біріктіретін бір тірек мектебін құруды, сол арқылы ауданға ресурстық орталық жасақтауды, ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім сапасының айырмашылығын жоюды міндет етіп алды. 2022 жылға дейін 5 мектепті қатарға қосты. Былтыр тағы 4 мектепті таңдап алуды көздеп, түрлі демеушімен келіссөздер жүргізіп жатқанда, сол уақытта жаңадан құрылған «Қазақстан халқына» қорынан ұсыныс түсіп, «Ауыл мектебі» жобасы қолдау тапты.
«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен былтыр 17 өңірге 17 тірек мектебін құруды бастадық. Бұл жерде бір нәрсенің басын ашып алу керек: «Қазақстан халқына» қоры 17 мектепті көзге көрінетін, қолмен ұстауға келетін заттармен жабдықтайды, Назарбаев зияткерлік мектептері сол мектептердің мұғалімдерін оқытады, ал біздің қор көзге көрінбейтін, яғни сол оқыту курстарының, семинарлардың, академиялық, әкімшілік, ұйымдастырушылық шығындарын жауапкершілігіне алады. Былтыр 17 мектептің нәтижесін көрсеткеннен кейін 2023 жылы 63 мектепті кешенді жаңғыртумен айналыстық. Келер жылы 200 мектепке жеткізуді жоспарлап отырмыз», деді Д.Тоқтарбаев.
«Тасбақа-интернет»
Иә, ауыл мектебі мұғалімдерінің ноутбук арқалап, қырға шыққан көрінісі әлеуметтік желіде көп тарады. Мұндай жағдай еліміздің әр түкпірінде әлі күнге дейін жалғасып келеді. Өйткені ауыл мектептерінде интернеттің аты ғана бар. Техника мен технология қарыштап дамыған заманда тасбақаның жылдамдығындай интернет мектепті тас ғасырында қалып қойғандай күйге түсіріп отыр. Бұған пандемияның кезіндегі қашықтан оқыту барысында көз жеткізгенбіз. Әлгінде айтылғандай, тірек мектептерді құрудың өз тиімділігі бар. Өйткені онлайн оқыту арқылы бір пәннің мұғалімі көршілес жатқан 2-3 ауылдың мектебінде жұмыс істей алады. Бұл әр пәннен арнайы маманның сабақ беруін қамтамасыз етеді. Бірақ интернет болмаса, бар болғанның өзінде жылдамдығы тасбақаның жүрісіндей болса, қайтіп сабақ береді?
Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов өткен айдың соңында мектептердегі интернет жылдамдығына қойылатын талаптар бекітілгенін айтты.
«Жыл басында мектептердің 19 пайызы ғана талапқа сай болған еді, бүгінде еліміздегі білім ошақтарының 65 пайызында интернет жылдамдығы арттырылды. Биыл біздің ведомство Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, мектептердегі интернет жылдамдығына қойылатын талаптарды бекітті. Барлық мектеп бойынша жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету және оқу үдерісінде цифрлық шешімдерді толық пайдалану үшін интернет желілеріне қосылу технологиясына инвентаризация жүргізілді. Нәтижесінде, Starlink технологиясына қосылу үшін интернет жылдамдығы төмен білім ошақтарының тізімі түзілді. Қанатқақты жоба аясында 2024 жылдың маусымына дейін бұл мектептерді Starlink технологиясына кезең-кезеңімен қосу жоспарланып отыр», деді Айбат Ілиясов.
Вице-министрдің хабарлауынша, Алматы, Ақмола және Қарағанды облыстарындағы 10 ауыл мектебі қанатқақты режімде Starlink технологиясына қосылды. Егер бұрын ондағы интернет жылдамдығы 4 Мбит/с аспайтын болса, енді жылдамдық 150 Мбит/с дейін жетті. 2024 жылдың маусымына дейін 2000 мектепті SpaceX интернетіне қосу жоспарланған.
Жоспарлаған жақсы ғой, бірақ істің нәтижесі маңызды. Әрі бұл нәтиже балаларға тап қазір қажет. Себебі егемен ел болғанымызға 30 жылдан асса да, әлі күнге дейін мыңдаған оқушы алыс жердегі мектепке қатынап оқуға, болмаса жақын маңдағы пешпен жылытылатын оқу ошақтарында білім алуға мәжбүр. Мұндай жағдайдың білім сапасына қандай әсері бар дерсіз? Бұл мәселе жоғары жылдамдықты интернет, жақсы жабдықталған кітапхана мен кабинеттер, білікті мұғалімдер мәселесімен бірдей маңызды. Өйткені өзіңіз ойлаңыз, дұрыс жылытылмайтын сыныпта оқыған, қыстың боранды күндері 100-200 метр жердегі әжетханаға қатынайтын балалар жиі суықтап ауырып қалады. Денсаулығы нашар баланың оқуға да зауқы соқпайтыны анық. Білім сапасы дегеніміз осы. Білім сапасын көтеру, шын мәнінде, дәл осындай қарапайым қажеттіліктерді орындаудан, лайықты жағдай жасаудан басталғанда ғана нәтижелі болады.