Ұлы Абайдың «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деген сөзінің мағынасы спорт әлеміне де қатысы бардай көрінеді бізге. Спорттың қаншама түрінен жеңімпаз болған жастарды айтпағанда, орта жасқа келген шағында чемпиондық дәрежеге көтерілгендер бар. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де солай. Пауэрлифтинг спортынан төрт дүркін Азия, бір мәрте Еуропа, екі мәрте әлем чемпионы болған азамат.
Мектепте кір тасын көтеруді дағдыға айналдырған Артық Досалиев ердің жасы елуге келгенінде зілтемірді жатып көтеруден әлем чемпионы боламын деп, әсте ойламаған болса керек.
Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы «Кемел адам» кітабында «Отызда орда бұзбасаң, қырықта қамал алмассың» деген мақалға қатысты келіспеушілік танытады. Мұны қоғамда адамдарды белгілі бір қалыпқа, стандартқа бұғаттап тастайтын психологиялық кедергі ретінде қарастырады. Қамалды, карьераны кез келген жаста бастауға болатынын айтады. Оған ардақты пайғамбарымыз Мұхамедке (с.ғ.с.) Пайғамбарлық 40 жаста берілгенін, хакім Абай өзінің қарасөздерін 45 жасында – 1890 жылы жаза бастағанын, Ахмет Байтұрсынұлы 40 жасында (1913) «Қазақ» газетін шығаруды қолға алғанын, Ыбырай Алтынсарин 46 жасында Ырғызда қыздар мектебін ашқанын, орыс жазушысы Лев Толстой 82 жасында жас жігіттерше шалғымен шөп шапқанын, Англияда заң кеңесшісі болып қызмет атқарған Арчи Уайт 96 жасында университет түлегі атанып, ел тарихында ең қарт студент атанғанын, басқа да деректерді мысалға келтіреді.
Қазақта «Күш атасын танымас» деген сөз бар. Осы сөзді айтқанда, Қажымұқан Мұңайтпасұлы еріксіз еске оралады. Әлемнің отызға жуық еліне барып, ешкімге дес бермеген балуан 56 медаль жеңіп алған. Дала батырының негізгі жеңістері қырық жасына дейін болғанымен, ел алдына шығып, өнер көрсетуі қартайған шағына дейін жалғасқан. 1940 жылы Қажымұқан халық алдында соңғы рет өнер көрсеткен. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін де, жасының келіп қалғанына қарамастан, цирк-шапито ұйымдастырып, ауыл-ауылды аралап, балуан атамыз жерге жатып, кеудесіндегі тақтай үстімен адамдарға лық толы жүк машинасын өткізгенін, 100 мың сом жинап, қорғаныс қоры арқылы ұшақ жасатқанынан хабардармыз.
Шымкенттік Артық Досалиевтің де ердің жасында пауэрлифтинг спортынан халықаралық жарыстарға қатысуы «спорт жасқа қарамайды» дегенге айқын дәлел. Әу баста өзі де «үлкен спортқа отыз жастан кейін кеш» деп ойлағанын айтады. Алайда ғаламтордан пауэрлифтингпен шұғылданатын жасы үлкендерді көріп, іштегі күмән сейілді. Оның үстіне, темір көтеріп, жаттығу жасаған сәтінде өзінің 4 жасар кенже ұлы Хақназардың төтеннен «Әке, сіз чемпионсыз ба?» деген сұрағы да жігерін жани түсті. Артынша-ақ жүйелі жаттығуға көшті. Сөйтіп, чемпионаттарға шыға бастады.
Пауэрлифтинг – қазаққа таңсық спорт түрі. Бұл спорт түрі әсіресе АҚШ-та кең тараған. Ресейде дамыған. Қазақстанда да өркен жая бастады. Солтүстік өңірлерде осы спорт түріне қызығушылық басым. Енді, міне, Шымкентке де келіп жетті. Олимпиадалық спорт түріне жатпағандықтан, оның чемпионаттары да, өткізу жиіліктері де өзгеше. Бір жылда бірнеше жарысқа шығу мүмкіндігің бар. Зілтемірші Артыққа пауэрлифтингтегі осындай артықшылықтар да ұнады. Ең алғашқы сынағы сәтті өтті. Биыл наурызда Бішкектегі өткен жарыста Азия чемпионы болды. Оны пауэрлифтингтен әлемдік WPC федерациясы ұйымдастырды. Осы жарыста 4 медаль еншіледі. Бұл оны ерекше жігерлендірді. Жай серпілтіп қана қоймады, жарты жылдың ішінде өткен басқа да жарыстарға ерекше күшпен қатысуына сеп болды. Нәтижесі де жоғары. Қарағандыда, Қапшағайда, кейін Шымкентте өткен Азия біріншіліктерінің жеңімпазы атанды. Бұл жарыстарды ресейлік NPA федерациясы ұйымдастырды.
Артық Досалиев мұнымен тоқтаған жоқ. Шілдеде өткен Бішкектегі Еуропа чемпионатында жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Зілтемірді жатып көтеруден 50-55 жас аралығындағылар арасында 180 кило салмақты бағындырып, пауэрлифтингтен спорт шебері атағын қорғады. Ал Қарағанды қаласында 1 қазанда әлем чемпионы атанса, екінші мәрте осы атақты қарашаның 18-і күні Қырғызстанда өткен біріншілікте жеңіп алды. Осылайша, қысқа мерзімде төрт дүркін Азия, бір мәрте Еуропа, екі рет әлем чемпионы болып шыға келді. Бұл күнде қоржынында 30 медаль бар. Әр жарысқа қазақтың көк байрағын ала барады. Чемпион болып, мінберге шыққан қуанышты сәттерде туды желбіретіп, ерекше тебіреністе жүреді.
Алғаш әлем чемпионы атанып, елге оралған сәтінде оны шымкенттіктер ерекше құрметпен күтіп алды. Пойыздан түскен мезеттен чемпионға сый жасалып, вокзалда ерекше ән шырқалды. Телеарналар түрлі бағдарламаларға шақырып, 50 жастағы спортшының есімі елге кеңінен таныла бастады. Қазығұрттағы өзі оқыған мектеп ұжымы оқушылармен кездесу ұйымдастырды. «Спортқа қалай келдіңіз?», «Чемпион болу үшін не істеу керек?», «Қанша уақыт жаттығасыз, не тамақ жейсіз, қалай тынығасыз?» деген сұрақтар жиі қойылады. Жеткіншектердің спортқа ерекше қызығушылығы байқалады. Басқосуда әлем чемпионы оқушыларды саламатты өмір салтын ұстануға, спортқа әуес болуға, дене шынықтырумен тұрақты шұғылдануға шақырды. Стол үстіне қаз-қатар жайылған чемпионның медальдарын мектеп оқушылары бір-бірден қолдарына ұстап, естелікке суретке түсті. Орыс балуаны Иван Поддубный салмағы ауыр қорғасын таяқ ұстап жүргені мәлім. Артықтың да қолындағы салмағы 8 килодай темір таяғы да балалардың қызығушылығын оятты. Білегін үнемі жаттықтырып жүретін таяғы ғой.
Сыныптасы Талғат Сапарбеков Артықтың оқушы кезінен-ақ темір көтеруге құштар болғанын айтады. Биік жетістікке жетуіне сол кезгі тынымсыз дайындық, үздіксіз қимылы мен маңдай тері себеп болды дейді. – Біз бала кезімізден әрі сыныптас, әрі доспыз. Ол спортқа әуес еді. Зілтемір көтеруден шаршамайтын. Осыншама жетістік бір жылдың шаруасы емес, әрине. Бала күннен бергі спортқа әуестігінің толымды нәтижесі.
Ауылда көрші тұрып, ағайындай араласқан, Артықты жақсы білетін аға буын өкілдері де чемпиондыққа жету жолында ата-ана тәрбиесінің алар орны бөлек дейді. «Бауырымды 1987 жылдан танимын. Отбасымен араласқанбыз. Әкесі білімді, тәрбиелі, абыройлы азамат еді. Анасы да жанашыр, қамқор жан. Сол кісілердің тәрбиесін алған жігіт қой. Есігінің алдына темір-терсек жинап алып, содан гантель жасайтын. Алла қолдап екі дүркін әлем атанды. Спортқа құштарлығынан өзге, жетістікке ата-анасы тәрбиесінің де арқасында жетті деп білемін», дейді ауылдасы Сапарбек Қалботаев.
Мектептен соң Арекең Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, заңгер мамандығы бойынша бітіреді. Бұрын қолы қалт еткенде темір көтергені болмаса, арнайы жарыстарға қатыспаған еді. Ал бұл күндері спортпен қатар кәсіпке де бет бұрған. Шаруа қожалығының басшысы. Имандылық жолына түскен. Үнемі ізденісте жүреді. «Балалардың шымыр, патриот болғанын қалаймын. Еліміздің шекарасын рухы мықты, білегі күшті, санасы білімге сусындаған азаматтар қорғауға тиіс», дейді Артық Досалиев.
Соңғы чемпионаттан оралғанда, қырғыздың Әбдіқайым Мұсаев деген балуанына айрықша тамсанған. Көрші елдің 65 жастағы азаматы әлі де тың, денесі шымыр, қимылы ширақ, тіпті сырт көзге ақсақал емес, жігіт ағасындай көрінетінін айтқан. Кім білсін, әлемнің екі дүркін чемпионы Артық Досалиевке де сол жаста ширақ қимылдап, ауыр зілтемірді елемей көтеру бұйырар. Мақсатына жетсін дейміз.
Ерлан ҚУАНДЫҚ,
журналист
Шымкент