Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Аға лауазымды тұлғалар комитеті жыл қорытындысына арналған отырыс өткізді. Жиында Азия кеңесінің 2023 жылғы жетістіктері қорытындыланып, ұйымның алдағы қызметі жан-жақты талқыланды.
Азия кеңесіне мүше мемлекеттердің, ұйымға төрағалық етіп отырған Қазақстан тарапының және АӨСШК Хатшылығының жоғары лауазымды өкілдері осы жылдың негізгі қорытындыларына шолу жасады. Сондай-ақ 2024 жылға арналған жоспарлар мен ұйымның негізгі салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі тұжырымдамаларды бекітті. Бұған қоса бақылаушы мемлекет мәртебесін алуға түскен өтінімді қарап, басқа халықаралық ұйымдармен болашақтағы ынтымақтастық жайын талқылады.
Аға лауазымды тұлғалар комитеті отырысының төрағасы, Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мүше мемлекеттерді биылғы елеулі жетістіктер, АӨСШК-нің ағымдағы қызметі және 2024 жылға арналған жұмыс жоспарлары, оның ішінде трансформация жол картасын іске асыру туралы хабардар етті. Жол картасын осы жылғы қыркүйекте АӨСШК Министрлер Кеңесі мақұлдаған болатын.
Азия кеңесінің бас хатшысы Қайрат Сарыбай 2023 жылы АӨСШК Хатшылығының қызметі туралы Хатшылықтың өтіп бара жатқан жылдағы жұмысының барлық бағытын қамтитын жыл сайынғы баяндамасын ұсынды. Сондай-ақ 2024 жылға арналған жоспармен таныстырды.
Аға лауазымды тұлғалар комитеті сенім шараларын іске асыру жөніндегі жоспарды және ұйымның жылдық жоспарлауының негізгі құжаттары болып саналатын АӨСШК Хатшылығының 2024 жылға арналған бюджетін бекітті.
Сонымен қатар комитет Моңғолия мен Иран дайындаған АӨСШК-нің «Қоршаған ортаны қорғау» және «Табиғи апаттарға қарсы күрес» басым салалары бойынша тұжырымдамалардың екі жобасын қарап, мақұлдады.
Айта кету керек, Аға лауазымды тұлғалар комитеті Сауд Арабиясы Корольдігінің АӨСШК-ге бақылаушы мемлекет ретінде қосылу туралы өтінішін қарады және ұйымның министрлер кеңесіне Сауд Арабиясына АӨСШК бақылаушысы мәртебесін беруді ұсынды. Ұйым қатарының кеңеюі жағымды оқиға болып саналады. Сауд Арабиясының АӨСШК қатарына кіруі диалог пен ынтымақтастық үшін паназиялық ұйым ретінде АӨСШК-ны одан әрі дамыту тұрғысынан маңызды.
Отырыстың негізгі сәттерінің бірі жақында Бангладештің ратификациялау нәтижесінде артықшылықтар мен иммунитеттер туралы АӨСШК Конвенциясының күшіне ену үдерісінің ілгерілеуі болды.
Сонымен қатар Аға лауазымды тұлғалар комитеті қатысушылары бүкіл Азия құрлығына пайда әкелетін құрылымдар арасында тиімді синергия құру үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы және БҰҰ Терроризмге қарсы басқармасы сияқты басқа халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнату, аталған құрылымдармен тиімді өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мәселесін талқылады.