• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Жәдігер 13 Желтоқсан, 2023

Төле биден жеткен тәбәрік

298 рет
көрсетілді

Қиын да күрделі XVIІІ ғасырда ақылымен, әділдігімен, кең­дігімен досты да, дұшпанды да мойындатқан Төле би халқымыздың ынтымағын арттыруға, Тәуке, Әбілмәмбет, Абылай және басқа да хандармен, Қаздауысты Қазыбек, Әйтеке билермен бірге қазақ мемлекетін нығайтуға ерекше үлес қосты. Көптеген жоңғар билеушілерімен, Ресей және Цин империясы өкілдерімен кездесіп, дипломатиялық келіссөздер жүргізіп, достық қарым-қатынасты сақтап қалуға әрекет жасаған тарихи тұлға.

Ел аузында Төленің даналығы мен мәмілегерлігі туралы аз айтылмайды. Бірде үш жүздің атақ­ты билері Арқаға жиналыпты. Олар Төле би айтқан мезгілден кешігіп келсе керек. Оған шамданған қарт билер: «Төле би келсе орнымыздан тұрмайық», деп уәделеседі. Бірақ Төле би келгенде орындарынан тұрып кетеді. Тек екі-үш би ғана тұрмайды. Төле би көпшіліктен кешіккені үшін кешірім сұрайды. Екі-үш бидің бірі сөзден ұту үшін сынай сұрақ қояды:

– Бақ – дегеніміз не ?

Байлық – дегеніміз не?

Бала – дегеніміз не?

Төле би орнына отырмай, түрегеп тұрған бойда:

– Бақ ұзатылған қыз,

Байлық еритін мұз,

Бала артта қалған із.

Өмірдің адамға жақсы сыйы –

Сыйласқан сіз бенен біз, –

дегенде билердің бәрі жүрегін ұстап, қарттарға дейін орындарынан тұрып қызмет жасаған екен, дейді. Бұл жерде бақ пен байлықтың құс құсап қолдан сусып ұшып кететінін, мына жал­ғанда бір-бірімізді сыйлап өтсек, сол сыйластыққа жететін нәрсе жоқ екенін басып айтады, қасындағыларды сол сіз-біз десуге шақырады. Төле бидің дөп айтқан сөздері қасында отырған билердің ойынан шығып жүрегіне жетеді.

Төле бидің өнегелі өмірі мен қызметі туралы филологтер, та­рихшылар, заңгерлер аз жаз­баған. Біз бұл мақаламызда Төле би ұрпақтары қолында сақталған та­рихи тұлғаның тұтынған заттары туралы айтпақпыз. Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы Киелітас ауылына барып Төле бидің алтыншы ұрпағы Еркінбек Балықбайұлының үйіндегі заттармен таныстық. Олар бидің Қожамжар деген ұлынан тарайды. Қожамжардың төрт ұлы болыпты, кенжесі – Кен­жебайдан Балықбай, соңғыдан Ер­кінбектер тарайды. Балық­бай­ұлы Еркінбек 1998 жылы қай­тыс болған. Еркінбектің қо­сағы, Балықбайкеліні Тәжігүл апа біраз мәлімет беріп, сақталған дүниелерді көрсетті. Бұл әулет қал­ған заттарды киелі санап көп­шілікке көрсете бермейді, ша­ңырақты киелі санап арнайы келіп түнеушілер де кездеседі екен. Зиярат етушілердің басым бөлігі – нәрестесі шетінегендер, бала көтермеген әйелдер, аурудан ем іздегендер.

Балықбай келіні Тәжігүл апа Төле би шекпенінің жұрнағын ұстап тұр

Бірінші зат – Төле би шекпе­нінің жұрнағы. Қызыл түсті шек­пен қалдығының ұзындығы – 80 см, ені – 40-56 см, қалыңдығы – 1,5 мм. Бір кездері Балықбайдың әкесі Кенжебайдың бәйбішесі киелі шапанды сөгіп шалбар етіп тігіпті. Шапанды сөккен күннің ер­тесіне қатты жаңбыр жауы­п, сол нөсерден Кенжебайдың мың жылқысы қырылып қалады. Шек­пеннің киесі ұрғанын білген бәйбішесі шалбарды қайта сө­гіпті. Одан кейін бұл затты киелі тұт­қандар тәбәрік деп қиып ала беріпті. Тек соңғы 20 жылда Тәжігүл апа ақ матаға орап сан­дыққа сақтап келеді. Шекпен қа­зақта әдетте түйе жүнінен то­қылатын болған. Шекпеннің ұсақ бөлігі 2008 жылы 15 шілдеде Қазақстанның Түркиядағы Бас консулы Абуталип Ахметовтің арнайы хат жазып сұрауымен Түркияға сараптамаға жіберілген. Ыстанбұлдағы Institut Für marktö­kologie атты мекемеден келген жауапта мата байырғы көне тоқыма станогында жа­салғаны, ол таза жүннен (100 пайыз) тұратыны, бояуы орга­никалық екені, шөп тамырларынан жасалғаны айтылады. Шекпеннің көне бұйым екенін сараптама көрсетіп тұр.

Екінші зат – Төле бидің киіз үйі есігінің маңдайшасы. Маң­дайша да қастерленіп үйдің бір бөлмесінде сақталады екен. Ол ағаштан жасалған, түсі қара. Маңдайшаның жалпы қалыңдығы – 5 см. Беті жылтыр, бір бөліктері жұқалау етіп ойылған, бір орындары қалыңдау етіп жасалған. Ол әдеттегі есік маңдайшалары сияқты созыңқы төртбұрыш пі­­шінді емес. Маңдайшаның жал­пы ұзындығы – 1,1 метр. Маң­дайшаның екі шеті дөңге­лене етіп аяқ­талған. Орта беліне қарай кө­теріңкі. Осы жердегі ені – 12,5 см. Ал екі шетіндегі ені – 12 см. Маңдай­шаның сол жағында дөң­гелек темір бекітілген, дөңгелек диа­метрі – 2,5 см. Темір шеңбер жалау бекітуге арналыпты.

Төле би мәйіті жуылғаннан соң бетіне жабылған сейсеп. Ортада Еркінбекұлы Омар (бабаның 7-ұрпағы)

Үшінші зат – Төле би қай­тыс болғанда бабаның денесі жуылғаннан соң бетіне жабылған мата. Қызыл мақпал мата бетін көр­кемдеп сары, көк, ақ, сұр түс­ті жіптермен өсімдік іс­пет­ті өрнектер салынған. Жа­мылғы-сей­септің қалдығының бір жағының ұзындығы – 1,70-1,55 метр, ені – 119 см. Бұл әулетте ба­балардан қалған деп саналатын тағы бір зат – қолжазба Құран. Оның мұқабасы қапталған тері бетіне қалыппен шығыстық өрнек түсірілген. Қағаз бетіне 15 қатар қара сиямен араб жазуы түскен.

Төле бидің өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа таныту керек. Ең алдымен Ресейдегі, Қы­тайдағы, Өзбекстандағы мұра­ғат­тардан Төле би туралы ба­йырғы жазба деректердегі мәлі­меттерді алып, құжаттар жина­ғын басып шығарған дұрыс. Төле бидің шешендік сөзін, билік шешімдерін жеке дара етіп, ғылыми негізде сұрыптап, електен өткізіп басу қажет. Төле би ұр­пақтары арасында сақталған заттарды жинақтап суретке тү­сіріп, олардың арасында Төле би ше­жіресін де жеке альбом етіп шығарған жөн. Төле биге қатыс­ты тарихи құжаттарды жинап, Түркістан облысындағы Төле би ауданында арнайы музей салуды, оны туристік нысанаға айналдыруды ойластыру қажет-ақ.

 

Гүлжанат БАЙСАРИЕВА,

Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ғылыми қызметкері

 

Түркістан облысы