Кісі көңілі кейде тыныштықты қалайды. Айнала сілтідей тынғанда адам санасын алуан ой шарлайтыны бар. Кейде тіпті тұңғиыққа кетесің. Терезеге телміріп, көз ұшында қанат қаққан құстарға қарайлайсың. Жанбағыс үшін жанұшыра қанат қаққан тіршілік иелерінің тізбегі әдемі көрініске толы. Көкжиек төсіне түрлі сурет салатын секілді ме, қалай өзі?
Әйтеуір, ілкі сәтке де тыным таппайды. Қозғалудан шаршамайды. Олардың үнінде әуен тұнып тұрған сияқты. Түрлі дауыс құлаққа майдай жағады.
Ілгеріде күн нұры себезгілеп тұрған көктем мезгілінде көк жүзінде қарлығаштар безек қағып ұшатын. Ауылдағы үйімізге еркін кіріп, ұя салушы еді. Қазір олай емес қой. Құйрығы айыр құс адамдардан алшақтап бара жатқандай көрінеді. Адамдардан жерінді ме? «Неге?» деген жалқы сөзден тұратын сауал туындайды. Бірақ неге екенін кім білсін? Тіпті кейде сол бір аяулы құсымыз қарлығашты таппай қаламыз. Қос қанатты сұлу құс екі аяқты досынан қаймыға ма? Есесіне бозторғайдың әнін естиміз. Даланы думанға бөлеген оның шырылы құлаққа талып жетеді. Қайда екен деп алысқа көз тастаймыз...
Тұтастай мұз құрсанған Антарктидадан басқа құрлықтың барлығын мекен еткен сол бозторғай тыныштықты сүйеді екен. Содан да болса керек, қасына жолай кетсең, қос қанатын сермеп ұша жөнеледі. Маңайына жақындатқысы келмейтін секілді. Бойын әлдебір қорқыныш сезімі билей ме? Әлде адамдардан алшақ жүргенді ұната ма? Бұл да біз үшін шешуі жоқ жұмбақ сияқты.
Қазақта бозторғайға арналған ән аз емес. Қордайдың боз жусан исі аңқыған боз даласында туған Кенен Әзірбаевтың «Бозторғайының» жөні бір бөлек. Ғажап шығарманы тыңдағанда қазақ болғаныңа қуанасың. Қазаққа ғана тән иірімдер жаныңды жадыратады. Оны нақышына келтіріп шырқаған Саят Медеуовті тыңдармандары «Қараторғай» атап кеткені де жадымызда. Кемеліне келген шақта Кенен әндерін орындаған Саяттың дауысынан қазақылықтың исі де аңқып тұрады ғой, шіркін. Жалықпайсың. Қайталап тыңдай бергің келеді. Құлаққа жағымды үннен көңілің толқиды, шабытың да шалқиды.
Әуелде Алтынбек Қоразбаев сахнаға алып шыққан Мейрамбек Беспаев та «Бозторғай» әнімен күллі қазақтың ықыласына бөленді. Адам ойын онға бөлетін әннің мәтіні де, әншінің орындаушылық шеберлігі де көпшіліктің көңіліне қонды. Бір анығы, Мейрамбек Беспаевты өнерсүйер жұрт «Бозторғай» әнінен бөліп-жарып қарай алмайды. Ғаламат туынды бүгінде жұрт сүйіспеншілігіне бөленген әншінің бойтұмары болып қала беретіні сөзсіз.
Қалай десек те, қазақ сахнасында шырқалып жүрген «Бозторғай» әндеріне ортақ бір ұқсастықтың бар екені ақиқат. Иірімдер тереңге тарта түседі. Барлық мәтіннің өн бойынан көзге көрінбегенімен, көңілді түрлі арнаға бұра түсетін ортақ мұң, сарқылмас сағыныш, тіпті кейде өкініш те көрініс беріп жатады. Сонысымен жаныңды баурайды, сағымға айналған жылдарға көз жүгіртесің...
Белгілі композитор Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылығы туралы әңгіме қозғала қалса, әйгілі «Атамекен» әнін аттап өте алмасымыз анық. Күллі қазақтың жүрегін ұстап тұрып айтатын сүйікті шығармасы қай кезде де жадымыздан өшпек емес. Әйтсе де, Ескендірдің «Бозторғайы» да жүрек пернесін дөп басады.
Сөзін Бәкір Тәжібаев жазған «Бозторғай» әнін тыңдағанда жаныңды қоярға жер таппайсың. Бір тылсым сезім жүрегіңді өртей түсетін сыңайлы. Жабырқайсың.
«Тіршілікте айнымасқа тағдыр қосқан,
Құс едің ғой, кең далаға бауыр басқан.
Аяздардан тоңбайсың ба, бозторғайым,
Жылы ұяңа қонбайсың ба, бозторғайым»,
деп басталатын алғашқы шумақтың өзі сананы сан саққа жүгіртетіні сөзсіз. Бұтаққа қонған бозторғайдың дірілі көз алдыңа елестейді. Құс жолына көз тіккен қаншама адамның көңілі суып, боз далада жаны жабырқап жүр екен деп лажсыз ой түбіне сүңгисің. Мәтін арқылы адам мен құс арасындағы байланысты іздейсің. Сағыныштың исі бұрқырап тұрған иірімдерден өскен өлкеге деген құрметтің табын сезесің.
«Даланы мен де,
Сүйемін сендей,
Бауырмал құсым!
Назыңнан әсем,
Сазыңнан әсем,
Жаңылмас, құсым!
Тауқымет тартып,
Торықпа, жаным,
Қорықпа, жаным,
Құшағымды ашып,
Кеудеме басып,
Берейін жалын»,
деп келетін шумақтар да жүрекке жылылық сыйлайтыны анық.
Боз даланың қыраты мен ойпаңы да, қарасаң көз талатын мұзарт шыңы да, гүрілдеп аққан өзені де, төбесінен төніп ұшқан құстар сызғылап сурет салған айдыны да біз үшін қай кезде де қымбат. Бозторғай үшін де солай. Ол да үйренген жерінен алыстағысы келмейді. Ол да байтақ атырапты сіз бен біз секілді сүйеді. Ол бізден алыстағанда біздің бойымызды шарпыған сағыныш алауын қанатына қондырып әкетіп бара жатқандай болады. Бәлкім, солай шығар, кім білсін...
Ескендірдің «Бозторғайын» орындаған әнші аз емес. Бірақ бізге тағы да сол Саят Медеуовтің дауысы жағымдырақ көрінеді. Саяттың орындауында тыңдаған сайын біздің де ішімізде бір бозторғай ән салып ұшып бара жатқандай болады...