• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 13 Желтоқсан, 2023

Әйел бейнесі

347 рет
көрсетілді

«Әлемді сұлулық құтқарады» деді Достоевский. Пикассо: «Еңбек пен әйел өмірді ұзартады» деген тұжырымды ой айтты. Бақсақ, қайбір ұлы шы­ғар­маның бойында алтын кездіктей жарқырап әйел бейнесі мұнартады.

XX ғасырда қазақ зиялылары кө­тер­ген әйел теңдігі мәселесі қоғамға өрт таста­ғандай талқы туғызды. Қараңғы сана мен дүмше молдалар кесірінен әйел-аналар дәрменсіз, дәрежесі төмен, ба­қыр­ға айырбастар мүлік іспетті деңгейге түсіп, жеке құқықтары аяққа тапталды. Әдебиетіміздегі «Қалың мал», «Бақытсыз Жамал», «Шұғаның бел­гісі», «Ақбілек» сынды шығармаларда кеңі­нен жазылған қордалы мәселе сәулелі ұрпақ­тың ілгері жылжуына кері әсер етті. Мұх­тар Әуезов «Адамдық негізі – әйел» атты мақа­ласын­да: «Ал, қазақ, мешел болып қа­лам деме­сең, тағлымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзей­мін десең, әйелдің халін түзе!» – деп Алаш баласына жар салды.

Суретші Леонардо да Винчидің «Мона Лиза» суреті көркемөнер саласындағы ең озық туындының қатарында. Кейбір деректерде 1503-1505 жылдары салынғаны туралы деректер айтылғанымен, еңбектің нақты туған жылы белгісіз. Суретте фло­рен­циялық мата сатушы Франческо дель Джокондоның әйелі Лиза Герардинидің бейнесі салынған деген жорамал бар. Осы уақытқа дейін айтылған «Мона Лиза» туралы пікірлер мен тұспал-жорамалдар, сыни көзқарас пен таңданысты толғамдар жетерлік. «Мона Лизаның» жұмбақ бейнесі көрерменге ой салып, өнер иелерін шабыттандырып келеді. Романтик-жазушы Теофиль Готье туындының басты «архимедтік тетігі» сурет­шінің Джоконданың жұмбақ күлкісін ойлап табуында деп түсіндіреді. Вазари әйел күлкісін жай ғана сүйкімді деп атап өтсе, Готье суреттің басты құндылығын, жүректі шымшып, ғашық етпей қоймай­тын артықшылығын сиқырлы күлкіден табады. Иә, жалғыз «Мона Лиза» емес, Ян Вер­меердің «Жауһар сырғалы қызы», Франсуа Бушенің «Мадам де Помпадур» сынды туындылар әлемдік өнер сахнасында жоғары маңызға ие.

Егер әйел психологиясын зерттеу жобасы құрылып, жүз том еңбек жазылса да, әйел жа­ны­ның коллажын толық жа­сай алмас еді. «Барлық өнер­дің бастауы – әйел». Кез келген ұлы тұлғаның соңында қажырлы әйел тұр­ғанын көреміз. Орыс әде­биетінің классигі Фе­дор Достоевский фило­со­фиялық иірімге бай «Аға­йынды Карама­зов­тарын» сүйікті әйе­ліне арнағаны мәлім. Әде­биет зерттеушілері Анна Гри­горьевна Достоев­ский­дің бұл туындыны жазуына аса көп ықпал еткенін айтады. Лев Толстой Анна ханыммен бір-екі рет жо­лығып, аз-маз сөй­лес­кен­нен соң: «Көп орыс жазу­шы­ларының Достоев­скийдің әйелі секілді әйелі болса, олар өздерін одан да мықты сезінер еді», деген екен. Ал Анна Григорьевна Лев Толстойдың әйелі Софья Андреевнаға 1910 жылдың 7 қарашасында жолдаған хатында: «Егер сіздің қадірлі еріңізге 83 жасқа дейін өмір сүру бұйырса, онда бұл үшін күллі Ресей сізге қарыздар... Сіздің оған деген қалтқысыз қамқорлығыңыз бен ыстық махаббатыңыз үшін» деп жазады.

Поэзияда арулар, әйелдер орны орасан. Махаббат, іңкәрлік, сүйіспеншілік негізінде тұрған әйелдер қауымы хақында қалам тартпаған ақын жоқ.

«Әйелдер-ай!

Әйәйлар-ай, қулар-ай,

Жанарлардың жауын алып тұрғаны-ай!

Біле тұра бүйректерің бүлк етіп,

Кетесіңдер тыңдай тұра, тыңдамай».

Мұқағали Мақатаевтың өлеңінде әйел бейнесінің шұңғыма қырлары ашылады. Назды еркелігі, ақкербез қылығы, бұл­ғындай бұлқынған ажары көңілге енеді.

Әйгілі Бетховеннің «Элизаға» атты туындысы қанша уақыттан бері музыка өнерінің алтын жауһары болып келеді. Жаһандық музыкалық мектептердің әрбі­рінің кестесіне енген сирек еңбектің тууына пианист, Бетховеннің өз шәкірті Терезе Малфатти фон Роренбах цу Децца себеп болған деседі. Композитор шәкіртіне көңілі құлап сөз салғанымен, қыздың қар­сылығына тап болады. Сәтсіз махаббат салдарынан аталған туынды дүниеге келген. Ал 2009 жылы жасалған берлиндік музыка зерттеушілерінің жорамалы бойынша композитордың бұл еңбегі жақын досының қарындасы Элизабет Рекельге арналған. Сонымен қатар канадалық музыкатанушы Рита Стеблиннің пікірінше, «Элизаға» туындысы Элиза Баренсфельдке тарту етілген. Қалай десек те, данышпан Бетховеннің өлмес туындысы сезімтал жүрек­тердің нәзік ұлпасын оятып, кеудеге ізгілік пен мейірім тасқынын құйып келеді.

Әйел бейнесі – өнердің қайнар бұлағы, қозғаушы тетігі. Бұған дейін туған іргелі еңбектер легі әр ғасырда өмірге келген жаңа ұрпақтың бағасын алып, сан түрлі көзқарас жиынымен түрлене бермек.