Кеше Әділет министрлігі Парламентаризм институты мен Заңнама және құқықтық ақпарат институты бірлесіп «Заң шығару үрдісін жетілдіру» атты дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шараға Әділет министрі Азамат Есқараев, Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева, Әділет вице-министрі Алма Мұқанова, Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров, депутаттар, мемлекеттік орган өкілдері, жетекші ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері, отандық және шетелдік заңгер-ғалымдар қатысты.
Министр Азамат Есқараев Әділет министрлігі норма шығару қызметінің үйлестірушісі екенін айтып, нормативтік құқықтық актілердің «заң тазалығына» жауап беретінін мәлімдеді.
«Біз үшін нормативтік-құқықтық актілер жобаларының жоғары сапасын және құқық қолдану практикасында және оны қабылдағанға дейін мәлімделген мақсаттарға қол жеткізуде көрініс табатын заңнаманың тиімділігін қамтамасыз ету мәселесінде уақыт талабына сай әрекет ету өте маңызды», деді сала басшысы.
Әділет министрі заң шығару үрдісіне ғылыми және сараптамалық қоғамдастықтарды тарту мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, бұл жұмыста өзара іс-қимыл болған дұрыс. «Заңдық нормаларды жазу әдіснамасының болмауы заң тілінің халық үшін түсінікті болмауы мүмкін деген күдік бар. Бұл іс жүзінде күрделі сөйлемдерден тұратын нормативтік-құқықтық актілер ережелерінің іске асырылмауына әкелуі ғажап емес. Бұл тұрғыда мемлекеттік және орыс тілдеріндегі құжаттар түпнұсқаларының мағыналық жағынан теңдігін де есте сақтау керек», деді ол.
Әділет вице-министрі Алма Мұқанова заң жобаларының сапасын және заңнаманың тұрақтылығын арттыру бойынша қабылданып жатқан шараларға қарамастан, норма шығармашылық үрдісінде жүйелі проблемалар бар екендігін алға тарта келе төрт жүйелі мәселелер блогына тоқталды.
Оның сөзінше, бірінші жүйелі блок – норма шығару қызметінің сапалы жобалау-талдау құрамына қатысты мәселелер. Екінші блок – нормаларды заңнамалық және заңға тәуелді деңгейде құқықтық регламенттеу мәселелері. Үшіншісі – заңдар тілінің күрделілігі. Төртінші – нормаларды кодекстерге және шоғырланған заңдарға жүйелеу проблемалары.
«Бүгінгі іс-шарада біз болашақта норма шығаруды жетілдіру мәселелері бойынша жоспарланған заң жобасын дайындау үшін нақты негіз бола алатын үрдістің проблемалық мәселелеріне жауап беретін ең жақсы шешім табамыз деп үміттенеміз», деді Алма Мұқанова.
Дөңгелек үстелге қатысушылар заң шығару үрдісі құралдарын жетілдіру жолындағы өзекті мәселелерді талқылап, сараптамалық пікірлерімен бөлісті. Соның ішінде: заңнамалық және заңға тәуелді деңгейлердегі құқықтық регламенттің ара-жігін ажырату, норма шығару қызметті жоспарлау сапасы, халық пен мүдделі топтардың норма шығару үдерісіне қатысуы, заңнаманың тиімділігі мен заңдардың орындалу критерийлері, халық пен мүдделі топтардың құқықтық мониторингке қатысуы секілді өзекті мәселелер кеңінен талқыға салынды.
Сондай-ақ нормативтік-құқықтық актілер мәтіндерінің сәйкестігі мәселелері қаралды. Іс-шараға қатысушылар заң тілінің күрделілігіне тоқталып, халыққа құқықтық мәтіндерді жеңілдету және түсінікті ету тәсілі жолындағы өз зерттеулерімен бөлісті. Қазақ заң терминологиясын, оның ішінде дамыту мен стандарттау, сондай-ақ норма шығару үдерісіндегі жасанды интеллекттің рөлін, оның заңнаманы әзірлеуді жақсарту және оңтайландырудағы әлеуетін талқылады.
Пленарлық секцияда сөз сөйлеген ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының директоры, заң ғылымдарының докторы Қанатбек Сафинов норма шығару функциясын мемлекеттік басқару жүйесінің негізгі және маңызды элементі ретінде қарастырылуы керек екенін атап өтті. «Заңнаманы жетілдіру мақсаты – мемлекеттің жалпы құрылымын оңтайландыру. Бұл үрдісті сәтті жүзеге асыру үшін заң шығаруда нәтижеге, тиімділігіне, дәлдігіне баса назар аудару керек. Заң шығару үрдісі бастамадан бастау алады. Әрі қарай заң жобасын әзірлеу, сараптама жасау және оның заң ретінде жүзеге асуына дейін қадағалау кезеңдерін қамтиды. Тәжірибеге сүйенсек, бұл кезеңдердің әрқайсысында ұлттық құқықтық жүйенің дамуы мен өзгеруіне кедергі келтіретін түрлі мәселе кездеседі. Бұл проблемаларды шешу елдің прогрессивті дамуын қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін өте маңызды рөл атқарады», деді ол.
Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар заң шығару үрдісін жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныс берді.