• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Кино 14 Желтоқсан, 2023

Анимацияның аяқ алысы

195 рет
көрсетілді

Бүгін елімізде анимация саласы біртіндеп жанданып келеді. Бұл сөзімізге таяуда ғана You Tube-та жарық көрген «Шырақ» мультфильмі дәлел бола алады. Құндылықтар дәріптелген анимациялық туынды әлеуметтік желіде біразға дейін трендтен түспеді. Халықтың рухани мәдениетін байыту жолындағы игі істе, әсіресе, жастардың қызығушылығы басым. Осы тұста отандық анимацияның бүгіні мен болашағына көз салдық.

Кішкентай кезімізде ата-әжеміздің ертегілеріне, аңыз-әңгімелеріне сусындап өстік. Жастықты жастана «Тазша баланың» тапқырлығына, «Алдар көсе­нің» ақылдылығына, «Желаяқтың» жылдамдығына, «Жиренше шешеннің» ділмарлығына таңдандық. Тамсана отырып, осы бір кейіпкерлердің кейіпіне енуді армандадық. Алайда уақыт өте келе бұл үрдіс те өзгеріске ұшырады. Цифрлы технологиялар қолданысқа енгелі адамзат жаңғырудың жаңа бағытына түсіп, кәрі де, жас та таңның атысы, күннің батысы ұялы телефонға телмірумен тәулігін өткізуді әдетке айналдырды. Жасыратыны жоқ, салдарынан қоғам руханияттан алшақтап кетті.

Негізі адамды адалдық, пара­сат­тылық, даналық пен дарынды­лыққа бағыттайтыны – халқымыз­дың асыл мұралары аңыз-әңгі­мелер, ертегілер екені бағзыдан белгілі. Бірақ жасөспірімдер төл кейіпкерлерімізден гөрі амери­калық «Marvel» компаниясының комикс­те­р­іне негізделген «Өрмекші адам», «Ка­пи­тан Америка», «Қара қабылан», «Мали­фисента» сынды қаһармандарын жақсы біледі. Шетелдің фольклорлық бейне­лерінің белсенді насихаты креа­тивті экономикадағы қуатын да арттырып тұр.

– Әлемге танымал компаниялардың бюджеті өте үлкен. Олар бұл салаға келе сала, сахнаның дәл ортасына топ ете қалмады. Оның үстіне әрқайсысының жүрген жолы, тарихы терең. Біздің шет­елдің алпауыт студияларымен теңесе алмауымыздағы басты кедергі – қаржы. Қазақстанда анимация бизнес ретінде жолға қойылмаған. Қазір хәліміз нашар деп айтуымыз орынсыз. Енді тәй-тәйлап келе жатырмыз. Осы уақытқа дейін жылдан-жылға ілгерілеп, біраз сапалы әрі тың туындылар көрерменге жол тартты. Өз аудиториясын тапты. Индустрия қалыптаса бастады, – деді анимациялық фильмдер режиссері Ділшат Рахматуллин.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр өзінің сайлау­ал­ды­ бағ­дар­ла­масында осы саланы­ қол­дай­ты­нын айтқан. Биылғы Жол­дауында да бұл мәселеге ерекше назар­ а­ударды. «Барлық облыста креа­тивті индустрия орталықтарын ашып, шығармашыл адамдардың өнімін ком­мерцияландыруға көмек көрсетілуі керек» деген еді. Ізінше салада бірқатар оңды өзгеріс болды. Қазірдің өзінде елімізде қоғамның рухани кемелденуіне үлес қосып, мульт­фильм жасап жүрген ірілі-ұсақты 40-тан аса студия бар. Мемлекеттік тілді дамыту қорының қолдауымен «Kazcomiks» секілді жобалар да қолға алынды. Елдегі анимацияға тапсырыс беруші негізгі ұйым «Balapan»-ның да биыл бюджеті 2 есе артып, сериялар саны көбейген. «Алпамыс», «Сәби», «Тоқты мен Серке», «Алан мен Қозықа» сынды мультфильм­дер You Tube-та 3-4 миллион­ қаралым жинаған. Телеарна өнімдері шетелдік нарыққа да шығып жатқан көрінеді. Арасында испан, португал, ағылшын тілдерінде аударылғандары бар.

– Мемлекет басшысының бұл идеясы анимация саласына қызығушылық танытатын жастарға жол ашты. Оған дәлел анимациялық орталықтардың көбеюі. Өзім 12 жыл бұрын «Dala Animation» студиясын аштым. Күні бүгінге дейін 60-тан аса анимация­лық туынды жасап, көрермендерге ұсындық. Арасында көпсериялы және қысқаметрлі туындылар да бар. Басым көпшілігі балалардың көңілінен шығып жүр. Қоластымда талантты әрі шебер 25 маман жұмыс істейді. «Қазақ анимация­сы» компаниясымен бірлесе отырып «Тұңғыш көктүрік» деген қысқаметрлі фильм жасап шығардық. Мультфильм жаңа жылдан бастап жергілікті телеарналардан көрсетіледі. Әлемдік фестивальдарға ұсынып қойдық. Оған қоса «Balapan» телеарнасынан көрсетіліп жүрген «Әли мен Айя» мультфильмінің 19 бөлімнен тұратын үшінші маусымын аяқтадық, – деді жас аниматор.

Жалпы, қазақ анимация тарихында 200-ден аса фильм жасалған. Десек те, осы туындылардағы кейіпкерлер цифр­лы дәуірде құлашын жазып, қадамын нық баса алмай келеді. Бірақ отандық өнімдер шетелдік байқаулардан жүлде алып жатқанын жиі естиміз. Мәселен, «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» деген анимациялық фильмі Токиода үздік деп танылды. «Бесік жыры» туын­дысына Испания, Лондон, Түркия, Қырғызстаннан жүлде келген. Былтыр әлемдік көрсетілімде 80-ге жуық кино­фестивальға ұсынылған «Шырақ» Алба­ния мен Ұлыбританияда өткен байқауда ең үздік анимациялық фильм аталымын жеңіп алған. Көпке таны­мал «Мұзбалақ» та 2017 жылы Ресей, Франция, Үндістан сынды әлемнің алты мемлекетінде жеңімпаз болып, You Tube-та 8 млн-нан аса қаралым жинаған. Бірақ салыс­ты­рып көрсек, Ресейдің «Маша мен Аю» сериалының 800 млн рет көрген бөлімдері бар. Осы тұста анимация саласында 25 жыл тәжірибесі бар «Бәйтерек қасиеті», «Төбетай», «Ақбөкендер» атты жоба­лардың авторы, продюсер, сценарист, режиссер Әбдіқадыр Сабырдың пікірін біліп көрдік.

– Таяуда «Balapan» арнасында питчинг өтіп, 22 отандық анимация өндіруші компания өз өнімдерін ұсынған. Мұны өткен 5-6 жылмен салыстырғанда, отандық анимациялық студиялардың көбейгенін аңғарамыз. Бұл – үлкен жетістік. Мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, қаржы құйылып жатыр. Тек айта кетерлігі, мультфильмнің сапасына ешкім мән беріп жатқан жоқ. Көп кісілер анимация жасау үдерісін түсінбейді. Бір жағынан оның өзіндік себебі бар. Мәселен, «Disney», «DreamWorks» секілді компаниялар бір анимациялық фильмді 5 жыл жасайды. Ал бізде қазір 1 толық­метрлі анимациялық фильмді бір жылда жасау шарты қойылып жатады. Сәйкесінше, техника мүмкіндігі барынша пайдаланылмайды. Аяғында бәрі қаржыға келіп тіреледі. Анықтама үшін айтайын, «Аю мен Маша» деген 1 сериясына 300 млн теңге бөлінеді. Оның үш сериясының бюджеті біздің бүкіл 20 студияның біржылдық бюджеті. Сондықтан біз бірінші кезекте санға емес, сапаға жұмыс істеуіміз қажет. Оған қоса нарықтық экономикаға бейімделемін десек, бәсекелестікке жол ашу үшін жас ерекшеліктеріне қарай «Balapan» секілді тағы үш төрт телеарна керек, – деді Әбдіқадыр Сабыр.

Анимация – айрықша мәдени тәр­бие­ құралы. «Егер жеткіншектердің «Өрмекші адам» секілді «Қобыланды батырды»­ суперқаһарман үлгісінде көргенін қаласақ, заманауи үлгідегі кейіпкер ретінде ұсынудың жаңаша жолын іздеу қажет. Яғни туындылар балалардың танымына сай қазіргі қоғам психо­логиясына қозғау сала білуі керек», дейді мамандар.

 

Дариға ДӘУЛЕТҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы

ЕҰУ студенті