• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Сұхбат 14 Желтоқсан, 2023

Дәурен АХМЕТБАЕВ, энергетик-ғалым: Отандық энергетика ентігіп тұр

646 рет
көрсетілді

Еліміздің электр қуатын өндіру әлеуеті өте жоғары. Дәстүрлі стансаларды айтпағанда, кейінгі уақытта ден қойылған балама бағыттардың өзі үлкен басымдыққа ие. Десек те бұл салада түйіні тарқамаған мәселе де шаш-етектен. Солардың біразына техника ғылымдарының докторы, еліміздің құрметті энергетигі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Дәурен АХМЕТБАЕВПЕН болған әңгімеде кеңінен тоқталдық.

– Дәурен Садықұлы, еліміз­дің құрметті энергетигі, білікті ғалым ретінде отан­дық электр энер­ге­ти­касы саласының қа­зір­гі жағдайына қандай баға берер едіңіз?

– Бізде бұл сала жақсы дамыған. Әсіресе электр қуатын өндіретін стансалар уақытында озық технологиямен салынды. Десе де сол стансалардың дамуы қазір біршама тежеліп қалды. Мұндағы технологияларды одан әрі жетілдіру керек. Өндірілген қуатты тұ­тыну­шыларға тарататын электр желі­лері жүйесінің де әлеуеті жоғары. Әсіресе біздегі 220, 500 кило­вольттық жүйелер елімізді кез келген мемлекеттің электр жүйесіне қоса алады. Бұл электр энергиясын экс­порттау­ға жол ашатын тамаша мүм­кін­дік. Аталған бағыт әлі де дамып келеді. Солтүстік пен оңтүстікті бай­ланыстыру мақсатында 500 киловольттық желілердің салынуы – соның дәлелі.

Стансаларды дамыту үшін білікті мамандар керек. Дәл қазір біздің ақсап тұрған тұсымыз да – осы. Мысалы, Солнечный кентіндегі Екібастұз ГРЭС-2 стансасын дамыту мақсатында энерго­блок­тердің санын арттыру қолға алынды. Әу баста бұған 8 блок салынады деп жоспарланған. Бірақ қазір екі блок қана жұмыс істеп тұр. Енді осыған қосымша әрқайсысы 650 мегаватт болатын энергоблоктерді іске қоспақ. Міне, біздің мамандардың біліксіздігі де осы жерден көрініп отыр. Олар жаңа блоктерге Қытайдың өнімін орнатпақ.

Ал бұрынғысы Ресейдің Подольск қаласында өндірілген. Бір аумақтағы екі түрлі технологиямен салынған энергоблоктар ендігі жерде бір-біріне бөгет жасайды. Негізі технологияның бір типті болғаны маңызды. Бізге тиімдісі – Подольскінің өнімі. Себебі Екібастұз ГРЭС-2-нің іргесінде тұрған ГРЭС-1 стансасы дәл осы технологиямен ұзақ жыл бойы қалтқысыз қызмет етіп келеді.

Айтпағым, бізде білікті маман­дар тапшылығы өзекті мәселеге айналды. Кезіндегі мықты маман­дар­дың біразы өмірден өтті, біразы елден кетті, біршамасы зейнетке шықты. Ал олардың орнын басатын жастардың үлесі тым аз. Өкінішке қарай, Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде электр және жылу энергетиктерін тек теория жүзінде ғана даярладық. Осы бір маңызды бағытқа баса мән берілмеді. Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ алдағы уақытта осының зардабын тартуымыз ықтимал. Өйткені отандық энергетика ентігіп тұр.

– Осы күнге дейін жергілікті уни­вер­­ситеттер мен колледж­дерде қан­ша­ма­ маман даярланды. Сонда осы­ның­ бәрін жоққа шығарғыңыз келе ме?

– Мұның бәрі оқу жүйесінің өзгеруімен тікелей байланысты болып отыр. Нағыз керек пәндер қысқартылып кетті. Ал, шын мәнінде, біз тәжірибе тұрмақ, теорияның өзін дұрыс оқыта алмадық. Өйткені бұрын 5 жылда даярланатын энергетиктер мен инженерлерді қазір 4 жылда даярлап жүрміз. Бұрын мұндай мамандарды техникумдардың өзі төрт жыл оқытатын. Қазір төртжылдық бакалавриатта студенттер саланың кіріспесін ғана меңгеріп шығады.

– Бірақ әлем жылдам дамып жатыр ғой. Тиісінше, мамандарды даярлау уақыты да қысқара түсті емес пе?

– Діні жуан ағашты бірден құшағыңа сыйдыра алмайсың ғой, оқу да сол секілді. Айталық, математиканың бірнеше бөлімі бар. Қазір соны инженерлер бір-ақ семестр оқиды. Кей жерде екі семестр оқытады. Демек, студент математиканы толық мең­гер­мейді. Сол секілді физиканы бұрын екі семестр оқытса, қазір бұған бір-ақ семестр арналған. Мате­матика мен физиканы дұрыс меңгермеген инженер қалай­ша бәсе­кеге қабілетті болады. Электр техниканың теориясын, бола­­шақ электр энергетиктердің негіз­гі пәнін бұрын үш семестр оқы­та­тын, қазір бір, болмаса екі семестрде студент санасына сіңіріп жүр­міз. Біздегі инженерлік сала­ның бәрі осындай дағдарысқа ұшы­рап отыр.

– Дағдарыстан шығу үшін не істеу керек?

– Алдымен оқу жүйесін өзгер­ту­ керек. Оқу жүйесінің айнасы – оның бағдарламасы. Қазір қол­даныстағы қазақ тіліндегі дайындық бағдарламалары жалпылама сөзден ғана тұрады. Біз де студент болдық. Кезінде екінші, үшінші курстарда өткен, практика жүзінде үйренген дүниелерімізді қазіргі инженерлер кітаптан ғана оқиды. Шынына келсек, теория­ның өзін қатырғанымыз шамалы. Мысалы, арнайы бекітілген бағдарламада «трансформатордың бос жүрі­­сі» деген термин бар. Транс­фор­матор бос жүретін кісі ме еді? Адам ғана бостекі жүреді. Ал енді осыны оқыған студент трансформатордың бос жүретіндей аяғы бар ма деп бас қатырады. Бұл бір ғана мысал. Қысқасы, бізге бағдарламаны дұрыстау керек және ол инже­нер­лік салаға бағытталуы қажет. Кеңес өкіметінен бері келе жатқан бағдарламаның озығын алып, тозығын тастау керек. Бұл ретте бір инженерге барлық бағытты қатар үйретудің қажеті шамалы. Мәселен, физика бөлімдерінің ішінде баланың ой-санасын дамытатыны – механика. Механиканы түсінген, меңгерген студент денеге түсетін күшті, қозғалысты оп-оңай есептей алады. Механика арқылы кез келген саланы еш қиындықсыз түсіндіруге болады. Ғылымның, білімнің басты мақсаты – түсіну. Ал түсін­діре­тін – физика. Түсін­ген дүниені жүзеге асыруға математика керек. Математика – білімнің құпия­сын ашатын кілт. Міне, механика, математика секілді негізгі бағыт­тар­ды таңдап алу маңызды.

– «Кеңес өкіметі кезіндегі бағ­дар­­ла­маны пайдалану керек» деген ой айттыңыз. Бұл келмеске кеткен дүниені көк­сеу емес пе? Жалпы, біз неліктен кеңестік бағ­дар­­ла­маны үлгі етуіміз керек? Неге Американың озық бағдарламасын пайда­лан­басқа?

– Американың бағдарламасы дұрыс болса, бұл салада бізден әлдеқашан озып кетер еді. Ондағы энергетика ғылымының негізі де кеңестік бағдарламада жатыр. Мұны әлем әлдеқашан мойындап қойған. Ендеше, әлем мойындаған дүниеден біз неге бас тартуымыз керек? Қайта керегін алып, пайдаланайық. Керек емесі қалсын.

– Түсінікті. Аға, редак­ция­мызға электр энергиясын тарату мәселесіне қа­тысты оқыр­ман­дар бірнеше рет ха­бар­­лас­қан болатын. Әсіресе Қара­ған­ды, Ұлытау өңіріндегі ауыл тұр­­ғын­­да­рының стансалар өндір­ген электр энергиясын орта жол­­дан сатып алып, жер-жердегі тұты­ну­шы­ларға тара­та­­тын делдал компания­лар көп екенін әрі бұлардың ойын ере­­же­сі сәт сайын өзгеретінін айтып шағым­дан­ғаны есімізде. Осы қаншалықты дұрыс?

– Бұл – ауадан ақша жасаудың амалы. Біз кеңес өкіметінің жүйесінен алыстап, капитализм жолына түсуді мақсат еттік. Капиталистік қоғамда бір ғана мақсат бар – баю. Шын капиталистер біреудің дүниесін тартып алып байымайды. Олар өздерінің ой-идеясымен, іс-әрекетімен кәсіп жасау арқылы дәулетке кенеледі. Ал біз кәсіпті нәсіп етпей-ақ капиталист болғымыз келеді. Сіздің айтып отырған мәселеңіз де – сол. Басқа ештеңе де емес. Мұндай делдал компаниялар бізге қажет емес. Егер ондай компания энергетика саласындағы белді ойыншыға айналамын деген ниетпен Германияның, Американың, Қытайдың озық технологиясын елге әкеліп, электртехникалық зауыт салса, сөйтіп электрге қажетті түрлі жабдықтар шығаруды жолға қойса, онда әңгіме бөлек. Бірақ біз мұның бірін де істей алмай отырмыз. Өйткені шетелдер озық технологиясын ешқашан сатпайды. Қалған-құтқанын ғана береді. Тәуелсіздік алғаннан кейін Екібастұздағы ГРЭС-1-де америкалықтар жұмыс істеген жылдары сол стансада мен де еңбек еттім. Солардың қатарында Икбал Сыддық деген пәкістандық азамат болды. Орысшаға судай. Сөйтсем, Мәскеудегі мен оқыған энергетикалық институтта білім алыпты. Бір күні әлгіден «Біздің стансаны дамыту үшін не істеп жатырсыздар, қаржыны қайдан аласыздар?» деп сыр суыртпақтадым. Бетіме қарап күлді де: «Ешбір капиталист саған бір тиын да ұстатпайды. Керісінше, біз ақша табуға келдік», деді. Содан бұлар ақшаны қандай жолмен табады деп ойландым. Ақыры жауабын таптым. Олар кәсіпорындағы мыңдаған қызметкерді қыс­қартты. Үнемделген ақшаны қал­таға бас­ты. Сөйтіп, стансадан үнемделген ақшаны сол стан­саның өзіне жұмсады, өз қалтасынан бір тиын да шы­ғар­мады. Ал, шын мәнінде, Екі­бас­тұздың ГРЭС-1 стансасын сол кезде америкалықтар емес, өзіміздің инженерлер көтерді. Бір блокпен ғана қалған стансаны қуатты кәсіпорынға айналдырды. Қазір мұнда 7 энергоблок жұмыс істейді, 8-сі енді қосылмақ, бұйырса. Мұны тәптіштеп айтып отырғаным біздің қоғамда «стратегиялық нысандарды жекеменшікке беру керек» деген ой жиі айтылады. Шындығында, жекеменшік мұндай нысандарға дұрыс қарай алмайды, керісінше осының есебінен тек пайда табудың қамын ғана күйттейді. Сондықтан стратегиялық нысандардың барлығы мемлекеттің тікелей бақылауында болуы керек. Мәселе мынада. Жоба жасалған кезде әрбір күрделі жөндеу, ағымдағы жөндеу секілді түрлі мақсатқа деп салықтар салынады. Мысалы, таза табыстың 3,3 пайызы қызмет көрсетуге, ­­2 пайызы жаңарту жұмыстарына, 4 пайызы күрделі жөндеуге жұмсалады делік. Жекеменшік компаниялар осы талаптарды көп жағдайда орындамайды. Күрделі жөндеу жүргізетін уақыт таяса да, «жұмыс істеп тұр ғой» деп қондырғыны тоқтатпайды. Әбден істен шыққанда ғана жан­та­ласып жатады. Мініп жүр­ген көлігіміздің өзін жылына бір рет техникалық байқаудан өткі­зе­міз ғой. Бұл да сол секілді. Міне, жекеменшіктің осындай қитұрқысы бар. Стратегиялық нысандардың барлығы мемлекет меншігінде болуы керек дейтінім сондықтан.

– Ендеше, «мемлекет – на­шар­­ менеджер» деген тәмсілді неге алға тартып жүрміз?

– Жауапты орында біліксіз адам­дар отырса, нашар менед­жер болмағанда қай­теді? Энер­ге­ти­ка­ны дәрігер не мал дәрігері басқарса, нашар болмағанда несі қалды. Бізде энергетиканы энергетик басқармайды, дұрысы басқартпайды. Себебі ол жұмыстың жайын біледі. Ал мұндай адам биліктегілерге қашанда кедергі келтіреді. Сондықтан мұндай мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарау маңызды. Министрді жоғары­дан топ еткізіп қоя салмай, төменнен жоғарыға қарай сатылап даярлау керек. Әйтпесе, кеңсе­­ден шықпаған адамға шикі нан да жақсы, піскен нан да жақсы емес пе?

– Жуырда Астана халқы бірнеше сағат жарықсыз қал­ды. Ірі мегаполисте осындай келеңсіз жағдайдың орын алуы қалыпты дүние ме?

– Жоқ, әлбетте. Бұл – үлкен кемшілік. Электр энергетикасы жүйесінде түрлі мамандар жұмыс істейді. Бірі жөндеумен айналысса, екіншісі іске қосуға жауапты, үшіншісі жалпы үдерісті қадағалайды дегендей. Ал бізде жөні түзу бір «релейщик» шықса мұрнымды кесіп берейін. Мысалы, мен «релейщик» емеспін. Оны дайындаумен айналыспаймын да.

– «Релейщик» дегеніңіз кім?

– Энергетикадағы қорғаныс­пен, қауіпсіздікпен айналысатын ма­ман. Бұрын осындай мамандық бол­ған, қазір жоқ. Оның мін­де­ті – электр энергетикасы жүйе­сін­де орналасқан электрлік қон­дыр­­ғыларды қорғайтын жүйе құру. Сіз бен біздің өмірімізден бөлек, технологиялық үдерісті де қорғайтын жүйе бар. Айталық, олар қысқа тұйықталу болған кезде жүйенің қалай жұмыс істеу керектігін алдын ала реттеп қояды. Соның нәтижесінде, қысқа тұйықталу болғанда қажетті айырғыш өздігінен электр тізбегін ажыратады, қалғандары жұмыс істеп тұра береді. Міне, осы жүйе жұмыс істемесе апат одан әрі ұлғая береді. Мұның соңы жүйелік апатқа ұласады. Бұл релелік қорғаныстың дұрыс жолға қойылмағандығынан. Астанада орын алған апат бізге осының қаншалықты маңызды әрі елдегі жағдайдың қаншалықты күрделі екенін тағы бір мәрте байқатты. Бұл жерде де кадр мәселесі алдымыздан шыққанын еске салайық. Бұрын Алматыда энергетиктерге арналған біліктілікті арттыру инс­ти­туты жұмыс істеді. Жергілікті мамандар осы жерге келіп арнайы курстардан өтетін, біліктілігін шыңдайтын. Қазір аталған инс­титут жоқ, жабылып қалған. ТМД төңірегінде мұндай институт қазір Санкт-Петербургте ғана бар. Бұған баруға әркімнің шамасы келмейді. Сондықтан білікті энергетиктерді даярлау үшін біздің ел түпкілікті өзгерістер жасауы керек, үлкен реформа қажет.

– Әлемдік трендтен қалмай біз де күн, жел, су электр стансаларына жаппай көшіп жатырмыз. «Жасыл энергетика» деген ұғымның санамызға сіңіп кеткеніне де біршама уа­қыт болды. Біз атаған жаңа­шыл­­дықтар жақсы нәтиже бере ала ма?

– Егер күн, жел, су электр стансаларына қажетті жабдықтардың бәрін өзімізде шығарсақ бұлар­дың пайдасы шашетектен. Өйткені тиімді әрі арзан. Сондай-ақ бұл қадамымыз өзге мемлекеттерге өнеге болар еді. Ал біз дәл қазіргі уақытта бұлардың бірін де өзімізде өндірмейміз. Сырттан сатып әкелеміз. Мұндай жағдайда тиімсіз, әрине. Қып-қызыл шығын. Себебі импорттық өнімнің бағасы қашанда қымбат. Оның үстіне озық дүниесін ешкім де ұстата салмайды. Мысалы, Ерейментаудың айналасында айналып тұратын үлкен жел генераторларын алайық. Егер соны түгелдей елімізде құрастырсақ, көп дүниеден ұтар едік. Ал мұндай жобалар бізде бар. Техника ғылымдарының докторы Марат Қамбаровтың Жоңғар қақпасына арнап жасаған 40 метр/секундтық дауылды желге шыдайтын, кезінде Астанадағы ЕХРО көрмесіне қойылып, жоғары бағаланған жел қондырғысын пайдалануға болады. Осы арқылы қуаттылығы 1-5 мегаватқа дейін жететін отандық жел стансасын салып, соның игілігін көруге мүмкіндік бар. Алайда әлгі жобасын жүзеге асыру үшін ғалымның бармаған жері, ашпаған есігі жоқ. Қолдау таппады. Бір қызығы, аталған жоба елімізде өткен ғылыми конкурста үшінші орын алды, ал Қытайда 100-ден аса мемлекет бақ сынаған байқауда бірінші орынды, Лос-Анджелестегі әлемдік конкурста да бас жүлдені иеленген.

– Демек, дәстүрлі энер­ге­ти­ка­­дан бас тартуға болмайды ғой?

– Әлбетте. Дәл қазіргі уақытта мұндай қадамға баруға әсте болмайды. Кері­сінше электр стансаларының жанынан көмірді терең өңдейтін өндірістер ашу керек. Мысалы, Екібастұздың көмірін отын ретінде ғана пайдаланбауымыз қажет. Тереңдете өңдесек сол көмірден бензин, солярка, мазут, газ алуға болады. Сондай технологияларды орнатып, көмірді терең өңдеуден өткізіп барып ұсынса, электр стан­­саларынан экологияға еш­­­­қан­­дай зиян келмейді. Иә, мұн­­­дай өндірісті орнату үшін қыруар қаржы керек. Бірақ болашағымызды ойласақ, осындай қадамға баруға тиіспіз. Сонда атом электр стансасын салудың да қажеті болмайды. Оңтүстік өңірге электр стансасын салып, Екібастұздың өңделген көмірін пайдалансақ та біраз мәселенің түйіні тарқар еді. Әрі бұл атом стансасымен салыстырғанда әлдеқайда арзанға шығады.

– Елімізге атом стансасы керек­ пе?­

– Дәл қазір керек деп айта алмаймын. Энергия көзін салу үшін өндіріс қуаттарын дамытуымыз керек. Әгереки атом стансасын салу қажеттілігі туа қалса, оны Балқаш көлінен әрірек орнатқанымыз абзал. Көлді ластамаған жөн. Бір мысал келтірейін. Павлодар өңіріндегі Ақсу қаласында орналасқан электр стансасы әуелде қате салынған. Оның пайдаланылған суы Ертіс өзеніне құйылады. Ертістің бір жақ бөлігі сақылдаған сары аяздарда да қатпай, буы бұрқырап жататыны сондықтан. Бұл экологияға зиян, әрине. Ертістің жағдайы осыдан бұзылды. Әу баста бұл стан­саны өзеннен шамамен 10 ша­­қы­рымдай алыстау жерге орна­тып, Екібастұздағы ГРЭС-1­ стан­са­сы­ның аумағындағы секілді су сақтайтын терең қойма салу керек еді. Сонда қазіргідей мәселемен бетпе-бет келмес едік. Сөз жоқ, кез келген өндірістен шыққан су экологияға зиян. Балқаш та осындай күйге ұшырамаса екен дейміз. Жалпы, жылу стансасы мен атом стансасының бір ғана айырмашылығы бар. Алғашқысында көмір жағып, суды қайнатып, бу арқылы турбинамен генераторды айналдырып электр қуатын аламыз. Екіншісінде атом пайдаланылады. Ол ядроларға бөлінеді, одан жылу шығады, әрі қарай су қайнайды. Одан кейінгі цикл жылу стансасыныкімен ұқсас.

– Әңгіме ауанын ғылымға қа­рай­­ бұрсақ. Электр энерге­ти­касы­на­ ғылым қаншалықты керек? Әйт­пе­се, мұны «екі сымды жалғау» деп түсіне­тін­дер әлі де көп.

– Энергетика екі үлкен саладан тұрады. Бірі – жылу энергетикасы, екіншісі – электр энергетикасы. Жылу энергетикасы – электр энергетикасының негізі. Жылуды түрлендіру арқылы электр қуатын аламыз. Қазір күн энергетикасын пайдалануға ден қойылып жатыр. Әсіресе күн сәулесін тікелей түрлендіру арқылы электр қуатын алып жүрміз. Күн панельдерін айтып отырмын. Олар күннің сәулесін бірден электр қуатына айналдырады. Бірақ олардың пайдалану коэффициенттері өте төмен. Мақтағанда өнімділігі 30-35 пайызға жетер. Әйтпесе, 12-20 пайыздан аспайды. Егер осыған біржола бет бұрамыз десек, онда үлкен аумақ керек. Мал аяғы жетпейтін, сайын далаға салсақ, пайдасын көруге болар еді. Айталық, Қызылорда мен Жезқазғанның арасындағы адам аяғы баспайтын Бетпақдалаға орнатсақ болады. Алайда мұндай панелдердің өзі арзан тұрмайды. Шығындалып шетелден алдыр­сақ, қарызын баламыздың баласы өтейтін секілді ғой. Ал егер бұл панельдерді өзіміз шығарсақ, бұл енді басқа әңгіме. Жоғарыда «жасыл энергетика» деп айттыңыз ғой. Бұл әзірше бізге тиімсіз. Біріншіден, бұған қыруар қаржы керек. Екіншіден, Германия тәжірибесінен сабақ алуымыз қажет. Немістер «жасыл энергетикамен» белсене айналысқаны сол, жылусыз, электр қуатынсыз қалды емес пе? Енді қайтадан көмірмен жұмыс істейтін дәс­түрлі жылу-электр стансаларына көшіп жатыр. Сондықтан дүрмекке еріп, дүңкілдей беруге болмайды. Сол секілді жел электр стансаларының да зияны бар. Бірінші кезекте ұшқан құсқа, жортқан аңға зиян. Одан кейін стансадан үздіксіз шығып тұратын шуылдың да зардабы бар. Өкініштісі, бұлардың мұндай кемшілігін ешкім айта бермейді. Осының бәрі ғылыми зерттеуді қажет етеді.

– Өз тарапыңыздан отан­дық энергетиканы дамытуға қан­­дай да бір жоба ұсынып көрдіңіз бе?

– Әрине. Тізіп айтсам мақ­тан­ған­дай боламын ғой. Оның үстіне біз ұсынған жобалар үкімет тара­пынан қолдау таппады. Қазір күніміз бизнеске қарап тұр. Ал олар бізден қаржы талап етеді. Ғалымдарда қаржы қайдан болсын. Мәселенің бәрі қаржыға тіреледі. Сондықтан «үкімет – ғылым – бизнес» үштігі тізе қосуы керек. Сонда біраз дүние тындыруға мүмкіндік бар. Әйтпесе, отандық ғалымдарда жоба да, әзірлеме де жеткілікті. Мәселен, жуырда электр энергетикасын жылдам есептеуге арналған бір жобам Дубайда 69 мемлекеттің өкілдері қатысқан ғылым бойынша өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Жалпы есепте 14-орынды иеленген еліміздің өз ғалым­да­ры дайындаған, тиісінше жер-жаһанның ғылыми қауым­дастығы оң бағалаған жобалар шынымен ерекше. Тек әлемде мойындалған сол жобаларға өз елімізде мойын бұрылмайтыны өкінішті.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»