• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Мәселе 14 Желтоқсан, 2023

Ауыз су мәселесі шешімін табады

324 рет
көрсетілді

Президент Қ.Тоқаевтың 2025 жыл­ға дейін ауыл халқын сапалы ауыз су­мен толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын белгіленген мерзім ішінде орындап шығу Қостанай облысы­ның әлеумет­тік-экономикалық дамуындағы маңызды бағыттың бірі болып отыр.

53 ауылға сапалы ауыз су келеді

Осыдан бірнеше жыл бұрын өзіне қарас­ты ауылдардың 36,1 пайызы ғана ауыз су­мен қамтылған Қостанай облысы тұрғын­дарды сапалы ауыз сумен қамту жөні­нен республика көлемінде көш соңын­да қалған өңірлердің қатарында тұр еді. Содан бері екі жылдың ішін­де қыруар жұмыс атқарылды. Нәтиже­сін­де, биыл халықты ауыз сумен қамту дең­ге­йі­нің 82,6 пайызға жеткені көңіл қуантады.

Мысалы, осы жылдың өзінде өңір халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатындағы 69 жобаны жүзеге асыруға 21,7 млрд теңге қарастырылған.  Қомақты қаржының басым бөлігі ауылдық елді мекендерге жұмсалды. Осы­лайша, жыл соңына дейін 53 ауыл­да таза ауыз су мәселесі шешіледі.

Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Дәурен Асқаровтың айтуынша, жыл басынан бері өңірде ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған 50-ге жуық жоба іске асы­рылған. Соның нәтижесінде Денисов, Амангелді, Қос­танай, Сарыкөл, Фе­доров аудандарына қарасты Крас­ноармейск, Есенбаев, Садчиков, Қараоба, Первомай, Ленин ауылдарына орталықтандырылған су құбыры тартылды. Сондай-ақ Амангелді ауданын­дағы Қарасу, Құмкешу, Денисов ауданындағы Фрунзе, Жіті­қара өңіріндегі Пригородное елді мекендерін де ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілді.

«Қалған жобалар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Аталған жобаларды іске асыру барысында 14 ауыл өз тарихында тұңғыш рет орталықтандырыл­ған су желісіне қосылады. Олардың ішін­де Торғай өңіріндегі Шеген, Денисов ауданындағы Свердлов пен Подгорный, Қараба­лық өңіріндегі Новотроицк, Қос­танайдың маңайындағы Влади­мировка, Александровка, По­лов­­никовка, Айсары, Ұзын­көл ауданындағы Ершов, Прес­ногорьков, Федоров ауданындағы Таза Шаңдақ, Ленино, Заозерное, Копыченко елді мекендері бар», дейді басқарма басшысы.

Д.Асқаровтың айтуынша, 2024 жылы өңірде ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған тағы 52 жоба іске асырылмақ. Оған шамамен 32 млрд теңге қарастырылайын деп отыр.

Ауыз су тапшылығын тартып отырған елді мекеннің бірі – Науырзым ауданындағы Өлеңді ауылы. Шалғай ауылда бүгінде тоқсанға жуық үй түтін түтетіп отыр. Әр аулада бір-екіден құдық бар, бірақ суы ащы, ішуге жарам­сыз. Сондықтан  мұндағы жұрт  ауыз су үшін ауылдың әр жерін­дегі 3-4 құдыққа барып кезек күтуге мәжбүр. 

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл ауылға кеңес дәуірінде орта­лықтандырылған су жүйесін тарту жұмыстары басталып, кейін тоқтап қалған екен. Өкініштісі, сол кезде төселген құбырлар кейін қолды болып кеткен. 

Осыдан бір-екі жыл бұрын аудан орталығынан әкімдік маман­дары келіп, халықпен кезде­сіп, хаттама жасап, қол қойы­сып, келер жылы Өлеңдіге де су кел­е­д­і деген соң, ауыл тұр­ғын­дары кәдімгідей үміттеніп қал­ған. Алайда аудан әкімдігіне хабар­ласқанымызда жауапты бөлім басшысы бұл ауылға  су құбырын тарту тиімсіз екенін айтты. Мұның сыртында, осыдан екі жыл бұрын Өлеңдіге ауыз су тарататын арнайы пункт ор­на­тылған. Яғни 40 шақырым жер­дегі аудан орталығынан әке­лін­ген таза су осы цистернаға құйы­лады да, ауыл тұрғындары суды осы жерден сатып алады. Екі ара­лыққа су таситын көліктің жанар­майы мен жүргізушінің еңбек­ақысы халық­тан түскен ақша­ның есебінен өтеледі. Бірақ тұр­ғындардың айтуынша, аталған пункттің аты бар да, заты жоқ. Басын­да аудан орталығынан бір-екі рет су әкелінгенімен, одан кейін жұмы­­сы тоқтап қалған. Біреу­лер су аға­тын құлағы сынып қал­ған десе, екінші­лері цистер­на­ның өзі тесіліп қалғанын айтады.

«Ол су таратқыш пункттен өз басым су алып көрмеппін. Ұмытпасам, бір бидон суды 80 теңгеден сатты-ау деймін. Бар-жоғы үш-ақ рет әкелді. Ал ауыз судан қысылып отырғаны­мызға көп болды. Кейінгі жылдары ауылдың іргесіндегі терең көл құрғап, құдықтардың бәрі тартылып қалды. Құдықтардағы су өте тайыз. Таңғы сағат 10-ға дейін су алып үлгермесең, түбіндегі құм көтеріліп, су лайланып кетеді. Оны тұндырып барып ішуге тура келеді», дейді ауыл тұрғыны Нұрлан Халықов.

Ал аудандық ТКШ бөлімінің басшысы Сабыржан Нұрғазиннің айтуынша, Өлеңдідегі су тарату пунктінде ешқандай ақау жоқ. Тек тұрғындардың өздері пайдаланбай отыр.

«Өлеңдіде 87 үй бар. Олар да орта­лықтандырылған су құбырын тартып беруді талап етеді. Құдықтағы су тайыз деген бос сөз. Өлеңді жаңа құрыл­ған жоқ – атам заманнан келе жат­қан ауыл. Баяғыда бәленбай мың халық тұрғанда да сол құдық­тардан су ішіп келген. Енді қазір халықтың бәрі үйге су кір­гізіп бер деп отыр. Ол енді бюд­жет­тің қалтасына салмақ түсіре­тін нәрсе ғой. Бұл жерде халық көп болса бір сәрі. Шағын ауылдың арғы перспективасына қарасақ, тұрғындары көшіп кетіп жатыр. Қазір баланың саны да азайып қалды. Дәл осы қалыппен бір-екі жылда мектеп жабылып қалса, ол жерде адам қалмайды», деді бөлім басшысы.

Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Науырзым өңірінде халықтың 88 пайызы сапалы ауыз су ішіп отыр. Ауданға 8 елді мекен қарайды. Халық көп тұратын 4 ауыл – Қарамеңді, Бу­ревестник, Раздольный, Шолақ­­сай орталықтандырылған су желісіне қосылған. Ал Өлеңдіні қоспағанда, Шилі, Қожа, аудан орталығының іргесіндегі Жамбыл елді мекендері сапалы ауыз сусыз отыр. Әкімдіктегілер мұның себебін түсіндіргенде әдеттегідей ауыл тұрғындарының аздығын алға тартады.

«Бұл үш елді мекендегі халық саны 500-ге жетпейді. Сондық­тан су құбырын тарту – тиімсіз. Ал су үлестіру пунктін қояйық десек, оған халық келіспей отыр. Жалпы, біздің Науырзым ауданына қарасты ауылдардың бәрінде таза су бар. Құдықтағы су тап-таза. Құмды, биік жерде тұрғаннан кейін, бұл жақ­та ауыз су тапшылығы жоқ. Әрқайсысы ауласына терең құдық қазып, оған за­манауи фильтр орнатып, үйлеріне кір­гі­зіп алған. Олар жерасты суын пайдалан­ғаны үшін салық төлемейді, тегін су, тек электр қуатына ғана ақша төлейді. Сол себепті, тұрғылықты халық ауыз су сатып алғысы келмейді», дейді аудандық ТКШ бөлімінің басшысы Сабыржан Нұрғазин.

Осылайша, ауыл тұрғын­дары­ның аздығы кейбір елді мекендерге орталықтандырылған су құбырын тартуға кедергі болып отыр. Ал Мемлекет басшысы шалғай елді мекендерде қалған аз халық түгел көшіп кетпеу үшін ауыл инфрақұрылымын дамытуды, шалғай елді мекендерді ең алдымен сапалы сумен, түзу жолмен, мүмкіндік болса, табиғи газбен қамтамасыз ету керек дегенді жиі айтады. Президент ауылдың ин­фрақұрылымы жөнделіп, елдің жайлы өмір сүруіне, тұрмыстық жағ­дайы­ның жақсаруына жағдай жасалса, бүгінде жартылай босап қалған жүдеу ауылдарға халық қайта көшіп келе бас­тауы мүмкін екенін дұрыс аңғарып отыр. Өкінішке қарай, бұл талапты үнемшіл болып әдеттенген жергілікті атқарушы билік жете түсіне алмай жатқан сыңайлы. 

 

Қостанай облысы