Қазақ халқы тәуелсіздік жолында қилы-қилы тағдырды басынан кешірді. Азаттық жолында халқымыздың қаншама перзенті жанын қиды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тарихта ұлы қасірет болып жазылса, Ресей патшалығының озбыр саясаты қазақ даласында еркіндікке ұмтылған ұлттың қарсылығына ұласты.
Империялық пиғылдарға қарсы бой көтерген ұлт-азаттық күрестерге «бүлік» айдары тағылып, халықтың азапты күресі жоққа шығарылды. Ұлт-азаттық қозғалыстардың толыққанды тарихы бұрмаланды. Тарихшы мамандардың пікірінше, еліміздің төл тарихы отаршыл саясат, идеология, еуроцентристік қағидалар тұрғысынан зерттеліп келді. Ендігі кезекте әлемдік кеңістікте егеменді елдің тарихына жаңаша көзқарас қажет. Осы мақсатта архив құжаттарының ашықтығы, қолжетімділігі аса маңызды.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Әбдіровтың айтуынша, кеңестік кезеңде жабық болған халық тағдырына қатысты құпия құжаттардың біршамасы ашылып, соның негізінде көптеген еңбек жарық көрді. Десек те тәуелсіздік жылдарында басталған бірқатар зерттеуді жалғастыру мүмкін болмай отыр. Бүгінде Ресей, Ташкент архивтерінде қолжетімсіз құжаттар бар. Мысалы, патшалық Ресей тұсында ондаған ұлт-азаттық көтеріліс орын алды десек, бүгінде шет елдердің архив қорларында ұлт тағдырына қатысты тың мәліметтердің жатқаны еш күмән туғызбайды. Осы орайда жаңа заман дәуіріндегі, XVIII-XX ғасыр басындағы казак-орыс әскерлерінің жерімізді отарлауы, патшалы Ресейдің Қазақстан мен Орталық Азияны жаулап алу тақырыбын терең зерттеген тарихшы Мұрат Жеткергенұлы Орал, Орынбор, Сібір және Жетісудағы казак әскерлеріне қатысты мәліметтердің өзі жазған монографияларында дәйекті келтірілгенін атап өтті. Сонымен қатар архив құжаттарын іздестіруде Балтық жағалауы елдері архивтері де қазақ тарихшылары үшін тың тақырыптарға өзек болары анық. Әзірге ғалым атап өткендей, ел тарихы үшін маңызды бірқатар тақырып гранттық бағдарламалар аясында ғана зерттеліп келеді.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімінің аға ғылыми қызметкері Нұржан Жетпісбайдың айтуынша, жаңа заман тарихы екі ғасырдан астам ғана уақытты алып жатқанымен, қазақ тарихында да, жалпы әлемдік тарихта да аса маңызды кезеңді құрайды.
– Қазақ тарихында бұл кезеңнің алғашқы ғасыры (XVIII ғасыр) қалмақ пен жоңғарларға қарсы азаттық үшін күрестерден, үздіксіз соғыстар мен жорықтардан, Ресей патшасына адалдыққа ант беру, олардың ықпалына қарсылықтар мен көтерілістер сияқты аса маңызды оқиғалар тізбегінен тұрды. Бұл кезеңде халық ұлы қасіреттерді бастан кешті, елдің болашағы, бірлігі жолында жүргізілген ұлы тартысқа толы болды. Осы күрестердің, алашапқын соғыстардың салдарынан қазақ жерінің негізгі шекаралары түпкілікті қалыптасты. Келесі ХІХ ғасыр қазақ қауымдарының әлеуметтік-саяси өмірінде біршама үлкен өзгеріс әкелді. Бұл кезеңде олар Ресей саясатының ықпалына тікелей тартылды. Әртүрлі деңгейдегі қарсылыққа қарамастан олар біртіндеп осы саясатқа бейімделуге мәжбүр болды. Ресейлік ықпал қазақ қоғамының барлық жағынан да көрініс берді. Басқаша айтқанда, толық отар елге айналды. Капитализмнің алғашқы нышандары да осы жаңа заманда пайда болды, кейіннен Алаш қозғалысына біріккен алдыңғы қатарлы қазақ зиялы қауымының пайда болғаны да осы кезең. Қорыта айтқанда, жаңа дәуір тарихи оқиғалары, тіпті үдерістері де бір-біріне ұқсай бермейтін әралуан оқиғалардан тұратын, терең қарастыруды қажет ететін өте өзекті уақыт тізбегін құрайды, – дейді тарихшы ғалым.
Қазақ халқының ғасырларға созылған ұлт-азаттық күресі әлі де толыққанды зерттеле қоймау себебіне тоқталған Нұржан Ықсанұлы оның бір себебін кеңестік дәуірде бұл тақырыптың жартылай жабық болғандығымен байланыстырады. «Бұл тақырыптың жабық болуына сол кездегі өзімізден шыққан ғалымдардың да «үлесі» зор болды. Тәуелсіздік кезінде ұлт-азаттық күрестер тақырыбы ең бір танымал тақырыптардың біріне айналғанымен, бұл кезде де түгелімен толыққанды зерттелді дей алмаймыз. Бұл кезеңде, әсіресе оның алғашқы жылдарында бұрын ашылмаған ақтаңдақтарды зерттеулерге мән берілгенімен, оған белгілі бір науқаншылдық пен ұраншылдықтың да араласып кеткені белгілі. Ұраншылдық тарихты аңыздарға айналдыруы, мифтендіріп жіберуі әбден мүмкін. Қазақ тарихындағы 300-ден астам көтеріліс деген түсінік те осындайдан пайда болған. Бұл сөз тіркесі алғаш рет осыдан 30 жыл бұрын белгілі тарихшы академиктің бір еңбегінде айтылды. Сол кезден бастап бүкіл қоғам осы сөз тіркесін жұлып алып, үнемі қолданумен келеді. Әрине, аса мақтанышпен айтуға таптырмайтын нәрсе. Бірақ тарих дәлдікті сүйеді. Іс жүзінде патшалық Ресей кезеңіндегі қазақ ұлт-азаттық күрестерінің саны 300-ге жетпейді. Дегенмен осы жерде кеңестік кезеңді, соның ішінде 1925-1931 жылдар аралығындағы оқиғаларды мұқият қарастыру қажет. Себебі тура осы кезеңде қазақтың әрбір өлкесінде, тіпті әрбір ауыл-аймағында дерлік озбыр кеңестік жүйеге қарсы іс-әрекеттер өте көп болды. Тек қазақтар ғана емес, басқа ұлттар да көтерілді. Біз бұл кездегі тек ірі көтерілістерді ғана білеміз. Негізі іс жүзінде қарсылықтар саны өте көп болған және ең маңыздысы бұл оқиғалар қатталған құжаттар әлі де толық құпиясыздандырылмаған, яғни жабық. Қайталап айтсақ, осы кездегі ірі күрестер ғана тарихқа енгізілгендей болып, сандаған қарсылық әлі де құпия күйінде қалып отыр. Міне, осы құжаттар «сөйлеген» кезде ғана жалпы қарсылықтар саны 300-ге жетуі мүмкін деген ойдамыз», деген пікірін ортаға салды тарихшы.
Ғалым Нұржан Жетпісбай келтірген мәліметтерге сүйенсек, жалпы қазақтың батыс өңірлері отарлауға қарсы азаттық күрестердің бір эпицентрі есебінде болып, халық толқуларының негізгі орталықтарының біріне айналған. Осы орайда тарихшы келтірген деректерге сүйенсек, ресми көтерілістер қатарында 1773 жылы Пугачев күресі кезеңінен бастап 1869-1870 жылдары жаңа ережеге қарсы қарулы күрестерге дейін, бір ғасыр ішінде әрбір 10-15 жыл сайын бір көтеріліс тұтанып отырған. Олар – Сапар Мәтенқызы (1775-1776), Сырым (1783-1797), Жоламан (үзілістерімен 1822-1840), Исатай (1836-1838), Есет (үзілістерімен 1847-1858), Орал-Торғай облыстарындағы (1869) және Маңғыстаудағы (1870) көтерілістер. Бұлардың арасында Қаратай (үзілістерімен 1805-1816) мен Қайыпқали сұлтандардың (1827-1835) қарсылықтары да бар. 1838-1841 жылдары Кенесары көтерілісі де аумақты қамтыды. Алайда наразылықтар мен қарсылықтар саны бұдан әлдеқайда көп болған. Алғашқы қарсылықтар 1731 жылдың өзінде-ақ басталған.
Тарихшының айтуынша, кейін орыс патшалығына адалдыққа ант берген Әбілқайырдың өзі де өмірінің соңғы он шақты жылын патша өкіметімен текетіресте өткізген. Жалпы, 1740 жылдар шамасынан бастап 1840 жылдарға дейін орыс ықпалына қарсылықтар мен шептерге шапқындар толастамаған. Толассыз қарсылықтар кезеңі деуге де болады. Ғалымның айтуынша, көтеріліс кездері олар бір күшке біріксе, одан тыс жылдары жеке-жеке жортуылдар түрінде жалғаса берген. Яғни отарлауға қарсы ірі күрестен қайтадан қатардағы қарсылықтар формасына өтіп отырған. Мысалы, 1740-1760 жылдарда Кіші жүз қазақтары орыс патшалығымен қарым-қатынасты біржолата үзу үшін шептен алыс Сыр бойына, Жоңғария жеріне кетіп қалуды бірнеше рет ойластырған. Ешқандай көтерілістен тыс 1760-1765 жылдары Еділден өтіп, Ресей аумағына кіріп үлкен жорықтар жасаған, қазіргі Волгоград қаласына қауіп төндірген. Одан кейінгі Пугачев науқаны кезінде шекарадан жаппай өтіп, көптеген елді мекенді қиратып, мыңдаған ресейлік адамды тұтқынға әкеткен. 1837-1838 жылдары батыс өңірде Ресейге қарсы наразылық науқаны шарықтау шегіне жетіп, көптеген халық Сыр мен Торғай өңірлеріне көшіп, Жоламан батырмен бірге Кенесары ордасына қосылған. 1869 жылы жаңа реформаларға қарсы тағы да кемінде 20 мың түтін Хиуа жеріне қоныс аударған. Дегенмен сол ХІХ ғасырдың 40-жылдарында орыс патшалығы қазақ даласының түкпірінен бірнеше бекініс салған соң ғана қазақтардың өлермендікпен қарсыласуы біртіндеп тоқтай бастады. Бұған тек сол бекіністер ғана емес, басқа да көптеген фактор әсер етті. Халық бірте-бірте орыс билігіне бой үйретті. Орыс мемлекетінің әскери күш-қуатын түйсіну, оның үстемдігін мойындау сезімдері де күшейе түсті. ХІХ ғасырдың өзінде көптеген қазақ делегациясы Ресейге жіберіліп тұрды. Оларға Мәскеу мен Петербургтің сән-салтанаты, ғимараттары, музейлері, академиялары, әскери шерулері, қарулары арнайы көрсетілді. Орыс мемлекетінің кең-байтақтығы мен орыс қаруының күштілігі, онымен күресудің еш қисынсыздығы олардың саналарына психологиялық тұрғыда сіңірілді. Сый-сияпаттар, марапаттар берілді. Жоғарыда аталған көтерілістердің бірнешеуі тікелей қарастырылды. Олардың құжаттары көбіне шашыраңқы, ресейлік архивтерде және еліміздің орталық архивінде де сақталған. Әрине, әрбір көтерілістің өздеріне тән ерекшеліктері бар, маңызды деген тұстары да жетерлік.
Егер де зерттеушілерге түпнұсқа негізді материалдар қолжетімді болса, онда тарихымыздың да толықтырылып жазылатындығы сөзсіз. Ал деректердің баяу жетуі, мұрағаттық деректердің тапшылығы орын алатын болса, онда кеңес одағы әдіснамасының негізінде әлі де монографиялар да, оқулықтар да жазыла бермек. Сол себепті отандық тарихты жаңаша көзқараспен сараптайтын уақыт әлдеқашан келді.
АЛМАТЫ