Ынтымағы жарасқан азат Қазақстан әлемде барлық мемлекетті, соның ішінде көршілерін сыйластыққа шақырып, маңызды форумдар өткізіп келеді. Дүние саясатшылары біздің елді «Еуропа мен Азия елдерінің достық көпірі» деп әділетті бағалайды.
Қазақ елінде өмір сүретін әрбір этнос өкілі бақытты, солардың бірі – менмін. Өзім осы елде туып-өсіп, өмір сүріп жатқаныма ризамын. Менің достарымның көпшілігі – қазақ қыздары мен ұлдары. Қазақ халқы – данышпан, мейірімді, мәдениетті, білімді, еңбексүйгіш, достықтың қадірін білетін, қолындағы барын тең бөлісетін жомарт ел. Сол себепті Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әніндегі:
«Маңдайымнан сипап өткен самалды,
Қазағымның алақаны деп білем...
Күннің нұрын, айдың аппақ сәулесін,
Қазағымның махаббаты деп білем!» ,
деген сөздерді қазақ елінде өмір сүріп жатқан басқа этнос өкілдерінің сезіміндей көремін. Бұл әнді жақсы көріп айтып жүремін.
Мен Панфилов ауданы Жаркент қаласында тұрамын. Мамандығым – мұғалім. Жеті қызы бар отбасының кенжесімін. Әкем Қазан төңкерісінен кейін кеңес өкіметіне жан-тәнімен қызмет еткен кедей шаруа баласы еді. 1938 жылы 2 жас кезімде «халық жауы» деп қамалған. Әкем ұсталғаннан кейін «халық жауының» әйелі мен бала-шағасы деген зорлық-зомбылыққа шыдаған анам марқұм бізді өсіріп, тәрбие берген. Әкем түрмеде болған кезінде Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, ол майданға алынады. Соғыста қаза тапқаннан кейін ғана Қызыл Армия сарбазының бала-шағасы ретінде бағаландық.
Соғыс зардабынан ауылдағы бастауыш сыныптар жабылып, мектепке 9 жастан асқанда бардым. Оған дейін анаммен бірге еңбек еттім. Әпкелерім қиыншылық жағдайда 7 жылдық мектептен соң оқуын әрі қарай жалғастыра алмады. Отбасымда жалғыз мен ғана жоғары білім алдым. 7 жылдық мектепті Пенжім аулында бітіріп, 1953 жылы Панфилов педагогикалық училищесіне оқуға түстім. 1957 жылы оны аяқтап, Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың тіл әдебиет, тарих факультетінде оқып, 1962 жылы диплом алып шықтым.
Еңбек жолымды өз ауылымда 8 жылдық мектептен бастадым. Аталарымыз «Қиыншылық көрмеген адам өмірдің қадірін білмейді» деп айтқандай, аш-жалаңаш жүріп, қыста тоңып, каладан ауылға жаяу барып келіп, қиыншылықта білім алғандықтан, оқыған-тоқығанымды жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге жұмсадым. Сондықтан еңбек жолымда 5 жыл қарапайым мұғалім, 7 жыл мектеп директорының орынбасары, 20 жыл аудандық білім бөлімінде әдіскер болып, бірнеше жыл әдіскер бөлімін басқардым. Еңбегім лайықты бағаланып, көптеген марапатқа ие болдым.
Бірнеше рет ауылдық кеңеске депутат болып сайландым. Мұғалімдер съезіне, республикалық конференцияларға делегат болдым. Қазақстан халық ағарту ісінің озат қызметкері атандым. Бүгінде де қоғамдық жұмыстарға араласып тұрамын. Көпжылдық еңбегімді бағалап, «Панфилов ауданының құрметті азаматы» атағын бергені үшін аудан әкімі Марат Сағымбекұлына, Жетісу ұйғыр этно-мәдениет орталығының басшысы Тұрғанжан Зордынұлына, тағы басқаларға ризалығымды білдіремін.
Біздің аудан – ең бай аудан. Себебі халқымыз мәдениетті, білімді, еңбекқор, достығы мен бірлігі жарасқан. Достық пен бірлік бар жерде тіршілік бар, тіршілік бар жерде береке бар, береке бар жерде байлық бар деген сөздің шынайылығын дәлелдеген ауданбыз. Халықтың барлығы еңбекпен қамтылған. Бұның бәрі аудан халқы мен басшыларының іс-әрекеті бір мақсатта дұрыс бағытта екенін көрсетеді.
Әрбір ауыл мен қалада көкірегіне түйген жақсылықтарын насихаттайтын ардагерлер бар. Мен де солардың бірімін. Ел халқына, әсіресе жастарға тілейтінім: азат Отанымыздың қадірін білейік. Бірлігімізді сақтайық. Ынтымақты, өзара сенімді бұзатын арандатушылыққа тосқауыл қояйық. Ұрпақ тәрбиесінде ата-ана, мұғалім және қоғамның тілегі бірдей болсын.
Майминям ИМЯРОВА,
еңбек ардагері
Жетісу облысы,
Панфилов ауданы