• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 16 Желтоқсан, 2023

Қазынаның көзі – «қара алтын»

208 рет
көрсетілді

Мұнай саласы Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде еркін өмір сүріп, әлемдік кеңістіктегі орнын айқындауына үлес қосты. Қара алтын өндірісінің арқасында қазынаға мол қаржы түсті, соның нәтижесінде Ұлттық қор құрып, келер ұрпақтың меншігіне арнап актив жия бастадық. Жеріміздің астына жасырынған қазба байлық халықтың әл-ауқаты мен бақуатты тұрмысына тікелей себепші. Егемендікті жариялаған әдепкі жылдарда шамамен 26 млн тонна мұнай қазып алсақ, бұл көрсеткіш жаңа ғасырдың басында 30 млн-ға жетіп, арада он жыл өтер-өтпесте екі есе өсіп шыға келді. Қазір Қазақстан жылына 80-90 млн мұнай өндіруге қабілетті. Оның 80 пайызы экспортталады.

80 млн тонна межесіне алғаш рет 2011 жылы жетсек, аса берекелі өндіріс 2018 жылы тіркелді – 90,3 млн тонна. 2024 жылдан әрі қарай жылына 100 млн тонна өндіреміз деген жоспар да бар. Жалпы, 30 жыл бедерінде мұнай өндірісі 3,5 есе артты. 2021 жылғы дерек бойынша, әлемде мұнай өндіру бойынша 13-орында, дәлелденген мұнай қоры бо­йынша 12-орындамыз. Барланып, дәлелденген мұнай қоры 3,9 млрд тоннаға тең екен. Жалпы, экспорт құрылымындағы мұнай үлесі 50 пайыздан асады. Тиісінше, республикалық бюд­жеттің тең жартысына жуығы мұнай-газ саласынан түскен табыс есебінен қалыптасып отыр. Мұ­найдың 96 пайыздан астамы мұнай құ­быр­лары арқылы және жалпы көлемнің 70 пайызы Еуропа ел­деріне бағытталатынын да айта ке­телік. Италия, Нидер­лан­д сияқ­ты елдер – басты тұтыну­шы­ла­ры­мыз. Соңғы жылдары Қазақ­стан мұнайын сатып алуда Қытай үлесі артып келе жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында CNPC дирек­тор­лар кеңесінің төра­ғасы Дай Хоулянмен кезде­сіп, ынты­мақ­тас­тық мәсе­ле­сін талқылауы да бекер емес. Мемлекет басшысы барлау және өндіру ісін жалғас­ты­ру­­дың маңыздылығына және Шым­кенттегі мұнай өңдеу зауы­тының қуатын арттыру жайына тоқталған. Сонымен қатар қазақ мұнайының ҚХР-ға экспортталуы да кеңінен қозғалыпты.

Қазір ел аумағында жұмыс істеп тұрған мұнай кен орын­да­рының саны 200-ден асады. Олардың көбі Атырау, Маңғыстау, Батыс Қа­зақстан, Ақтөбе және Қы­зыл­орда облыстарының аума­­ғын­да орналасқан. Алынатын қор­­лары бо­йынша ең ірі кен орын­дары санатына Теңіз (0,75-1,125 млрд тонна), Қарашығанақ (1,2 млрд тонна), Өзен (1,1 млрд тон­на), Қаламқас (67,6 млн тонна) және Жетібай (68 млн тонна) кеніштері жатады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 7,3 млн тонна мұнай сатсақ, қазіргі экспорттық әлеует 64,3 млн тоннаны маңайлайды. 2022 жылы мұнай-газ секторы Ұлт­тық қор, республикалық және жер­гілікті бюджеттерге жиын­тық 9 трлн теңге табыс түсірді. Соның арқасында білім, ден­сау­лық сақтау, әлеуметтік қам­сыздандыру салаларын жеткі­лік­ті қаржыландыру жүзеге асты. Жалпы, құрылғалы бері Ұлттық қорға 200 млрд доллар түскен. Бұл – мұнай салығынан түскен сома.

«S&P Global пікірінше, Қа­зақ­­станға болашақта жаһан­дық ка­питалдың шектелуі жағ­дайын­да барлау мен өндіруді қар­жылан­­ды­руға қаражат тартуда табыс­ты бәсекелесу үшін не­ғұрлым те­рең саяси реформа­лар қажет. Ке­­лесі бағыт – мұнай сервис саласы мен машина құрас­ты­руды дамыту. Ірі мұнай-газ жобаларын кеңейту, сондай-ақ жаңа кен орындарын барлау және игеру Қазақстан азаматтарын жұмыспен қамтамасыз ету­ге және мұнай-газ саласы үшін жабдықтардың өз өндірісін жолға қою есебінен им­­порт­қа тәуел­ділікті төмендетуге мүм­­кін­дік береді. Тақтатас мұ­на­йы, көмір қабат­тарының метаны, та­би­ғи битум сияқты дәстүрлі емес көмірсутектерді игеру де перспективалы бағыт саналады. Бұрын іске қосылмаған ресурс­тар­ды экономикалық айна­лым­ға тиімді тарту қолда бар инфра­құ­рылымды пайдалану есе­бінен қосымша пайда алуға жол ашады. Қазірдің өзінде еліміздегі тақ­татас мұнайының қоры 200 млн тонна деп бағаланады. Эконо­ми­­калық қауіпсіздікке ке­піл­дік бере­тін экспорттық мар­шрут­­тар­­ды әртараптандыру бойын­­ша жұмыстарды белсенді жал­ғас­тыру қажет. Мұнай-газ саласы­ның әлеуеті өте жоғары, ол толық көлемде жүзеге асырылмай отыр. Саланы дамыту жаңа технология мен кіріс алып келеді, жаңа жұмыс орындарын құрады. Бұл өз кезегінде еліміздің саяси салма­ғын арттырып, келіссөздегі по­зи­циясын күшейтеді», дейді KAZENERGY қауымдастығының атқа­ру­шы директоры Фархат Әбітов.

Елімізде бірнеше шетелдік мұ­най компаниясы жұмыс істейді. Олардың негізгілері – Chevron (АҚШ), ExxonMobil (АҚШ), CNPC (Қытай), ENI (Италия), Shell (Ұлыбритания), Лукойл (Ресей), Total (Франция). Бұл ретте өзіміздің «ҚазМұнайГаз» компаниясын да айрықша атап өте аламыз. Дегенмен мұнай-газ саласында шетелдік серіктестердің үлесі бәрібір басым. Жыл сайын экспорттық табыстың 35 пайызға жуығы шетелдік инвесторларға тиесілі болады.

Кеніштерді игергелі бері Теңіз бен Қашаған 647 млн тонна мұнай шығарыпты (Қашаған – 97,8 млн тонна, Теңіз – 549,8 млн тонна). 2000 жылы ашылған Қашағандағы барланған мұнай қоры – 9-13 млрд баррель төңірегінде. Кен орны 2016 жылдан бастап ком­мер­ция­лық өндіріс деңгейіне көте­рілді. Жалпы, ең ірі үш кен орны – Теңіз, Қашаған және Қара­шы­ға­­нақ қосылып соңғы 10 жылда ел қа­зы­на­сына 30 трлн теңге кө­ле­мінде салық төлемін түсірген және оның ең көп үлесі 2022 жылға тиесілі. Үш кеніштен бюджетке 6 трлн 720 млрд 285 млн теңге төленіпті. Соның ішінде, Теңіз – 2 трлн 841 млрд 762 млн теңге, Қашаған – 196 млрд 056 млн теңге, Қарашығанақ 923 580 млн теңге берген. Осы жыл­дың 9 айының көрсеткіші де жаман емес, жиынтық салық 3 трлн 961 млрд 398 млн теңге болды.

Қазір «Теңіз» кен орнын ке­­­ңей­ту үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Қазан айында Энер­ге­тика министрі Алмасадам Сәт­қалиев болашақ кеңею жоба­сын іске қосу жарты жылға шеге­рі­леді деп мәлімдеген еді. Ке­ңей­­­­­ту жобасының құны 46,7 млрд долларға бағаланады. 2022 жыл­дың соңында тәмамдалуы тиіс жоба кестеден кешігіп кейінге қалды және 2024 жылы бітеді деп жос­парланып отыр. Кеңею жобасы Теңіздің жыл сайын 12 млн тонна мұнай өндіруіне мүмкіндік береді. Айта кетейік, Теңіздегі Chevron ком­паниясының үлесі – 50 пайыз. Сонымен бірге жобаға ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc (25 пайыз), «ҚазМұнайГаз» (20 пайыз) және «Лукойл» (5 пайыз) компаниялары да қатысады.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 89 млн тонна мұнай өндірмек. Бастапқы жос­пар 90,5 млн тонна болған. Энер­гетика министрлігінің хабарлауынша, қазір бірнеше ірі мұнай-газ жобалары бойынша техникалық жұмыс жүріп жатыр және жыл қорытындысында мұнайдың ақырғы көлеміне әсер етеді. Ал былтыр біз 84,2 млн тонна мұнай өндірдік. Дегенмен ал­дағы жылдарда ақырындап өн­діріс көлемін арттыру ойда бар секілді. 2027 жылы еліміз 105,5 млн тонна мұнайды жер бетіне алып шығуды жоспарлайды. Бұл Үкіметтің 2023-2027 жыл­­дарға арналған мұнай-газ және мұнай-газ химия жобалары бо­­йынша кешенді жоспарында бекітілген. Кешенді жоспар аясында мұнай-газ, мұнай-газ өңдеу және мұнай-газ химия салаларына 37,3 млрд доллар инвестиция тарта отырып 20 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жоба шең­бе­рінде 2029 жылы Шымкент мұ­най өңдеу зауытының модернизациясы да бар. Қайта жаң­ғыр­тудан кейін зауыттың қуат­тылығы қазіргі 6 млн тоннадан (жылына) 12 млн тоннаға дейін артпақ. Зауытқа шикі мұнайды жеткізу мақсатында Кеңқияқ – Атырау (жылына 6-дан 15 млн тоннаға дейін) және Кеңқияқ – Құмкөл (жылына 10-нан 20 млн тоннаға дейін) мұнай құбырлары кеңейтілмек. 

Кім қалай десе де, жақын жыл­­дарда мұнай дәуірі аяқтал­май­ды. Иә, түбі бір таусыларын кім-кімде ақиқат деп таниды, бірақ жер астында барланған және дәлел­ден­ген миллиардтаған текше метр мұнай жатқаны да жалған емес. Қазақ­стандағы мұнай мен газ қоры кемі 60-100 жылсыз түгесіл­мейді.

Тапқан мұнайды тиімді тасы­мал­­дауда – үлкен міндет. Бұл орайда Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің маңызы үлкен. Осы мақсатта Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия аталған дә­ліз­ді дамыту бойынша жол картасына қол қойды. Бұл елдерден бөлек дәлізді дамытуға Қытай, Сингапур сияқты елдер де ерекше қызығушылық білдіріп отыр. Тіпті Еуропалық одақтың өзі осы орайда Қазақстанмен айрықша ынтымақтастық орнатуға ниетті. Қазір орта дәліздің рөлі күн санап күшейіп келеді, бұған ЕО, Ор­та­лық Азия және Қытай ара­сын­дағы жүк тасымалының екі есе өсім көрсеткені дәлел.

Президент «ҚазМұнайГаз» ком­паниясына батыстық компаниялармен бірлесе отырып Кас­пий теңізі арқылы экспорттық мар­шрутты әртараптандыруды жү­зеге асыру тапсырмасын берген еді. Әрине, бұған біраз жыл жұм­сал­уы мүмкін, дегенмен біз үшін түп­кілікті нәтиже қымбат. Жоспар толық жүзеге асқан жағдайда Қа­зақ­стан өз мұнайын Каспий ар­қылы Әзербайжанға апарып, сол жерден Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы Түркияға немесе теміржолмен Грузия порттарына жеткізеді. Бұл орайда Қазақ­стан Каспий теңізіндегі инфра­­құрылымды жетілдіру мәсе­лесін алға шығарып отыр.