• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Таным 16 Желтоқсан, 2023

Халық университеті

201 рет
көрсетілді

Үлкен мұхиттар тереңінде түрлі құбылыс жүріп жататын көрінеді. Соның бірі – мұхит үстіндегі сыртқы күштердің әсерінен болатын қатты ағынға бағынбай, өз мақсатына жету үшін су асты тіршілік иелерінің ағынға қарсы жүзетін жанкешті әрекеті. Дәл осындай жанкешті қарсылық бодандыққа түскен елдер тарихында кездеседі. Тумысынан еркін өскен кең даланың арда азаматтары бодандық бұғауына көнбеген. Оған қазақ тарихындағы түрлі азаттық күрес куә. Біз ол соғыстарды әлі түгендеп болған жоқпыз.

Қағаз жүзінде «еркін ел­дер­дің тең праволы одақ­тастары» болып жазылып келген кеңес одағы іс жүзінде бодандық бұғауындағы елдердің бір орта­лыққа бағындырылған моделі еді. Ноқтаға басы сыймайтын ежелден еркін елді жуасыту үшін кәмпеске, ұжым­дастыру, репрессия, соғыс, тың игеру сияқты зобалаңды басынан өткеріп, коммунистер бастаған үкімет иелері «кемелденген социализмнен өтіп, коммунизмге аяқ басуын» тойлап жатқан дәуірдің барлық кезеңінде де ұлттың өз ішінде ағынға қарсы ағыс тоқтамаған екен. Ұлтының болашағын ойлайтын әрбір көзі ашық азамат осы ағынға қарсы ағыстың бір толқыны болып, үлкен ағысқа күш беріп отырыпты. Үкіметтің өз идеологиясы үшін, өз пайдасы үшін шығарған әрбір қаулысын ұлтының игілігіне пайдалануға тырысыпты. Ұлт тәуелсіздігі үшін күрестің жаңа форматын тапқан екен. Қаныш Сәтбаев мүмкіндікті пайдаланып Ұлттық ғылым академиясын құрып, ғалымдар шоғырын ұлттың игілігіне жұмыс істеуге үйретіпті. Сол академияның бір ғана академигі Әлкей Марғұлан атқарған жұмыстың өлшеусіз бағасын кім шығара алады? Қазақ ұлтының бүкіл салтанатты өмірін түгел көрсете алған жазушылардың еңбегін немен бағалауға болады? М.Әуезовтің 1916 жылғы ұлт- азаттық күресті, отаршылдардың жауыздығы мен опасыздығын қанын сорғалата суреттеген «Қилы заманына» тең келер көркем дүние бар ма? Қазақ тарихын санаға құйған І.Есенберлиннің «Көшпенділерін» оқымаған сол уақытта қазақ болды ма? Өткен өмірлеріне сағынышын басқан әкелеріміздің қуанышты көз жасын көргенбіз. Бұлардың барлығы тәуелсіздік үшін күрес­тің ішкі, терең ағысы болатын. Қазақ қоғамында осындай үлкен рухани қазына бесігі болған, тәуелсіздік шамын әр жүрекке жаққан бір тарихи мекеме болған. Ол – М.Әуезовтің музей-үйінде орналасқан Алматы қалалық қазақ әде­биеті мен өнерінің халық уни­вер­­ситеті. Мұның ашық жұмыс істеуіне сол уақытта Мәскеудегі «Білім» қоғамы ұсынған жоба мүм­кіндік берген. Ол жобада қоғамдық негізде барлық жерде Халық университеттерін ашу, сол университеттерге білімді лекторлар тарту, сол арқылы көпшілікке партия саясатын, социализмнің жетістіктерін насихаттау міндет­тел­ген. Елде төрт мыңнан астам Халық университеті жұмыс істеген екен. Ал Алматыдағы Халық университетін ағынға қарсы жүзген алып кемеге ұқсатуға болады. Өйткені бұл университет «Білім» қоғамы ұсынған жолмен емес, қазақ ұлтына керекті жолмен жүрген. Жоғарыдан берілген нұсқауды өз мақсаттарына әдемі үйлестірген. Құны кетіп, жоғалып бара жатқан қазақ рухани мұрасын тірілтуге, қалғып кеткен ұлттық сананы оятуға, ұлтымыздың шынайы табиғатын, өткен шын тарихын танытуға бағытталған. Бұл университетке 35 жылдай академик Рахманқұл Бердібай ректор болған. 500-ден астам дәріс өткізген. «Осы үшін алған орденіңіз бар ма?» деген тілші сұрағына: «Бес жүз сабағым – бес жүз орден», деп жауап беріпті ғалым. Бұл университет жұмысы туралы өткен ғасырдың 60-70-жылдары Алматыда тұрған зиялы қауым өкілдері, сол кездегі студент жастар аңыз етіп айтады. Біз ол туралы сөз еткелі отырғанымыз жоқ.

Тағдыр бұйырып, «Ака­де­мик­ Р.Бердібай зерттеу­ле­ріндегі түркі­лік және этнопедагогикалық тәрбие әлеуеті» атты ғылыми жобам сол кездегі Ғылым және білім министрлігі жариялаған конкурста жеңіске жетті. Сол жоба жоспарына сәйкес осы Халық университетінің дәрістерін іздестірдім. Оп-оңай тауып алып, оқып шығармын деген ойым болған. Бірақ оған қол жеткізе алмадым. Тек мұрагерлерінің рұқ­са­тымен академиктің өзінің жеке мұрағатынан осы дәрістерге байланысты жазбаларды алып оқуыма мүмкіндік болды. Акаде­мик әр күнгі жұмысы, көңіл күйі туралы күнделік жүргізіп отырған екен. Әр жылдардағы қойын дәп­тер­лері рет-ретімен қатталып, үлкен қораптарға салыныпты. Түр­лі қойын дәптерлер бірі-біріне жал­ғасып, академиктің күреске толы өмір жолдарынан сараң, бірақ толым­ды сыр шертеді. Бұл – жеке адамның өмір жолы емес, бүкіл қазақ зиялыларының ел азаттығы жолын­­дағы күрес жолы. Тек Халық уни­­вер­­ситетіндегі дәріс­тер туралы жазба­лар, ондағы жұмыс бары­сын­дағы түрлі құжат­тар, Халық уни­­верситеті туралы жасал­ған баян­дамалар, есептер, баспа­сөз­де жария­ланған мақа­лаларды жинақ­тап, «Аманат­тай сақ­талған асыл мұра» деген атпен кітап құрас­тыр­дық.

Академик дәріс үстінде сабақ тақырыбын, уақытын, лектордың аты-жөнін, олардың айтқан түйінді ойларын, қойылған сұрақтар мен берілген жауаптарды жазып отырыпты. Не деген ұқыптылық, жауаптылық десеңізші. Бұл істеген ісінің жай іс емес, ұлы іс екенін білгенге ұқсайды. Ал егер сол 500 сабақтың бәрінің түгел жазбасы табылар болса, үлкен олжа болар еді. Біз осыған да қанағат еттік. Бізден кейін де іздеушілер табылып қалар.

Енді Халық университетінде өткен сабақтар туралы сараң жазбаларға кезек берейін. Халық санасында тәуелсіздіктің асыл мұратын таныта білген әрбір сабақтың көтерген жүгі үшін сол азаматтарға шексіз риза боласың. Осындай қазақ азаматтары болға­нын мақтаныш етесің.

1972 жыл, 8 желтоқсан. Ілияс Есенберлинмен кездесу. «Кіш­кен­тайдан құлаққа сіңген әңгімені Кенесары ту тіккен жерден жас­тай естіп, бойға сіңіргендіктен, жазбасқа болмады. Трилогияның атын ойша «Ақ Орда» деп қой­ған едім. Қобыланды тарих­та­ бірнешеу. Біздің алып отыр­ға­нымыз – дерекке негізделген бері­дегі Қобыланды. ...Жүз шақты ханнан он шақты хан алынды», деген жазушы сөздерін түсіріпті қойын дәптеріне. Осы­ның өзінде қаншама мәлімет бар. Сұрақ­­тарға берілген жауаптардан түйгеніміз: «Қаһар» үш жарым айда, «Алмас қылыш» бас-аяғы бір жылдай уақытта біткен. Ұзақ ізденіс, ертеден ойға алған істің тек жазылу уақытын көрсеткен ғой.

Энциклопедист ғалым Әлкей Марғұланның дәрістері терең тарихты жүйелейді. Әлі күнге оқулықтарға енгізуге қорқақтап жүр­генімізге таңғаламын. Қылы­шы­нан қаны тамған коммунис­тік жүйе­ден ықпай сөйлеген, сөй­леткен, тыңдаған азаматтар тәуел­сіз күнге жетуге үн қосқанын мақ­та­ныш етуіне болады-ау.

1972 жыл, 24 қараша. Қазақ халқының этногенезі. Баяндамашы – Ә.Марғұлан.

1979 жыл, 11 қаңтар. Ауыз әде­бие­тінің тарихи негіздері. Баян­да­машы – Ә.Марғұлан. Мұнда да ғалым ауыз әдебиетін дәуір­лері­мен түсіндіре отырып, қазақ деген ұлттың түп-тамырына шолу жасайды. Тарихын түсіндіріп өтеді. Біздің тарихымызды қайдан іздеу керектігіне, ұлы тарих жолын көрсетеді. Сол дәуірлерде туған жыр-эпостардың деректік нұсқаларын нұсқайды. Мысалы, Қозы Көрпештің Шоқтерек түбіндегі бейнесі алтын әшекейде сурет болып сақталыпты. 1824 жылы көкшетаулық жыршы Болат «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын Петерборда сенат алдында бірнеше сағат бойы айтыпты. Қызық мәлімет. Әлкей Марғұланның әрбір дәрісі жаңа әлем ашқандай әсер етеді. Р.Бердібайдың қысқа-қысқа жазбаларының өзінің әсері керемет. Р.Бердібайдың өзі де: «Ә.Марғұланның тоғыз дәрісі бар, дәрістерін түгендеп, жинақ етіп шығаруым керек еді, мүмкіндігім болмай қалды, соны орындайтын адам табылса», дейтін. Тағы да Әлкей ғұламаның бір дәрісіне тақырып қоймай: «Әлкей Марғұлан дәрісі» депті. Бұл 1980 жылдың 12 желтоқсанындағы дәріс. Мұнда жыраулар туралы мәлімет бар. Жыраулар тарихы қазақ тарихы екені белгілі. Тағы бір қызықты мәлімет Тәуекел ханның інісі Оразмұхаммед туралы. 1600 жылы Ресейде Қасым қаласының патшасы болған, өте білімді сұлтан. Кітаптары сақталған күміс сан­ды­­ғының тарихы ойландырады. Білімін, күшін пайдаланған орыс патшасы Борис Годуновты жақтағаны үшін өлтіртеді. Мұрасы талан-тараж болады. «Ата жұрты бұқара өз қолында болмаса, қай­ратты туған ер ғаріп» деген, міне, ға­ріп­тік. Осы күміс сандықта сақ­тал­ған баға жетпес құнды мұралар туралы қолға түс­пейтін деректер кел­тірілген. Ізде­ну­ші табылар болса, жол сілтеген. Үлкен жазба мұраларды сөз еткен ғалым: «Қазақты жаңа, жас жазбалы ел деу қате», деп түйіндеген.

Ә.Марғұланның Шоқан Уәли­ха­нов туралы дәрісі (297-дәріс) теледидарға түсірілген. Сондықтан күнделігінде бұл дәріс туралы жазылмаған. Телевизияға түсірсе де, оны көрсетуге «батылдары бармай» жүргенін жазған екен күнделігінде. Оны жақында көрсетті. Жақсы, мол мәліметтер бар. Тек Шоқан туралы емес, оның айналасы, өскен ортасы, қазақ мәдениеті туралы кең мағлұмат берілген. Қаншама ұсыныс зерделі зерт­теушісін күтіп тұрғандай. Айқай­лап, ұрандатып көшеге шық­пай, ұлтымыздың шашылып жатқан асыл мұрасын зерделеп, оны көкірегі ояу, көзі ашық жан­дар­ға зер төккендей сығымдап жет­кізе білген. Міне, ұлт үшін қызмет, ұлт тәуелсіздігіне апарар таза жол.

1978 жылғы 12 мамырдағы дәріс тақырыбын «Ерлік эпосы» деп атапты. Баяндамашы – Әди Шәріпов. Партизан жазу­шы атақты Қасым Қайсенов қатысып, шығармашылығы туралы айтқан екен. Қаһарлы Қасым атамыз: «Жазушы, ақын боламын деп ойлаған жоқ едім. Оған өмір әкелді. ...Жазғандарымның бәрі – жер, кісі, оқиға түгелдей өмірде болғанның көшірмесі. Бірі жалған емес. Есімде, тек есімде сақталғаны. Қазір соғыстан кейінгі соғысты жазып жүрмін», депті. «Соғыстан кейінгі соғыс!» Бұл соғыс – нағыз қасиетті соғыс. Өз ұлтының болашағы, тәуелсіз ел болып, бабалар ғұрпымен өмір сүруі үшін күрес. Оқып отырып тебіренесің, сол бір асыл тұлғаларға бас иесің, өзіңнің тым қораш нәпсіңді ғана қанағаттандырар болмысыңа тағы бір рет сынай қарайсың, сілкінгендей боласың.

1982 жылдың 24 желтоқсаны. Дәріс тақырыбы: «Күлтегін жазуына – 1250 жыл». Баяндамашы – Құлмат Өмірәлиев. «Үлкен мәдени мұраны нышандап өту дәстүрі бізде әлі де баяу... Дағдыланбаған, тани алмаған өзіміз кінәлі. Тану мен таныту – үлкен уәзипа», деген ғалым­ның сөзі дәл бүгінгі күні айтылып тұр­ғандай, селк еткізеді. Мұндай ірі мұраларды емес, қылжақбастар мен тойшыларды насихаттап жүр­ген бүгінгі күніміз үшін үлкен жү­рек­ті ғалымның алдында тіземіз бүгі­ліп кеткендей. Ұлтымыздың ұлы­лығын танытатын кесек-кесек мұраларымыз бар екен. «Тани алма­ған өзіміз кінәлі. Тану мен таныту – үлкен уәзипа!». Алып-қоса­ры­мыз жоқ.

Ғалымның Күлтегін жазуына берген сипаттамасын айтпай кеткеніміз жөнсіз болар. «Тарихи әдеби шығарма бұл. Білге қаған мен Күлтегін жағдайы көп айтылады. Идеясы – түрік елінің бірлігі, жауларына қарсы күресу мәселесі.

а) ерлік, жеңіс гимні.

ә) елдік сана кодексі.

б) ертедегі түріктің шежіре, санасын қалыптастыру рамызы». Міне, осылай жан жүрегіңді, қолқаңды суырып алардай өткір, дәл ойлары оқыған жанды түпсіз тереңге батырады. Бұл тек қысқа, асығыс жазылып қалған деректер ғана. Ал сабақты түгел тыңдап, ұғынған жанның санасы қалай ашылатынын есептей беріңіз. Әрбір сабақтың осындай ұлағаты мен ғибраты болғанын айту үшін ғана мысалдар келтіріп отырмын.

Біз – соғысқа қатыс­қан жауын­гер­лердің ұрпа­ғы­мыз. Бала кезі­міз­де майданға кетіп қайт­пай қалған жалғызын, күйеуін күтіп, отын түтетіп, шаңырағын жық­пай, үмітін қуат етіп отырған ана­ларды, әжелерді көретінбіз. Олар­ды бүкіл ел сыйлайтын, құр­меттейтін. Біз сөз етіп отыр­ған ака­демик Р.Бердібай бас­қарған Халық университеті осын­дай үмітін тамызық етіп, шаңы­рағын күзе­тіп отырған асыл ана­лардың киелі жолын ұстаған мұрагері сияқты. Ұлтымыздың тәуелсіз ел боларына сенген, сол күнді жа­қындату үшін дабырайтпай, еш­кім­нен ақы дәметпей, үмітпен, арманмен әрекет еткен ғазиз жан­дардың сәу­лелі де шуақты жолдары бұл. Осы­лардай болмасам да, осы бір қол жетпес қазынаны қолыммен ұста­ғаныма, ұлылардың сөз­де­рінен нәр алғаныма, қазақ деген ұлы халықтың өр ұлдары бол­ғанын біл­генім үшін де Алла­ға­ сансыз шү­кір­лік айтамын. Арманды ойлар іске асып, ізбасарлар ұлылардың туын көтеріп, тәуел­сіздігіміздің орнық­ты­ болуы үшін күресу бұдан да күш­тілікті, бұдан да білімділікті талап ететінін жастар білсе екен деймін.

 

Жанымгүл КАМАЛҚЫЗЫ,

филология ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор