Биыл еліміздегі хореография өнерінің аңызға айналған тұлғасы, қазақ биін дәріптеуші, зерттеуші, жоғары оқу орнында хореография кафедрасын ашып, бишілердің елімізде кәсіби жоғары білімін қалыптастырған ғалым, Халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Дәурен Әбіровтің туғанына 100 жыл толып отыр.
Біз 1985 жылдың жазында Алматы хореографиялық училищесін «халық би ансамблінің әртісі» мамандығы бойынша 39 түлек бітірген едік. Курсымызды «Алтынай» фольклорлық би ансамблін құру үшін Алматы облыстық филармонияға жіберді. Ол кезде біз небәрі 4 жігіт едік, кейін бір әріптесіміз үйіне кетіп қалды. Сонымен үш жігіт қалдық. Қатарымызда 8 қыз бар еді. Кейін хореографиялық училищені бұрын бітірген басқа бишілер де біздің ұжымға келді. Жұмыс өте көп болатын. Сол кезде қойылымдық жұмыстардың барлығы бізге қызық көрінетін.
Училищеде ұстазымыз Ғайникамал Нығметжанқызы өз халқына деген зор сүйіспеншілік, табандылық, шыдамдылықпен «қазақ биінен» сабақ беріп, «бұл қимылды немесе этюдті маған Шара апа үйретті» деп әрқашан үлкен мақтанышпен айтып отыратын. Бүгінде ұлт мақтанышы Шара Жиенқұлова апайды кім білмейді? Ғайникамал апайдың сабақтары аса қызық өтетін. Керемет қимылдар мен этюдтер үйрететін, тек мен ғана емес, барлық бишілер, хореографтер ол кісіге өте риза болып жүретін.
Бір күні «Алтынай» фольклорлық би ансамблінің дайындығына қазақ биінің аңызы Шара Жиенқұлованың өзі келді. Ол кісі жеке орындаушыға «Айжан қыз» биін және «Қазақ вальсі» атты көпшілік биін қойды. Өте жемісті жұмыс болды. Тағы бірде дайындығымызға балетмейстер Дәурен Әбіров келетінін хабарлады. Біз ақыры ер балетмейстер келіп, жігіттерге шеберлігін үйретеді деп шын қуандық.
Дәурен Тастанбекұлы дайындықты бастаған кезде біз шабыттанып, бұл би нағыз ер адамдар үшін, біздер үшін екенін түсіндік. Ол кісі осы қойылым арқылы жастарға рух берді, ұлтымызға деген мақтаныш сезіміміз артты. Әсіресе хореографтің ұлы композитор Құрманғазының «Балбырауын» күйіне қойған ер мінезді, жігерлі би қойылымына қатты қуандық.
Уақыт өте келе ұжымымыз барлық мемлекеттік деңгейдегі концертке қатыса бастады. Осылайша, ұлттық бимен саналы түрде айналысып, шыңдала бастадық. Кейінірек біздің «Алтынай» фольклорлық би ансамблі шетелдерге гастрольге шыға бастады.
Бүгінде Құрманғазының «Балбырауын» күйіне қойылған ерлер биі көптеген кәсіби хореографиялық ұжымның репертуарында бар, егер қателеспесем, бұл шығарма Қазақстанның брендіне айналған. Мен бұл биді басқа би топтарының репертуарынан көргенде «Иә, қазақтар да – мәдениетті халық, басқа өркенді ұлттар сияқты, біздің де өз тіліміз, әдебиетіміз, поэзиямыз, музыкамыз және хореографиямыз бар», деп жүрегімді мақтаныш сезімі кернейді. Өйткені «Балбырауын» биі – бүгінде халықтың игілігі. Оны еліміздегі барлық хореографиялық ұжым репертуарына енгізсе, барлық отбасылық мерекеде биленіп, бұқаралық мәдениет қалыптасар еді.
Хореограф маман, «Наз» мемлекеттік би театрын құрушы әрі жетекшісі ретінде айтарым: «Балетмейстер Дәурен Әбіров, біздің Дәурен ағамыз қазақ хореографиясының алып ұстыны, зерттеуші ғалымы». Ол қазақтың би өнері туралы естеліктерін құжаттап, би мәдениетін көкке көтеріп, ұлтымызбен қайта қауыштырды.
Дәурен Әбіров суретші Әубәкір Исмаиловпен бірге үлкен ғылыми жұмыс істеп, бізге және болашақ ұрпаққа «Қазақтың халық билері» атты баға жетпес кітабын мәдени мұра ретінде қалдырды. «Қара жорға», «Тепеңкөк», «Қазақ биі», «Балбырауын», «Сылқыма», «Келіншек», сондай-ақ «Өрмек» лирикалық билері» (Иірілген жіп), «Аққу», «Аю биі», «Құсбегі-Дауылпаз» (аңға түсетін бүркітті үйрету сахнасы), «Қоян биі», «Аққу биі», «Қаз қатар», т. б. қазақ билерінің бар екендігі туралы көптеген мысал келтіре отырып жазды.
Кітаптың авторы әйгілі халық әзілкеші, ХІХ ғасырда өмір сүрген Ағашаяқ (Рахымберді) туралы былай деп жазады: «Ол биді шөккен тоғыз түйеден секірумен біріктіретін күрделі нөмірді орындады. Би кезінде ол әйгілі «Қалды-ау, қалды-ау, қыз қалды-ау» әнін шырқады. Көрермендер бишімен бірге ән шырқап, би ырғағымен тербелді», деп жазады. Мұнда мен автор Дәурен Әбіровтің «көрермендер бишімен бірге ән шырқап, би ырғағымен тербелді» деген тұсын атап өткім келеді. Яғни ол қазақ би мәдениетінде бишілер немесе жалғыз биші ғана емес көрерменнің өзі бидің ырғағына түсіп, тербеле алатынына тоқталады. Көрерменнің әнмен, ырғақпен қосыла үндесуі, яғни көпшіліктің де тербеле билеуі – жоғары моральдық сезімді, бүкіл халықтың бірлігін мазмұндайтынын айтады.
Ең бастысы, Дәурен Әбіров қазақтың би өнері қазынасын кейінгіге жеткізе білді, осы жолда тер төкті.
Кітапта қазақ биінің қимылдары мен суреттері өте жақсы сипатталған, сәтті бейнеленген.
Бүгінде хореография саласында жүрген ұлттық мамандар Дәурен Әбіровтің еңбегін ризашылықпен еске алады.
Ол – өз ұлтына, ел мәдениетіне ерекше қызмет еткен тұлғалы азамат. Халықты халық ететін тілі мен өнері десек, Д.Әбіров – би өнеріндегі қайталанбас мэтр. Атап айтқанда, музыка, би, қолданбалы өнер, бейнелеу өнері және тағы басқа да салалар бойынша атқарған жұмысын тауысып айту мүмкін емес.
Осы орайда Дәурен Әбіровтің 100 жылдығын еске алуға арналған іс-шараларға тоқталып өткен дұрыс.
Биыл Қазақ ұлттық хореография академиясы Халық әртісі Дәурен Әбіров атындағы қазақ жеке ерлер биін орындаушылардың I республикалық байқауын, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнертану кандидаты, профессор Тойған Ізімнің бастамасымен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Сонымен қатар Д.Әбіровтің перзенті «Балабақшаларға арналған билер» атты кітабын қайталап басып шығарды. Бұған қоса арнайы фотокөрме өткізіліп, Д.Әбіровтің 100 жылдық мерейтойына арналған кітаптың тұсауы кесілді.
2023 жылдың 10 ақпанында Темірбек Жүргенов атындағы ҚҰӨА «Хореография» факультеті хореографтың 100 жылдығына арналған «Дәурен Әбіров – тұңғыш қазақ балетмейстері» атты дөңгелек үстел өткізді.
«Қазақ хореографиясының қалыптасуы мен дамуындағы Дәурен Әбіров шығармашылық орны» атты кеш ұйымдастырылды.
«Bi-alem» мәдени хореография орталығы қоғамдық бірлестігі мен Қорқыт Ата атындағы университеті дәстүрлі музыка өнері және хореография кафедрасының ұйымдастыруымен «Ұлттық келбет – бекзат бейне» атты дөңгелек үстел өтті. Аталған «Bi-alem» бірлестігі «Қайнар бұлақ» I республикалық би фестиваль – байқауын да жоғары деңгейде ұйымдастырды. Осы қоғамдық бірлестіктің бастамасымен Д.Әбіровтің 100 жылдығына арналған би өнерінен шеберлік сыныбы өтіп, оны Қытайдағы Шыңжаң өнер академиясының доценті, педагог-балетмейстер, қазақ биін зерттеуші Қастер Шәймұратұлы, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің әртісі, Мәдениет саласының үздігі Денис Витченко жүргізді.
Тараз қаласында Жамбыл облыстық білім басқармасының қолдауымен Мектеп олимпиадалары және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың «Бозторғай» үлгілі ән-би ансамблі ұйым «Би қанатында» облыстық би байқауын ұйымдастырды.
Орал қаласында «Қазақ хореографиясының көшбасшысы – Дәурен Әбіров» кітабының авторы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті білім беру бағдарламасының жетекшісі, өнертану кандидаты, Мәдениет саласының үздігі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Қарлығаш Айтқалиеваның жетекшілігімен «Тұңғыш қазақ кәсіби балетмейстері, хореография өнері мен білімінің көрнекті қайраткері Дәурен Әбіровтің мерейтойына орай салтанатты іс-шара болды.
Біз, хореографтер, алдағы уақытта да би өнері қайраткерлерін ұмытпай, олардың баға жетпес еңбектерін болашақ ұрпаққа жеткізуіміз керек.
Біз бүгін рухани байлығымызды, фольклорлық өнерімізді, даралығымыз бен тілімізді сақтай алмасақ, онда – елдігімізге сын. Қазақстанның би өнері – әлемге мақтанышпен көрсете алатын төлтума, бірегей мәдениет саласы. Біз осы өнердің қалыптасуында қайталанбас орны бар біртуар Дәурен Әбіровті ұмытпауға тиістіміз.
Еркебұлан АҒЫМБАЕВ,
Астана қаласы әкімдігі
«Наз» мемлекеттік би театрының директоры, Мәдениет қайраткері