• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Айбын 19 Желтоқсан, 2023

Сөйле, домбыра!..

224 рет
көрсетілді

Ұлттық ұлан қатарындағы Никита Дяченко өз болашағын өнермен сабақ­тастырады. Өскемен қала­сын­дағы «Шығыс» өңірлік қолбас­шылығына қарасты 5518 әскери бөлімнің материалдық-техни­калық қамтамасыз ету рота­сы­ның маман-операторы біздің сұра­ғымызға жауап берді.

– Никита, домбыраны жа­ны­ңа қашаннан серік еттің?

– Менің домбыра аспабына деген әуестігім бала кезімнен оянды. Шамамен бес-алты жасар баламын. Көлікте келе жатып, радиодан домбыра күмбірін тыңдап қалдым. Аспаптың даусы менің бойымды әп-сәтте баурап алды. Алайда қандай музыкалық аспап екенін білмей дал болдым. Әкем­нен бұл қазақтың домбыра аспабы екенін сұрап білген соң, қызығушылығым одан сайын арта түсті.

Көлік ішінде орындалған дом­быра күмбірі құлағымнан кет­пей­тінді шығарды. Менің музы­калық аспапқа деген қы­зы­ғу­шы­лығымның алабөтен екен­ін байқаған ата-анам мек­теп табалдырығын аттап жат­қан маған былай шарт қойды: «Егер алғашқы тоқсанды кілең бес­тік­пен аяқтасаң, домбыра алып береміз», деді. 

– Сонымен сабақ үлгерімің қалай болды?

– Әрине, үйге берілген тапсырманы тиянақтылықпен орын­дап, озат атану үшін бар күш-жігерімді жұмсадым. Күнде­лі­гі­ме қойылған әрбір бестік баға менің домбыраға жету жолымды жақындата түскендей көрінді. Мек­тептен қайтқан тұста сынып­тас­тарым сияқты ойын ойнамай, үйге қарай асығатынмын. Арқама асынған сөмкемді аша сала, сабақ қарайтын бөлмеге ұмтылу дағдыға айналып кетті. 

Бір күні ұйықтап жатқан мені домбыра күмбірі оятып жіберді. Ұйқылы-ояу жатырмын. Түсім бе, өңім бе, білмеймін. Әйтеуір домбыра күмбірі құлағыма алғашында талып жетіп, кейін үдей түскені. Көзімді ашып қалып едім, дом­быра күмбірі үзілген жоқ. Әлі де естіліп тұр. Төсектен лезде тұрып, төрдегі бөлмеге жү­гі­ре жөнелдім. Мен сол сәтте қолына домбыра ұстаған әкем­­нің бір күйді құйқылжыта орын­дап жатқанына куә бол­­дым. Табалдырық тұсын­да аңтарылып тұрған мені көр­ген ол маған қарай жақындап, қолындағы домбырасын ұсынды. «Бұл сенікі» деген дауысын естір-естіместен домбыраны қап­сы­ра құшақтап алыппын. Міне, сол уақыттан бастап мен дом­бы­радан айырылған емеспін. Қайда жүрсем де өзіммен бірге алып жүремін.

– Домбырада ойнауды ең алғаш әкең үйретті ме?

– Әкем домбырамен күй емес, дәстүрлі әндерді орындайтын. Ұлт­тық аспапқа деген құлшы­­ны­сым­ның жоғары екенін аңғарған ол мені жер­гілікті музы­калық мектепке же­телеп алып барды. Міне, мен күй ойнауды осы өнер ордасында меңгердім. Ол жерде қазақ музыкасының тілін рухани феномен дәрежесіне көтерген Құр­манғазы, Дәулеткерей, Қазан­ғап, Тәттімбет, Абыл, Сүгір атты күй саң­лақтарының шығар­ма­­ларымен таныс болдым. Елу шақты күй үй­ре­ніп, облыстық, респуб­ли­калық байқауларда топ жардым. Атап айтсақ, 2016 жылы Астана қаласында өткен «Нұрлы жас­тар» республикалық ән-күй фестивалінде бірінші орынды жеңіп алдым.

– Сенің ең сүйікті күйің қайсы?

– Алғашқы үйренген күйім – «Ерке сылқым» болғандық­тан, мен үшін орны бөлек. Музы­калық шығар­ма­ның желдір­ме желісі бірде баяулап, бірде төгіліп орындалады. Керімсал күйді толқи тыңдасаң, жүрек түк­пірінің қылын шертетін құд­ды көзге көрінбейтін сиқырға толы құпиясы бардай. Жалпы, әр тыңдарман бұл күйден өз қалауын тауып сезінеді. 

Ал менің анама «Көңіл тол­қыны» күйі ұнайды. Жүрек тебі­рен­тетін сарындар мен сүй­кімді және мәнерлі әуен дина­ми­калық желіске толы музыкамен сомдалып, философиялық терең толғаныспен кескінделеді. Музыкалық композицияның күр­делі жүйесі көлеңкелі өмірдің кесапатты көрінісіндей әсер қал­дырады. Кейде екеуара отыр­ғанда осы бір туындыны орындап беруімді сұрайды. Жалпы, күйдің жүрек қылын шертіп өтетін тұсы әрбір тыңдарманға әртүрлі естелік қалдырады.

– Естуімізше, өзің де күй шыға­рады екенсің, сол рас па?

– Күй шығару өнеріне бойлап көргенім бар. Тырнақалды туындыма «Тұлпар» деп ат қойдым. Оның шығу тарихына мына оқиға түрткі болды. Әкем мені аймақта ұйым­дас­тырылған ат жарыстарынан еш қалдырған емес. Көмбеден суырыла шығып, сайысқа түскен жылқыларды шаң қаптырып ке­те­тін қазанаттардың шабысын көр­ген­де делебем қозатын. Сол сәтте көңіл пернемде бір тылсым күш оянып, мені домбыраға қарай жетелей түсті. Міне, осы бір тылсым күш бастапқыда жанымды түршіктірді. Өйткені құд­ды менің саусақтарымды біреу басқарып отырғандай, дом­­быра шанағынан күй саулай жө­нелетін. Мен тек ағыл-тегіл орын­далып жат­­қан күйді ұмытып қалмас үшін жадыма сақтай бердім. Осылайша, тұл­пар­дың ша­бы­сындай ырғақты, ойна­қы күй шығардым.

Келесі туындым «Сұңқардың сам­­ғауы» деп аталады. Анам екеуміз Ала­тау бөктерін саяхаттап жүр­ген­дегі көрі­ніс тағы бір күйдің өмірге келуіне себепші болды. Аспанда қанатын еркімен жайып, ауаны «сызып» ұшып жүрген алып құс назарыма ілінді. Жыртқыш құстың кенеттен төмендегі жемтігіне қарай құлдырай шабуылдағанына анам­мен бірге куә болдық. Не­бәрі бір-екі секундтық көрі­ніс жа­дымда сақталып қалды. Жерге қарай жұлдыздай аққан құс­тың өзін басқару икемділігінен айы­рылмай, ол­жасын іліп әкеткеніне тәнті бол­дым.

Күйдің бастапқы бөлімі баяу басталады. Бұл сәтте құс қана­тын керіп, көкте қалықтап, иен даладағы аң-құсты торуылдап жүр­генін аң­ғаруға болады. Бәсең ырғақты, со­зыңқы әуен шорт үзіліп, төкпелей жөнеледі. Бұл жыртқыш құстың төмендегі жем­тігіне қарай құлдилап төмен ұшқанын паш етеді.

– Таяу күнде мерзімді әске­ри қызметіңді аяқтайсың. Алға қойған жоспарыңмен бөліс­сең.

– Әскерден кейін күйшілік өне­рімді әрі қарай дамыту үшін еңбек­тенемін. Өзім шығар­ған күй­лердің авторлық құқы­ғын бекі­тіп, ұлттық музыка сала­сы­ның қол­да­нысына ен­гізгім ке­леді. Осы­лайша, қазақ рухының ас­қақ­тығын, ойының кемелдігін, пейілінің кеңдігін құла­шына сыйдырған күй әлеміне те­ңізге тамған тамшыдай болса да өз үлесімді қосқым келеді.  Себебі күйшілік – көне замандардан бүгінге дейін халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ең киелі де қастерлі, өнегелі өнер. Оның қадіріне жетіп, ұлықтай білуіміз қажет.

– Көп рахмет, өнерің өрге жүзсін!

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»