• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 20 Желтоқсан, 2023

2023 жыл: Ел экономикасының өсімі

237 рет
көрсетілді

2022 жылы болған геосаяси тәуекелдерден кейін Қазақстан 2023 жылға дайын болды. Сондықтан болар осы жыл ел экономикасы үшін сәтті өрбіді. Ең бастысы, баға өсімі тежелді. Бұл ретте Ұлттық банктің де, Үкіметтің де еңбегін атап өту маңызды. Биыл қаңтар-қараша аралығында экономикалық өсім қарқыны 4,9 пайызды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 2,7 пайызды құрағанын ескерсек, биылғы өсім – үлкен жетістік.

Экономиканың нақты сек­торын­дағы өсім 3,5 пайыз болса, бұл көрсеткіш қызмет көрсету саласында – 5,6 пайыз. Өсім көрсеткен секторлар қатарында сауда, байланыс және ақпарат, транспорт, құрылыс бар. Өңдеу өнеркәсібі де өсім қарқынын сақтап отыр. Мұндағы өндіріс көлемі 3,4 пайызға өскен.

«Жағдай одан әрі жақ­сара­ды деп сенеміз. Халықаралық агент­тіктер де біздің рейтингімізді растап отыр. Ковидтен кейінгі жағдай, былтыр басталған соғыс, әлі күнге жалғасып жатқан геосая­си қақтығыстар бар. Олар біздің экономикамызға теріс әсер етеді. Әрі Қазақстан теңізге шығар жо­лы жоқ ел. Әлгіндей қиын­дық­тар туындаған кезде бізге саудаласу қиынға соғады. Қазақ­стан экспорттық маршрут­тар­ды әрта­раптандыру үшін амал­дар іздестіріп жатыр. Соны­мен бірге саяси, экономикалық реформалармен, соның ішінде жаңа Салық кодексін дайындаумен айналысып жатырмыз», дейді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

2023 жылдың қорытындысында ішкі жалпы өнім өсімі 5 па­йыз деңгейінде бо­лады деп күтіліп отыр. Рес­публика бо­йынша жан басына шақ­қан­дағы ІЖӨ 11,5 мың доллардан 13,3 мың долларға дейін өскен.

Биыл бірінші жартыжылдықтағы тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) көлемі 13,3 млрд долларға жеткен. Бұл көрсеткіш ортамерзімді кезеңде эко­но­микалық өсуді қолдауға кепілдік бе­­ре­ді. Жыл қорытындысы бойынша ТШИ-ді шамамен 27 млрд доллар дең­ге­йіне жеткізу жоспарланған. Жалпы, экономиканың барлық саласында жалпы құны 967,7 млрд теңгені құрайтын 210 жаңа инвестициялық жоба іске қосылды. Ол 19,5 мың жұмыс орнын құруға мүм­кіндік берді. Жыл қорытындысы бо­йынша 1,6 трлн теңгеге 291 жоба пай­да­ла­нуға беріледі деп күтіліп отыр.

Жыл басында 21 пайыздан асып кеткен инфляция 2 есе, яғни 10,3 пайызға дейін төмендеді.

«Инфляция деңгейін тұрақтандыру – Үкіметтің маңызды міндеті. Мәселен, былтырдан бері жедел және ортамерзімді сипаттағы 90 іс-шараны іске асыруды көздейтін инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі жұмыстар кешенді түрде іске асырыла бастады. Бұл өз кезегінде бағаға деген қы­сым­ды төмендетуге және 2023 жылы инфляция­ны бәсеңдетуге мүмкіндік берді. Биыл инфляцияны бәсеңдетуге арналған іс-шаралар кешенін іске асыру әсері (оның ішінде 2022 жылы іске асырылған шараларды ескере отырып) 4,16 пайыз­дық тармақ деңгейінде бағаланды. Бұл ретте өнім өндіру көлемін ұлғайту жөнін­дегі шаралар (2,11 пайыздық тармақ) неғұрлым тиімді болып ба­ға­ланады», делінген Үкімет мәлімдемесінде.

Сонымен қатар ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесі де арта түскен, нақ­ты­лап айтсақ, 36,4 пайызға жетті. Биыл 9 мың жобаға субсидия беріліп, бұл сегментке бағытталған жалпы несие сомасы 669 млрд теңгені құраған. Мемлекет қа­былдаған іс-шаралар нәтижесінде ШОБ өнімін шығару осы жылдың сәйкес кезеңінде 29 трлн теңгеге (2022 жылдың 6 айында 23 трлн теңге болған) дейін артты. ШОБ саласында жұмыспен қамтылған азаматтардың саны 500 мыңға өсіп, 4,3 млн адамды құрап отыр.

Сыртқы саудадағы ахуалды да тәуір деп бағалауға болады. Алғашқы алты айда өндірушілердің дайын тауар айналымы 39,4 млрд доллар болды, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22 пайызға жоғары. Оның үштен бірін жалпы құны 12,1 млрд доллар болатын отандық шикізаттық емес тауарлардың экспорты құрады.

Отандық тауар өндірушілердің сырт­қы нарықтарға шығуын қамтамасыз ету үшін Сауда және интеграция ми­нистр­­лігі экспорттаушыларға мем­ле­кет­тік қолдау ша­раларын көр­сетіп ке­ле­­ді. Бұл – сауда миссияла­рын ұйым­дас­тыру, халықаралық көрмелер мен бизнес-форумдарға, оқыту жобалары мен бағдарламаларына қатысу. Ак­селерация бағдарламасы о­тандық компанияларға жаңа нарықтарды тиімді игеруге көмектеседі. Биыл бағдар­ла­маға қатысу үшін тамақ, химия, то­қыма және қызмет көрсету салаларын экс­порттайтын 111 кәсіпорын таң­да­лды. Сонымен қатар 2023 жылы IT-қызметтерді шетелге экспорттауға да­йын біздің компаниялардың саны да едәуір өсті. Импорт категориясы бо­йынша ең танымал тауарлар – жеңіл автомобиль, телефон аппараттары, шанақ, дәрі-дәрмек, мұнай және мұнай өнімдері.

Тауарларды ілгерілетудің тағы бір өзекті құралы – халықаралық Alibaba.com электрондық сауда платформасы. Мемлекет отандық тауар өндірушілер мен сауда компанияларына өз өнімдерін осы алаңда сатуға мүмкіндік береді. 2023 жылы Қытайдың ең ірі В2В мар­кет­плейсіне «Алтын жеткізуші» пре­миум мәртебесі бар 70 жеткізуші қол жет­кіз­ді. Alibaba платформасы арқылы сату көле­мі бүгінде 300 млн доллардан асады.

Электрондық коммерцияның қар­­қын­ды дамуын ескере отырып, экспорт­қа бағытталған компанияларға ар­­на­йы мамыр айында В2С алаңы – JD.com ашылды. Оның негізінде отан­дық тауарлардың Ұлттық павильоны құ­рыл­ды. Отандық азық-түліктің бірінші партиясының бір апта ішінде сатылып кеткендігі сапалы азық-түлік тауарларына деген жоғары сұранысты және отандық тамақ өнімдерінің жоғары бәсекеге қабі­лет­ті­лігін көрсетеді. Қазір жаңа жет­кізу­шілерді іздеу және таңдау жұмыс­тары жүргізілуде. Бұл шаралар кешені шикі­зат­тық емес тауарлардың экспортын ұл­ғай­туға бағытталған.

Еліміз негізінен мыс және мыс катодтары, ферроқорытпа, уран, мұнай өнімдері, өңделмеген мырыш пен алюминий, ыстықтай прокатталған жалпақ бұйымдар, табиғи газ экспорттайды. Со­нымен қатар шетелдік тұтынушылар бізден бидай ұнын, күнбағыс майын, минералды тыңайтқыштарды белсенді түрде сатып алып жатыр. Экспорттық жеткізілімдердің ең көп көлемі – Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркияға, алыс шетел­дерден – Нидерланд, Ұлыбритания, Жапонияға жөнелтіледі. Биылғы алты айда отандық дайын өнімді импорттаушы ел­дер­дің географиясы 114-тен 125-ке дейін кеңейген.

Жоғарыда министрдің экспорттық маршруттарды әртараптандыру туралы сөзін келтірдік. Бұл өз кезегінде мұнай экспортына айрықша қатысты. Биыл Қазақстан Баку арқылы мұнай тасымалдауды алты есе ұлғайтты. Қаңтар-қараша аралығында Ақтау портынан Бакуге 1,238 млн тонна қазақ мұнайы жеткізілген.

«2023 жылдың 11 айында Ақтау портынан қазақ мұнайының экспортталуы 3 млн 62 мың тонна болды. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға жоғары. Ақтау портынан тасымалданатын мұнай көлемінің артуына Баку бағытына қарай жіберілетін шикізат көлемінің өсуі түрткі болды. Ақтаудан Бакуге мұнай жіберу 205 мың тоннадан 1 млн 238 мың тоннаға дейін, 6 есе артты», делінген «ҚазТрансОйл» хабарламасында.

Есте болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізі бойынша мұнай тасымалын көбейтуді тапсырған еді. Соның ізін ала «Қаз­Мұ­най­Газ» бен әзербайжандық «SOCAR» компаниясы арасында Теңіз кен орнынан Баку – Тбилиси – Джейхан бағы­ты­мен жылына 1,5 млн тонна тасымалдау туралы келісімге қол қойылды.

Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, биыл сыртқы сауда айналымы 91 млрд доллардан асты. Соның ішінде экспорт көлемі – 51,2 млрд доллар. Ал өңделген тауарлар экспортының құны 16,2 млрд долларға жетіпті. Импорт көлемі – 39,8 млрд доллар. Басты сауда серіктестеріміз болып саналатын ЕАЭО-дағы елдермен сауда айналымы 7 айдың қорытындысы бойынша 5,6 пайызға, 16,5 млрд долларға дейін ұлғайды. Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 20,8 пайызы ЕАЭО-ға тиесілі. Еліміз сауда серіктестерден 10,1 млрд доллардың тауарын сатып алып, 6,4 млрд доллардың тауарын сатқан.

Жалпы алғанда, ел Үкіметі дағ­да­рыс­қа қарсы іс-шараларды тиімді іске асырып жатыр деуге негіз бар. Биыл қолға алған бастамалар сыртқы күйзелістердің бетін қайтарып, берік экономикалық да­муға жол ашса, онда Үкімет жұмысы нәти­же­лі деген сөз. Президент Үкімет алдына ұлттық экономика көлемін 2 есе арттырып, 450 млрд долларға жеткізу мін­детін қойды. Бұл іргелі межеге қол жет­кізу үшін жыл сайын кемі 6 пайыздық эко­но­микалық өсімді қамтамасыз ету қажет.