Қостанайдағы Жастар сарайында «Түркі әлемі» халықаралық этнофестивалі өтті. Бауырлас елдердің арасындағы мәдени байланыстың беки түсуіне септігі мол дәстүрлі іс-шараға Қостанай облысының өнерпаздары, Өзбекстан, Қырғызстан және Башқұртстан Республикасынан келген өнер ұжымдары қатысты.
Жалпы, «Түркі әлемі» фестивалін алғаш ұйымдастырып, жөн-жосығын көрсетіп жолға қойып кеткен талантты күйші, Қостанайдағы қазақ оркестрінің негізін қалап, құрамын қалыптастырған марқұм Назымбек Молдахметов еді. Түбі бір түркі халықтарына ортақ өнер мерекесі содан бері үзілмей жалғасып келеді.
Фестиваль аясында Башқұртстанның «Дэрт», Қырғызстанның «Күү булак», Өзбекстанның «Тараннум» ансамбльдерінің жетекшілері, сонымен қатар Өзбекстанның халық әртісі, дирижер Фарух Садықов қатысқан жиын өтті. Меймандар фестивальдың мән-маңызын, ерекшелігін тілге тиек етіп, ұйымдастырушыларға ризашылық білдірді.
«Қазақтың ұлттық музыкасы өте бай. Бұл елде халықаралық деңгейде өтетін байқау-фестивальдар өте көп. Сонысымен көбімізге үлгі. Оның ішінде жыл сайын Қостанайда өтіп тұратын «Түркі әлемі» фестивалі мен Дирижерлер форумын ерекше атап өтер едім. Қостанай облыстық филармониясынан өзге филармониялардың ешқайсысында мұндай кең ауқымды жобалар жоқ десем, қателеспеймін. Сіздер ұйымдастырып жатқан іс-шаралар біздің елде де белгілі бола бастады. Бұл – түркітілдес ағайындар үшін аса маңызды және керек фестиваль. Әлде де жандана, жетіліп, дами түсуін тілеймін», дейді өзбекстандық мейман Фарух Садықов.
«Дэрт» ансамблінің жетекшісі Эмир Аубакиров те Қазақстанда өтетін халықаралық өнер байқауларына мүмкіндігінше қалмай қатысып тұрады екен. «Башқұрт бауырларын ұмытпай, үнемі шақыру жіберіп отыратын ұйымдастырушыларға, бауырлас ағайынға алғысымыз шексіз. Бұл фестивальдың жылдан-жылға беделі артып келе жатқанын көзбен көріп отырмыз. Қазақстанға келген сайын жергілікті жұрттың ыстық ықыласын сезініп, өз елімізге ерекше шабытпен қанаттанып қайтамыз. Осыдан-ақ түркітілдес елдер мәдениетінің бір-біріне жаттығы жоқ екенін, тамырластығын аңғарамыз. Алдағы уақытта ауқымы кеңейе берсін деп тілейміз», дейді Э.Аубакиров.
Өз кезегінде қырғыз елінен келген Дастан Бөрөнқұлов та «Түркі әлемі» фестивалінің көркемдігі, ерекшелігі, мазмұны, сондай-ақ алдағы жоспарлары туралы ойын ортаға салды.
Фестиваль шымылдығын Қостанай облыстық филармониясының «Ақжелең» ансамблі ашып берді. Өнер ұжымының сүйемелдеуімен сахнаға сайын даланың салқар кеңдігін сыйдырып жібергендей болған жергілікті дәстүрлі әнші Манапбек Қадіров те Нұржанның назымдарын нақышына келтіре орындап берді. Бішкек қаласынан келген «Күү булак» ансамблінің өнері де тыңдарманды бейжай қалдырмай, бірден баурап алды. Әуелі әйгілі «Манас» жырынан үзінді орындалып, кейін ұлттық күйлері, әуезді, әсерлі әндері сахнаны жаңғырықтырып жіберді. Ал башқұртстандық «Дэрт» ансамблінің орындауындағы сырлы саз иірімдері көрерменді тіптен бөлекше сезімге бөледі. Корай аспабының шеберлері шынымен де түркі әлемінің қатпарлы ғасырларына сапар шектіргендей болды. Әншіліктің «көмеймен айту» техникасының үздік үлгісін де көрсетті. Өздерінің дәстүрлеріне сай бағдарламаларының ортасында бір корайды көрермендердің біріне сыйға тартты.
Ұйымдастырушылар алыс-жақыннан келген меймандардың ұсыныс-тілегі бойынша жолдың қашықтығы ескеріле отырып, алдағы уақытта дәстүрлі фестиваль өтетін уақытты басқа мезгілге ауыстыру мәселесі қарастырылатынын айтты.
Қостанай облысы