• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Театр 21 Желтоқсан, 2023

Жас маманға – жаназық

233 рет
көрсетілді

Ұлттық театр және кино өнерінің алтын қорын «Гауһар тас», «Әпке», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Мұңлық – Зарлық», «Өкпек жолаушы», «Мұрагерлер», «Жаужүрек», «Бөрте», «Дермене», «Тауқымет», «Балуан Шолақ» сияқты тың туындылармен толықтырған жазушы-драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабековтің арнасы басқа болса да, адамзаттық ізгілікті дәріптеген қос саланы бөліп-жармай қатар дамытуға қосқан үлесі өлшеусіз. Бүгінде 11 елдің театрында пьесалары жүріп жатқан драматург шығармалары өз елінің ғана емес, әлем театрлары тарапынан да сұранысқа ие.

Театр мен кино өнері драматургия­сы қаламгер шығармашылығында ай­рық­ша орын алатын сүбелі сала әрі ұзақ жылдар бойы осы саланың қия-жықпы­лын ақтарып, мазмұнын байыту жолын­да үздіксіз тер төгіп келеді. Табиғаты­на әдебиет пен өнерді бірдей тоғыстыр­­ған құпиясы терең әлемге құлаш серме­­ген Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының болашақ драматург мамандарын даяр­лау ісімен ұштасты­рып, педагог қызметін қатар атқарып  келе жатқаны да көпшілікке аян. Бұл тарапта оларды оқытып-үйрететін ұлт тілінде жазылған оқулық жоқтың қасы, бар оқулықтың өзі аударма негізінде жазылған әрі әбден ескіргендіктен, бүгінгі уақыт тынысымен үйлесім таба алмайды. Педагогикадағы осы олқы­лықты ескерген Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультетінің профессоры Дулат Исабеков жақында  студент жастарға және қалың оқырман қауымға арналған «Театр мен кино әлемі» атты жаңа кітабын ұсынды. Т.Жүргенов атын­­­дағы Қазақ ұлттық өнер академиясы кітапханасының ұйымдастыруымен өткен жаңа туындының таныстырылымына театр және кино мамандары, академия студенттері қатысты.

«Театр мен кино әлемі» атты жаңа жинаққа автордың ұзақ жылдар бойы драматургия және кинодраматургия пәні бойынша оқыған дәрістері және «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған – Аристофан, У.Шекспир, И.Гете, Н.Гоголь, А.Чехов, М.Горький, М.Булгаков сынды әлем әдебиетінің классиктері  туралы жан-жақты мәлімет-деректермен жазған танымдық еңбектері енген. Жаңа кітапты таныстыру рәсімінің модераторы, белгілі театр сыншысы, өнертану кандидаты Амангелді Мұқанның айтуынша, Д.Исабеков теория мен тәжірибені шебер шендестіре білген драматург ретінде өткен кезең тұлғаларына құрметпен қарай отырып, тарихи тұлғалар өмірінің беймәлім беттеріне үңіліп, қызықты сыр шертеді.

Заманауи драматургияның қазақ театрының дамуына әсері қандай?  Қазақ киносы қалай жетіліп келеді? Сценарий қалай жазылады, сюжет қалай құрылады, стилистикасы, пішіні қандай болуы керек, кейіпкерлердің бір-бірі­мен қарым-қатынасын қалай өрістету ке­рек? Оқиға қалай ширатылады? Автор ­драматургияны, кино сценарийді жазудың алғашқы әліппесінен бас­тап, соңғы түйініне дейінгі тиімді әдіс-тәсілдерін, кәсіби қыр-сырын тео­рия­лық тұрғыдан жан-жақты сараптап, түсіндіріп, сахна мен экранға әр беретін материалды әзірлеудің өндірістік кезеңін толық қамтиды.

«Бүгінгі Батыс Еуропа елдерінің көрерменіне қазақ драматургінен, мысалы, әзербайжан, өзбек драматургінен не керек? Әлбетте, олардың өздерінде жоқ тың идея керек. Көркем тіл, көркем сюжетпен көрерменді сендіре білуі керек. Драматург шебер болса, нанымсыз оқиғаның өзіне жан бітіреді. Лондонда екі пьесам жүріп жатты. Сонда ағылшын көрермені қай тұсында қол соғады? Өздерінде жоқ, бұрын болған, қазір ұмытылған нәрсені сезіп, көріп қалса, елең ете қалады. Міне, бүгінгі сахнадан осындай құндылықты іздейді олар».

Мазмұны жағынан бай, тақырып-тараулары мол, ізденіс пен тәжірибе негізінде туған іргелі еңбек 3 200 данамен жарық көріп отыр.  492-беттен тұратын «Театр мен кино әлемі» кітабы тек шығармашылық оқу орындарының студенттеріне ғана емес, сахна мен экран өнеріне қызығатын көпшілік қауым үшін де құнды, дейді мамандар. 

 

АЛМАТЫ