• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 22 Желтоқсан, 2023

KEGOC өзінің барлық өндірістік міндеттерін орындайтын болады

251 рет
көрсетілді

Желтоқсан айының үшінші жексенбісі Қазақстанда Энергетик күні ретінде аталып өтіледі. Биылғы кәсіби мерекелер күнтізбесі осы бір соңғы мейрамдармен жа­былғалы да тұр. Бұл – мерекені де ұмытпай, бір жылғы қызметті де сара­лай­тын уақыт. Биылғы жыл «KEGOC» АҚ ұжымы үшін қандай сәттерімен есте қал­ғандығы туралы Басқарма төрағасы Нәби Айтжановтан сұрап білген едік.

– Жыл шымылдырығы жабылғалы тұрған шақта өткен кезеңді тағы бір мәрте ой елегінен өткізсек. Бұл жыл өзіңіз басқарып отырған компания ұжы­мы үшін несімен есте қалды? Кеңі­рек бір тоқталып өтсеңіз...

– Аяқталып келе жатқан 2023 жыл «KEGOC» АҚ тарихындағы маңызды кезең болып қалатынына сенімдімін.  Компания ұжымы белгіленген барлық жоспарды орындап, жылды жоғары нәтижелермен қорытындылап отыр.

Биылғы қарашаның соңында біз Қазақстанның біртұтас энергия жүйесі батыс аймағының электр желісін күшей­ту бойынша жобаны сәтті аяқтадық. Бұл жоба шеңберінде шамамен ұзындығы 800 км болатын 220 кВ-тық жаңа электр жеткізу желілері салынды, жұмыс істеп тұрған 220 кВ-тық бес қосалқы стансаның қуаты арттырылды, 220 кВ-тық «Қарабатан» тарату қосалқы стансасы пайдалануға берілді.

Алдын ала ұтымды шаралар қабыл­даудың арқасында өңірде энергиямен жабдықтау сенімділігі артты. Жаңа же­лі­лердің енгізілуімен Батыс энергия тора­бының электр желілерінің өткізу қабілеті 110-нан 250 МВт-қа дейін 2 есе өсті. Осы ретте желілердегі рұқ­сат етілген ең жоғары жүктеме 270 МВт-қа дейін артты. Бұл нәтижеге соңғы күндердегі суық ауа райында желі­леріміз ең жоғары жүктемемен сенім­ді жұмыс істеген кезде көз жеткізе ал­дық. Қазақстанның батысында электр желілерін күшейту, оның ішінде МАЭК ЖЭС электр стансасындағы ірі энергия блоктарының авариялық ажыратылуы кезінде тұтынушылардың энергиясыз қалуы жағдайларының азаюына мүмкіндік береді деп сенеміз.

Компанияның Ұлттық электр торабын дамыту бойынша жобалардың жеткілікті және теңгерімделген портфелі бар екеніне назар аударғым келеді. Біз кіріскелі отырған маңызды міндет – Батыс энергия торабын Қазақстанның біртұтас энергия жүйесімен біріктіру бойынша ауқымды жобаны іске асыру болып табылады. Бұл жобаны іске асыру елдің батыс облыстарының энерге­тикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіз­дігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жалпы алғанда Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін айтарлықтай арттырады. Батыста салынған жаңа желілер бұл бастаманы жүзеге асырудың бір бөлігі болып табылады.

Сонымен қатар биылғы күзде Мем­лекет басшысының тағы бір тапсырмасын – «Қазақстан  біртұтас электр энергетикалық жүйесі (БЭЖ) Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» жобасын іске асыруға кірістік. Оның шеңберінде «Шу-Жамбыл-Шымкент» үш шаһар арасында 500 кВ желі салуды, сондай-ақ осы қалалардағы қосалқы стансаларды тиісті түрде кеңейтуді жос­пар­лап отырмыз. Жоба осы өңірде құ­рылыс­қа жоспарланған ЖЭК генера­ция­сынан 5 ГВт көлемінде жаңа қуаттарды қосу үшін жағдай жасайды. Бұл сонымен қатар еліміздің оңтүстігінде энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де маңызды. Сондай-ақ қазіргі уақытта Орталық Азия елдерімен шекарада көр­ші­лес энергия жүйелері туындатқан теңге­рімсіздіктерге сезімтал болып қала береді.

Бұл жобаларды іске асыруға біз рес­пуб­­ликалық бюджеттің қаражатын жұмса­майтынымызды, оларды меншік немесе қарыз қаражат есебінен іске асыратынымызды атап өту маңызды. Мысалы,  БЭЖ-дің Оңтүстік аймағының желілерін күшейту жөніндегі жобаны іске асыруға SPO-дан түскен қаражат жұмсалатын болады.

Мен KEGOC-тың өткен жылғы тиімді жұмысының бірнеше фактісін ғана атап өттім. 26 жыл ішінде компания желілік инфрақұрылымды жаңғырту және дамыту бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Бұл жерде инвестициялық жобаларды іске асыру уақтылы жүргізілетін жөндеу-пайдалану жұмыстарымен бірге ұжымға негізгі өндірістік міндеттермен және мақ­сат­тармен ойдағыдай айналы­суға мүмкін­дік беретінін атап өту қажет деп ойлаймын.

2023 жылдың қорытындысының жедел деректері мен алдын ала есептеулері бойынша «KEGOC» АҚ қызметтерінің көлемі келесідей болады деп күтілуде: Ұлттық электр торабы (ҰЭТ) арқылы электр энергиясын жеткізу бойынша – 35,9 млрд кВт.сағатты, желіге босатуды және электр энергиясын тұтынуды техни­ка­лық диспетчерлеу бойынша – 106,2 млрд кВт/сағатты, электр энергия­сын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйым­дастыру бойынша – 205,5 млрд кВт/са­ғатты, ҰЭТ-ты пайдалану бойын­ша қыз­мет – 35,9 млрд/кВт.сағатты құ­райды.

Нәтижесінде, біз биылғы жылды 39,3 млрд теңге таза пайдамен аяқтауды жос­парлап отырмыз.

Корпоративтік басқаруда да жақсы нәтижелер бар. KEGOC алғаш рет ESG рейтингін алды, ол 51%-ды құрады, Moody’s рейтингтік агенттігі несиелік рейтингті егемендік деңгейіне дейін растады және көтерді, ал болжам тұрақтыдан позитивтіге өзгерді.

– Сіз біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағын күшейту бойынша жобаны іске асыру үшін SPO KEGOC барысында түскен қаражаттың жұмсалатынын атап өттіңіз. Осы жайлы кеңірек айтып берсеңіз.

– Иә, KEGOC акцияларын қайталама орналастыру Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес және «Самұрық-Қазына» АҚ-ның белсенді қолдауымен жүргізілді. Және ол сәтті өтті. SPO барысында инвесторлардан жалпы сомасы 34,8 млрд теңгеден астам сомаға 50 мыңнан астам өтінім келіп түсті, бұл орналастырудың жоспарланған көлемінен 1,5 есенің үстінде асып түсті.

SPO-ның тағы бір оң әсері орналас­ты­ру­дың әртараптандырылған құрылымы бол­­ды: бөлшек сауда инвес­торлары 67%-ын, инс­­титуционалдық инвесторлар 32%-ын  және шетелдік азаматтар 1%-ын сатып алды.

Біз мұны елімізде нарықтың жаңа өндіруші қуаттардың жоспарланып отырған енгізілуін, сонымен қатар реттеуші ортада болған өзгерістерді ескере отырып, KEGOC-тың даму жоспарларына жоғары сенімі ретінде бағалаймыз.

Біздің акционерлер KEGOC акцияла­рының тиімділігі жоғары және өтімді екенін біледі. Компания әрқашан акционерлер алдындағы міндеттемелерін орындап отырады. 2014 жылы компания акция­ларын бастапқы орналастырған сәттен бастап акционерлерге 238 млрд теңгеден астам сомаға дивидендтер төледі. Ал биылғы жылдың нәтижелері үміттерімізді ақтады, бұл да акционерлер үшін де жақсы жаңалық болып табылады.

– KEGOC нысандарының 2023-2024 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне дайындығы тақырыбына арнайы тоқтал­ға­ныңыз дұрыс деп ойлаймын. Шы­нында да бұл елдің жүктеме максимумы кезеңінен қалай өтетініне қатысты әңгіме болып тұр. Осы тақы­рыпқа қарай ойыссақ...

– Жалпы, жыл сайын Ұлттық электр торабының сенімді жұмыс істеуі үшін, сонымен қатар күзгі-қысқы кезеңнен табысты өтуі үшін электр желілік объек­тілерді дайындау жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, КЕGОС әуелік электр жеткізу желілерін және қосалқы станса­лардағы жабдықтарды жөндеу-пайдалану жұмыстары ауқымды көлемде жүзеге асыры­лады. Бұл ретте қауіпсіздік ережеле­рін қатаң сақтауға баса назар аударамыз. Жөндеу-пайдалану жұмыстары аяқтал­ғаннан кейін жүйелік оператор уәкілетті орган беретін күзгі-қысқы кезеңнен өтуге дайындық паспортын алады.

Қазіргі кезде электр желілерін дайын­дау бойынша жөндеу науқаны сәтті аяқталды. Биыл 91 электр жет­кізу желісінде және 27 қосалқы станса жа­бдығында барлық жоспарлы тиіс­ті жұмыстар орындалды. Мате­риал­дардың, қосалқы бөлшектер мен конструкциялардың авариялық қоры толықтырылды, жанар-жағармайдың жеткілікті қоры құрылды. «КЕGОС» АҚ-ның 2023-2024 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындығын растайтын паспорт 5 қазанда алынды.

– Нәби Еркінұлы, 20 жылдан астам уақыт бойы KEGOC Қазақстанның электр энергетикасы саласын дамыту­дың көшбасшысы болып саналады. Мұндай табыстылықтың кілті неде деп ойлайсыз?

–  Табыстылықтың бар сырын біздің компанияда табанды еңбек етіп келе жатқан адамдардың өзінен іздеу керек. Біздің KEGOC-тың барлық жетістіктері жоғары білікті мамандардан құралған мыңдаған адамнан тұратын ұжымның еңбегі деп айтудан әсте жалыққан емеспіз. Жалпы алғанда, біздің ұжымды барлық өндірістік жоспарлар мен міндеттерді тиімді жүзеге асыратын пікірлестер қауымдастығы деп те атауға болады.

Басшылық Компанияның кадрлық әлеуетін дамытуды өз жұмысындағы басым­дықтардың бірі деп санайды. KEGOC-тың кадрлық саясаты әділетті­лік, сыйластық, тең мүмкіндіктер, сабақ­­тас­тық, үздік әлемдік тәжірибе мен HR-техно­логияларға бағдарлану қағи­даттары­на негізделген. Біз әртүрлі қыз­мет мәсе­лелері бойынша басшылық пен қызмет­керлер арасындағы тұрақты және сындарлы диалогтің кадр саясаты­ның маңызды құралы болуы керек екенін түсіндік.

Сондықтан біз ең алдымен, қолайлы еңбек жағдайларын жасауға тырысамыз. KEGOC-та қызметкерлердің әл-ауқатын арттыру бойынша кешенді бағдарлама іске асырылуда. Мысалы, 2024 жылғы қаңтардан бастап барлық қызметкерлердің жалақысы өседі және алдағы жылдары еңбекақының сый­лықақы бөлігін ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар компания­да қызмет­керлерді ерікті медициналық сақтандыру бағдарламасы жұмыс істейді.

Биыл біз жеңілдетілген несиемен тұр­ғын үй алу бағдарламасын жүзеге асыруды ойдағыдай жалғастырдық. Біздің 50-ге жуық қызметкеріміз жеңілдетілген шарттармен тұрғын үй сатып алды. Бұл жұмыс корпоративтік секторда қызмет­керлерді қолдау бойынша ең үздік тәжірибелердің бірі ретінде жоғары бағаланатынын тілге тиек етеміз.

– Нәби Еркінұлы, мәнді де мағыналы сұхбатыңыз үшін рахмет.

– Сіздерге де рахмет. Осы сәтті пайдалана отырып, барлық әріптестерімді кәсіби мерекеміз – Энергетик күнімен, сонымен қатар келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтағым келеді. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және бейбіт аспан тілеймін.

Ал барша отандастарымызды «KEGOC» АҚ ұжымы алдағы уақытта да  тұтынушы көпшілікті электр энергиясымен үздіксіз жабдықтау бойынша өзінің барлық өндірістік міндеттерін орындайтын болады деп сендіргім келеді.

 

Әңгімелескен –

Аманкелді ҚИЯС,

«Egemen Qazaqstan»