Нашақорлыққа қарсы күрестің инновациялық әдістерін «Аmanat Tech» қатысушылары әзірледі. 16-35 жас аралығындағы 80-нен астам қатысушы «Есірткіге жол жоқ» жобасы аясында есірткінің таралуына қарсы күрестің инновациялық тәсілдерін ұсынды.
Қай кезде де есірткі бизнесіне қарсы күрестің тиімділігін арттыру ісі – өзекті. Бұл мәселеге «Аmanat Tech» мүшелері бірқатар интеллектуалды IT-шешімдер, оның ішінде желідегі есірткінің таралуын бақылауға арналған арнайы бағдарламалар ұсынды. Бұл технологиялық құралдарды есірткіні онлайн-кеңістікте сату туралы хабарландыруларды жою мен құқық қорғау органдарына тиісті ақпаратты беру үшін пайдалануға болады.
«Алаңда қоғамдағы ең өткір мәселенің бірі есірткіге қарсы күрес мәселесі талқыланды. Жобалар тиімді және оңтайлы шешім түрінде ұсынылатын болады. Біз жастардан нашақорлықпен күресудің түрлі жолы туралы білдік. Себебі бұл мәселе жастарды улап жатыр. «Аmanat Tech» шеңберінде жобаның ауқымын кеңейту және Қазақстанның барлық өңірін қамту жоспарланып отыр. Әрине, бірінші кезекте қатысушылар тарапынан сұранысты ескеретін боламыз», деді партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.
Хакатонның жалпы жүлде қоры 4,4 млн теңгені құрады. Бірінші орынға 1,4 млн теңге, екінші орынға 1 млн теңге және үшінші орынға 800 мың теңге бөлінді. Сондай-ақ екі аталым «Best market ready solution» және «The best scaling potential» бойынша 600 мың теңге сыйақы табысталды.
«Бұл хакатон – инновациялық технология арқылы өзекті әлеуметтік мәселелерді қалай шешуге болатынын көрсететін нақты мысал. Біз жасампаз жастардың нашақорлыққа қарсы тиімді күреске бағытталған шешімдерге инновациялық идеяларды қалай енгізетінін көргенімізге қуаныштымыз. Қатысушылар тек жобалар құрып қана қоймай, өз шабытын қоғамды өзгертуге жұмсайды. Бұл жобалар қауіпсіз және қамқор қоғам құруға елеулі көмек көрсете алатынына сенімдіміз», деді «Astana Hub» басқарушы директоры Дания Ахметова.
«Futurista» командасы нашақорлықтан құтқаратын «TuzyZhol» қосымшасын жасап, хакатонның жеңімпазы атанды. Қосымша психологтер мен әлеуметтік қызметкерлердің кеңесіне кез келген уақытта қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қалпына келтірілгеннен кейін пайдаланушылар порталмен интеграция арқылы оқу курстарынан өтіп, жұмыс таба алады. Екінші орынды дәрі-дәрмектерді рецепсіз сатуды азайтуға бағытталған «PharmaTrace» жобасын ұсынған «Аntitox» командасы иеленді. Үшінші орын «Sheker emes» жобасының авторы, есірткі қылмысы туралы ескертетін бот-ассистенттер жүйесін ұсынған «Shalkyma» командасына бұйырды. Ал «Best Scaling Potential» аталымында «Saqta» жобасымен «IB sila» командасы жеңіске жетті. Олар нашақорлықпен күресу үшін есірткі сайттарын анықтайтын бағдарламалық құрал – білезіктер ойлап тапты. Интернеттегі есірткі сатушылармен күресудің жаңа әдісін ұсынған «ACK» командасы «Qarauyl-Best Market Ready Solution» аталымымен марапатталды.
«Біз есірткі сатушы операторлардың трафигіне тосқауыл қою арқылы бұғаттайтын бағдарлама жасадық. Telegram әкімшілігі бұл есептік жазбаны бұғаттау туралы өтінішті қарастырып жатқанда, біз олардың жұмыс істеуіне жол бермейміз, өйткені олар виртуалды клиенттерді нақты клиенттерден ажырата алмай қалады», деп түсіндірді өз жобасын «ACK» командасының мүшесі Уәлихан Айғожин.