Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.
Отырыста қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, жер қойнауын пайдалану және экология саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Сондай-ақ құжат жер қойнауын пайдалануға қатысты инвестициялық тартымдылықты жақсартуға, осы саладағы заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз етуге арналған өзгерістер енгізуді көздейді. Сенаторлар заңды бірінші оқылымда қарап, мақұлдады. Құжат Палатаның алдағы отырыстарында екінші оқылымда қаралады.
Сонымен қатар Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркі және дактилоскопиялық тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Бұл құжат мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Заңда «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркінің қызметіне және дактилоскопиялық тіркеуге қатысты түзетулер де қарастырылған.
Нақты айтқанда, заң «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейтеді. Сондай-ақ ел азаматтарын ерікті түрде дактилоскопиялық тіркеуді көздейді. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, бұл шаралар азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға мүмкіндік береді.
Бұған қоса осы отырыста бір топ сенатордың гидротехникалық нысандардың жай-күйі бойынша депутаттық сауалына Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің ауызша жауабы тыңдалды. Аталған сауалда депутаттар судың тапшылығына және оны үнемдеп пайдалануға қатысты проблемаларға алаңдаушылық білдірген болатын.
«Жұмыс жоспарымен танысып қана қоймай, ондағы шараларды қаржыландыру мүмкіндіктерін де қарау қажет. Мұндай жоспардың аясында көптеген өзекті проблема көтерілетіні белгілі. Бұл ретте бүгін талқыланып жатқан және басқа да мәселелер бар. Осыған байланысты келесі жылы бюджетті нақтылаған кезде аталған жоспарды қаржыландыруға қажетті қаражатты енгізу керек. Әрине, мемлекеттік бюджеттің мүмкіндіктері шектеулі. Дегенмен су мәселесі еліміз үшін айрықша маңызға ие. Сондықтан министрліктің осы бағыттағы бастамалары мен бағдарламаларын тиісті деңгейде қаржыландыруымыз керек. Сол себепті бұл мәселені жан-жақты зерделеп, пысықтаған жөн», деді М. Әшімбаев.
Сенат төрағасы су ресурстарын үнемдеп пайдалану еліміз үшін өте маңызды мәселе екенін айтты. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында осы жайтқа айрықша назар аударды. Сондықтан Палата спикері сенаторлар көтерген проблеманы шешу үшін кешенді тәсілдер мен жедел әрекет қажет екенін тілге тиек етті.
«Еліміздің кейбір аймақтарында су тапшылығы күрделі мәселеге айналып отыр. Гидротехникалық нысандардың қауіпсіздік мәселесін де назардан шығармауымыз керек. Осы бағыттарға басымдық бере отырып, тиімді шараларды іске асыру аса маңызды. Сондықтан мемлекеттік органдар алдағы жұмыстарында отырыста айтылған барлық ұсынысты ескерулері қажет», деді М. Әшімбаев.
Елімізде тіркелген алаяқтық қылмыстарының саны азайғанымен, олардың келтірген қаржылық шығындарының мөлшері артқан. Сенатор Геннадий Шиповских өзінің депутаттық сауалында статистика деректерін келтірді. Оның айтуынша, тіркелген алаяқтық саны 15%-ға азайған, ал зардап шеккендердің қаржылай шығыны керісінше 58%-ға көбейіпті.
Депутаттың айтуынша, алаяқтар саннан гөрі «сапаға» әрекет етпекке көшкен. Енді алаяқтар «әр құрбаннан» барынша көп ақша өндірудің жолын іздейтін болған. «Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің статистикалық деректеріне сүйенсек, 2021 жылы республика аумағында 40 402 алаяқтық фактісі тіркеліп, одан 39 671 азамат 120 341 млн теңге көлемінде зардап шеккен. 2022 жылы 42 813 алаяқтық фактісі тіркеліп, одан 42 621 азамат 97 329 млн теңге көлемінде зардап шекті. Ал осы жылғы он айдың өзінде 36 462 алаяқтық фактісі тіркеліп, одан 37 987 азамат 154 110 млн теңге көлемінде зардап шеккен», деп атап өтті сенатор.
Депутат ел банктеріне қатысты бірқатар сын-ескертпе айтты. Сенатордың пікірінше, бүгінгі таңда барлық банк цифрландыруға зор қадам жасады. Десек те, алаяқтардың махинациялық операциялары бүгінгі күні сол банктердің жүйесі арқылы да өтіп жатқаны жасырын емес. Депутатты банктер өздерінің киберқауіпсіздігін неге жақсартпайды деген сұрақ толғандырады. Парламентші осыған байланысты Үкіметке бірқатар ұсыныс айтты.
«Жүздеген адамның қаржысын небір қитұрқы жолмен иеленуге басы жеткен адамның өз мүлкін өз атына жазбасы анық. Осы ретте алаяқтың өз атында мүлкі болмаса, шығын кімнің есебінен өтеледі және оның алгоритмі қалай болмақ? Алаяқтармен күресу жолында құзырлы органдар заманауи тәсілдер мен мемлекеттік толық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, жоғары жұмыс нәтижесін көрсетуі қажет. Елімізде қызмет ететін банктер өзінің тұтынушыларын алаяқтардан қорғау мақсатында жүйені бір қалыпқа келтіріп, киберқауіпсіздікті жаңа дәрежеге көтеруі керек», деді сенатор.
Бекболат Орынбеков өзінің депутаттық сауалында зейнетақы жинақтарын төлеу кезінде жеке табыс салығын (ЖТС) ұстауды жою туралы мәселені қарауды ұсынды. Депутаттың айтуынша, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдеріне қазір 10% жеке табыс салығы салынады. Азаматтар өз жинақтарының бір бөлігін қазір тұрғын үй сатып алу немесе емделу үшін пайдалана алады. Бұл ретте ақша алған кезде бірден немесе зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін ай сайын тең үлеспен салық төлегеннен кейін жүзеге асуы тиіс. Алайда бұл жағдайда адамның қолында қалған ақша мөлшері ең төменгі зейнетақы мөлшерінен де аз немесе одан да аз болуы мүмкін.
«БЖЗҚ-дан жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен арнайы әлеуметтік төлемдер тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделуге ақы төлеу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемін алу кезінде туындайтын кейінге қалдырылған ЖТС сомасына түзетілуге тиіс. Осы түзетудің салдарынан зейнетақы төлемі мөлшерінің едәуір азаю қаупі бар. Ал кейбір жағдайда оның мөлшері ең төменгі зейнетақы мөлшерінен де аз болады. Мұның бәрі зейнетақы төлемдерін алушылар тарапынан әлеуметтік шиеленіс пен наразылықтың туындауына әкелуі мүмкін», деді Б. Орынбеков.
Сенатор осыған байланысты өз ұсынысын жолдады. Олардың бастысы зейнетақы жинағын төлеу кезінде жеке табыс салығын ұстамау болып отыр. «БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемі – зейнеткерлер мен ел халқы үшін әлеуметтік маңызды мәселе, осыған байланысты зейнетақы төлемінен салық түрін ұстап қалу зейнетақы сомасын азайтады, бұл қазіргі нарықтық жағдайда айтарлықтай маңызды мәселе, себебі Зейнетақы қорынан түсетін төлемдер – зейнеткерлер үшін негізгі табыстың бірі. Осыған байланысты болашақ зейнеткерлердің әл-ауқатына оң ықпал ету мақсатында барлық зейнетақы жинағын төлеу кезінде ЖТС ұстап қалуды жою туралы мәселені қарау ұсынылады», деп атап өтті сенатор.
Сенатор Айгүл Қапбарова ішкі көші-қонды дамыту бағдарламаларының тиімділігін арттыру проблемасын көтерді. Депутаттың айтуынша, ауылдың ауыр жағдайына байланысты қала халқы өте тез өсіп барады. Елде урбанизация деңгейі қазір 62%-ды құрап отыр.
Сенатор жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы облысқа көшіп-қону мәселесіне де тоқталды. Депутат қазір экономикалық ұтқырлық сертификатын ұсынудың жаңа тетігі іске қосылғанын, ол бойынша мигранттарға оның құнының 50% мөлшерінде тұрғын үй сатып алу кезінде қаржылай көмек көрсетілетінін атап өтті. Алайда бұл сертификатты барлық мигранттар ала бермейді, өйткені кейбір аймақтарда қаржы жетіспейді.
«Елдің солтүстік өңірлеріне қоныс аударушылардың несиелеріне 12 ай аралығына дейін «несиелік демалыс» беру керек. Ел ішінде жұмыс күші тапшылығы бар өңірлерге азаматтарды қоныс аударуды ынталандыру мақсатында тиісті бейімдеу және интеграциялау орталықтары құрылуға тиіс. Экономикалық ұтқырлық сертификатының мөлшерін қала мен елді мекендегі тұрғын үйлердің нарықтағы баға айырмашылығын ескере отырып белгілеу керек. Шекара маңы өңірлерінде еңбек өтілін есептеу коэффициентін жоғарылатуды енгізу мәселесін зерделеу қажет, бұл еңбекке қабілетті азаматтардың қосымша ағынын тартады», деді сенатор.