Осыдан 7 жыл бұрын, дұрысы 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заң қолданысқа енді. Ондағы мақсат – ауыл шаруашылығы кооперативтері мүшелерінің құқықтық жағдайын, заңды міндеттерін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтері мен олардың қауымдастықтарының құқықтық жағдайын, олардың құрылу қызметі, қайта ұйымдастырылуы және таратылуы тәртібін айқындау.
Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында құрылған кооперативтер коммерциялық ұйым болып есептеледі. Тауар өндіруші ретінде оны өткізу, сату немесе сатып алушы ретінде өз заңды құқықтары бар. Демек өз-өзін қаржыландыру арқылы пайда табуға болатын дербес шаруашылық. Сондай-ақ олар ауыл шаруашылығында өнім өндірудің бірнеше түрімен де айналыса алады. Қазір осы саладағы кооперативтер қызметінің негізгі түрлері – мал мен егін, балық пен құс өнімдерін өндіру және өңдеу болып отыр. Ал оны құру тәртібі кооперативі құрылтай жиналысының шешімімен қаралу көзделген. Кооператив кемінде үш құрылтайшының шешімі бойынша құрылады.
Бірігу табысқа бастай ма?
Мамандардың пікірінше, аталған заң шаруалардың табысын молайтады. Құрылған кооперативтердің мақсаты сол, табыс тауып, сол табысты кооператив мүшелері арасында бөліп беру. Бұған қосымша кооперативтің дамуына үлкен жол ашылмақ.
Бірігуден келер пайда көп екенін шаруалар да мойындайды. Бірақ жеке бас мүддесі аяққа тапталмай ма деп қорқасоқтайды. Ал сарапшылардың сөзінше, ұжымдық шаруашылықтардың көптеген артықшылығы бар. Мысалы, өсімдік шаруашылығында, дақылдарды өсіріп, жинап, оны сатып, қаржыға айналдыруда олардың бәсі жоғары. Дәл қазіргі қымбатшылық жағдайда мұндай іріленген шаруашылықтар әбден қажет. Өкінішке қарай, қазір мұндай майда шаруашылықтардың басын біріктіру тым қиын сияқты.
«Майда шаруашылықтарды ірілендіру, яғни ұжымдастырудың өзіндік мәселелері жетерлік. Менің ойымша, ұжымдастырудан ұтарымыз көп. Себебін айтсақ, бір ірі шаруашылық маусымдық егінді жинау кезінде өз техникасымен жұмысын бастап, уақтылы аяқтайды. Қалған уақытта арнайы орында бос тұрады. Ал майда шаруашылықтарда мұндай көп техника болмауы мүмкін. Сондықтан кейбірінен жалға алып, жұмыстарын жүргізіп жатады. Жалпы, осы ұжымдастырудың белгілі бір тетіктері дұрыс заңдастырылса, бұдан көп пайда көреміз. Қазір шағын қожалықтарда мынадай қорқыныш бар. Олар өздеріне тиісті үлесті ала алмай қаламыз ба деп ойлайды. Бұл жерде тәртіп пен заңдылық қатаң сақталуға тиіс», дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов.
Ғалымның айтуынша, бірігу жетістікке жетелейді. Мысалы, егін шаруашылығында бір зиянкес жәндік немесе тұқымда ауру пайда болса, шағын шаруашылық сол қиыншылықпен бетпе-бет жалғыз өзі күресуіне тура келеді. Ол ойланып, шешім қабылдаймын дегенше кешігуі мүмкін.
«Сондықтан да ұжымдық мәселеде олар барлығын бірге шеше алады. Екіншіден, өнімділік те артады. Техника жаңарту, тауарды сату жағында да кедергілерді бірлесе жеңеді. Сондай-ақ мал бордақылау, жүгері егу, бақша өсіру деген сияқты әртүрлі шаруашылыққа қолайлы елді мекендер бар. Олар бірігіп, ұжымдық шарт жасасып, кооператив құрса, онда көп нәрсе алға жылжиды. Осының ішінде әрқайсысының өз міндеті болуы керек. Мысалы, ұжымдағы бірінші топ тек малды бағып, семіртіп, келесі бір топ оны сату жағымен айналысып, өздеріне жүктелген жұмысты тиімді атқарса ғана нәтиже мен сапа деңгейі арта бермек. Ал қазір көбіне егіс егіп, мал баққан майда қожалықтар өздері өсіріп-бағып, өздері өнімге айналдырып, өздері нарыққа сатылымға шығарып жүргені рас. Ал өзі шағын ғана шаруашылықтың өнімі де аз болатыны белгілі ғой. Ойындағы бағаға да келмей жатуы мүмкін. Ал ірілендірілген шаруашылықтарда өнімге ғана жұмыс істеп, белігілі бір компаниялармен келісімшарт аясында тауарды өз бағасына жөнелтіп отырған жағдайы бар», дейді ол.
Егер мүмкіндік көбейсе...
Кей сарапшылар майда шаруашылықтың да көтерер жүгі бар деп есептейді. Мысалы, бау-бақша, жеміс-жидек өсіретіндер үшін тиімді. Ал 100-200 гектар жерге күріш немесе бидай, сондай-ақ мал азығы дақылдарын егетін мұндай шаруашылықтар үшін қиындық көп кездеседі. Расымен де, 100 гектар егетін шаруашылық та, 1000 гектар егетін серіктестіктің де егіс егуде қолданатын технологиясы бір. Бірақ аз жерге астық сеуіп жүрген ағайынның ірі шаруашылықтармен иық теңестіруі тым қиын. Техника жетімсіздігі, өнім экспорттауға қауқарсыздық сияқты мәселелер жиі туындайды. Екіншіден, жерді ауыстырып егуге де олардың мүмкіндігі жоқ. Жыл сайын бір жерге егіс еге беру – топырақтың тозуына бірден-бір себеп.
«Ауыл шаруашылығы түрлі саладан тұрады. Экономикалық тұрғыда орта шаруашылықтардың мүмкіндігі көп. Майдаланған шаруашылықтардың дамуына мүмкіндік аз. Ауыл шаруашылығы үлкен болса да, кіші болса да ауыл шаруашылығы техникасын пайдалануы қажет. Техниканың қымбаттығы мен майда шаруашылықтардың қаржылық мүмкіндігі – олардың дамуына мүмкіндік бермейтін негізгі фактор. Мысалы, бір шағын шаруашылық шамамен 365 млн теңгеге заманауи комбайн сатып ала ала ма? Әрине, жоқ. Сонымен қатар елге қосымша табыс әкелетін өнім көлемін орта, ірі шаруашылықтар ғана беретінін көріп отырмыз. Дұрысы, ұсақ шаруашылықтардың бірігуіне Үкімет тиімді экономикалық жағдай жасау керек деп санаймын», дейді Қызылорда облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Ерұлан Өмірсеріков.
Ал егінмен қатар мал өсіретін шағын қожалықтардың көбісі «ортақ өгізден оңаша бұзауды» артық көретіндей. Мұнда екіжақты пікір бар. Бірі көз алдындағы төрт түлігін өзі түгендегенді жөн көрсе, енді бірі ұсақ қожалықтар ұжымдаса тірлік етсе, жерді пайдалануға, субсидия алу жағынан мол мүмкіндік болатынын айтады. Тек ұжымдық ереже заңдылықпен бекітілгені жөн.
Мал шаруашылығының ардагерлері де селекциялық жұмыстар мен қымбат асыл тұқымды түлік санын көбейтуде кооперативтің тиімді екенін айтып отыр. Бұған қоса жұқпалы аурулардың алдын алу, емдеу, карантиндік шаралар жасау жеке әрі шағын қожалықтарға тым ауыр. Мәселені тек біріккен жағдайда ғана шеше алады.
«Ауылдағы мал өсіріп отырған 3-4 шағын қожалық біріктіріліп, ұжымдық бірлестік болғаны жақсы-ақ. Бірақ оған алдымен саланы жетік меңгерген білікті басшы керек. Сондай-ақ асыл тұқымды мал басын көбейту, жем-шөп қорын әзірлеуге қажетті техникаларды алу, оған төменгі пайызбен несие қарастыру сияқты қолдауларға Үкімет назар аударса екен. Бұған қосымша тері мен жүн өңдейтін шағын өндіріс цехтары ашылғаны тиімді. Мал басын көбейткенімен, оның өнімін сұрыптайтын кәсіпорындар жоқ болса, басталған іс кері кетеді. Әсіресе ауылдық жерде бордақылау алаңы, сүт өнімдерін өңдейтін шағын кәсіпорын ашуға мемлекет қолайлы жағдай туғызып, сол тауарларды дүкен сөрелеріне дейін жеткізуге мүмкіндік болса, елдегі басы құралған ұжымдық бірлестіктердің де айы оңынан туары анық», дейді Қазақстан ауыл шаруашылығы ардагерлер корпорациясының Құрметті ардагері Жаппарберді Бержанов.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды екенін айтқан болатын. Сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылық иелерінің өзара бірігуін және соған қажетті жағдай жасалуы керектігін атап өтті.
Десек те, елімізде біріккен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны артып келеді. Ұлттық статистика бюросынан алынған мәліметке сүйенсек, былтыр Қазақстанда жұмыс істеп тұрған 3284 кооператив бар екен. Ескеру керек, бұл – былтырғы көрсеткіш. Ең көбі, яғни 794 кооператив Түркістан облысында тіркелген. Одан кейінгі орында Жамбыл (363) және Батыс Қазақстан (270) облыстары. Ең азы Алматы қаласында. Мұнда 7 кооператив қана жұмыс істейді.
Ержан ҚОЖАС,
журналист
Қызылорда облысы