Үйлі болудан үмітті отандастарымызды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуде мемлекеттің сенімді серіктесіне айналған «Отбасы банк» үшін өтіп бара жатқан жыл оңды оқиғаларға толы болды. Құрылған күнінен бастап тұрғын үй саясатын сындарлы жүргізіп келе жатқан банкке биыл кезекті рет тағдыршешті міндеттер жүктеліп отыр. Бұл еліміздегі екі бірдей тарихи оқиғаға орайлас келген: 20 миллионыншы сәбидің дүниеге келуі мен Мемлекет басшысының Ұлттық қорынан балаларға қаражат аударуды қамтамасыз ететін заңға қол қоюы.
Келешекке сенім, елдің дамуына серпін беретін игі бастамалардың нәтижесін уақыт безбендей жатар. Оған дейін жылдың аяқталуына орай, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова банктің қоғамдық кеңесі мүшелерімен кездесіп, көкейкесті мәселелер жөнінде пікір алмасқанына тоқтала кетейік. Өйткені жыл өткен сайын мемлекеттік бағдарламалар арқылы үйлі болуды көздейтін жандардың саны көбейіп келеді, сауалдары да жеткілікті. Бір жағынан банк жетекшілері қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсыныстарына құлақ аса отырып, салымшылардың мүддесіне нақты жұмыс істеп отырған жобалар бар. Оқырман үшін «Отбасы банкке» тұл жетімдер мен мүгедектерді, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған және көпбалалы отбасыларды баспаналы ету тетіктерін жетілдіре түсу аманатталғанын айту ләзім.
Банктің қоғамдық кеңесінің құрамына мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау мен көмек көрсетудің тұрақты дамуы жөніндегі «Бақытты шаңырақ» қайырымдылық қорының жетекшісі, Біріккен риэлторлар қауымдастығы президентінің кеңесшісі, риэлтор-сарапшы, стратегиялық коммуникациялар жөніндегі сарапшы, журналистер, блогерлер және әлеуметтік белсенділер бар. Бұл жолғы жиынға сарапшы ретінде «Үндемей қойма, жетім» қоғамдық қорының бірінші жетекшісі Руслан Тұрысбеков те шақырылды. Ол Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына жетім балаларды қосу мәселесін сөз етті.
Сондай-ақ банктің басқарма төрағасы баспана кезегінде тұрғандар саны жыл сайын артып келе жатқанын, мемлекеттік бағдарламалардың шарттары өзгеріп жатқанын, банк жаңа жобаларды енгізіп жатқанын, сондықтан халықпен ашық қарым-қатынас орнатып, ақпаратты уақтылы жеткізіп отыру үшін қоғамдық кеңеспен тығыз байланыста болуға мүдделі екенін атап өтті.
Банк басшысы қоғамдық кеңес мүшелеріне алдымен ипотекалық несиелеу нарығындағы сыртқы және ішкі талаптарға берілген баға есебін баяндады. Жоғарыда атап өткендей, өтіп бара жатқан жылда айтарлықтай өзгеріс жоқ. Жалпы, ипотекалық нарықтағы «Отбасы банктің» үлесі 56% болса, бұл – 3 трлн 148 млрд теңге.
Л.Ибрагимованың айтуынша, 2023 жылдың 1 желтоқсанына дейін 874 млрд теңге көлемінде несие берілсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20-25%-ға аз және мұның мақсатты түрді жасалып жатқанын айта кету керек, өйткені елдің қаражат жинап үйренгені жөн. Ендігі жерде жұрт ипотека алуға қажетті соманың 50%-ын құйып, ертесіне заем ала алмайды. Демек, бұдан былай тұрғын үй жинағы белгілі мерзімде жинақталып, депозит шотта жатуға тиіс. Қазір салымшылардың көпшілігі талаптың өзгергенінен хабардар және оған деген көзқарасы да дұрыс.
Банктің қаржылық көрсеткіштері де көңілден шығады. Бүгінде «Отбасы банк» барлық банк арасында алғашқы үштіктің ішінде, яғни барлық коэффициент Ұлттық банктің нормативтерінен бірнеше есе асып түседі. Осы арада «Отбасы банкті» басқа банктерден даралайтын және ерекше қуантатыны – банктің активтер портфеліндегі ипотекалық несиелердің үлесі ең жоғары болғанына қарамастан, банк секторында мерзімі 90 күннен асқан, уақтылы төленбеген қайтарымсыз қарыздар көлемі бойынша ең төмен көрсеткішке ие екеніне тоқтала кеткен жөн. Өзге екінші деңгейлі банктермен салыстыратын болсақ, бұл көрсеткіш «Отбасы банкінде» 36,5 есе төмен.
Биыл банктің Алматы және Ұлытау облыстарында жаңа бөлімшелері ашылды. Бүкіл елде қаржы құрылымының 124 кеңес беру орталығы бар. Өйткені «Отбасы банк» клиенттерінің арасында жүзбе-жүз кеңес алғанды қолайлы көретін отандастарымыз жетерлік. Бұған қоса салымшылардың «Отбасы банкті» таңдауының да өзіндік сыры бар. Жұрт үйлі болу үшін қаражат жинақтай отырып, мемлекет тарапынан жыл сайын берілетін сыйақы есебінен ақшасын еселеп отырғанын түсінеді.
Дегенмен халықты баспанамен қамтамасыз ету көрсеткіші аса көңіл көншітпейді, пәтерлер бұрынғыдай бүкіл елдегі әрбір23,4 адамның біреуіне бұйырып тұр. Мұны демографиямен байланыстыру қажет. Айтқандай, «Отбасы банк» биыл 20 миллионыншы болып дүниеге келген бес бірдей сәбиге банкте депозит ашу үшін 2 млн теңгеден берді.
– Біздіңше, алдағы жылдары да салымшылардың саны көбейе қоймайды. Егер «Отбасы банкте» еліміздің экономикалық тұрғыда белсенді 10 млн тұрғынның 2,5 миллионы салымшы болса, оның әрбір үшінші адамы – Қаржы құрылымының клиенті деген сөз. 2023 жылы Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі жоғары болды және біз бос қаражатымызды тек Ұлттық банктің ноталары мен мемлекеттік бағалы қағаздарға орналастырдық. Осы арқылы алғаш рет 100 млрд теңгелік межені бағындырдық. Биылғы қаңтар-қараша айларындағы таза пайда 139 млрд теңгеге жетті. Жыл соңына дейін пайда 148 млрд теңгеге дейін артады деп жоспарлап отырмыз, – дейді «Отбасы банк» басшысы.
Банк басшысы биыл банктің мақсатты топтары қиындықтармен бетпе-бет келгенін жасырмайды. Қысқасы, халықтың төлем қабілеті 10%-ға төмендегенін айта келе: «Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жалақысы 250 мың теңге немесе одан да төмен адамдар табыстарының 50%-дан астамын тамаққа жұмсайтынын алға тартып отыр. Біз мұны кәдімгідей сезіндік. Биыл алғаш рет тұрғын үй құрылыс жинақ келісімшарттары бойынша ақша ағыны 2022 жылға қарағанда төмен болды», дейді.
Дегенмен «Отбасы банк» «Дипломмен – ауылға!» жобасында да мемлекеттің сенімді агенті екенін кезекті рет дәлелдеді. «Ұмай» бағдарламасы бойынша да 3 500 әйел адам үйлі болды. Банк жастар бағдарламары бойынша әкімдіктермен ғана емес, моноқалалармен де жұмыс істеуге көшті.
Ал Жаңа жылдан бастап жүзеге аса бастайтын «Ұлттық қор – балаларға» жобасының маңызы орасан. Мемлекет балалардың келешекте білім алып, үйлі болуы үшін қолдау көрсетуді көздеп отыр. Ал жобаның операторы – «Отбасы банк» осы беттен бағдарламаны ауқымды түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыр.
Қорыта айтқанда, биыл «Отбасы банк» 62 300 займ берсе, жыл соңына дейін бұл сан 70 мың займға жетіп қалуға тиіс деген жоспар бар. Дегенмен бұл 2021 және 2022 жылдармен салыстырғанда 10-12%-ға аз. Себебі «Отбасы банктің» жинақтау саясаты өзгерді, мемлекет тарапынан да талаптар күшейді.
Сондай-ақ қоғамдық кеңестің кезекті отырысы барысында осыдан бірнеше жыл бұрын отандастарымыздың бір бөлігі біржолғы зейнетақы төлемдерін «Отбасы банкіндегі» депозитке аударғаны туралы сөз қозғалды. Алайда бар болғаны үш жыл аясында салымшылар баспана алуға қажетті соманы жинақтап үлгермейтіндіктен, Үкіметке оның мерзімін 7 жылға дейін ұзарту мәселесі ұсынылғаны талқыланды. Осы мәселеде үш мемлекеттік орган үш жылда кәдеге аспаған депозитті БЖЗҚ-ға қайтаруды қолдаса, екі құзырлы мекеме бұған қарсы. Сондықтан «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова бұл әлі де пысықтауды қажет ете түсетін сауал болғандықтан, қоғамдық кеңес мүшелерімен осы мәселені холдинг отырысында көтеруге уағдаласты.
АЛМАТЫ