• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қаржы 28 Желтоқсан, 2023

Қаржылық сауаттылық деңгейіміз – 40%

228 рет
көрсетілді

Ширек ғасырдан бері әлемдік қауымдастық қаржылық сауатсыздықпен күресу ісіне ерекше ден қойып келеді. Бұл іске біздің еліміздің көрші мемлекеттер арасында алғашқылардың бірі болып кіріскені бар. Халықтың инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын көтеруге арналған мемлекеттік бағдарлама да қабылданды. Бүгіндері отбасы бюджетін жүргізудің қажеттілігі, кіріс-шығысты реттеу, банктерден қалай тиімді несие алуға болатындығы, халықтың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша оқыту курстары әр өңірде жүргізіліп жатыр. 

Жалпы, халықты қаржылық сауаттандыру туралы 2020 жылғы 3 ақпандағы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бағалы қағаздар нарығында банктік, өзге де операциялар мен қыз­мет­терді жүргізуге №1.2.47/230/38/1 лицензиясы берілген болатын. Қазіргі таңда еліміздің біраз қаласында интернет дүкендер ашылып, сауаттылықты арттыратын «Е-коммерс» орталықтары жұмыс істейді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі елдегі қаржылық сауаттылық деңгейі әзірге 40 пайыз көлемінде екенін, келер жылы бұл көрсеткіштің одан әрі өсетіндігіне сенім артып отыр. Агенттік талдамасында­ қара­жат­ты басқару деңгейі жоғары өңірлер арасынан Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Түркістан облыс­та­рын атаса, қалған өңірлерді орташа деңгейге жатқызған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған алдың­ғы Жолдауында «Қарызсыз қоғам»­ жобасының тиімділігін, оның игілі­гін­ бүкіл еліміз көруі үшін ауқымын кеңей­туді тапсырған болатын.

Бүгінде мемлекеттік органдар­ «Ama­nat»­ партиясы мен Halyk bank-тің­ «Қарыз­­сыз қоғам» білім беру жоба­сы­н­ың ­ау­қы­­мын кеңейту жөнінде Жол карта­сын бе­кітті. «Қарызсыз қоғам» жоба­лық ке­ңсесінің басшысы Ақмарал Бек­мұр­зае­ва жобаны іске асыру барысы ел аза­мат­тарының шынайы қаржылық жағ­да­йын көрсетеді деп есептейді. Банк­тер­дің не­сиелік өнімдерінің жаппай жар­на­ма­ла­нуы халықтың қарызға батуы­на­ әкеліп соқтыратынын, өйткені қар­жы­лық сауаттылығы төмен адамдар банк­­тердің артық төлем сомасын нақты түсін­­бестен несие ала беретінін айтады.

Ал кредиттік бюроның ресми сай­тын­дағы мәліметке сәйкес 7,5 миллион­нан астам адам қарыздан құтыла алмай отыр. Бұл елдегі экономикалық белсенді халықтың 77 пайызын құрайды екен. Осы ретте 1,5 млн адам ағымдағы қарыздар бойынша төлемдерді 90 және одан да көп күнге кешіктірген. Мәселені түбегейлі шешудегі алғашқы қадамдардың бірі мамыр айынан бастап еліміздің 8 өңірінде «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша 50 000 адам қаржылық сауаттылыққа білімін жетілдірген. Жоба сарапшылары қаржылық сауаттылықтың негіздері туралы айтып қана қоймай, отбасылық бюджетті жоспарлауға үйретеді. Кеңес­тер беріп, қолда бар қарыздарды қайта құры­лымдауға көмектеседі, ал кейбір жағ­дайларда банкроттық рәсімін заңд­ы түрде сүйемелдейді. Жобаны ұйым­дас­ты­рушылар барлық өңірде халықпен кездесулерін жалғастырып келеді.

Бұған қоса, таяуда ғана Алматы қала­сын­да Alma U Халықаралық бизнес уни­верситетінің жанындағы Qaynar Bulak Partners Hub қоғамдық кеңесінде Еура­зиялық инвестициялық және қаржылық кеңес­шілер қауымдастығы (EAIFA) ұйым­­дастырған «ALMA Fin-2023» қар­жы­­лық сауаттылық апталығы дәлел бола алады. Қатысуға ниет білдіргендер танымал сарап­шы­лардың жеке қаржыға қатысты дәрістерін тыңдап, әлемдегі ақша айналымы жөнінен де мағлұмат алды.

«Өткізілген іс-шарада белгілі жеті са­рап­шы өзекті жеті тақырыпты қам­ты­ды. Ал бүгінде біз қоғамымыздың қар­жы­лық сауаттылығын нығайтуға елеу­лі үлес қоса алатын мамандар мен са­рап­шылар қауымдастығын құру­да­мыз. Жоспарларымыз да жоқ емес. Дұ­рыс қаржылық әдеттерді қалып­тас­тыру, қаржылық әл-ауқатты арттыру мүм­кін­дік­тері туралы сенімді әрі тәжіри­бе­лік ақпарат хабын құруға мүдделі бар­лық адамды жобаға қосылуға шақы­ра­мыз», дейді Ермек Рүстембекұлы, Еура­зия­лық инвестициялық және қар­жы­лық кеңес­шілер қауымдастығы кеңесінің төрағасы.

Тікелей жүргізілген аудиториядағы ­тыңдаушылардан өзге, Қостанай, Орал, Семей, Астана, Жаңаөзен, Шымкент, Аты­рау, Ақтау және Құлсары сияқ­ты­ қалалардан, сонымен қатар Қыр­ғыз­станнан қатысушылар дәрістерге онлайн қосылды. Қаржылық сауат­ты­лық мәселесі барлық санаттағы адамдар үшін өзекті болғандықтан, тыңдаушылар арасында студенттер де, кәсіпкерлер де, зейнеткерлер де, жұмыс істейтін қала тұрғындары да болды. Қаржылық сауаттылық апталығында біліктілігі жоғары спикерлер теориялық жағынан өте жоғары деңгейде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тәжірибелік негізде жаттығулар өткізді.

Мемлекеттік реттеуші еліміздегі қаржылық қызметтердің қолжетімділік дең­гейін арттырудағы атқарылып жатқан істер жөнінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қаржы­лық қызметтері тұтынушылардың құқық­та­рын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев, Ұлттық банк пен Ұлттық төлем корпорациясы «Цифрлық теңге» жобасының жетекшісі Дина Балкина отандық валютаның жаңа нысаны – цифрлық теңге жайында, жеке қаржы жағдайын жақсартуды қалай жоспарлау қажеттігі турасында IPSUM Finance инвестициялық бути­гінің басқарушы серіктесі Данияр Құрма­шев, ал Eaifa кеңесінің мүшесі және қаржылық сауаттылықты дамыту орталығының басшысы Жанар Таланова зейнетақы төлемдерін ерте кезеңнен бастау қажеттілігі тұрғысында, оның маңыздылығын сенімді түрде жеткізді. Сондай-ақ Қаржылық сауаттылық мек­тебінің меңгерушісі Ақжүніс Брусилова қарыз­дан құтылудың жолдары тақыры­бын­да тәжірибелік кеңестер берді.

EAIFA кеңесінің төрағасы Ермек Рүстембекұлының жеке қаржылық жос­парлау дәрісі қатысушыларға аса қызы­ғу­шылық танытқаны бар. Өз презентациясында сарапшы әр жанның адами капиталының құны, оның дамуы қандай заңдар мен ережелерге сүйенетіндігі, жеке және отбасылық қаржылық әл-ауқаттың негізін қалау, қаржылық мақсаттарға сенімді түрде жету үшін жоспарлаудың басты негізіне назар аудару керектігін атап өтті. «Астана» халықаралық қаржы орталығы Исламдық қаржыландыру және бизнес хабының басшысы Мәдина Тұқұлова өз кезегінде тиімділіктің уақытпен тексерілгені және қолжетімділігі баршаға ашық исламдық қаржыландыру құралынан сезіктенбеуге шақырды.

«Мен бүгін ALMA U сайтына кел­ге­­ні­ме қуаныштымын. Қаржылық сауат­ты­­­лыққа байланысты біраз жағ­даяттан ха­­бар­­дар болдым. Мұнда сарап­шылар қара­­­пайым ақпарат беріп жатқан­дай көрін­­ген­мен, өте маңызды пікірлер ай­тыл­­­ды», дей­ді қаржы саласының маманы Сәу­ле Батырбекқызы. Қаржылық сауат­ты­­­лық­қа­ байланысты сарапшылар әр адам өз бюд­же­тін жоспарлау аса маңыз­ды деп са­найды.

Сонымен қаржылық сауаттылық апталығы EAIFA мен ALMA U уни­вер­си­теті арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл аясында меморандумға қол қоюмен тәмамдалды. Екі тарап та елімізде қаржылық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бағдарламаны дамытуға және оны ілгерілетуге уағдаласты. Осы­­лайша, Qarzhy Bulak қаржылық ден­сау­лық клубының жұмысы ресми түрде бас­талып, алдағы уақытта тұрақты әрі жос­парлы негізде жүргізіледі.

«Аталған клуб аясында біз қаржылық сауаттылық және инвестициялық мәдениет саласында дәлелденген, білікті сарапшыларды ұсынуды, отандастарымыздың қаржылық денсаулығын нығайтуға оң әсер ететін түрлі қоғамдық іс-шараны ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ең бастысы, мұндай кездесулер тұрақ­ты негізде әрі тегін өткізіледі», дейді Е.Рүстембекұлы.

Alma U университетінің ректоры­ Гүл­нар Күренкеева өзі жетекшілік етіп отырған білім ордасында осындай халық­тың­ қаржылық сауаттылығын арттыруда инвестициялар мен қаржылық кеңес­ші­лер қауымдастығымен серік­тес­тігі секілді қызметтің жаңа өлшеміне ие бо­лып­ отырғанын, мұндай қаржылық ден­сау­лық клубын іске қосудың мақ­саты жеке қаржыны сауатты басқару үшін тиісті ағартушылық ақпаратты жаппай таратуды қамтамасыз етіп, аза­мат­­тардың қаржылық сауат­ты­лығы тұр­ғысынан тегін білім алуына және кәсі­би қоғамдастықпен өзара іс-қи­мыл­ тәжірибесін басқа да мүдделі алаңдарға айналдыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.