Жыл басының өзгерістермен басталуы қашаннан дағдылы әдетке айналды. Бюджет есептеледі, мемлекеттік төлем көрсеткіштері өзгереді, соған сәйкес экономикалық, қаржылық межелер белгіленеді.
Жеткіліктілік шегі
2024 жылға арналған зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегінің мөлшері бұрынғы деңгейде қалды. Әлеуметтік кодекске сәйкес, «БЖЗҚ» АҚ жыл сайын келесі қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң ресми жарияланғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей, бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ өзінің интернет-ресурсында алдағы жылға есептелген зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілігі шегін (ТЖШ) жариялауға міндетті.
ТЖШ – бұл ай сайынғы зейнетақының мөлшерін ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес деңгейде қамтамасыз етуге қажетті зейнетақы жинақтарының (міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған) ең төменгі мөлшері. Басқаша айтқанда, ең төменгі жеткіліктілік шегі – бұл салымшының зейнет жасына жеткенде ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес зейнетақы төлемдерін (ең төменгі базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) алуы үшін шотта қалуға тиіс ең төменгі көрсеткіш.
Базалық пайыздық мөлшерлеме
Ұлттық банктің инфляциямен күрестегі жалқы қаруы болып саналатын базалық пайыздық мөлшерлемесінің қазіргі деңгейі – 15,75 пайыз. Ендігі шешім қаңтардың соңына таман жарияланады.
Биыл Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешімді 8 рет жария етеді. Оның төртеуі болжамды раунд нәтижелерінің негізінде қабылданады. Биыл базалық мөлшерлемеге қатысты шешімдердің барлығы аптаның соңғы күндеріне сәйкес келіп тұр. Нақтылап айтқанда базалық мөлшерлеме күнтізбесі былай қалыптастырылды:
19 қаңтар; • 12 шілде; 23 ақпан; • 29 тамыз; 12 сәуір; • 11 қазан; 31 мамыр; • 29 қараша.
Бірыңғай жиынтық төлем:
азаматтар 2024 жылы не істейді?
Осыған дейін бір жыл ішіндегі кірісі 4,1 млн теңгеден (1175 АЕК) аспаған, жеке тұлғаларға ғана қызмет көрсеткен азаматтар үшін бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізілген болатын. БЖТ 5 жылға (2019 жылдан 2023 жылға дейін) уақытша енгізілген және оны қолдану кезеңі 2023 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады.
Осыған байланысты, БЖТ төлейтін азаматтар 2024 жылдан бастап жеке кәсіпкер болып, тиісті салық режімін таңдауы тиіс. Мұндай азаматтар үшін ең қолайлысы «E-Salyq Вusiness» арнаулы мобильді қосымшасын пайдалана отырып жүзеге асыратын арнайы салық режімі болып саналады.
Бұл режімнің ыңғайлылығы мынада: жеке кәсіпкер ретінде тіркеу салық органдарына бармай-ақ «E-Salyq Вusiness» арнаулы мобильді қосымшасы арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар мобильді қосымша алынған кірістердің есебін автоматты түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Оған қоса мобильді қосымша арқылы бақылау-касса машинасының (БКМ) чегін алмастыратын мобильді қосымша чегі беріледі, тиісінше БКМ сатып алудың қажеті болмайды.
Кәсіпкерге кедергі жоқ
2024 жылы бизнесті тексеруге жарияланған мораторий созылмайтын болды. Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, шағын және орта бизнес үшін қолайлы орта қалыптастыру – басты міндет.
«Біз бизнес қауымдастықпен бірлесіп, кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін шектен тыс талаптарды анықтау бойынша үлкен жұмыс атқардық. Нәтижесінде, 10 мыңнан астам негізсіз талапты анықтадық. Бүгінде оның 9 мыңының күші жойылды. Қалғаны келер жылдың басында Парламентте тиісті заң қабылданғаннан кейін алынып тасталады. Тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру бойынша да жұмыстар жүргізілді. Бұл адами факторды жоя отырып, тексерулерді жоспарлауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, олардың саны 2 есе қысқарады. Жалпы, заңға бағынатын кәсіпкерлерге әкімшілік қысым азаяды. Осылайша, мораторий аяқталғаннан кейін елде жаппай тексерулер болмауы керек. Адал кәсіпкерлердің алаңдауына еш негіз жоқ», дейді.
Қазіргі уақытта шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі ІЖӨ-нің 36,5 пайызына дейін өсті. Биылдың өзінде бұл секторда жұмыспен қамтылғандар саны 500 мыңға артып, 4,3 млн адамға жетті. Өсу қарқыны шамамен 14 пайызды құрады.