Биыл жалпыға бірдей декларациялау жөніндегі науқанның үшінші кезеңі басталды. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке декларацияны кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынады. Науқанға шамамен тағы 4 млн-ға жуық адам қатысады деп жоспарланып отыр. Азаматтардың қалған санаты 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап тапсырады. Осылайша, 2025 жылы 13 миллионнан астам декларация рәсімдейді деп күтіледі.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтың айтуынша, декларацияның ресми атауы – 250.00 форма. Бір жылдан кейін, яғни 2025 жылы бұл форма орнына кәсіпкерлерге кірістер мен мүлік туралы декларацияны – 270.00-форманы тапсыру керек болады.
Декларацияда Қазақстан Республикасындағы және шетелдегі барлық мүлік көрсетілуге тиіс. Атап айтқанда, бағалы қағаздар, цифрлық активтер, үлестік қатысу шарттары, 10 мың айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 34,5 млн теңге шегіндегі қолма-қол ақша, сондай-ақ шетелдегі жылжымайтын мүлік пен автокөлік құралдары.
Айта кетейік, елімізде декларациялау 2021 жылы басталды. Оның түпкілікті мақсаты – жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетіктерін құру. Сондай-ақ әділ салық салуды қамтамасыз ету мен әлеуметтік саясатты жетілдіру көзделген. Соның арқасында сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету жоспарда бар. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап «кіріспе» декларациясын шамамен 580 мың жеке тұлға тапсырған. Екінші кезеңде, бұл көрсеткіш 2,1 миллион адамды құрады.
Декларацияны бірінші рет ұсынбаған жеке тұлға ескерту алады. Ал келесі жылы тапсырмағандарға 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Декларацияда толық емес немесе бірінші ретте анық емес мәліметтерді ұсынғаны үшін ескерту жарияланады. Бір жыл ішінде шартты қайталап бұзғандар 3 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды.
Өндірістік емес төлемдер, жеке тұлғалар және арнаулы салық режімдерін әкімшілендіру департаменті басқармасының басшысы Дина Құсайынованың айтуынша, декларацияны жеке кәсіпкерлер, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың заңды тұлғаларының басшылары, соның ішінде директорлар кеңесінің төрағалары, заңды тұлғаның алқалы басқару органының бірінші басшылары, жеке басшылар, тұрғын үй/саяжай кооперативтерінің төрағалары, заңды тұлғалардың құрылтайшылары мен қатысушылары тапсыруға міндетті. Филиалдар мен өкілдіктердің басшылары, тұрғын үй/саяжай кооперативтерінің мүшелері және діни бірлестіктердің бастамашы-азаматтары мұндай декларацияны тапсыруға міндеттелмейді.
«Бұл талаптар жұмыс істемейтін және уақытша тоқтатылған кәсіпорындарға да қолданылады. Сондықтан болашақта кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғысы келмейтін кәсіпкерлерге жыл соңына дейін жұмыс істемей тұрған жеке кәсіпкерлікті жабуды ұсынамыз. Ал заңды тұлғалардың жыл соңына дейін таратуға уақыты болмайды, сондықтан олар міндетті түрде декларация тапсыруға мәжбүр болады», деген болатын Дина Құсайынова.
Маман бағалы қағаздар, цифрлық активтер, үлестік қатысу шарттары, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, 34,5 млн теңге (10 мың АЕК) шегіндегі қолма-қол ақша, нотариалды куәландырылған қарыз шарттарынан бөлек, құны 3,4 млн теңгеден асатын мүліктердің де (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар) жалпыға бірдей декларациялауға жататынын айтты.
«Декларацияны «e-salyqazamat», «салық төлеуші кабинеті», «электрондық үкімет» мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады. Сондай-ақ бүгінгі күні екінші деңгейлі банктердің қосымшаларында декларацияны тапсыру функциялары іске қосылды. Декларацияны қағаз түрінде де, электронды түрде де 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыру қажет. Құжат тұрғылықты жеріне байланысты жіберіледі», дейді Мемлекеттік кірістер комитеті өндірістік емес төлемдерді, жеке тұлғаларды және арнайы салық режімдерін әкімшілендіру департаментінің директоры Нұржан Қуандықов.
Мемлекеттік кірістер органдары декларациялардағы көрсетілген деректердің дұрыстығын 2026 жылы ғана тексере алады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, салық кодексінде тәуекелдің үш дәрежесін қарастыратын камералдық бақылау бар. Олар: төмен, орташа және жоғары тәуекел. Төмен дәрежелі тәуекел үшін ештеңе болмайды. Тәуекел дәрежесі орташа бұзушылықтар бойынша хабарлама беріледі. Тәуекел дәрежесі жоғары бұзушылықтарға хабархат жіберіледі.
Бұған дейін өткізілген декларациялаудың екі кезеңі мемлекеттік қызметшілер мен теңестірілген тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен жұбайларына қатысты болды. Оның аясында барлығы 2,6 млн адам қамтылды.