• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Мектеп 03 Қаңтар, 2024

Қанатқақты жобаның қарқыны

194 рет
көрсетілді

Өткен жылдың басында «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жо­баны бекіту туралы» Үкімет қау­лысы күшіне енген еді. Бұл – білім саласындағы мәселелердің жүгін жеңілдететін бірегей жоба. Үш жылға межеленген жобаның алғашқы жылы қалай аяқталды? Зерделеп көрдік.

Жаңа оқу жылы басталысымен мек­тептегі орын тапшылығы мәселесі алдымыздан қайта айналып шыға береді. Қала берді апаттық жағдайда жұмыс істеп тұрған қаншама мектеп бар. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елімізде 7 550 жалпы білім беру мекемесі бар, оның ішінде 52 мектеп – апаттық жағдайда, 300-ден астамы заманауи талаптарға сай келмейді. Ал 2022 жылы оқушы орындарының тапшылығы 270 мың орынды, оның ішінде қалада – 174 мың орынды, ауылда 96 мың орынды құраған. 2021-2022 оқу жылында үш ауысымды мектеп саны 169-ға жетсе, өткен оқу жылында 143 мектепке тең болды. Енді осы мәселелердің ұтымды шешімі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы болып отыр.

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан қанатқақты жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін бүкіл ел бойынша 369 орта білім беру нысаны салынады. «Samruk-Kazyna Construction» тапсырысы бойынша 2024 жылы 208 мектеп, 2025 жылы 151 мектеп пайдалануға беріледі. 10 мектеп жергілікті атқарушы органдардың тапсырысы бойынша, оның ішінде 1 мектеп мемлекет-жекеменшік әріптестік, ал 9-ы да­йын нысанды тауар ретінде сатып алу әдісімен салынбақ. Қаулы бойынша 2026 жылға дейін қалаларда және ауылдық елді мекендерде оқушы орындарының тапшылығын азайту үшін кемінде 740 мың (екі ауысымда оқыту үшін) жаңа оқушы орнын пайдалануға беру қажет. Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 2,38 трлн теңге, оның ішінде 2023 жылға – 499,9 млрд теңге, 2024 жылға – 976,3 млрд теңге, 2025 жылға 909,4 млрд теңге қарастырылған. 2024 жылы қолданысқа берілетін 208 мектептің мердігерлері толық анықталып, құрылыс жұмыстары мен оған әзірлік бас­талып кетті.

Білім беру инфрақұрылымын дамыту жоспарына сәйкес, Астана қаласында 23 мектеп салу көзделген. Оның ішінде 22 мектеп 2024 жылы пайдалануға беріледі, 1 мектепті жергілікті атқарушы орган тауар ретінде сатып алу тетігі арқылы салатын болады. Алматы қаласында 3 жылдың ішінде 37,1 мың оқушыға арналған 22 жайлы мектеп тұрғызылады. Оның ішінде 8 оқу орны дайын нысанды сатып алу тетігі арқылы, ал 1 мектеп мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылады. Абай облысында былтыр 5 жайлы мектептің мердігерлері анықталып, жоспарлы жұмыстар басталған. Білім ордалары 2024 жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі. 2025 жылы тағы 6 мектеп ашылады. Жоба аясында өңірде 5,7 мың оқушыны қамтитын 11 орта білім беру нысаны салынады. Шығыс Қазақстан облысында 10 мектеп салу жоспарда бар. Мердігерлері анықталып, құрылыс жұмыстары басталған 7 мектеп 2024 жылы оқушыларды қабылдауға беріледі. Ал 2025 жылы 3 мектептің құрылысы аяқталады. Алматы облысында 63 мектеп салу жоспарланған. Оның 90 пайыздан астамы ауылдық жерлерге тиесілі (57 мектеп). 2023 жылы 28 мектептің, 2024 жылы 35 мектептің құрылысы бас­талады.

Павлодар облысында 5 орта білім бе­ру нысанының құрылысы жоспар­лан­ған. 2 жайлы мектеп 2024 жылдың, 3 мек­теп 2025 жылдың соңына дейін салынады. Нәтижесінде, облыс бойын­ша 5,4 мың қосымша оқушы орны құры­лады. 1 800 орын 2024 жылдың соңына дейін ашылады. Жамбыл өңірінде бар­лығы 12 білім беру нысанының құры­лысы жоспарланған. 7 мектеп 2024 жыл­дың соңына дейін есігін айқара ашпақ. Барлық нысанның мердігерлері анық­талды. Олар келісімшарттарға қол қойып, алдын ала төлем алып, жұмысты биыл бастап кеткен. Қызылорда облысында 21 мектеп салу жоспарланды. Оның 11-і – ауылдық жерлерде. Қазіргі таңда 10 мектептің құрылысы жүріп жатыр. 2024 жылы мердігерлер қалған 11 мектепті салуға кіріседі. Шымкент қаласында жоба аясында 25 мектеп салу жоспарланған. 12 мектептің құрылысы басталды. Биыл 13 мектептің іргесі қаланады.

Ақмола облысында 2023-2025 жылдары 18 мектеп салу көзделген. Жоспар бойынша 9 мек­­теп 2024 жыл­дың соныңа дейін қол­­да­нысқа тап­сырылмақ. Түркістан облысын­да бір ауысымда 49 мың орынға шақтал­ған (екі ауысымда 98 мың орын) жаңа фор­маттағы 63 білім ошағы салынады. Бұл аймақ салынып жатқан мектептер саны бойынша көш бастап тұр. Өйткені облыста халық тығыз орналасқандықтан оқушы орындары тапшы. Мұнда жоспар­ланған 63 мектептің 29-ы 2024 жылы пайдалануға беріледі. Ал 2025 жылы 34 мектеп қолданысқа беріледі.

Қарағанды өңірінде 18 мектеп салынады. Құрылысы басталған 10 жайлы мектеп 2024 жылы пайдалануға берілуге тиіс. Қалған 8 мектеп 2025 жылдың еншісінде. Нәтижесінде, облыс бойынша 12,5 мың қосымша орын ашылады. Атырау облысында ұлттық жоба аясын­да салынатын 12 мектептің 9-ының құ­ры­лысы былтыр басталды. Олар келесі оқу жы­лында оқушыларға есігін айқара ашуға тиіс. Батыс Қазақстан облысы бойын­­ша 18 мектептің (12 – қалада, 6 – ауылда) жобасы жоспарланды. 9 мектептің құрылысын бастауға республикалық бюджеттен 17,9 млрд теңге бөлінген. Ақтөбе өңірінде 20 мектеп салынады. 14 мектеп 2024 жылы, 6 мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі.

Өкінішке қарай «Жайлы мектеп» жобасы аясында былтыр қиындық­тар кездесті. Мектеп салатын жер учаске­леріне, құрылыс жұмыстарына, мектеп жабдық­тары мен қаржының орынды жұмсалуына қатысты біршама сұ­рақ туындаған еді. Мысалы, «Samruk-Kazyna Construction» маман­да­ры жайлы мектептердің жо­балық-сме­талық құжаттамасын тексеру ке­зінде жемқор­лық жағдайларын анық­та­ған. Сондай-ақ кейбір өңірдегі мердігерлер құрылыс жұмыстарын жүргізуде жайбасарлық танытқан. Бұл ретте «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов кез келген қитұрқы әрекет жауапсыз қалмайды, барлық жағ­дай бақылауда болады, жоспар уақы­тында орындалады деп сендіріп отыр. 

Ал мектеп жиһаздарына қатысты мәселеге нүкте қойылды. «Жайлы мектеп» 100 пайыз отандық өнім болады. Яғни мектеп жиһаздары отандық тауар өндірушілердің тізімінде тіркел­ген әрі тиісті сертификаты бар жеке және заңды тұлғалардан сатып алынады. Оған қойылатын талаптар «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақстан жиһаз өндірушілер қауым­дастығы өкілдерімен бірлесіп ке­лі­сілген. Шетелдік жиһаз өнімде­рін сатып алуға нарықта отандық тауар өндірушілер шығаратын жиһаз өнім­­­дерінің қажетті түрлері болмаған жағ­­дайда ғана жол беріледі. Нарықта отан­дық тауар өндірушілердің жиһаз өнім­дерінің болмауы Өнәркәсіп және сауда министрлігімен расталуы керек. Ал өндірушілерде «Жайлы мектеп» жобасына қатысу үшін міндетті түрде отандық өнім мәртебесін растайтын «СТ-KZ» және/немесе индус­триалды сертификаты болуы керек. Сондай-ақ құрылыс материалдарын, жиһаз, инженерлік және технологиялық құрылғыларды шығарумен айналысатын отандық кәсіпорындарға өз өнімдерін Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты құратын сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогіне енгізу көзделген.