• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Пікір 03 Қаңтар, 2024

Заңсыздыққа қарсылық – қағидатты қоғамның міндеті

183 рет
көрсетілді

Президент сұхбатында қасіретті Қаңтар оқиғасына қатысты: «...ол кездегі ахуал өте күрделі болды, еліміз құрдымға кетуге шақ қалды. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең бас­ты міндет еді», дейді.

Сонымен қоса, ел адам­дары­ның бекем бірлігінің және барлық деңгейдегі билік өкіл­дерінің батыл іс-әрекетінің арқасында алапат апаттың бетін қайтарып, елдегі ахуалды тұрақтандыра алғанына да тоқталды.

Қ.Тоқаев «Мемлекеттің бас­ты міндетінің бірі – заңның мүл­тік­сіз орындалуын, тәртіптің қатаң сақталуын толық қамта­масыз ету. Сондықтан заң бұзған кез келген адам жауапқа тартылады. Ал заң мен тәртіпті сақтау мәселесіне азаматтардың идеологиялық ұстанымы мен саяси көзқарасының еш қатысы жоқ. Заң бәріне ортақ» екенін де ерекше атады. Соның ішінде отбасылық-тұрмыстық зорлық зомбылыққа, қатыгездікке қатысты әрекеттерге де мүлдем төзбеушілік танытатын кез келгенін тағы да ескертті. Осы­лайша, Президент «Мен елі­мізде «заң мен тәртіп» қағи­датының орныға түскенін қалаймын. Сондықтан нақты жауап берейін, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын. Сонымен қатар қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбейтін түсінік қалыптаспаса, заңға енгізілген өзгерістерден аса қайыр болмайды» деп ойын тарқатып берді.

Кез келген құқық бұзушы­лыққа мүлдем төзбеушілік тәртіпке шақырады. Мүлдем төзбеушілік – бұл азаматтардың кері, қарымта әрекеті немесе кез келген ұсақ құқық бұзу­шылықтардың өзіне бой алдырмауы, кері жауап қайтаруы. Азаматтардың өздерінің құқық бұзушылықтардың алдын алуға белсенді қатысуын қамтамасыз етуі – құқық бұзушылықтарға «мүл­дем төзбеушілік» қағида­тын қалыптастырудың бас­ты шарты. Әрбір азамат еліміз­дегі заң мен тәртіп үстем­ді­гін қалыптастыруға жауапты болуға тиіс. Еліміздің әр тұр­ғыны кез келген зорлық зом­бы­лықтың, тәртіпсіздіктің, залалды әрекеттің жолын кесуге міндетті. Әрбір саналы азамат ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қор­лап тиiсу, бөтеннің мүлкін бүл­діру, тұрғын үй-жайларды қор­лау, ортақ пайдалану орын­дарын, саябақтарды, сквер­лер­дi ластау, оның iшiнде белгi­лен­беген орындарға коммунал­дық қалдықтарды тастау және айна­ласындағыларға сыйламау­шылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын, жыныс­тық қол сұғушылықты ымдай­тын, жыныстық қысым көрсе­тетін, үйбұзар және басқа да әрекеттерді жасауға мүмкіндік тудырмай, күресе білгені жөн.

Жұрт зорлық-зомбылық жаса­­ған­дарға жазаны қатайту­ды талап ете тұра, қылмыс әле­­­мін­­дегі шытырман оқи­ға­лар­­ға таңдай қағып, фильм­дер­­дің заңды белден басатын ке­йіп­­кер­лерін ғана емес, тіпті шына­йы өмірдегі кәнігі қыл­мыс­­кер­лердің өзін пір тұтып жата­ды. Бұл жағдай бір-біріне мүл­де кереғар және өте оғаш көрі­неді. Біз қоғамды ішінен іріте­тін, адамгершілікке жат қылық­тарды ақтауды көздейтін кез кел­ген әрекетке және құ­қық­тық нигилизмге тұтас ел болып тос­қауыл қоюымыз керек, заң­сыз­­дық пен қатыгездікке бір кісі­­дей, батыл қарсы тұруымыз қа­­жет. Сондай-ақ қоғам нормалар мен ережелердің және жал­пы адам­затқа ортақ құнды­лықтар­дың ая­қасты болуын қатаң айып­тап, онымен бірлесе күресуі керек.

Қ.Тоқаев мұндай қылмыс­тар­­дың алдын алып, жолын кесу үшін нақты шаралар қа­былданып жатқанын айт­ты. Елімізде тұрмыстық зор­лық-зомбылық профилактика­сы және оған қарсы күрес жүйе­сіндегі заңнамалық негіз Конс­титуция, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» арнаулы салалық Заң, қылмыстық және әкімшілік кодекстерде көрсетілген.

Заң отбасы-тұрмыстық қатынастарда, яғни неке-отбасы қатынастарындағы адамдар, жеке тұрғын үй, пәтер немесе өзге де тұрғын үй-жай шегін­де бірге тұратын адамдар ара­сын­дағы, сондай-ақ бұрынғы ерлі-за­йыптылар арасындағы қа­ты­нас­тарда зорлық-зомбылық про­ф­илактикасын реттейді.

Жалпы алғанда, талдау көр­сеткендей, әлемдік практикада отбасындағы зорлық-зомбы­лықтың болдырмау мәселесін­де 2 негізгі тәсіл қалыптасты. Соның бірі – жазалау әдісі. Бұл жанжалдасушы тараптар арасындағы қатынастарды тоқтату және оған кінәлі адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту арқылы зорлық-зомбылық циклін бұзуға бағытталған. Бұл тәсіл заңнамасы балалар мен әйел­дерге қатысты зорлық-зом­бы­­лық қылмыстар үшін қыл­мыс­тық жауаптылықты қатаң­дату жолына түскен қазіргі заманғы елдерде басым болып отыр.

Екіншісі – ресторативтік әдіс. Ол жанжалды реттеуге және отбасылық қатынастарды сақ­тау­ға бағытталған және көбі­­несе азаматтық-құқықтық си­пат­тағы шараларды пайдалануды, әлеу­меттік қызметтердің жан­жал­ды реттеуге қатысуын, сон­дай-ақ түзету-тәрбиелеу және ме­ди­ци­налық, ең алдымен, психо­ло­гия­лық көмектің мәжбүрлеу ба­ғдар­ламаларын қолдануды көздейді.

Біздіңше, бұл бағытта әлем­дік тәжірибені ескерген жөн.

 

Үнзила ШАПАҚ,

Мәжіліс депутаты