Мемлекет басшысының Жарлығымен жыл соңында ғана Ұлттық мәртебе алып, мерейі тасыған Қ.Қуанышбаев атындағы Ұлттық академиялық қазақ музыкалық драма театры ұжымы көрерменіне «Патша көңілім, не дейсің?» комедиясын тарту етті. Спектакльдің авторы – журналист-жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуаныш Жиенбай, режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов.
Қойылым өзек еткен негізгі тірек қара шаңырақтың киесі деген ұлы ұғымнан тарқатылады. Оның бар қасиеті де, құндылығы да бас кейіпкердің аузымен айтылатын мына бір репликаға сыйып кеткендей: «Әке-шешенің тері сіңген қара шаңырақта еш жерден кезіктіре алмайтын ғажап бір тәтті иіс бар. Сендер бұл иісті ұмытқалы қашан? Естеріңде болсын, әке-шешенің тері сіңген иіс сендерді бәле-жаладан, өсек-аяңнан қорғап жүреді».
– Рас, бір қарағанда спектакль сюжеті көрерменге жаңалық болмағанымен, біз режиссер екеуміз толғана отырып бар ақиқатты кейіпкерлер қарым-қатынасының астарынан іздеуге ұмтылдық. Шынымен де, қазір ата-анасын жатсынған, бауырларынан алшақтап кеткен адамдар өте көп. Түсінісу былай тұрсын, ұрпағы бір-бірін танымайтын жағдайға жеткен. Оның себебі неде? Қым-қуыт тіршіліктің шырмауында жүріп қара шаңырақ дейтін қасиетті ұғымның қадіріне бойламағанында, туған үйінің иісін ұмытқанында. Айтар сөзге қарапайым көрінгенімен, түптеп келгенде қара шаңырақтың киесі күшті. Ауылынан алшақтап, қалаға бауыр басқан көрерменге ой салғымыз келді. Сол үшін де осы тақырыпта толғандық. Жалпы, пьеса бес ай бұрын жазылғанымен, сахнадағы үдеріс барысында түпнұсқа біршама өзгеріске түсті. Біздікі жазу, негізгі төреші патша көңілді көрермен ғой, – деді қаламгер Қуаныш Жиенбай.
Автор пікірін режиссер Нұрлан Жұманиязов әрі қарай жалғады: «Тақырып ауқымы драмаға жақын ғой, неге комедия қылдыңыздар?» деп маған жиі сұрақ қойылады. «Әзіл түбі – зіл» дейді қазақ. Драмаға салып толғанғаннан, көкейкесті мәселені астарлы күлкі – комедия тілімен берген әлдеқайда өткірірек әрі өтімдірек болады деп шештік. Оқиғаның өзі соған сұранып тұрды. Бәрін зар мен мұңға құра бермей, күлкі арқылы да көп нәрсе айтуға болады», деді режиссер.
Бір жарым сағатқа созылған қойылым әзіл мен қалжыңға, қайғы мен мұңға, сағынышқа толы. Онда басты кейіпкерлер әке мен анасы қартайған шағында балалары мен немерелерінен жырақта қалады. Осылайша, көрерменге ата-ананы ұмытпау, қамқорлық жасау, туған жерге оралу қаншалықты маңызды екендігін жеткізеді.
Жаңа спектакльге екі құрамда танымал театр және кино әртістері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Ақыш Омар, Лейло Бекназар, Боранбай Молдабаев, «Құрмет» орденінің иегері Майра Омар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Асылбек Қапаев, Жанқалдыбек Төленбаев, Алтынай Нөгербек, Сырым Қашқабаев, Ерлан Малаев, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Ботагөз Мақсұтова, Дастан Әлімов, Самат Байыров және театрдың жас әртістері қатысты.
– Спектакльде ауылдағы өмір, әкенің, жалпы, ер-азаматтардың қоғамдағы орны, қара шаңырақтан, ата-анасынан алыстап кеткен балалардың өмірі мен қазіргі таңда қызу талқыда жүрген мәселелер көтерілді. Бүгінде әкелердің, қариялардың мәртебесі көтерілсе, бәлкім отбасына деген қарым-қатынас басқаша болар ма еді? Бұл қойылымда сөзге тоқтам болатын қазақ азаматтарына, болашағымызға қажет тақырыптар қозғалды, – деді жалпы спектакль жөнінде Ана рөлін ойнаған актриса, «Құрмет» орденінің иегері Майра Омар.
Ал бас кейіпкер Әбдірәсіл ақсақалды сомдаған актер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақыш Омардың пікірінше, Әбдірәсіл бүгінгі заман кейіпкері.
– Бала-шағасы қалаға көшіп, бәйбішесімен қара шаңырақта жалғыз қалған қарт адамның жағдайы, балаларына деген сағынышы, олар ауылға келгенде арадағы түсіністік тінін тереңнен тарқата алмай пұшайман күйге түсуі – мұның барлығы қазіргі қоғамымыздың көрінісі, ащы да болса шындығы. Қара шаңырағынан жерініп, жатбауыр болып кеткен ұрпақ – қоғам трагедиясы. Мұндай күрделі тақырыптағы қойылымдар қазіргі көрерменге сөзсіз керек, – деп актер ойын түйіндеді.
Спектакль қаһармандарының ойын құптай отырып, енді көрермен ретіндегі өз қабылдауымызды қорытып көрсек. Иә, комедияның тақырып һәм мазмұн тұрғысынан арқалаған жүгі ауқымды. Әйтсе де драматургияның негізі қайшылық екендігін ескерсек, сол шым-шытырық интрига мен сөз әрекетінің іс әрекетіне әсер ету екпіні бәсең сезілді. Әлі де елеп-екшейтін, тіпті кейбір сахналарын түбірімен қысқартып тастаса да, қойылымның көркемдігі бұзылмайтын басы артық эпизодтар көп. Соның салдары болса керек, актерлер ойыны да динамикасынан айырылып, бірсарындылыққа ұрынған. Көрерменді күлдіреміз деп қинала күлкі шақыру, жараспайтын жасанды әрекеттерге бару, орынсыз айқай, қисынсыз қимыл, дабыра-дабыл, бәрі де спектакльдің ішкі һәм сыртқы семантикасына салқынын тигізген. Жеңіл тіркес, арзан әзіл көп. Соның барлығы қарапайым ауыл тіршілігіне қарабайырлық үстеген.
Негізгі кейіпкерлерге келсек, Бақберген – Жанқалдыбек Төленбаев, Ақберген – Сырым Қашқабаев, Шымберген – Жанат Оспанов – ағайынды үш жігіттің рөліндегі актерлерге кейіпкер бояуын қалыңдату, рөліне жан бітіру жағынан жасандылықтан арылып, өмірдің өзіндей өрелі де өрнекті мінез мүсіндеулерге батыл бару жағы жетіспейді. Әсіресе театрдың тәжірибелі де сақа актері Жанқалдыбек Төленбаевтың кейінгі кездегі бір комедиядан екіншісіне көшіп жүрер біркелкі рөл сараптауы, шыны керек, көрерменін де мезі ете бастағандай. Күлдіремін деп сахнада күлдібадам әрекеттерге бару тіпті де жетістік емес екендігін бүгінгі зиялы көрермені бар театрлардың ұғынатын кезі әлдеқашан келді деп ойлаймыз. Қазір баттасқан бояу, орынсыз айқаймен ешкімді таңғалдыра алмайсыз. Театрдың шығармашылық құрамы осы жағын ескерсе артық болмас еді.
Ал спектакльдегі айрықша тоқталғымыз келген жұп – әке Әбдірәсіл (Ақыш Омар) мен шеше Шамшагүл (Майра Омар) тандемі шынайылығымен бірден баурап алды. Талай жылғы сахналық тәжірибе қос актер ойынынан айқын көрініп, спектакльдің ажарын ашқан сәтті бейне биігінен көрінді. Сол секілді Қойлыбай рөліндегі Асылбек Қапаев пен Гүлжәмилә – Жанар Қасымова, Көркем бейнесінде көрінген Айнұр Жетпісбаеваның сахналық сараптауын да сәтті сомдалған кейіпкерлер қатарына қостық.
Енді қойылымның техникалық тұсына тоқталсақ, сахна суретінен, өкінішке қарай, анау айтты ерекшелікті, тапқыр шешімдерді көре алмадық. Тек спектакль финалындағы көрініс көңіл толқытады. Қалған тұста сценографиялық оқылым бірсарындылыққа ұрынған. Музыканың да кейіпкер көңіл күйіне сай сезім иірімдерін ұстаудағы ұрымтал тұстары бәсең. Ішкі монологтерді беруде тағы да терең ізденістерге сұранатындай. Есесіне жарық қоюдағы суретші Азамат Бекбембетовтің суреткерлік көзқарасын айрықша атап өткіміз келеді. Қойылымның жарты жетістігі жақсы қойылған жарық десек, бұл тұрғыдан спектакль діттегеніне жеткен.
Жалпылай алғанда, премьераның алғашқы күні болғанынан шығар, оқиға желісін әлі де дамытып, жетілдіретін, қойылымдағы көркемдік шешімдерді тағы да кемелдендіре түсетін тұстар мол. Әсіресе спектакль екпініне мән беру, динамиканы дамыту комедияның көркемдік шешімін бұдан гөрі жандандыра түсері анық. Бір қайнауы ішінде кеткен қойылымның толықтай кемеліне келген көрсетілімін спектакльдің келесі премьерасында көреміз деген сенім мол. Әйтсе де өнерге қашанда талғам – таразы! Патша көңілдің не қалайтынын кім білсін?