Жаңа жылдың басында ел тұрғындары көкейде жүрген көптеген сауалға толымды жауап алды. Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сан тақырыпты қамтыған сүбелі сұхбаты халқымыздың алдағы күнге деген сенімін бекітіп берді.
Мемлекет дамуына серпін беретін негізгі салаларды өрістетудің кешенді бағыттары қозғалған сұхбаттағы ұлттық идеология, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру секілді рухани тақырыптар елдің мәдени өміріне қатысты маңызды мәселелерді арқау етуімен құнды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: «Біз өткенді аңсаумен өмір сүрмеуіміз керек. Керісінше, келешегімізді кемел етуге ұмтылып, ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлелдеуге тиіспіз. Дүниетанымымызға жат мәдениеттерге көзсіз еліктеуден, жалған патриотизмнен, даңғойлық пен дарақылықтан сақтануымыз керек. Халқымыздың бойындағы кемшіліктерге көз жұма қарамай, одан арылуымыз қажет. Мұның бәрі күн сайын құбылған тұрлаусыз заманда өмір сүріп жатқан Қазақстанның келешегі үшін айрықша маңызды», деп атап өтті.
Расында, елдіктің еңселенуі, қасиет-қалыбымыздың сақталуы біздің рухани-мәдени өмірімізге тікелей байланысты. Ұрпақ ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, уақыт көшінен қалмауы керек. Жаңа мүмкіндіктер дәуірі көптеген игіліктерге жол ашқанымен, өскелең ұрпақты бұлыңғыр бағытқа қарай тартып кетпеуіне аса мән берген абзал. Ақпараттық технологияларды жетік меңгерген, заман көшіне ілесе отырып, өткеннің өнегесін жадына тоқыған жастарымыз мемлекет ертеңі. Президентіміз, жасандылық пен жалғандық орын алған жерде жағымсыз әрекеттер бой көтеретінін алға тартып, өнер мен мәдениет өкілдеріне, рухани саланың қызметкерлеріне маңызды ой тастап отыр.
Өзіміз қызмет ететін тағылым ордасында осы мәселені әрдайым назарда ұстауға тырысамыз. Музей қабырғасында өтетін сан алуан шаралардың түпкі өзегі ұлттық мәдениетіміздің, тарихымыздың, ұрпақ жадында зерделі көзқараспен қатталуына басымдық беріледі. Сұхбатта айтылғандай, біз көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Оның алғышарты – адалдық. Әділетті Қазақстанды адал азаматтар, пайым-парасаты жоғары, ұлтына жаны ашитын жандар қалыптастырады.
Президент сұхбатында Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттырудың маңыздылығы айтылды. Тарихы теңіз, тамыры егіз түркі халықтарына ортақ құндылықтар бауырлас елдерді бір-біріне жақындататын, дипломатиялық қарым-қатынастарды нығайтатын қуатты күш. Осы орайда, бауырлас халықтардың рухани мұраларын, тарихи жәдігерлерін насихаттау, көшпелі көрмелер ұйымдастырудың маңызы зор. Елімізде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Мемлекет басшысы атап өткендей, мемлекетіміз үшін тарихи оқиға болмақ.
Сұхбаттағы: «Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді. Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Сонымен қатар тарихшылардың пайымдауынша, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына – 800 жыл. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынады» деген жолдар ғылыми қоғамдастықтың алдына зор жауапкершілік жүктеп отыр. Аталған шаралар тұғырлы тұлғалардың рухын асқақтатып қана қоймай, олардың телегей-теңіз мұрасын, өнегесін, жүріп өткен жолын кейінгіге үлгі етуімен құнды. Ең бастысы бұл бастамалар ұлттық ғылымға қосылған айшықты мұра болмақ.
Қорыта айтқанда, халық үшін аса маңызды әлеуметтік-экономикалық саланың басты бағдарлары айқындалған, ішкі және сыртқы саясаттағы өткір мәселелер қамтылған, ел бірлігіне кері әсерін тигізетін алыпқашпа әңгімелерге үйлесімді нүкте қойған Президент сұхбаты алдағы уақыттағы бағыт-бағдарымызға серпін береді деп есептеймін.
Рашида ХАРИПОВА,
ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің директоры