Атырау – табиғаты қатал, шөлейтті аймақтың бірі. Оның үстіне ауасы жиі ластанады. Тіпті қыста қар, табиғаттың өзге мезгілінде жаңбыр аз жауады. Аптап ыстығы тағы бар. Ал екпінді жел соқса далада да, ауыл мен қалада да ала дауыл жиі көтеріледі.
Шындығында, мұнайлы шаһарды да, аудандарды да шаң басатын сәт жиілеп тұр. Мұның себебін жасыл желектің аздығынан іздеген жөн. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқовтың мәліметінше, елді мекендерді көгалдандыру мен жасыл белдеу құрудың 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік жоспары жасақталған. Сол жоспарға сәйкес 275 гектар аумаққа 540 мың көшет егу көзделген. Биыл 54,7 гектарға 111 мың 42 көшет егу жоспарланғанымен, бұл межені бағындыру оңай болмай тұр. Бұған көктемгі маусымда 18 гектарға 19 500 көшет егілгені дәлел.
«Арнайы жасақталған жоспар бойынша бес жылда 2 803 гектар орман алқабына 7 млн көшет егу көзделіп отыр. Биыл 573,5 гектар жерге 1 млн 439 мың көшет егу жоспарланған еді. Көктемгі мезгілде 361,5 гектар жерге 931 мың көшет егілді. Бұл жұмыс әлі жалғасын табады», дейді Н.Жантоқов.
Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің пікірінше, экологияның нашарлауына мұнай-газ өнеркәсібінің кең қанат жайғаны себеп болуы мүмкін. Қазір бұл салада өндіріс орындары көбейіп отыр. Бұл қоршаған ортаның ластануына әсерін тигізетіні даусыз.
«Өңір тұрғындарын қоршаған ортаның жиі бүлінетіні толғандырады. Атмосфералық ауаның ластанғанына алаңдайды. Сол себептен Атырау облысының экологиясын жақсарту мақсатында бірқатар іс-шара қолға алынды. Оның ішінде климаттың өзгеру әсерін талдау және тұрақты стратегияларды құру жолдарын табу бар. Университеттердің рөлін арттырып, қоршаған ортаны қорғауды насихаттау, тұрақты технологияларды дамыту бағытын ұстанған білім беру мекемелеріне қолдау көрсетіледі. Климаттық инновациялар бойынша көміртегіні азайтуға көмектесетін озық технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізу мәселесі көзделген», дейді Ж.Бисембиев.
Оның айтуынша, Президенттің көміртегі бейтараптылығына қол жеткізу үшін 2030 жылға қарай парниктік газдардың шығарындысын 15 пайызға азайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселесіне түбегейлі бетбұрыс жасау көзделіп отыр. Осыған орай өңірдегі бірінші санатты ірі кәсіпорындармен бірлесіп, шығындыларды азайту жөнінде арнайы жоспар қабылданыпты. Енді алдағы жылы арнайы автоматтандырылған мониторинг жүйесі іске қосылады. Мониторинг арқылы кәсіпорындардың қоршаған ортаға қандай зиянды шығарынды жіберетінін электронды түрде бақылауға болады. Бұл – қоршаған орта тазалығын жедел басқару түрі.
Алайда жаңа әдіс табиғатқа ата жауындай тағылық жасайтын кәсіпорындарға тосқауыл бола ала ма? Әрине, бұл әдістің тиімділігі жөнінде нақты байлам жасауға ертерек болар. Бәріне уақыт төреші десек те, облыстық прокуратура мен экология департаментінің мамандары қоршаған ортаны қорғау заңдылығын өрескел бұзатындарды әлсін-әлсін анықтап отыр. Бір өкініштісі, табиғатты мұнай қалдығымен, өзге де зиянды заттармен ластауды тоқтатпағандар салынған айыппұлды шыбын шаққан құрлы көрер емес. Мәселен, Атырау облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жақында қауіпті қалдықтар айналымы саласындағы заңдылықтың сақталуына талдау жүргізілген. Талдау нәтижесімен «Oxygenator» ЖШС-ның «Сағыз» полигонында 13 мың 108 тонна мұнай қалдығын рұқсатсыз жинақтағаны анықталып отыр.
«Бұл – Доссор кентінде тұратын 20 мыңнан аса тұрғынның денсаулығына тікелей әсер ететін өрескел дерек. Полигон аумағында мұнай шламдарын қайта өңдеу бойынша тиісті жабдық болмаған. Соған қарамастан, серіктестік 2022-2023 жылдары мұнай компанияларына қызмет көрсетуді жалғастырып келген. Осыған байланысты Атырау облысының прокуратурасы уәкілетті органға тексеру жүргізуді тапсырды. Тексерудің қорытындысымен серіктестікке Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 1-бөлігімен (Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу) әкімшілік хаттама жасақталды. Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен серіктестікке 37,4 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды», деп ақпарат таратты прокуратураның баспасөз қызметі.
Қалай десек те, атыраулықтар жұтар ауаның таза болғанын аңсайды. Бірақ тұрғындар көкейіндегі түйткілдің түйіні әзір тарқатылмай отыр. Ал оның тиімді тетігін кім ұсынады?
Атырау облысы