Қазіргі таңда Қазақстанмен барыс-келісті, алыс-берісті жолға қоюға мүдделі болып отырған мемлекеттің бірі – Малайзия. Оның айғағы – Оңтүстік-Шығыс Азияның қақпасы іспетті ел осы мақсат жолында нақты қадамдарға барып отыр. Алматы мен Куала-Лумпур арасын жалғау үшін Азияда 14 жыл қатарынан ең үздік әуекомпания деген атақты бермей келе жатқан, жылына 800 миллионға жуық жолаушы таситын «AirAsia X» лоукостері нарыққа келді.
Осы айтулы оқиғаға орай «AirAsia X» әуе компаниясының құрылтайшысы, «Capital A» Директорлар кеңесінің атқарушы төрағасы Датук Камарудин Меранун журналистермен кездесіп, өз жоспарларымен бөлісті.
«Қазақстан мен Малайзияны жақындастыру арманы менде ертеректе пайда болған. Бірақ оны жүзеге асыруға жаһандық індет үлкен кедергі келтірді. Пандемиядан кейін осы істі жандандыруды жалғастырдық», дейді Датук Камару- дин.
Әлбетте, Азияның ірі әуе компаниясы екі ел арасында әуе рейстерін ашуға аяқасты шешім қабылдай салмайтыны аян. Қазақстанның туристік әлеуеті, жаһан кезгенді жақсы көретін жерлестеріміз, екі елді Құдай кенде етпеген көрікті мекендер мен маркетингтік зерттеулер алғышарт болғаны даусыз. Дегенмен әлемдік ірі тасымалдаушының бірі саяхаттағанды сүйетін отандастарымызға арзан әуебилет ұсына ала ма деген сауалға келсек, «Capital A» Директорлар кеңесінің атқарушы төрағасы Датук Камарудин Меранун бірінші кезекте компания билеттердің қолжетімді болуына мән беріп отырғанын айтады.
Ақиқатына келгенде, екі ел арасындағы туристік әлеуетті оятуға, сауда-саттық және экономикалық байланыстарды нығайтуға Малайзия туристік агенттігінің сауда миссиясы, Қазақстандағы Малайзия елшілігімен қоса өзге де әуе тасымалдаушылары мүдделі десек, асыра дәріптеу емес. Оның дәлелі – кейінгі уақытта делдалдық делегациялардың белсенділігі. Шығарып салғанымызға санаулы ғана күндер өткен 2023 жылы екі ел арасында талай мәміле жүрді. Сол сияқты «Air Asia X» компаниясының жетекшілері еліміздегі әртүрлі құзырлы мекемемен келіссөздерді 2018 жылдан бері жүргізіп келеді.
Қысқасы, 14 наурыздан бастап Алматы мен Куала-Лумпур арасындағы әуе рейстері аптасына төрт (сейсенбі, бейсенбі, сенбі, жексенбі) рет ұшады. Айтқандай, бұл бұған дейін екі ел арасындағы туристік байланыс болмады деген сөз емес. Мысалы, COVID-19 басталғанға дейін 2019 жылы Малайзияға Қазақстаннан 18 138 турист барған. Бұл ел пандемияға дейін, тек 2019 жылы шетелдерден 26 млн турист қабылдаған. Бір жағынан Малайзияның Қазақстанға беріп отырған ең үлкен артықшылығы – 30 күнге дейін виза талап етілмейді.
Ал «Air Asia Aviation Group» құрамына кіретін, 2006 жылы құрылған «Air Asia Х» компаниясының А-320, А-320neo, А-321neo және A-330 типті 270 әуе кемесі бар. Франшиза аясында компания Малайзияны 25 мемлекетпен жалғап отыр.
Қалай десек те, Азиядағы ірі лоукостердің Орталық Азияға келуі қай тұрғыда болса да маңызды. Малайзияның қай кезде де Шығыс Азияның қақпасы іспетті, жиһанкездерді, шым-шытырық оқиға, бұрын ауыз тиіп көрмеген ас мәзірін сүйетіндерді өзіне сүйрей алатын қызықтары жетіп-артылады. Оған қоса қазақтар да саяхатшы халық екендігімен таныла бастады.
Осы орайда Датук Камарудин Меранун: «Бұл – «AirAsia X» үшін де тарихтың жаңа тараулары, Алматы мен Куала-Лумпур арасын жалғай отырып, өзіміз құрылғалы бері 16 жылдың ішінде бірінші рет нарықта құлаш жайғалы отырмыз. Біз Қазақстанмен тікелей рейстерді жүзеге асыратын алғашқы малайзиялық компания екенімізді мақтан тұтамыз. Орталық Азияға бастаған алғашқы қадам, Қазақстан нарығына шығу, пандемиядан кейін танымал бағыттарды жаңғыртуда жаңа аймақтарды зерттеу – әріден ойлайтынымыз бен шешімталдығымыздың белгісі. Ал Қазақстан Орталық Азиядағы ең бай ел екенін ескерсек, Алматыға тікелей рейстер ашу сауда-саттық, коммерциялық байланыстар мен білім алмасуға, жаңа жұмыс орындарын құруға айтарлықтай игі ықпал етеді», дейді.
Сонымен, рейстердің қосылу құрметіне қолжетімді промо-тарифтер бір бағытқа 249 доллардан бастап, «Premium Flatbed» рейстерінде 699 долларға дейін баратынын айта кетуге болады.
«Біз Қазақстаннан келген саяхатшыларға Сабахтағы, Куала-Теренгган мен Лангкавидегі таңғажайып жағажайларды, Пенангтегі аспаздық жұмақты, Саравактағы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралары мен басқа да ішкі бағыттарды тамашалауға мүмкіндік беретінімізді мақтан тұтамыз. Біздің fly-Thru байланыстарымыз арқылы туристер Куала-Лумпурдан Таиландтағы Пхукетке, Крабидегі Оңтүстік-Шығыс Азия інжу-маржандарына, Индонезиядағы Бали мен Ломбокқа, Камбоджадағы Сием Рип, Вьетнамдағы Сайгон сынды таңғажайып өлкелерге ұша алады. «Алматы – Куала-Лумпур» бағыты арқылы біз екі ұлы елдің, халқы тығыз қоныстанған өңірлер арасындағы сапарларға жол ашып қана қоймай, Қазақстан мен Малайзия арасындағы байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ екі елдің әлеуметтік-экономикалық секторларын байытуға ұмтыламыз», дейді.
АЛМАТЫ