Әйгілі жазушы Лев Толстой кітап оқудың маңызы туралы: «Жақсы кітап оқу – ақылды адаммен сырласқанмен бірдей», деп жазған екен. Алайда қазіргі «ақпарат ғасырында» қажетті мағлұматты ғаламтордан іздеушілер көбейгенімен, терең білім мен рухани тәрбиенің қайнар көзі – кітаптың оқырман қатары сиреп бара жатыр.
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда: «Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде тіпті қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», деген болатын.
Мемлекет басшысының осы тапсырмасына сәйкес Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасында «Балалар кітапханасы» бағдарламасына ұсынылатын кітаптар тізімі жасалып, оған қазақ әдебиеті тарихының барлық кезеңі мен жанрын қамтитын 1 770 шығарма енгізілген. Оның 76 пайызы – отандық, 24 пайызы – әлем әдебиетінің інжу-маржандары. Оларды іріктеу үшін арнайы құрылған комиссия қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдері мен мектеп кітапханашылары арасында жүргізілген сауалнама нәтижелерін ескерген.
«Балалар кітапханасы» бағдарламасын жүзеге асырып, оқушылардың көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру – мұғалімдермен қатар, мектеп кітапханашыларының да тікелей міндеті. Шынтуайтында, олардың бұл бағытта бұрыннан атқарып келе жатқан істері де аз емес. Мәселен, мектеп кітапханашылары жаңа кітаптарды қабылдап, есепке алу, оқырмандарға беру, кітапхана қорының сақталуын қамтамасыз ету және одан сапасы мен мазмұны жағынан ескірген әдебиетті шығару, оқушылар мен ұстаздарға қажетті оқулықтар мен әдістемелік құралдарға тапсырыс беру, дәстүрлі және электронды каталогтер құрастыру, тақырыптық картотека жасау, кітапхана күнделігін жүргізу, оқу-тәрбие үдерісін ақпараттық қамтамасыз ету, кітап көрмелері мен оқырмандар конференцияларын, «Демалыста оқу» іс-шарасын, экскурсиялар, конкурстар, шолулар, челлендждер ұйымдастыру сияқты жұмыстармен ұдайы айналысады. Бұған қоса олар 2020 жылдың қараша айынан бастап «Оқитын мектеп – оқитын ұлт» арнайы жобасы аясында оқу-тәрбие жұмыстарына мұғалімдермен қатар атсалысып жүр. Осыған орай өздерінің «Оқу мектебі» жобасын әзірлеп, іс-шараларды офлайн және онлайн форматта өткізіп келеді.
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Қазіргі кезде мектеп кітапханашыларына үлкен талап қойылып отыр. Олар да мұғалімдер сияқты біліктілікті арттыру курсынан өткендігі туралы сертификат алуға, педагогикалық кеңестерде, ата-аналар жиналыстарында сөз сөйлеуге, бұқаралық ақпарат құралдарында мақала жариялауға, ұлттық білім беру деректер қорын толтыруға тиіс.
Біз тілдескен мектеп директорлары мектеп кітапханашылары көп жұмыс атқарады, жүктемелері мәдениет саласындағы әріптестерінікінен әлдеқайда артық, алайда олармен салыстырғанда жалақылары едәуір төмен деген пікір айтты. Мұғалімдер мен мәдениет саласындағы кітапханашылардың жалақылары кезең-кезеңмен арттырылып отырғанымен, мектеп кітапханашылары мұндай әлеуметтік қамқорлықтан тыс қалған.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне қарағанда, биылғы оқу жылында білім беру ұйымдарында 7822 кітапханашы жұмыс істеп жүр. Олардың 6840-ғы – мектептерде, 337-сі – қосымша білім беру ұйымдарында, 645-і – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2023 жылы мемлекеттік білім беру ұйымдары кітапханашыларының орташа айлық номиналды жалақысы 114 446 теңге, мәдениет саласындағы кітапханашылардікі 174 387 теңге болған. Себебі азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес білім беру ұйымдарының кітапханашылары «С – әкімшілік персонал» функциялық блогіне, ал мәдениет саласының кітапханашылары «В2 – басқа салалардың негізгі персоналы» функциялық блогіне жатқызылған. Мәдениет саласының кітапханашылары ерекше еңбек жағдайлары үшін лауазымдық жалақысының 35 пайызы мөлшерінде үстемеақы да алады.
Білім беру ұйымдарының кітапханашыларын мәдениет саласындағы әріптестеріне теңестіріп, В2 функциялық блогіне жатқызу және оларға да 35 пайыздық үстемеақы төлеу үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы бөлу қажет. Оқу-ағарту министрлігінің есептеуінше, бұл мақсатқа алдағы үш жылдық кезеңде болжамды қажеттілік шамамен 20,1 млрд теңгені құрайды, соның ішінде 2024 жылы – 5,9 млрд теңге, 2025 жылы – 7,1 млрд теңге, 2026 жылы – 7,2 млрд теңге.
Жалпы, мектеп кітапханашыларын білім беру ұйымының негізгі персоналына жатқызбай, әкімшілік һәм көмекші персоналға жатқызумен келісу қиын. Өйткені мектеп кітапханасы – жай ғана кітап қоймасы емес, шын мәнінде зияткерлік орталық. Ал оның қызметкерлері – кітапханашылар шәкірттердің оқу сауаттылығын арттыру және оларға рухани тәрбие беру ісінен әсте де шет қалып жүрген жоқ. Бұл ретте орта білім беру көшбасшылары саналатын және өзге мектептерге үлгі ретінде ұсынылып отырған Назарбаев зияткерлік мектептерінің кітапханашыларына «педагог-кітапханашы» мәртебесі беріліп, оларға лайықты жалақы төленіп отырғандығын да ескерген жөн.
Шынын айтсақ, қазіргі уақытта мәдениет саласының кітапханаларына барып, кітап алып оқитын оқырман онша көп емес. Әсіресе ауылды жерлердегі кітапханалардың қызметін пайдаланушылар некен-саяқ. Соны көріп-біліп жүрген мектеп кітапханашылары «Әділдік қайда?» деген сауалдарын әртүрлі деңгейдегі шенеуніктер мен депутаттарға айтудай-ақ айтып жүр. Тек одан әзірге еш нәтиже шықпай тұр.