Бұрын мүмкін емес болып көрінген дүние бүгін таңсық болмай барады. Дегенмен 3D сканердің жаңалық болып келгені рас-ты. Яғни қажет затыңызды өзінің цифрлық «көзімен» сызбасын сызып, көлемін дөп құяды. Сосын дайын нұсқаны 3D принтердің жадына жолдайды. Таңдаған материалыңыздан көшірмені айнытпай дайындап береді. Сынған бөлшегіңізді басқа жерден таппасаңыз, 3D технологияның көмегімен жасап алуға болады. Қарағандыдағы «KZ Transit» компаниясы жаңашылдықтың жалына жармасып, тұрғындарға дәл осындай қызметтерді ұсынып отыр.
«KZ Transit» 3D сканерлеу кәсіпорнына Қырғызстаннан да тапсырыс түскен. Қытайдың «Ender» принтерінен жаңа ғана құйылып шыққан қырықаяқты қолымызға алдық. Материалы қатты пластиктен. Салмағы жеңіл демесеңіз, күштеп көріп едік, беріктігі едәуір. Бұл Қырғыз еліндегі этикетка шығаратын зауыттың станогіне қажет бөлшек екен. Станок шетелдікі болған соң әлгіні шарқ ұрып іздеп таппапты. Instagram желісіндегі жарнама арқылы «KZ Transit» кәсіпорнын кезіктіріп, сынған түпнұсқасын жолдаған. Біз дәп осы тапсырыс дайын болғанда топ ете қалыппыз.
Бұл кәсіпорынға сырт елден түскен алғашқы тапсырыс емес. Бұған дейін Өзбекстан еліне көлік жылдамдығын өлшейтін құрылғының сыртқы корпусын сканерлеп, оны құйып, салып жіберген. Өзбек ағайындар әлгі бөлшектің дәлме-дәл нұсқасын таппаған. Ал мұндай мүмкіндік тек Қарағандыдағы «KZ Transit-те» барын өзбектер де жарнама арқылы білген.
Қарағандыдағы мейрамханалардың бірінің қожайыны кофемашинасының сынған бөлшегін қолына ұстап, осында алып келген. Машинасы италиялық фирмадан екен. Әлгі затты тапсырыспен алдыртайын десе, жеке сатылымда жоқ көрінеді. Сөйтіп, мұнда келіп, мәселесі оңай шешіледі.
Кәсіпорын келер жылы республикалық протездік-ортопедиялық орталықпен бірге келісімшартқа отырмақ. Қолының кемістігі барлар осында келіп, жасанды пластика жасатып ала алады. Әзірше екі-үш пациент жүгінген. Әрі ол қолды арнайы батырманы бұрау арқылы ашып, жұма алады. Тіпті аяққа, шынтаққа киілетін протезді де әзірлей алады. Таза пластиктен. Соның барлық нұсқасын жоғарыдағы орталыққа жолдаған. Ал олардың қызығушылығы артқан. Бұл – 3D сканерлеу орталығының медицина бағытындағы жетістігі.
3D сканерлеу орталығы 100-ге жуық компаниямен тығыз жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде еліміздегі банктер де бар.
– Банкоматтар мен терминалдар көптеген бөлшектен тұрады. Үнемі қолданыста болған соң бұзылмай тұрмайды. Олардың қосалқы бөлшегін Еуропа, АҚШ, Жапония және Корея нарыққа шығарады. Бірақ ол жақтан алдырту аса қымбатқа шығады. Онымен қоса, көп күтуге тура келеді. Ал біз әлгі бөлшектің дәлме-дәл нұсқасын сапалы материалдан әзірлеп береміз. Әрі оны өзіміздің цифрлық қорымызда сақтаймыз. Келесі жолы тапсырыс берсе, сканерлемей-ақ қорда сақталған үлгісін шығарып, жеткізіп береміз. Бірнеше банкпен жұмыс істеп жатырмыз, – деді «Kz Transit» директоры Данил Ращупкин.
Дәп қазір банкоматтың карта қабылдайтын пластикалық бөлігінің бірнеше нұсқасын әзірленіп жатыр. Тапсырыс берушілер әлгінің түпнұсқасы картаны алғанда қолайсыз екенін айтып, сәл ықшамдауды өтінген. Бұл да мұндағы инженерлерге аса қиындық тудырмайды. 3D принтер қалаған пішінде құйып шығарады.
– «Shining» 3D сканерлеу аппараты жоғары дәлдіктегі көшірмені әзірлейді. Әуелі осыған қажет макетті қойып, оны сканерлеп аламыз. Сосын материал түрін таңдаймыз да, 3D принтерді іске қосамыз. Белгілі бір уақыттан соң өніміміз дайын болады. Біз де Қытайдың «Ender» фирмасының 10 принтері және Ресейдің «Picaso» атты екі принтері бар. Сапасы да мықты. Тапсырысты кез келген өлшемде әзірлей аламыз. Егер принтерге сыймайтын көлем болса, онда өнімімізді бөлшектеп алып, желімдеп, біріктіреміз. Біздегі материалдар өте берік, – дейді кәсіпорындағы технологиялық өндіріс цехының басшысы Владислав Шуваев.
Цех басшысының сөзін мына тапсырыс арқылы қуаттауға болады. «Сұңқар» астық кәсіпорнындағы роликті станоктің үлкен қырықаяғы сынып қалыпты. Бұл бөлшек мүлдем өндірілмейді, нарықта да жоқ. «KZ Transit» инженер-технологтері сынған қырықаяқты желімдеп, сканерлеп алып, нейлон материалынан әзірлеген. 3D көшірме тұп-тура келе қалған. Станок сартылдап жұмыс істеп тұр. Мұны бізге кәсіпорын басшысы өзіне жолданған видеоесептен көрсетті.
Тағы бір тапсырыс комбайн техникасының сүзгі қорабына шаң өткізбейтін материалға түсіпті. Яғни дала шаңы қораптан өтіп кетіп, сүзгіні бітей береді. Мұндай кедергіден соң комбайн жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Сөйтсе, қораптың шетіндегі резиналар тозған. Ол да таптыра қоймайды. Сол себепті резинаның пішімін сызып, арнайы қалыпқа силикон материалын құяды. Бұл резинаға қарағанда әлдеқайда берік әрі шаң өткізбейді.
Машина жасау, сантехника, өндіріске қажетті жабдықтар, сайманның түр-түрі, протез, тағы басқа да қажет заттың баламасын осы бір кәсіпорын көшіріп басады. Алғашқыда түрлі резина өндірумен айналысқан «KZ Transit» IT технологияға ден қойғанына жыл өтті. Сұраныс жоғары.
– Қазір не өтімді? Елге не керек? Осы сұраққа жауап іздедік. Ойлана келе осыған сұраныстың барын білдік. Сканер, принтердің де түр-түрін әбден зерттеп барып алдық. Сапалысын таңдадық. Сосын кәсіптің кәнігі мамандарын іздедік. Шынымен қат. Қызығушылығы бар, креативті ойлайтын жастарды тауып, оларды оқыттық. Қазір ұжымымызда бес IT инженер маман бар. Заманауи құрылғыларды толық игеріп алды. Жалпы, 12 адам еңбек етеміз. Тапсырыс көлемі ұлғайып келе жатыр. Жарнаманы OLX.kz платформасына, Instagram желісіне бердік. Клиенттер сол арқылы көп келеді. Енді өндірістік аумағымызды кеңейтпекпіз. Күн өткен сайын технология жаңғырып жатыр. 5D сканерін алсақ деп отырмыз. Үй салатын түрлі құрылғылар да шығыпты. Уақыт оздырып алмай, соларды ойластырып, жобасын әзірлеп жүрміз, – дейді Д.Ращупкин.
Кәсіпорын басшылығы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Қарағанды медицина университеті және Қарағанды жоғары политехникалық колледжімен келісім жасасыпты. Студенттер енді осы жерден іс-тәжірибеден өтеді. Ұтқыр ойлыларын осында жұмысқа алып қалуға ниетті.
Рас, кәсіпорынның 3D технологиясын жолға қойғандарына жыл өте қойған жоқ, адымдары адам таңғалдырады. Қазірдің өзінде 100-ден аса іргелі компаниямен тығыз жұмыс істеп отыр. Өндірістік ауқымын кеңейту арқылы өркенін жаймақшы.
Реті келгенде айта кетелік, Қарағанды аймағы цифрлық бастамаларды енгізу бойынша үздік үштік қатарынан көрінген. Бұл – 2022 жылдың қорытындысы. Яғни IT салада әлеуетіміз әжептәуір. Мұның негізгі бір жемісі мынада деп топшылауға толық болады: «Террикон алқабының» IT хаб жобасы сәтті жүзеге асырылған. Цифрлық технологияның тілін меңгерген IT механиктер, таланттар жиналып, игілікке жарайтын жап-жақсы жобаларды жарыққа әкеледі. «Kz Transit» – cоның айқын көрінісі. Еліміз бойынша 3D көшірме жасайтын бұл кәсіпорын көш бастап тұр.
Қарағанды облысы