Шымкент қаласының полиция департаментіне дау көтерген бір топ әйел, арасында еркегі де бар, баса-көктеп кіріп келді. Сөздеріне қарағанда, грант алып берем деген біреуге бар ақшасын ұстатып, алданып қалған. Алаяқ бір күйдірсе, аудандық полиция арызымызды қабылдамай жатыр деп одан сайын ашуға булығып келген беттері екен. Біз бұл жайтқа полиция департаментінде болған жиыннан шығып бара жатып, кездейсоқ кезігіп қалдық.
Ішінен қаттырақ дауыс көтеріп, генералдың шығуын талап еткен топтың жетекшісі, аты-жөнін айтудан бас тартқан орамалды келіншек мән-жайды түсіндіріп берді.
«Мұғаліммін, Сарыағаш ауданында тұрамын. Жеке кәсіппен айналысқым келді. Оған қаражат қайда? Мемлекеттік грант ұтып алсам ба деген ниетім болды. Сөйтіп жүргенде, ауылда Айнұр Тұрлыбекова деген келіншекті кездестірдім. Ол біз секілді жандарға грант әперуге көмектеседі екен. Әрине, қызметі тегін емес. Айнұр мені сот орындаушы болып жұмыс істеген Қайрат Ибраимов деген жігітпен таныстырды. Олар менен 200 мың теңге сыйақы сұрады. 1 млн 300 мың теңге грант алуым үшін айтқан ақшаларын қолдарына санап бердім. Маған біраз уақыттан кейін шотыма грант қаражаты түсті. Мен байғұс шынымен грант ұтып алған екенмін деп жүрсем, ол ақшаны өздері ортадан жинап бергенін қайдан білейін. Сөйтсем, олар мені қармақ ретінде пайдаланған екен ғой. Грант алғаныма мәз болған мен туыс-туған, жақындарыма да көмектесер деген дәмемен олардың да ақшасын жинап, санап апарып бердім. Кейбіреуі қолындағы барын берген, жоқтарынан әлгілер қаржы ұйымынан несие алдырған. Жалпы қарыз 17 млн теңгеге шықты. Алайда уәде еткен грант та жоқ, алған ақшаны да қайтаратын түрлері де байқалмайды. Жауапкершілікке де тарта алар емеспіз. Заңнан, құқық қорғау органдарынан қашып жүр. Ауыл адамдары ақшаны сен бергіздің деп мені қыспаққа алып жатыр. Жалғыз айлыққа қараған мен 17 млн теңгені қайдан тауып беремін. Қалтамда көк тиын жоқ. Осы жердің өзіне қарызданып-қауғаланып әрең келдім. Полиция да алаяқтарды ұстауға немқұрайды қарап отыр. Енді не істеймін, қайда барамын?», деді ашынғаннан жасын тыя алмаған келіншек.
Алаяқтар келіншекті «жұмыссыз жүрген таныстарыңызды әкелсеңіз, бар несиеңізді жауып береміз» деп те алдаған. Өздерін сенімді көрсету үшін қазынашылық мекемеге барып, ақша транзакциясы жүріп жатқанын да көрсетіп сендірген. Жәбірленуші қаржыны Шымкент қаласындағы «КазГрупп» деген компанияға аударған.
Бұл жерде келіншекті сендірген тағы бір жағдай пысық жігіттің өзін «Астанадағы бір жоғары лауазымды адамның туған жиенімін, ол кісі маған әрдайым қолдау көрсетеді» деген сөзі болды. Осындай күмән тудырмайтын әрекеттің арқасында адамдар 300 мыңнан бастап 5,5 млн теңгеге дейін ақшаларын қалай беріп жібергенін білмей қалған.
Жәбірленушінің айтуынша, өзі секілді зардап шеккен бір топ адаммен бірге Шымкент қаласындағы Тұран аудандық полиция басқармасына арыз жазған. Бірақ полиция арыздарын қабылдамапты. Сонымен бірге Қайрат Ибраимовтың әкесі Әбдімомын Шымкент қаласы Абай аудандық әкімдігінде жеке кәсіпкерлерді қолдау бөлімінде жұмыс істейді. Қ.Ибраимов әкесінің де атын атап, жәбірленушілердің әбден сеніміне кірген. Келіншек осымен полицияға үшінші рет арызданыпты. Алайда жоғарыда айтқандай, полиция басқармасындағылар оны жылы сөзбен шығарып салып отырған. Сондықтан ол осы күнде құқық қорғау органына сенуден қалғанын айтады. Шымкент қаласының полиция департаментіне келіп, тікелей бастығымен сөйлесуді талап еткен. Жәбірленушінің басты талабы – халықтың ақшасын қайтарып алу. Қ.Ибраимовтың өзі кезінде сот орындаушы болып жұмыс істеген, қазіргі таңда заңгер әрі «КазГрупп» компаниясының басшысы көрінеді.
Қайрат пен келіншектің арасында талай әңгіме болған. Сөз арасында «ақшаңды бәрібір қайтармаймын, шу шығаруды қоймасаң, өзіңе жаман болады» деп жоғары жақтағы адамдарымен қорқытқанға ұқсайды. Мұны бізге жәбірленушінің өзі айтып берді. Әйелдің бір басында 10 млн теңге несиесі бар екен. Дер кезінде төлей алмаған соң «қара тізімге» ілініп кетіпті. Несие бір жағынан қысса, екінші жағынан халықтан жинаған қарызы өлтіріп барады. Әлгі күдікті тек бұл келіншекті емес, тағы он шақты азаматты осылай алдап, өтірік грант әперіп, артынан талай адамды сан соқтырған. Ал грант алатын кезде жәбірленушіге Шымкент қаласы әкімдігінен Нұрдәулет есімді бір жігіт телефон соғып, сіз конкурста жеңімпаз атандыңыз деп сүйіншілеп, ақша шотқа түсетінін айтқан. Кейін анықталғандай, Нұрдәулет есімді адам әкімдікте істемейтін болып шыққан. Ал оның шын есімі Арман екенін соңынан барып білген.
Келіншекпен бірге еріп келген азаматтармен де тілдесіп көрдік. Сарыағаштан келген Аманкүл Имашева 340 мың теңгесінен айырылып қалған. Жалғыз баласы басынан жарақат алып, былтыр желтоқсан айында қайтыс болыпты. Артында 3 бала-шағасы қалған. Ал Құрбанәлі Тасанбаев уәдеге сеніп 3 млн теңгесін беріп жіберген. Жәбірленуші Шахида Шамұратованың айтуынша, қыркүйек айында Тұран аудандық полиция басқармасына арыз түсірген. Қазан айында жапа шеккен азаматтардың өздері Қайратты қашып жүрген жерінен ұстап алып, полицияға өз қолдарымен әкеліп тапсырған. Сонымен арыз бойынша іс қозғалған, ол сотқа өткен. Алғашқы сот отырысы 22 желтоқсанда болған. Алайда айыпталушының ауырып қалып, сотқа келмеуіне байланысты отырыс қаңтардың 10-ына шегерілген. Сот арнайы үкім шығарып, айыпталушыны үй қамаққа жіберген. Бірақ содан бері күдікті ізім-ғайым жоқ, дегенмен анда-санда жәбірленушілермен телефон арқылы хабарласып тұратын көрінеді. Ақшасын талап етіп келген азаматтармен тілдесу барысында қанық болған бар мәліметіміз осы.
Бұл оқиғаға қатысты құқық қорғау өкілдерінің де пікірін білдік. Шымкент қалалық полиция департаменті тергеу басқармасының басшысы Өмірбек Бекбердиевтің айтуынша, арыз негізінде қараша айында қозғалған 4 іс бойынша күдікті Қайрат Ибраимов қамауға алынған. Ай соңында полиция істі сотқа өткізеді. Сот жоғарыда айтқанымыздай, айыпталушыны үй қамақта отыру шартымен үкім шығарып босатқан. Желтоқсан айында тағы да арыз бойынша жаңа іс қозғалған. Сол үшін қазір күдікті іздестіріліп жатыр. 9 адамның арызымен енді жаңа іс бойынша тергеу жүргізіледі. Дегенмен алаяқтық бабымен Тұран аудандық сотында бұрынғы іс әлі қаралып жатыр. Сотқа тағы да осындай баппен жаңа іс жолданғалы тұр.
Бұл жерде бір таңғалдыратыны – күдіктінің соншалықты арсыздығы мен заңды белден басуы. Әйтпесе сот отырысы өтеді, өзі оған бармайды, сөйтеді де жаңа жылдың қарсаңында жәбірленушінің біріне телефон шалып, кафеде отырғанын айтып, тез арада 37 мың теңге салып жіберуін талап етіп, тілегі орындалса 3 млн теңгесін қайтаратынын айта ма? Әлде бұл арада қандай да бір қылмыстық жүйенің шынымен де бар болғаны ма? Бұл күмәнді жайттар енді тергеу барысында анықталады.
Екінші мәселе – ақша ұсынған адамдардың қаржылық сауатсыздығы. Өйткені мемлекеттік грант – жеке кәсіпкерлік бастаманы қолдау үшін берілетін тегін қаражат. Ал бұл қаржыны ортаға әлдекімдерді салып сатып алудың өзі заң бұзушылық емес пе?
ШЫМКЕНТ