2023 жылы Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты Оқушылар сарайының ашылғанына 80 жыл толды. 1943 жылы іргесі қаланған мекеме мегаполис былай тұрсын, тіпті республикадағы мектептен тыс білім беретін бірегей ұйымның бірі саналады.
Қазіргі таңда Оқушылар сарайы Түркістан облысы мен Шымкент шаһары оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында жүйелі жұмыс атқарып келеді. Мекеме озық тәжірибелі ұйым ретінде 2017 жылы республикалық қосымша білім беру саласының «Алтын қоры» кітабына енген. 80 жылдық тарихында дарындылар ордасы 200 мыңнан астам бала мен жасөспірімге қосымша білім берген, кәсіби машық қалыптастырып, ұрпақ тәрбиесінің көсегесін көгертуге зор ықпалын тигізді. Бүгінгі таңда қосымша білім берудің барлық дерлік бағытын қамтыған мекемеде 124 үйірме жұмыс істейді. Онда бес мыңға жуық бала білім алып жатыр. Осылайша, ұйым оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға үлкен үлес қосып отыр.
Былтыр жыл соңында Оқушылар сарайының 80 жылдығына орай «Мерейлі мекенге – 80 жыл» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Одан бөлек мекеменің фойесінде «Ұлттық құндылық – ұлы рух» тақырыбында қолөнер және бейнелеу өнері көрмесі, картинг, авиамодельдеу, гобелен мен былғары қолөнерінің жұмыстары таныстырылды. Киіз үйде ұлттық тағамдардан дастарқан жайылып, Оқушылар сарайының «Сарай сазы» ұлттық-этнографиялық ансамблі мерекелік концерт қойды. Келген қонақтар мекеме ішін аралап, түрлі бағыттағы үйірмелерге экскурсия жасады. Сондай-ақ «Мерейлі мекенге – 80 жыл» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Іс-шараға қонақтармен бірге Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков те арнайы қатысты.
«Сіздер еліміздің болашағы – жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында талмай еңбек етіп келесіздер. Оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдап, ой-өрісін дамытуда және олардың бойына отаншылдық, еңбексүйгіштік, мейірімділік секілді ізгі қасиеттерді дарытудағы еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Тынымсыз ізденістеріңіз бен жүйелі жұмыстарыңыздың нәтижесінде шымкенттік өрендер республикалық, халықаралық деңгейдегі өнер, спорт және білім сайыстарында үздіктердің қатарынан көрініп жүр. Сондықтан жұмыстарыңызға шығармашылық табыс тілеймін. Шәкірттеріңіз әрқашан сенімдеріңізді ақтап, абырой биігінен көрініңіздер», деді қала әкімі.
Сонымен бірге ғылыми-тәжірибелік конференция барысында қонақтар мекеме туралы бейнебаянды тамашалады. «Бақытты балалық бастауы» тарихи-жылнамалық драмасында Оқушылар сарайының ашылуы туралы, аты аңызға айналған «Айгөлек» халықтық балалар би ансамблінің шығармашылық өмір жолы жайында, балалар қоғамдық ұйымының жұмысы жөнінде, сондай-ақ «Шаттық толы маңайы – Оқушылар сарайы» атты тақырыпта көрініс сахналанды. Бұдан бөлек концерттік бағдарламада «Айгөлек» халықтық балалар би ансамблі, «Еркетай» би ансамблі, дәстүрлі ән үйірмелері, «Алтын ғасыр», «Балдәурен» вокалды топтары, ІІ қалалық «Шымкент дауысы» байқауының жеңімпаздары өнер көрсетті. Өз кезегінде Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Б.Нарымбетов, білім басқармасының басшысы Н.Шәмшиева, ардагер ұстаздар Ж.Керімбекова, Г.Беляева, «Айгөлек» ансамблінің түлегі А.Төлембаева мен республикалық мектептен тыс мекемелерден келген қонақтар ұжымға ізгі тілегін арнады.
Шымкент қаласының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Мұратхан Ақбердиев Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Ұрпақ тәрбиесі – ұлттың болашағы. Мағжан Жұмабаев айтқандай, «Жас бала – жас шыбық. Жас күнінде қалай иіп тастасаң, солай өседі». Демек баланың санасына білім мен білікті, мейірім мен қанағатты, өзге де адамзат бойындағы асыл қасиеттерді бұғанасы қатпаған сәтінен бастап сіңіру маңызды. Тарихы 1943 жылдан бастау алатын Шымкент қаласындағы Оқушылар сарайы – еліміздегі байырғы мектептен тыс мекемелердің бірі. Бүгінде тәрбие ошағы жылдар бойы қалыптасқан тәжірибенің нәтижесінде қосымша білім беру саласында айтарлықтай жетістікке жетіп отыр. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде ұлттық педагогика бастауларын назарға алып, балалардың бойына ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды сіңіруге үлес қосып келе жатқан Оқушылар сарайының ұжымы өзінің мақсатқа бағыттаушылығы, жасампаздық қуаты, шығармашылық ізденісі мен жоғары кәсіби деңгейі арқылы қойылған міндеттерге қол жеткізуде тек биіктен көрініп келеді» делінген министрдің құттықтау хатында.
Жалпы, конференция бағдарламасында пленарлық отырыс, шеберлік сыныптары, секциялық жұмыстар ұйымдастырылды. Пленарлық отырыста Оқушылар сарайының директоры Б.Мустафаев мекеменің тарихына шолу жасап, ұйымның құрылу, қалыптасу кезеңіне, сондай-ақ даму жолына, жеңісті де жемісті сәттеріне тоқталып өтті. Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті «Психологиялық қолдау» орталығының басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Г.Айтжанова психология ғылымының заманауи міндеттері туралы, ал мекеменің «Ақсу» сауықтыру лагері жөнінде Ш.Асылбекова арнайы баяндама жасады. Іс-шара барысында қосымша білім берудің түрлі бағытын қамтыған озық тәжірибелі үйірме-секцияларда шеберлік сыныптары өтті. Сонымен бірге үйірмелердің іс-тәжірибесі негізінде республикалық «Қосымша білім және тәрбие» журналында жарияланған мақалалар мен озық іс-тәжірибелер 4 тақырыптық секция жұмысында талқыға түсті.
ШЫМКЕНТ