Былтыр ел ішіндегі 251 ауылға интернет қосылып, 1 463 ауылда интернет сапасын жақсарту жұмысы жүргізілді. Сөйтіп, интернет сапасы 14,4 пайызға жақсарды. Цифрлық даму министрлігінің жоспары бойынша 2027 жылға дейін тағы 250 ауыл интернетпен қамтылуы керек.
Кейінгі кездері интернет сапасына жүйелі түрде көңіл бөлініп келеді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мектептердегі Starlink интернет жылдамдығын арнайы тексеріп те жүр. Мәселен, ол жаңа жыл қарсаңында Ақмола облысындағы Майшұқыр ауылына барды. Мұндағы жергілікті мектеп Starlink арқылы интернетке қосылған. Жылдамдығы – 200 МБ/сек. Министр көрсетілетін қызметтердің сапасын тексеріп, мұғалімдермен, оқушылармен сөйлесті. Ұстаздар Starlink интернетіне қосылу білім беру үдерісіне оң әсер етіп, заманауи оқу материалдарына қол жеткізу жеңілдегенін айтты. Сонымен қатар жылдам желі күн тәртібінде тұрған оқушылар арасындағы цифрлық сауатты дамытуға көмектеседі. «Интернет – ауылдық жерлерде білім беру ортасын жақсартудың маңызды құралы. Балалардың орналасқан жеріне қарамастан білім берудің тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді», деді министр.
Starlink-SpaceX спутниктік интернеті өзіне ғалам назарын жылдам аударып алды. Илон Маск әлемнің ең шалғай түкпірлеріне жоғары жылдамдықтағы интернет жетуі үшін барын салды. Бізде де «ғарыштық» интернет кәбілдері шалғай ауылдарға орнатылып жатыр. Министрлік 2 мың отандық мектепке Starlink орнату мақсатында «SpaceX» компаниясымен түпкілікті келісімшартқа отырды. Starlink-ті орнату оңай болғанымен, қондыру қиынға түсіп жатыр.
Министрліктің хабарлауынша, қазір SpaceX-тен интернет Ақмола, Қарағанды, Алматы облыстарының 10 ауылдық мектебінде іске қосылған. Айына әр мектеп шамамен 200 доллар төлейді. Қазақстанда Starlink сатылымын іске қосу үшін техникалық жұмыстар мен заңнамаға түзетулер енгізу қажет. Технологияның ерекшелігіне байланысты Starlink «Байланыс туралы» заңның талаптарына сәйкес келмейді екен. Бағдат Мусин осы жағдайды реттеуді жоспарлап отырмыз деген болатын. Бірақ бірінші жартыжылдықта немесе екінші жартыжылдықта шешіледі деген нақты жоспар жоқ. Себебі бәрі Мәжіліске байланысты. Негізінен Қазақстанда 2021 жылы «Старлинк Қазақстан» ЖШС тіркелген еді. Құрылтайшысы Лорен Эшли Дрейер – «SpaceX-тің» іскери операциялар жөніндегі бас директоры. Аты жер жарғанымен мұны қолдану қарапайым нұсқаулардан тұрады. Жазылымды төлеген кезде шексіз интернетті пайдалану мүмкіндігі беріледі.
«KazSat спутнигі арқылы 176 ауылдық елді мекен интернетке қосылды. Өздеріңіз білетіндей, Starlink арқылы қанатқақты режімде 10 мектепті интернетпен қамтыдық. 2024 жылда 2000 мектепті қамту жоспарланып отыр. Биыл 3000 базалық стан орнатылды. Ел бойынша 723 5G базалық станса іске қосылды», деді ведомство басшысы.
Интернет пен ұялы байланыс желісінің сапасы майшаммен қаралуы керек мәселелер қатарында екені мәлім. Сол себепті де Цифрлық даму министрлігі мониторинг пен түзету жұмыстарын бақылауда ұстауға тырысады. Операторларға салынатын айыппұл көлемі артқан. Айыппұлдардың артуы операторлар жұмысының сапасын 33 пайыздан 65 пайызға жақсартқан. 2023 жылы 3 млрд 18 млн теңге айыппұл салынып, 763 жоспардан тыс тексеру жүргізіліпті. Сондай-ақ қалалардағы байланыс сапасын арттыру, тұрғын үйлерді жоғары жылдамдықты интернетке, оның ішінде FWA технологиясына қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Жыл басында ұялы байланыста «ақ дақтары» бар 67 мекенжай анықталды. Тұрғындармен ақпараттық-түсіндіру кездесулері тұрғын үй кешендері бойынша өткізілді, оның ішінде базалық стансаны монтаждау бойынша 24 тұрғын үй кешенімен келісімшарт жасалып, 13 тұрғын үй кешенінде монтаждау мерзімі аяқталды. 5G технологиясын Tele-2 операторы 137 жерде іске қосты. Жыл соңына дейін базалық стансалар үшін 26 антенна-мачталық құрылғы салу қайта жоспарланып, қамту сапасын бақылау үшін қайталама өлшемдер жүргізіліп отырады», деп түсіндірді Б.Мусин.
2027 жылға қарай елімізде интернет мәселесі шешіледі деген жоспар бар. Барлық ауылдық елді мекенге сапалы оптикалық желілер жеткізіледі. Мемлекет жергілікті шағын байланыс операторларын қолдап, оларға инфрақұрылымды дамытуға гранттар да бөлетін болады. Мұндай бағдарламалар әлемнің барлық елінде бар. Екі-үш компанияға тәуелді болмас үшін шағын операторлардың ықпалын арттыру өте тиімді. Елде 60-қа жуық шағын оператор жұмыс істейді. Ауылдарда 3G және ұялы телефоннан басқа интернетке қосылудың басқа мүмкіндігі жоқ екені және рас.
«Біз қазір «Starlink» компаниясымен қанатқақты жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Яғни интернеті өте әлсіз, білім беру жүйесін жаңғыртуға жарамайтын секундына 4 мегабит жылдамдықпен жұмыс істейтін мектептерді таңдаймыз. Заңнамалық шектеулер бар және бұл шектеулер елімізде ғана емес. Қазір барлық мемлекет байланыс саласын реттейтін заңнаманы қайта қарап жатыр. Starlink жаңа байланыс технологиясы болғандықтан, үш жыл байланыс қызметтерін ұсыну үшін жергілікті жерде жабдық орнатып, байланыс желілерімен реттелуі керек еді. Қазір олар тиімділікті арттыру жолдарын іздеп, ғарышта ең жақсы жерсерік байланысын жасады және соған сәйкес қызмет көрсете алатын елдер аумағында жабдық орнату қажеттігі болмай қалды», деді Бағдат Мусин.
Интернет мәселесі жүйелі жоспармен шешімін табады деп сенеміз. Оған қоса Б.Мусин отандастарды интернет-гигиена сақтауға да шақырды. Ол ай сайын 25 Гб интернет қолдану шамадан тыс, артық деп есептейді. Цифрлық даму министрлігінің Астанада өткен қорытынды жиынында Бағдат Мусинге мобильді операторлардың лимитсіз тарифті алып тастауы және максималды түрде 25 Гб беріп, тариф бағасын қымбаттатқаны туралы сұрақ қойылды. «Тариф бағасын неліктен көтергені туралы жауап бере алмаймын. Бірақ егер 25 гб жетпейтін болса, ол адам шамадан тыс интернет қолданатын шығар. Себебі бұл – өте ауқымды мөлшер. Мен операторлардың тарифті бұлай өзгерткенін қолдамаймын», деп жауап берді министр. Халық тарифтің басым бөлігін әлеуметтік желілер мен бейнехостингтерге пайдаланатынын айтты. Желіні көп пайдаланудың зияны да көп екенін ескертті. «Азаматтар интернет-гигиенаны сақтауы керек деп есептеймін. Оператор тарифке берілген ақшаны өзі алып қоймайды. Оны халықаралық трафикке төлейді. Оған қоса трафиктің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылғылардың да жұмысы бар», деді ол.