Әлемдік статистика бойынша киноиндустрия мен кітап саудасын салыстырсақ, кітап шығару әлдеқайда көбірек пайда әкеледі. Әрине, қазақ қоғамы кітап шығаруда мұндай ғажайып нәтижеге жете қоймаса да, кейінгі уақытта кітап өндірісінің имиджі көтеріле бастағанын байқап жүрміз. Иә, бүгінде елімізде 300-ге жуық баспа мен 800-ге тарта баспахана жұмыс істейді. Қай баспадан қандай кітап шығып жатқанын, тауардың сапасы мен мазмұнын, баспалар арасындағы бәсекені дүкендер мен түрлі жәрмеңкеде көріп жүрміз. Мәселен, елордада өткен «Eurasian Book Fair-2023» VI еуразиялық халықаралық кітап көрмесінде «Жылдың ең үздік кітабы» марапатын «Arman-PV» баспасы иеленген еді. Еске салсақ, аталған баспа «Abai» әдеби-танымдық энциклопедиясымен Х халықаралық «Ұлы жібек жолы» көрмесінде де гран-приді қанжығасына байлады. Жуырда өндірісі өрге басып, өнімімен додаларда топ жарып жүрген «Arman-PV» баспасының бас директоры Дидара Әлинамен жолыққан едік.
– Дидара Сұлтанмахмұтқызы, Мемлекет басшысы Түркістандағы құрылтайда «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарлама туралы айтты. Осыған орай ұсынылатын кітаптардың тізімі жасақталып, оған барлық кезеңде, жанрлық бағытты қамтитын 1770 шығарма енді. Балалар әдебиетін жаңғыртуға қатысты қандай жобаларыңыз бар?
– Ел Президентінің кітап басып шығару ісіне осылай мән бергенінің – біз үшін үлкен қолдау. Кітап өндірісіне, әсіресе балалар әдебиетіне мән берілуі ұлттық идеологияға, ұлттың болашағына назар салынғанын аңғартып отыр. Мемлекет басшысы ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады деді. Расымен де, осы үш бағыт рухани дамудың ұштағаны сынды.
«Arman-PV» баспасы Президентіміздің осы бастамасына қолдау білдіріп, өткен жылы балаларға арналған әдеби-танымдық кітаптардың топтамаларын басып шығарды.
«Алғашқы кітабым» топтамасымен «Ауылда», «Жол ережелері», «Уақыт өрнектері», «Сиқырлы сандар», «Кемпірқосақтың көйлегі» атты 3-4 жастағы балдырғандардың ауызекі сөйлеу тілін дамыту, сөздік қорын байыту, жалпы адами қасиеттерін қалыптастыру, ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу мақсатында өлеңдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, боямақтар, ойындар енгізілген, әдемі суреттермен безендірілген кітаптар шығардық.
Педагог Бижан Игенбаева мен авторлар ұжымы «Балалар кітапханасы» сериясымен балаларға арналған көркем шығармаларды жеке-жеке кітап етіп шығару ісі қолға алынды. Жобаның атауы – «Әр балаға он кітап». Бұл сериядағы кітаптарға қызығушылық артып келеді. Өйткені бұл топтаманың ерекшелігі – 10 түрлі кітап бір жинақта беріліп отыр. Бір үйде неше бала болса, әрқайсысы қызығушылығына, талғамына қарай өзі таңдап, оқи алады. Сондай-ақ сыныпта немесе топта да балалардың еркін қолдануына ыңғайлы QR көмегімен шығарманы тыңдау мүмкіндігі бар. Олар балалардың мәнерлеп оқуымен жазылған.
Кітаптағы әр сюжет суретпен өріліп отырады. Ондағы мақсат – баланы суреттер арқылы сөйлетіп, қиялы мен тілін дамыту. Балалардың сөйлеу тілін қалыптастыруға, дүниетанымын кеңейтуге, ой-қиялын дамытуға, эстетикалық талғамын жетілдіруге бағытталған он түрлі кітаптың қатарын арттыру жоспары да бар.
– «Бәрін білгім келеді» топтамасымен де «Дастарқан әдебі», «Көшеде жүру ережесі», «Мамандықтар», «Абай бол, балақай» кітаптары жарық көрді. Қарап отырсақ, барлық мәтін балалар жасына лайықталып жазылған, зейіні мен логикасын дамыту мақсатында да қызықты тапсырмалар берілген. Топтаманы құрастыруда қандай ережелерді алға қоясыздар?
– Өмірді енді танып жатқан балдырғандар көзбен көргенінің бәрін есте сақтайды. Сондықтан баланың қолына беретін кез келген детальға абайлауымыз керек. Бүгінде балалардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды. Осы орайда жарық көрген «Өмір энциклопедиясы» топтамасы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатын көздейді. Топтамада «Бөтен адамға ермеймін!» «Тұрмыстық техника. Атам мен әжемнің көмекшілері» деген екі кітап шығардық. Мұндағы мәтіндер күнделікті өмірде кездесетін түрлі жайттарды қамтиды. Бұл топтамадағы кітаптар балаларға да, ересектерге де өте пайдалы, сол себептен алдағы уақытта да жалғастырамыз. Баспа жетекшісі ретінде балалардың тәрбиесіне қатысты кітап, әдебиет, оқулық дайындау ісіне келгенде өте мұқият қараймын. Өйткені уақытына сай балалардың ақпаратты қабылдауы өзгерді, танымы бөлек. Кішкентай оқырмандардың назарын аударта алатындай мазмұны бар, еліктіріп әкететін суреттерімен көркем бүтін дүние жасап шығаруымыз керек. Біз балалардың визуалды қабылдауы ерекше екенін ескере отырып, арнайы QR код арқылы бейнежазбалар қостық. Бала-оқырмандардың қалауын ескеруге барынша тырысамыз. Ең бастысы, балаларға арналған кітаптарымыз аударма емес, отандық авторларымыздың туындысы. Осынысымен де ерекше.
– Биыл барлық мектеп пәндері бойынша цифрлы оқулықтар енгізіледі. Естуімше, баспа бұрыннан электронды оқулықтарды енгізуге белсенді қатысып келеді. Осы бағытта қандай жаңалықтарыңыз бар?
– Иә, 2021 жылдан бері оқулықтардың электронды нұсқасын Ekitap.kz онлайн платформасына енгізіп келеміз. Бұл алаң қазақша кітап, оқулықтардың жаңарған талаптарына сай жасалған. Барлық цифрлық құрылғыда қолжетімді Ekitap.kz платформасына кез келген мұғалім немесе оқушы тіркеліп, онлайн оқулықты қолдана алады. Веб-қосымша дәстүрлі форматта ғана емес, қашықтан оқытуда да көп пайдасын тигізеді. Оқушы үйде отырып-ақ теориялық білім алып, интерактивті қызықты тапсырмаларды орындап, өз білімін тексереді. Мұғалім де онлайн режімде оқушылардың білімін бағалай алады. Арнайы қосымшалар арқылы негізгі оқу бағдарламасындағы біліммен қатар, қосымша ақпараттар ұсынылған. Яғни бұл оқушылардың ізденімпаздығын арттырып, шығармашылық қырларын аша түсуіне себеп болады. Соңғы кездері виртуалды тақта тәсілі де жиі қолданылып жүр.
– Бүгінде нарықтағы кітаптардың 80 пайызы – Ресей баспаларынан шыққан кітаптар. Отандық кітаптар аз таралыммен шығатындықтан, сатылымда көп кездеспейді. Өйткені коммерциялық бағытта кітап нарығы дамымай отыр. Бұл мәселені қалай шешуге болады?
– Баспамыз 22 жылдан бері осы өндірісте жұмыс істеп келеді. Содан бері отандық авторлармен тығыз жұмыс істейміз. Әсіресе мектеп оқулықтарын дайындау ісінде тәжірибеміз көп. Авторларға қаламақымен қатар түрлі деңгейдегі кітап көрмелеріне, конференцияларға, басқа да іс-шараларға жіберіп, туындыларын жарнамалаймыз, насихаттау жұмыстарын жүргіземіз.
Расында да, бізге әдеби кітаптардың 80 пайыздан астамы сырттан келіп жатыр. Әрине, шетелдік әдебиеттің нарықта болуы да өскелең ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, басқа ұлттың мәдениетімен, көркем әдебиетінің озық туындыларымен танысуына ықпал етері сөзсіз. Бүгінде қоғамдағы сұранысқа байланысты көп баспалар сол шетелдік, заман талабына сай жазылған, өзекті мәселелерді көтеріп жатқан, трендке айналған кітаптарды қазақ тіліне аударып жатқан жайы бар – бұл да дұрыс. Бірақ ең алдымен ұлттық мәдениетіміз бен руханиятымызды бойға сіңіріп алғанымыз дұрыс. Сондықтан қазақтың классик жазушыларының туындыларын, өмірбаяндарын шет тілдерге аударып, бай тарихымыз бен мәдениетімізді әлемге таныстыратын уақыт келді. Мысалы, біздің баспадан «Абай» әдеби-танымдық энциклопедиясын үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) шығардық, шетелдік оқырманның сұранысына орай аудармашылар кітапты түрік, араб тілдеріне тәржімалап жатыр.
Елімізде дарынды авторлар жеткілікті. Олардың шығармаларына қолдау білдіріп, жарыққа шығарып, оқырманға кеңінен таныстыру қажет. Халқымыздың бай мәдениетін, терең тарихын зерттеп жүрген ақындар, жазушылар, журналистер де жетерлік. Біз олармен әрқашан шығармашылық тығыз байланыстамыз. Былтыр баспамыз тарихи маңызы бар жобаға кірісті. Жыл соңына дейін оқырман назарына ұсынуды жоспарлап отырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Маржан ӘБІШ,
«Egemen Qazaqstan»