• RUB:
    5.05
  • USD:
    491.71
  • EUR:
    529.97
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Қаңтар, 2024

Баянауылдағы беймәлім бейнелер

432 рет
көрсетілді

Баянауылдың Қаражар тауларындағы терең шат­қалда ғалымдарға беймәлім ескі жартас суреттерінің құпиясы шөгіп жатыр. Жергілікті халық мұны әлдебіреулер қолдан салған десе, кейбір тарихшылар ол неолит дәуірінде түсірілген деп есептейді. Шатқалдағы ежелгі бейнелер коллекциясы шын болса, мемлекет қарауына неге алынбайды?

Баянауыл жері – сан ға­сырлық тарихы бар, аты аңыз­ға айналған алыптар мен ғұ­ла­­малардың, қасиет қонған әулие­­лердің елі. Ол – соны­мен қатар аңыздардың тоғыс­қан мекені. Жасыбай көлінің жағасында орналасқан Дра­верт қуысындағы ескі жартас суреттерінің мән-маңызын археологтер ашып көрсетіп берсе, енді бір жерлердегі көне бейнелер әлі күнге ғалымдардың зерттеуіне сұранып тұр.

Былтыр жазда Павлодар об­лыстық Бұқар жырау атын­дағы әдебиет және өнер музейі мен Баянауыл аудандық әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған өлке­тану экспедициясында қызық жайтқа тап болдық. Аудан ор­та­лығын Қарағанды облысымен жалғайтын үлкен тас жолдың бойында Қаражар деп аталатын елді мекен бар. Бұл жерде Павлодар облысындағы жалғыз тау-шаңғы кешені – Мырзашоқы орналасқан. Кешен қыста ғана жұмыс істейді.

Аңызға сүйенсек, атақты Бұқар жырау Қалқаманұлы осы Мырзашоқы тауының биі­гінен тұрып, Малдыбұлаққа дейінгі жерді бөліп берген екен. Сонда оң жағы – қаржас, сол жағы – айдабол руларына тиесілі болсын деп үкім айтыпты. Сол Мырзашоқы тауымен қатарлас жатқан Қаражар тау­ларында ерекше сыр бүккен, айналасын жартас қоршаған шатқал бар. Шатқалдағы жақ­пар тастар толған сурет. Мұн­да Күнді айналған бишілер, жырт­қыш және мифтік аңдар, Күн бейнелі құдайлар мен бақ­сылардың суреттері, үлкен қо­ңыздың, қарақұрт пен өзге де жәндіктердің бейнелерін ұшырастыруға болады.

Шатқалға кіреберісте ең әуелі Күнді айнала билеп жүр­ген адамдар мен аңдардың су­реттері ұшырасты. Арасында ежелгі бақсының, үлкен құстың бейнелері бар.

Бұл жерден таяқ тастам жер­де, әбден шөп басқан соқ­пақ бойындағы қойтаста қара­құрттан қашып бара жатқан әйелдің бейнесі өте жақсы сақ­талған. Бұл кескінді әлдебір су­ретші кеше ғана салып кеткендей, өте айқын байқалады.

Келесі кезекте адамдар мен түрлі аңдардың, үй жануар­ла­рының кескіндерін көруге болатын шым-шытырық суретке тап толдық. Қазақтың көне нанымында табиғаттағы барлық жаратылыс бір-бірімен тамырлас деп аталмайтын ба еді. Бұл бейнеден сондай дүниетанымды аңғаруға болатындай.

Одан кейінгі қанатты адамдар, геометриялық кескіндер, алып қоңыз бен су астындағы жәндік тәріздес, бәйтерек үс­тін­дегі жолбарыс (немесе сі­леу­сін), көз таңбалары және өзге де түсініксіз бейнелердің бар­лығы әр жерде шашырай ор­наласқан. Адам түгілі, мал аяғы баса қоймайтын тылсым жердің құпиясы бізді расымен таңғалдырды.

Көне тас ғасырындағы та­рих­тың қатпарларына қатыс­­ты жәдігерлер осы уақытқа дейін неге зерттелмеген? Зерттелсе, кітап пен баспасөз беттерінде, ғаламторда неге жоқ?

Бұл сұрағымызды тарих ғы­лым­дарының докторы, про­фес­­сор Жамбыл Артықбаев­қа қой­ғанымызда ғалым бұл суреттер жайын жақсы білетінін, археологиялық жәдігерлер туралы «Байырғы бейнелеу өнерінің абыздық мазмұны» еңбегінде баяндағанын жеткізді.

– Баян тауларының бәрі де гранит, сиенит, порфирит, тақтатас сияқты тау жыныс­тарынан түзілген. Осы күнгі бедері мезозой дәуірінде, яғни миллиондаған жылдар бұрын қалыптасқан делінеді. Мезозой эрасы төменнен жоғары қарай триас, юра, бор кезеңдері болып бөлінеді. Ол шамамен жер­дің 165 миллион жылдық та­рихын қамтиды. Баянаула өңі­рінде қадым заманда құз-жа­ртас, тағы тас бетіне қа­шалған петроглифтерді де, сонымен бірге қызыл-қоңыр бояу­мен салынған суреттерді де кездестіруге болады. Жасыбай көлінің оң жақ жағалауында биік жарлауыт тастың қуысы­на қызыл-күрең түсті жосамен салынған суреттерді алғашқы рет ғылыми ортада жариялаған Ресей географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімшесінің өкілі П.Л. Драверт еді, – дейді ғалым.

Негізі Баянаула таулары «Жақ­сы аула» және «Жаман аула» болып екіге бөліне­ді. Жер­гілікті өлкетанушы Мұ­ха­мед­қайыр Шәріповтің ай­туын­ша, жоғарыда айтқан Мырзашоқы Жақсы аулаға еніп тұр. Ал Жамбыл Артық­баев­тың жоғарыда аталған ең­бе­гінде шатқалдың орна­ласқан жері Жаман аула деп көрсетілген: «Баянаула ежелгі бейнелеу өнерінің тамаша суреттері Жасыбай көлінің шы­ғыс жағында, Жаман аула тауы­ның шатқалдарында кез­де­седі. Күн шұғыласының ас­тында тізбектеле билеп жүр­ген адамдардың бейнесі ара­сында оқшаулау ерекше тұл­ғалар аңғарылады. Олардың бас­тарының орнында жан-жағына сәуле шашқан күн бейнесі бар. Алқызыл шапақтар әлемінің төрт бұрышына сәулесін шашып тұр. Суреттердің ішінен еркек жауынгерлер өздерінің құдіретті қаруымен көзге тү­седі. Тас бетінде қызыл-күрең бояу­мен салынған культтік су­рет­тердің арасында бәйтерек ба­­сындағы жолбарыс, көз таң­балары, қарақұрт, т.б. бейнелер бар. Биік тау шыңдарына, қия жартастарда бейнеленген күн шұғылалы адамдар мен мифтік сюжеттерді бояумен салу оңай болмауға тиіс», деп жазады тарихшы ғалым.

– Мен ол ауылда болдым. Суреттердің бәрін де қарадым, бәрі де неолит дәуірі туындысы, жосамен салынған. Күнді айнала билеп жүрген адамдарды ерте замандағы абыз-суретші керемет көрсете білген. Міне, сән осы Күнге табыну салта­натына байланысты туған сөз. Қазіргі күні мағынасы қара­пайымданған, яғни әдеміле­ну, жақсы киіну, т.б. Бертінгі заманнан ол жерде сурет жоқ. Сурет мазмұны соңғы за­ман­­дарды көрсетпейді. Бұл су­реттерді сақ­­тауды ой­ластыру керек, 10 мыңжылдық тарихы бар, деп әңгімесін жалғай түсті Ж.Артықбаев.

Алайда жергілікті тұрғын­дар мен өлкетанушылар бұл шатқалдың расымен неолит дәуірі кезеңіне жататыны күмән тудырады деп отыр. Мысалы, Баянауыл ұлттық паркінің инс­пектор-нұсқаушысы, еліміздің үздік өлкетанушысы Алтынбек Құрманов ол жердегі бейнелерді өткен ғасырдың соңына таман әлдебіреулер қолдан салуы мүмкін деген күдігін жеткізді. Заманында Әлкей Марғұлан Баянауыл тауларының барлы­ғын сүзіп, археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген. Сол тұста Қаражар таулары әйгілі археологтің назарынан тыс қалуы мүмкін емес деп есептейді ол.

Ал С.Торайғыров универ­си­теті Ә.Марғұлан атындағы ар­хеологиялық ғылыми зерттеу ор­талығының басшысы, өңірге танымал археолог Виктор Мерц: «Бұл – заманауи имитация­­лар. Ең әуелі, кейбір суреттер­­дегі бояу ескі емес, жағылғаны­­­­на көп жыл өтпегені аңғары­ла­ды. Екіншіден, ол жерде түрлі стиль­дерді ұшырастыруға бола­ды. Мәселен, біздің жерімізге жат африкалық, аустралия­­­­лық түр­лері де кездеседі. Мен ол жер­­ді зерттей келе, әлдебір әуес­­­қой суретші салған деген тү­­йінге келдім. Бәлкім, ол адам түр­­лі суреттерді жинастырып, бар өнерін осы шатқалға төк­кен. Сол арқылы өзінің туған өл­­кесін танытқысы келген болуы­ мүмкін» деген пікірін айтты.

Жергілікті адамдардың айтуынша, Қаражар ауылында Олжабай Әлібаев есімді өнерлі адам тұрған. Суретшілігінде шек жоқ деседі. Кейбіреулер сол салуы мүмкін деген долба­рын жеткізді. Бірақ ауыл тұр­ғыны Есен Жүсіпбаев әлгі су­ретші елді мекенге 2000-жыл­дар­дың басында көшіп кел­генін, ал суретті ел үлкендері өт­кен ға­сырдың 1980-1990-жыл­да­ры сту­денттер салып кеткен деп ­айтатынын баяндады. «Сол тұс­­та студенттер жаз бойы шат­­­қалда шатыр тігіп жатыпты. Ауылдан алыс әрі соқпағы қиын жер. Ол жерге атпен кіру мүм­кін емес. Жергілікті халық­тың көп келе бермейтінін пайдаланып, әлдебіреулер салып кеткен деп ойлаймын», дейді ол.

Қаражардағы жартас сурет­тері осылайша бүгінде ғалым­дар аузында дау тудырып тұр. Шатқалды археологтер кеңірек зерттеп, ақиқатын ашады деген үміт зор. Тастағы бейнелер шынымен неолит дәуіріне тиесілі екені дәлелденсе, Баянауыл аума­ғында тағы бір турис­тік бағыт ашылып, ал мемлекет атал­ған жерді қарауына алатыны анық.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Қаражар ауылы