Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Бұл ретте ел Президенті алдағы үш жылда агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуді тапсырды. Осы орайда ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Еркін ҚАСЫМОВПЕН әңгімелескен едік.
– Еркін Игенбайұлы, сіз ауыл шаруашылығы бағдарламаларының іске асуына қатысты сараптама жасап жүрсіз. Бір жылдары оңтүстікте мақта кластерін құруға арнайы бағдарлама қабылданып, бюджеттен қыруар қаражат жұмсалғанын білеміз. Бірақ мақтадан мата өндіріп, тоқыма өнімдерінің шыққанын көрмедік. Қайта сала тұралаған үстіне тұралап барады. Осының себебі неде деп ойлайсыз?
– Қандай бағдарлама болсын оны іске асырудың ғылыми тұрғыда зерделенген тұжырымдамасы, орындалу алгоритмі болуы керек. Сұрағыңыздың жауабын сол кездегі Үкімет басшылары, тұжырымдаманы дайындаған авторлар беруі қажет. Күні бүгінге дейін басқа салаларда да мемлекеттік жобалардың оң нәтиже беріп жатқаны шамалы. Аустралиядан ұшақпен арнайы әкелінген асыл тұқымды меринос қошқарлар жерсінбей, мемлекеттік биязы жүн өндіру жобасы да аяқсыз қалғанына қынжылғаннан басқа амал жоқ. Мақта өндіру кластері өте күрделі, бір-бірімен тығыз байланысты бірнеше дербес саладан тұратын жүйе әрі өзіндік телімділігі тағы бар. Ұмытпасам бұл бағдарламаны іске асыру мерзімі 2002-2005 жылдарға белгіленді. Сол жылдары Канаданың Алберта провинциясында Қазақстан, Қырғызстан ғалымдарымен бірге «OLD» колледжінің ұйымдастыруымен Харикейн компаниясы қаржыландырған халықаралық «CIDA» жоба аясында бір ай шамасында тәжірибе алмастық. Ол жердің табиғаты еліміздің шығысына өте ұқсас. Онда Қазақстанда өндірілген металдан машина, трактор дейсіз бе, барлық ауыл шаруашылығы өнімдерін, тіпті мұнайды да шығарып, өңдеп, қолданып жатыр. Канада барлық елге егін, мал өнімдерін, тіпті төрт түлік малға деп табиғи шөптерді нығыздап, Калгари қаласының халықаралық әуежайы арқылы араб елдеріне тасып, сатумен айналысып жатқанын көрдік. Осыдан шығатын қорытынды, мақта кластері нәтижесін беруі үшін жобалар серпінді әрі кезең-кезеңімен орындалуы қажет. Алдымен мақта өсірудің заманауи технологиясын жолға қою бағдарламасы іске асуы қажет болатын. Сол жылдары теледидардан экономистер, ғалымдар нәтижесіз қалған сол жобаларды жан-жақты қолдап, мемлекеттік арналарда насихаттағанын білеміз.
– Қазіргі кезде жеңіл өнеркәсіп жағынан Қырғызстан мен Өзбекстан бізден оқ бойы озық тұр. Біз әлі мәселені талқылаудан арыға бара алмай отырған сияқтымыз.
– Өзбекстан ел экономикасы дағдарысқа ұшыраған жылдары (1993-2000) мақтаны экспортқа, әсіресе Түркияға шығарып, дағдарыс кезінде мемлекеттің бюджетін толтырды. Олар алдымен мақтаны өсіру технологиясын, кейіннен жіп иіру, мата шығару бойынша арнайы жеке-жеке бағдарламалар қабылдап, өндірістерін кезең-кезеңмен жаңартып, кластерлік технологияға қол жеткізді. Олар бүгін өздері өсірген мақтасын өңдеп, таза мата өндіріп, тігін кәсіпорындарын жолға қойып, отандық бұйымдарын экспорттайтын елге айналды.
– Еліміздің ауылдық аумақтарын дамыту әлі күнге өзекті болып отыр. Аймақтарды дамыту тұжырымдамаларын әзірлегенде қандай басымдықтарды негізге алу қажет?
– Болашақта еліміздің бай табиғи ресурстары, Еуропа мен Азияның кіндігінде орналасуымыз дамуымызға үлкен мүмкіндіктер ашады. Егер осы артықшылықтар салыстырмалы түрде қысқа мерзімде тиімді пайдаланылса, логистика дамиды, қалада, ауылда, әсіресе шекаралас аймақтардағы тұрғындардың әл-ауқаты жақсарады. Қайтадан құрылған бұрынғы облыстардың өркендеуі мұндағы әрбір саланы жан-жақты дамытумен тікелей байланысты болары анық. Бұл ретте мен орталықтандырылған қаржы ресурстарын децентрализация мәселелеріне, аймақтың ауыл шаруашылығы саласын жандандыруға айрықша назар аудару қажет дер едім. Жалпы, еліміздің, әсіресе оңтүстік, шығыс, орталық, батыс өңірлерінің ауыл шаруашылығының ресурстық әлеуеті – агроөнеркәсіп кешенін мақсатты түрде дамытатын болса, бұл халықты азық-түліктің негізгі түрлерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, кейбір түрлерін экспорттайтын елге айналуға мүмкіндік береді. Дегенмен, агроөнеркәсіп кешенін дәйекті дамыту түпкі мақсат пен оған жетудің тәсілін нақты болжамайынша мүмкін емес. Ауыл шаруашылығы өндірісін дамытудың негізгі ережелерін қалыптастырған кезде нарықтық қатынастар дамуының объективті заңдылықтары, тамақтанудың ғылыми негізделген стандарттары, жергілікті өнеркәсіптің шикізатқа қажеттілігі, генетикалық әлеует, егіннің, жануарлардың өнімділігі, барлық аймақтың табиғи биоклиматтық мүмкіндіктері сияқты факторларды ескеру қажет. Республика халқының болжамды жыл сайынғы өсімін 180-200 мың адамға және өнім тұтынуға медицина ұсынған нормаларды және өнеркәсіптік шикізат көлемін ұлғайтуды ескере отырып, Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаның мақсаты – өнімділікті екі жарым есе, агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспортын екі есе арттыру және отандық өндірістің әлеуметтік маңызы бар тауарларымен қамтамасыз ету. 2024-2029 жылдары бағдарлама жалғасын таппақ. Оларды іске асыру үшін шаруашылықтарды мамандандыруды жүзеге асыру қажет.
– Аймақтық табиғи ресурстық ерекшеліктерді тиімді пайдалану үшін агросектордың қай салаларын дамытуға басымдық берген жөн?
– Еліміз нарықтық экономикаға көшкенге дейін Семей, Торғай, Жамбыл, Жезқазған секілді қалаларда ет комбинаты, сүт зауыты, жүнді бастапқы өңдеу, Алматыда жіп иіру, мата тоқу комбинаттары жұмыс істеді. Кішігірім Аягөз, Арқалық, тіпті Үржар, Ақсуат, Шемонайха сияқты шағын ауылдық жерлерде мал, егін шаруашылықтарының өнімдерін өңдеп шығаратын зауыттар, сүт-ірімшік, ет-шұжық комбинаттары болды, оларда мыңдаған адам қызмет етті. Бұл өндіріс орындарының барлығы одақтық маңызға ие еді, олардың бір бөлігі өнімдерін шетелдерге де экспорттады. Мысалы, Үржар ауданындағы зауыт ірімшіктің бірнеше түрін Еуропа мемлекттеріне, Қаскелең ауданындағы кішігірім тігін фабрикасы 1995 жылға дейін таза мақтадан, жүннен тоқылған бұйымдарын Канадаға экспорттады. 1980-1990 жылдары Семей, Торғай, Жезқазған өңірі еліміздің мал шаруашылығын, әсіресе, қой шаруашылығын дамытудың флагманына айналды. Аталарымыз қой шаруашылығын дамытып, оны жетілдіруге басымдық берген, оның өнімдерін елдің тұрмыстық қажеттілігіне тиімді пайдалана білген. Сан ғасыр бойы жинақталған тәжірибенің нәтижесінде еліміздің түрлі өлкесінің табиғатымен терең үйлескен мал өсірудің, оның ішінде қой-ешкі өсірудің ерекше бір жүйесі қалыптасқан. Сондықтан қой шаруашылығы еліміздің шығыс, орталық, батыс, оңтүстік аймақтарында республика экономикасының басты бір саласы болу керек деп санаймын.
Әңгімелескен –
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ