• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 15 Қаңтар, 2024

Беғазыдағы берекелі шаруашылық

740 рет
көрсетілді

Атадан қалған шаруашылықты шашау шығармай, әрі қарай дөңгелетіп отырған Азамат Ғазизұлы өрісін төрт түлікке толтырған. «Жанқұтты» атты шаруашылығында отар қойы, табын сиыры мен үйір-үйір жылқысы бар. Азаматтың мектеп жасынан атқа қонғанының арқасы атадан қалған мал дәулет болып отыр.

Бертінге дейін Үкіметтің көмегіне жүгінбей, таза маңдай терімен Қоңыртаудың өрісін төрт түлікке толтырған. Мемлекеттің малға беретін субсидиясын кейіннен ғана алған фермер енді шаруашылығына жаңа тех­ника алуды жоспарлап отыр.

«Субсидияны кейіннен ғана алып жүр­мін. Дизель отынымызды, жем-шөбі­міз­ді ақтап тұр. Енді «КамАЗ», трактор алсам деген ойым бар. Техника деген шаруа­­шы­лықтың күші ғой. Осы уақытқа дейін ескі техниканың арқасында аман-есен шөбімізді түсіріп отырдық қой. Жаңа­лап алсақ, жақсы болар еді», дейді фермер.

Шаруашылық иесі жақында тағы бір қыстақ алып, малының денін сонда ұстап отыр. Қазіргі қонысынан 4 шақырым жерде. Өйткені өз қыстағынан 4-5 жерден құдық қазған екен, су шықпапты. Терең жерінен шыққанымен көпке бармай көзі таусылады. Ал мал суға семіреді.

Азамат­тың негізгі көмекшісі – Қанағат бауыры. Ағайынды екеуі екеулеп, еңбек етіп жүр. Онымен қоса Беғазы ауылындағы 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сиырын отба­сылы жандарға сеніп тапсырған. Олар – жаңа қыстағында. Шөп науқаны кезінде тағы бір жұмыскердің күшіне жүгінеді. Шөп демекші, кейінгі екі-үш жылда өз жерін шабуды қойған.

«Құрғақшылық біздің де жерді айналып өтпеді. Өзі шабындығымыз шамалы еді. Мүлдем шөп шықпай қалды десек те болады. Әйтеуір әупірімдеп жүріп, Қызыл­арай­­дың орман шаруашылығына тиесілі жерді шауып алып отырмыз. Келісімшарт жасасып, қаражатын төлеп. Бұл да болса үлкен көмек», дейді шаруа иесі.

Майөзек, Сынтас атты жайылымдық жері шұрайлы. Малы наурызда далаға шық­қаннан бастап қар түскенше осы өрі­сін­де. Бұл жақтың қысы қолайлы. Малы қаңтардың ортасына дейін далада жайылады. Қар қалың түсе қоймайды. Мұнысы да құрғақшылық бүйірден қысқан уақытта көмек болып отыр.

Бұл шаруашылықта мал бордақылау жұмысы да жолға қойылған. Ірі қара малын жемге қойып, семіртіп, Балқаш пен Қарағандыға саудалап отыр.

– Әкем негізі механизатор болған. Ке­йін­­нен мал бағып, бізге өсіріп берді. Ол кісінің еңбегі ерен. Бізді де еңбекке ерте үйретті. Біз де әкенің өнегесін бойға сіңіріп, қал-қуатымыз жеткенше, еңбектеніп жа­тыр­­­мыз. Малымыздың амандығы – жа­ны­­­мыз­дың амандығы. Осыдан екі-үш жыл бұрын 10-15 бас жылқымыз жоға­ла­тын еді. Қазір ұрылар айылын жиды. Оған да тәубе, – дейді А.Ғазизұлы.

Азаматтың есімін Арқа жұрты жақсы біледі. Азаматтығымен, мәрттігімен һәм ұлттық спорттың ұпайын түгендеп жүрген жанашыр ретінде. Бертінге дейін ат үстінде жүріп, серке тартысты. Бәйге жаратып, додаға қосты. Тазы жүгіртіп, аң қуады.

Барын басып емес, шашып жейтін Азамат ретінде ел аса құрметтейді.

Жомарт фермер жолынан жығылмайды. Қайырымдылық жасауға үнемі ниетті. Ұлт­тық спорт ойындарына тұрақты демеу­ші. Бергені ырысын азайтпайды, берекесін арттырады.

 

Қарағанды облысы,

Ақтоғай ауданы