• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Қаңтар, 2024

Әкесін іздеген әже

951 рет
көрсетілді

Әріптесім сізді телефонға шақырады деді. Ар жағынан бір кейуананың дауысы естілді. – Азамат деген сенсің бе?– Иә, мен.–Айналайын, мен жасым тоқсанға келген Қазиза Наурызбаева деген әжең боламын. Сенің «Аманаттың жүгі ауыр» атты сұхбатыңды оқып, 6 жасымда соғысқа кеткен әкемді ойлап, көзімнің жасын бір сығып алдым. Әкем сол кеткеннен оралмады. Әлі күнге дейін бір дерек жоқ. Енді осы материалды оқып, «өшкенім жанып, өлгенім тірілгендей» деп қуандым.

Жә, бәрін басынан баста­йық. Былтыр біздің басылымда «Аманаттың жүгі ауыр» («Ege­men Qazaqstan» газеті, 21.06.2023) ­ат­ты тақырыппен Екінші дү­­ние­жүзі­лік соғыста хабар-ошар­­­­­сыз кеткен жауынгерлерді із­деп, олар­дың аты-жөні мен жер­ленген жерін анықтаумен айналысып жүрген еліміздегі жалғыз ұйым – «Atamnyn аmanaty» қо­ғамдық бірлестігінің ресми өкі­лі, әскери журналист Әбубәкір Смайыловтан алған сұхбат жа­рия­ланды. Сонда аталған ұйым­ға осы уақытқа дейін із-түс­сіз кеткен майдангерлерді іздес­т­і­ру жөнінде 7 000-нан астам өті­ніш түсіп және еріктілер тобы­ның еңбегі арқасында 2 200-ге жуық қазақстандық сол­дат­­тың жер­ленген орындары анық­­тал­ғаны айтылған. Сон­дай-ақ қан­ды қырғында қаза тапқан 14 жер­лесіміздің сүйегі туған же­ріне жет­кізіліп, үлкен әскери құр­мет­пен жерленген. Редакцияға қо­ңырау шалған кейуананы қуант­қан мақала осы еді.

– Зейнеткерлікке шық­қанға дейін ұстаз болып еңбек еттім. Сондықтан жасым ұлғайса да әлі де газет оқимын, – деп сөзін қайта жалғады әжеміз. – Ме­нің әкем 1941 жылы шілде айын­да қазіргі Абай облысы, Жарма ауданы, Георгиевка ауы­лынан әскерге алынған. Біз үйде төрт бала едік. Үш ұл, бір қыз. Әкем соғысқа кеткенде үлкеніміз 10-да, кішіміз бесікте жатқан. Мен алты жаста едім. Әлі мектепке де барған жоқпын. Әкемнің бей­несі әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Ұзын бойлы еді. Туыста­рым мені әкеме тартқан деп айтады. Әскерге кетіп бара жатқан сә­тін де ұмытқан жоқпын. Арқасы­на асып алған дорбаны арқа­лап үйден шығып бара жатты. Біз шулап жылап жа­тырмыз. Сол кезде әкем бәріміз­­дің басымыздан сипап, бесіктегі кішкентай ба­уырымның беті­нен сүйді. Анам үй шаруасын­да­ғы адам еді. Әкем кетіп бара жат­қанда: «Енді сен жұмысқа шық. Балалар ашығып қалмасын» дегені есімде. Содан анам жұ­мысқа шықты. Таңнан кеш­ке дейін ұжымшарда еңбек етті. Қыз бала болғаннан кейін бе, жас күнімнен пысық болдым. Үйдегі жас бауырларыма қарадым. Балалық шағымыз қызық­қа толы болды дей алмаймын. Талай қиыншылықты көрдік. Қазір соны көрген түс секілді се­зінемін. Майданға барған­нан ке­йін әкемнен екі-үш рет хат келді. Одан кейін хат та сап тиылды. Содан бері қаншама жыл өтті. Биыл сұм соғыстың аяқталғанына 79 жыл болады. Бірқатар архивке де сұрау салып, хат жаздым. Олардан да еш дерек болмады, – деді дауысы дірілдеп.

Ол кісінің айтуынша, әкесінің есімі – Жұматай Наурызбаев. Негізі Павлодар облысының ту­масы. 1909 жылы өмірге келген. Сол замандағы көзі ашық, оқы­ған зиялы азаматтардың бірі бол­ған. Мектеп директоры болып істеген. Осы қызметінен әскерге шақырылған.

«1995 жылы Жеңістің 50 жыл­дығы қарсаңында бір деректің ұшы шығып қала ма деп әкем­нің соғысқа аттанған жері – бұрын­ғы Семей (Қазіргі Абай) облысы Жар­ма ауданының әскери комис­сариатына хат жаздым. Олардан көп ұзамай жауап келді. Онда: «Сіздің әкеңіз Наурыз­баев Жұма­тай 1941 жылы 28 шіл­деде Жарма аудандық әскери ко­миссариатынан шақырыл­ған. Бұдан басқа де­рек жоқ. Жар­ма аудандық әс­кери комиссары, подполковник Қынышбаев. 17.05.1995» деп жазылған. Әзір­ше қолымдағы жал­ғыз құ­жат осы. Ол кісінің туған жері Пав­лодар облыстық архивіне де хат жолдадым. Балаларым Ре­сей­дегі «Мемориал» электронды мұ­рағатынан да іздестірді. Әкем­мен соғыста бірге болғандар бар шы­ғар деп газет-журналға да жаз­дым. Ешқандай дерек жоқ. Биыл жасым 90-ға келеді. Әлі күн­ге дейін әкемді іздеп, бір жа­­ғымды жаңалық бола ма деп елең­деймін», деді.

Айтпақшы, әжеміздің әкесі Жұматай Наурызбаев пен қазақ­тан шыққан тұңғыш кадрлық ­офи­цер Әбілқайыр Баймол­­дин ­немере ағайын болып келеді. Екеуі де Павлодар облысының Ақ­қу­­­лы ауданында туған. Ә.Бай­мол­дин Екінші дүниежүзілік со­ғыс­та Кеңес одағының батыры Мән­шүк Мәметова және атақты мер­ген, Халық қаһарманы ­Ыбы­ра­йым Сүлейменовпен бірге жауға қар­сы соғысқан. Ол басқарған полк фашистерден 80 елді мекенді азат еткен. Майдандағы ерен ер­лігі үшін даңқты офицер қаза бол­ғаннан кейін Кеңес Одағы­ның Батыры атағына ұсы­нылған. Бірақ түрлі себеппен бұл атақ берілмеген. Ардақты тұлғаның ерлігі, азаматтығы туралы онымен соғыста бірге болған майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов өз естеліктерінде жан-жақты қам­тып жазған.

Қазиза әжеміз жақында тағы хабарласты. «Atamnyn аmanaty» қоғамдық ұйымы ол кісіден әке­сі туралы қажетті мәліметті сұра­­тып алып, іздестіріп жатқан көрі­неді. Енді тоқсандағы әжеміз­дің әкесінің дерегін іздеген тілегі орындалса дейміз.