Кешегі күннің бірден-бір байланыс саласы болған пошта қызметіне бүгінде көптің көңілі тола бермейді. Мұны біз баспасөзге жазылу науқаны кезінде қаттырақ сезіндік. Өйткені еліміздің басқа өңірлері тәрізді емес, Ұлытау облысында «Қазпошта» әлі де байланыс саласындағы монополистік сипатын жоғалта қойған жоқ. Қаласақ та, қаламасақ та «Қазпошта» қызметін пайдалануға мәжбүрміз.
Ұлытау облысы 2022 жылы құрылғанмен, облыстағы пошта қызметі өткен жылдың соңына дейін «Қазпошта» АҚ Қарағанды облыстық филиалының құрамында болып келді. 2023 жылдың қазан, қараша айларында Ұлытау облыстық филиалын құру туралы шешім қабылданғаннан кейін ғана екі арада бөлу жұмыстары басталды. Бұл шара баспасөзге жазылу науқанына кәдімгідей кері әсерін тигізді. Өйткені бағдарламаның дұрыс орнатылмауы салдарынан газет-журналдардың бағасы қате көрсетіліп, біраз түсінбеушілік тудырды. Сол күндері осы жағдайға дабыл қағып, бізбен хабарласқан азаматтар да аз болған жоқ. Солардың бірі кәсіпкер Қиясбек Әділбаев пошта қызметіне деген ренішін: «Жеке шаруашылығыма байланысты негізінен қаладан сыртта жүремін. Газет-журналдарға жазылу үшін әдейі келсем, поштаның бағдарламасы жұмыс істемейді екен. «Ертең келіңіз» дейді. Ал ертең істеп кететініне кепілдік бар ма?», деп бастап, одан әрі пошта қызметін «еліміздегі цифрландыру бағдарламасынан шет қалған сала» ретінде бағалайтынын жеткізген еді.
«Поштаға барсаң тек қолма-қол ақша талап етеді. Қазір елдің көбі қалтасына ақша салып жүрмейді. Поштаның мобильдік аударымдарды қабылдауға дайын еместігі, қабілетсіздігі таңғалдырады», деп тұрғын сөзін нақтылай түсті. Шынында солай. Бұған өзіміз де сан мәрте куә болғанбыз. Бұл – қазіргі уақытта пошта қызметіндегі тез арада жөндеуді қажет ететін ең басты кемшіліктердің бірі.
«Бағдарлама дұрысталды-ау» деген кезде мәліметтер базасын анықтаудың қиындығы туындады. Тұрғындарға газетке қанша дана жазылғанын білу мүмкін болмады. Облыс орталығындағы мамандар «Бұрын мұндай іспен Қарағанды айналысқанын, өздерінің тәжірибесіздігін» айтып ақталып бақты.
Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Өйткені 2024 жылдың басынан өз алдына бөлек филиал болып құрылған Ұлытау поштасы сол бір байқалған кемшіліктерді еңсеріп, тез арада бойын тіктеп ала қояр ма екен? «Қазпошта» АҚ Ұлытау облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы А.Болатбеков жағдайдың күрделі екенін айтады. Ең басты мәселе – мамандардың жетіспейтіндігі. Қазір филиалда, басқасын айтпағанда, бас есепшінің орны бос тұр. Әрине, жаңадан құрылып жатқан филиалдың ұйымдастыру шаруалары шашетектен болатыны түсінікті. Бұрын бұл салада істемеген мамандардың жұмысты игеріп кетуі оңай еместігі де белгілі. Қарапайым ғана баспасөзге жазылу мәліметтерін алып бере алмау – осы сөзіміздің бір дәлелі. Демек, мамандарды қайта оқыту, үйрету керек.
Аяғынан нық тұрып кеткенше Ұлытау филиалына «Қазпоштаның» республикалық басшылығы тарапынан қаржылай көмек қажеттігі анық сезіліп отыр. Өйткені филиал орналасқан ғимаратқа күрделі жөндеу жасау қажет. Ғимараттың іші-сырты көз жауын алып, елді өзіне анадайдан тартып тұруы да, ішіндегі кабинеттері де қызметкерлердің жұмыс істеуіне барынша қолайлы болу керектігін айтып жатудың өзі артық. Ал қазіргі ғимарат талапқа мүлдем сай келмейді. Бір жақсысы, филиалдың материалдық-техникалық базасын жаңалауға қазірдің өзінде қажетті көмек көрсетіле бастаған. Бірақ соған қоса жаңа филиалды білікті мамандармен қамтамасыз ету жағын да республика өз бақылауында ұстап, жіті назарға алғандары жөн. Бәлкім, басқа өңірлерден білікті мамандарды тарту керек шығар? Бірақ олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы қалай шешіледі? Мұны облыстық филиал өздігінен шеше алмайтыны тағы түсінікті.
Пошта қызметін көпшілік өздеріне хат-хабарды қалай жеткізуіне қарап бағалайды. Әрине, қазір бұрынғыдай хат тасқыны жоқ. Қазіргі пошташылардың міндеті – газет-журналдарды уақтылы жеткізу. Күн сайын шығатын, апталық басылымдар бар. Бірақ күн сайын газет таситын пошташы жоқ. Олар газет-журналдарды аптасына бір рет қана жеткізеді. Қалалық жердің өзінде жағдай осындай болғанда, алыс ауылдарға күн сайын газет-журнал жеткізілмейтіні айтпаса да мәлім.
Облыстың барлық ауылында пошташы бар. Олар онсыз да жарытымсыз жалақының жартысына жұмыс істейді. Республикалық поштаның жаңа басшылығы кейінгі кезде оларды да сыйақыдан қалдырмайтын болыпты. Қаржылай қолдау қызметкердің жұмысқа деген ынтасын арттырары анық.
«Егер елді мекендегі халық саны 2 мыңнан асса, мұндай жерлерде пошта бөлімшесі ашылсын». Республикалық «Қазпошта» қазір осындай талап қоя бастады. Құптарлық қадам. Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының ортасында орналасқан Кеңгір ауылы бұл талапқа сай келгенмен, ғимарат табу, оны ұстап тұру шығындарына барғысы жоқ облыстық филиал бөлімше ашқысы келмейтін сыңайлы. Мәселенің қалай шешімін табатынын алғы күндер көрсете жатар.
«Қазпошта» АҚ Ұлытау облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы А.Болатбеков Жезқазған, Сәтбаев қалаларында бұрын жабылып қалған екі бөлімнің қайтадан ашылатынын жеткізді. Бұл да әрине, қуанышты хабар. Әйтпесе, 70 мыңнан аса халқы бар Сәтбаев қаласында жалғыз ғана поштаның қызмет көрсетуін қалай бағалауға болады? Хат-хабар азайғанмен, қазіргі кезде поштадағы заттай сәлемдеме тасымалының ауқымы молайғаны байқалады. Өйткені поштаға қашан барсаң да ұзын-сонар кезекті көресің. Мұндайда сапалы қызмет көрсету туралы сөз қозғап та керегі шамалы. Бұрынғы пошта бөлімдерін қайтадан ашу жұмысты жақсарту, тұрғындарға қолайлылық тудыру мақсатынан туындағаны күмәнсіз.
Әрине, кінә арту оңай. Кемшіліксіз қызмет болмайтыны тағы рас. Бірақ түзетуге тиісті нәрсені қолға алмай болмайды. Және дер кезінде түзетуге ұмтылған жөн. «Қазпоштадан» күтеріміз сол ғана.
Ұлытау облысы