• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Театр 17 Қаңтар, 2024

«Жошы хан»: сахнада тарих сөйлейді

301 рет
көрсетілді

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық академиялық музыкалық драма театрында тұсауы кесілген «Жошы хан» драмасының дақпырты премьерадан бері жарты жылдан аса уақыт өтсе де, әлі басылмай тұр. Оның үстіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың газетімізге берген сұхбатында Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл болғанына айрықша мән беріп, тоқталуы да тарихи қойылымның маңызын одан әрі арттыра түскендей. Спектакльдің жазда өткен премьерасын арнайы барып тамашалаған Президент: «Шын мәнінде, пьесаның тақырыбы өте маңызды, өзекті. Кейбіреулер қазақтардың өз тарихы, мемлекеті, елі болмаған деген сөздер айтып жүр. Ол – біздің тарихымызды бұрмалау», деп қойылым құндылығына тоқталып, шығармашылық ұжым әлеуетін жоғары бағалаған болатын.

Көп көңілінен шыққан тари­хи туындының авторы – Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­кері, Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының лауреаты, жазушы-дра­матург Думан Рамазан, қою­шы­ режиссері – Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Театр репертуарын тари­хи тақырыптағы тың туындымен то­лықтырған қойылым­ның өзекті­лігі сол – Жошы тағдыры арқылы қазақ тарихының тере­ңіне бойлайды. Атауы айтып тұр­ғандай, драманың негізгі идеясы – қазақ даласындағы түркі тайпаларын бір ұлысқа біріктіріп, Ұлытауда ордасын тіккен, Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаушы – Жошы ханның бейнесін ашуға арналған.

Расымен де, қазақ театр тари­хында тұңғыш рет сахнаға жол тартқан Жошы бейнесінің көрер­мен үшін маңызы мол. Түркі баласын бір тудың астына жинап, артынан ерген елдің тыныш­ты­ғы мен біртұтастығын ойлаған оғлан, Шыңғыс ханнан кейін қаны түр­кі баласына бір шаңырақтың асты­на бас қосқызып, бір қазаннан дәм татқызған, тағдырын бір қазық­қа байлаған Жошы өмірі елдің ел­дігін, ділдің бастауын көрсете­тін құндылық десек, қателеспейміз.

Ұлттық мемлекеттігіміздің ­алтын дәуірі болған Жошы ұлы­сы­ның негізін қалаушы, хандар­дың атасы Жошы тағдырына арнал­ған драма тартысқа толы. Шымыл­дық түрілгеннен-ақ дәуір атмосферасын ала келген көне сарын көрерменін баурап алып, бір­ден қойылым ішіне енгізеді. Бұл үшін ең әуелі спектакльге музы­ка жазған композитор, этномузыкант Еділ Құсайынов пен Қайрат Тоқымбетовке алғыс айту керек.

Әрі қарайғы оқиға Үргеніш шаһарын басып алу жолындағы Шағатай мен Жошы арасында­ғы текетіреске ұласып, хандық ішін­­дегі дау-дамай драма қай­шы­лығын ширықтыра түсті. Басты рөлде ойнаған актер Қайыржан Садықов дебюті болғанына қара­мастан Жошы бейнесіне барын­ша бойлауға тырысыпты. Ал­ғаш­қы көріністен-ақ Жошының бо­йындағы биік гуманистік идея кө­рінді. Әртіс фактура, сөз саптау жағынан да көңілге құрмет ор­нықтырды. Десе де тәжірибенің аты тәжірибе емес пе, сахнаға Ша­ға­тай рөлінде жарқ етіп «Да­рын» мемлекеттік жастар сый­лы­ғының лауреаты Жасұлан Ерболат шыққанда назардың бәрін талант­ты актер бірден өзі­не баурап алғандығын мойындай­мыз. Бұл әлбетте туабітті талант­пен қа­тар сахналық мол тәжірибенің арқа­сында екендігі сөзсіз. Осы жа­ғынан келгенде Жошы Шаға­тай­ға есе жіберіп алды. Әйтсе де басты рөлдегі алғашқы тәжірибе екендігін ескерсек, Қайыржан Садықовтың еңбегі де ескерусіз емес. Жас актер бойынан жақ­сы ізденіс іздері көрінді. Осы жағы­нан оған лайықты қошемет көр­сетуге әбден болады.

Спектакльдегі айрықша атап өтуге болатын тағы бір рөл – Шың­ғысхан бейнесі. Қа­зақ­стан­ның еңбек сіңірген қайрат­кері Асылбек Қапаевтың сомда­уын­дағы түрлі бейнені көріп жүр­сек те, Шыңғыс хан соның ішіндегі бір төбесі болыпты. Ірілі-ұсақты рөлдер ішінен жарқырай көрін­ген сәтті ізденіс екендігін де баса айтқымыз келеді. Жарты әлемді жаулаған жаһан әміршісін әдетте көріп жүргеніміздей қаһарлы, адуынды хан бейнесінде емес, ке­рісінше қаһанның адами қасиет­теріне, әке ретіндегі сезім иірім­деріне бойлауға ұмтылған ак­терлік парасаты, психологиялық те­реңдігі де көңілге жылылық сый­лады. Оның Шыңғыс ханы – алыс-жұлыстан қашып, бойын парасат билеген, ұлағатты ойлар қоз­ғайтын салмақты тұлға. Биік­тен төніп тұрған селт етпес көз­­қарасы спектакльдің өн бойына қан жүгіртті. Ұлы қағанның әр­бір сөзі діттеген жерге дөп тиіп жат-ты. Ойлы, мағыналы, терең тір­кес­тер көрермен көкейіндегісін қоз­ғап, көңіліндегісін тербегені анық.

Ал оның хан ретіндегі салтанатын жеткізуде қойылым суретшісі Ерлан Тұяқовтың кәсіби талғамы тәнті етпей қоймады. Шыңғыс ханның сахнаға шығуы шын мәнінде театрдың әлеуетін көрсете алды. Жаңа театр сахнасының бар мүмкіндігін ұтымды пайдалана отырып жасалған декорация, кейіпкерлердің ажарын ашып қана қоймай, дәуір үнін дөп басқан кос­тюмдер – бәрі-бәрі қойылымның көркемдік деңгейіне қызмет еткен. Әр де­тальға, сахна декорациясына тиянақты дайындалғаны бірден сезіледі. Жарық пен музыка­ның үйлесімділігі, LED экранның мүл­тіксіз қабысуы да көрермен кө­ңілін көл-көсір қуанышқа бөлеп, Дешті Қыпшақ даласының байтақ рухын айшықты көрсете білді. Сахна суретінің осы ерекшелігі лайықты бағаланса керек, Ерлан Тұяқов өткен жылы жүргізілген «Қазақстан театрлары – 2023» мониторинг қорытындысы бойын­ша «Жошы хан» спектаклінің костюмдері үшін «Жыл костюм суретшісі» аталымында Қазақстан «Театр сыншылары бірлестігінің» «Сыншылар жүлдесі» сыйлығына ие болды.

Сонымен қатар сахнада эпи­зодтық рөлде жүрсе де Төле рө­лін­дегі Біржан Жүнісов, Бектомыш – Бегімнұр Қалила, Кетбұға жы­рау – Қасымхан Бұғыбай іздені­сін ай­рықша атап өткіміз келеді. Ба­ла Бату бейнесінде көрінген Әл­кен Ысмайыл да болашағы­нан зор үміт күттіреді. Ал керісінше спек­­такльдің негізгі қайшылығын ұстап, шым-шытырық интрига ту­ғы­зуға тиіс Шыңғыс ханның то­­қа­лы Құлан қатын (Жанар Қа­сы­­мова) мен Көкеші көріпкел (Заң­­ғар Әбенов) тандемі босаңдау шық­­ты. Рөл табиғатын әлі де ши­рық­тырып, мінез бояуын қанық­ты­ра түсуге сұранып-ақ тұр. Сол се­кіл­ді сахна сайысына да әлі де жү­йелі дайындықтың қажетті­гі бай­қалып қалды. Ширығу жа­ғын шың­даса қойылымның ұтыл­май­тыны анық.

Тоқетерін түйгенде, спек­такль­­­дің «Шыңғыс ордасы» аталатын алғашқы бөлімі қақты­ғыс­қа толы болғанымен, «Қазақ ордасы» атты екінші бөлімінде күрделі қақтығыс жоқ. Бұл бөлім – драманың идеясын ашуға барынша икемделген. Сондық­тан болса керек, спектакль екі­ге бөлініп қалғандай сезіл­ді. Бірінші бөлімі нағыз драмаға сай қақтығыстармен көрерменін ши­рықтырса, екінші бөлімде дина­мика бәсеңсіп, насихаттық баяндауға ұласқандай әсер сыйлады. Есесіне қойылымның тілі жатық. Автор аз сөзге көп мағы­на үстеуге ұмтылған, әр тіркесіне ауқымды әрекет сыйдырған диалогтер шын мәнінде қойылым­ның көркемдік құрылымын ба­йытқан. Сыншы Н.Қабылбек­тің сөзімен айтсақ, «Диалогтер көп сөзділіктен ада. Нақтылық бар. Талас-тартыс үстіндегі одағай сөй­лемдер де жамырап кетпей­ді. Көрерменді жалықтырып жі­берер монологтер мүлде жоқ. Аз сөзбен көп ой айтуға талпыныс байқалады. Бұл шиеленіске толы драманың ауа жайылып кетпеуіне, құры­лымының құлдырамауына кәдім­гідей көрік беріп тұр».

Осы тұрғыдан сараптасақ, ра­сы­мен де драматург Думан Рама­зан­­ның бұған дейін жазылған өз­ге тарихи туындыларымен са­лыс­­­тырғанда «Жошы ханның» бә­сі­нің бәрібір биік екендігін баса айт­­қымыз келеді. Пьеса тілі ғана емес, ре­жиссер мен сценограф­тың сах­­на мүм­кіндігін барынша ұтым­ды пайдаланып, заманауи техни­ка­­ның игіліктерін игеруге деген ұм­­ты­лысы, жарық пен музыка қою­да­ғы сәтті ізденістер­дің барлығы да қо­йылымның жетістігі екендігі даусыз.