Өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдардың қызметі электр энергиясының құнын едәуір қымбаттатып отыр. Жеткізу үдерісінің жекелеген технологиялық аспектілері реттелмегендіктен, бірқатар өңірде тұтынушы электр қуаты үшін артық ақы төлейді.
Алты жыл бұрын энергия беруші ұйымдарды бірыңғай Аймақтық электржелілік компанияларға (АЭК) бірігуге ынталандыру мақсатында энергетика туралы заңнамаға түзетулер енгізілді. Кейбір өңірлерде АЭК-тен тұтынушыға дейін осындай үш-төрт делдалдан тұратын тізбек құрылуы мүмкін болғандықтан, бұл тиімсіз қатысушылар санын қысқарту үшін жасалған еді. Бірақ бұл кезеңде энергия беруші ұйымдарды ірілендіру үрдісі айтарлықтай нәтиже бермеді. Керісінше, осы уақытта қолданыстағы АЭК желілерін бөлшектеу мысалдары пайда болған. Осыған орай Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығы Энергетика министрлігіне электр энергиясын беру қызметтеріне негізсіз ақы төлеумен байланысты проблемаларды шешу үшін жұмыс тобын ұйымдастыруды сұрап отыр.
Мәселен, елордада бірден екі өңірлік электржелілік компания – «Астана-АЭК» және «Ақмола-АЭК» жұмыс істейді. «Ақмола АЭК» тек 110 кВ екі қосалқы стансаға және бірнеше электр беру желілеріне тиесілі екеніне қарамастан, оның желілері арқылы елордадағы электр энергиясы көлемінің 35%-ы беріледі. Бұл Астанадағы тұтынушылар үшін электр энергиясының қосымша қымбаттауына әкеледі. Қаладағы аймақтық желілер бойынша Астанаға жылына шамамен 4 млрд кВт/сағ берілетінін, «Ақмола АЭК» тарифі осы жылы 7,25 теңгені құрайтынын ескергенде, елорда тұрғындары электр энергиясы үшін жыл сайын 10 млрд теңгеден аса артық төлейді. Бұл ретте қаланы 220 кВ-пен қамтитын «Астана-АЭК» шаһар тұтынушыларына электр энергиясын беруді дербес жүзеге асыру үшін барлық қажетті технологиялық мүмкіндіктерге ие. Айта кету керек, жуырда «Астана-АЭК» тарапынан биылға электр беру тарифі бекітіліп, ол ҚҚС есептемегенде кВт/сағатына 6,7 теңгеге дейін өсті. Ақмола АЭК те өзінің тарифтік бағаларын ҚҚС-сыз 1 кВт/сағ үшін 9,48 теңгеге дейін ұлғайту ниетін білдірді.
Қауымдастық мәліметінше, электр энергиясын беру бойынша қызмет көрсету саласындағы тағы бір ерекше мысал Қостанай облысында қалыптасқан. Онда бір өңірде кернеу деңгейлері бойынша бөлінген өзара үлестес екі энергия беруші ұйым («Межрегионэнерготранзит» ЖШС және «ЭПК-forfait» ЖШС) жұмыс істейді. Бұл ретте олардың әрқайсысына электр энергиясын беру бойынша қызмет көрсетуге арналған жеке тариф бекітілген. Бұл – облыс тұтынушылары үшін электр энергиясының негізсіз қымбаттауына себеп. Сөйтіп, технологиялық тұрғыдан бірыңғай АЭК болып саналатын энергия беруші ұйымдардың жиынтық тарифі ағымдағы қаңтарда ҚҚС-сыз 1 кВт/сағ үшін 14,67 теңгені құрайды. Бұл – республикадағы АЭК үшін өлшеусіз жоғары тариф. Мәселе – энергия беруші ұйымдардың әртүрлі меншік иелері екеніне қарамастан, бастапқыда оларды ірілендірудің болмағандығында.
Сол секілді қауымдастыққа Ақмола облысы аумағында энергия жеткізетін «Степногорск Энерготранзит» ЖШС-дан электр энергиясын беру бойынша қызмет көрсетуге шарт жасасу жөнінде заңсыз талап алған «Zhasyl Damu Energy» энергиямен жабдықтаушы ұйымы да (ЭЖҰ) жүгініп отыр. Барлық тұтынушылары «Көкшетау Энерго» ЖШС желілеріне қосылған бұл ұйым өзінің «Степногорск Энерготранзитке» қандай қатысы барын білмей дал. Бір жағынан ол «Көкшетау Энерго» ЖШС желілері бөлігінің жаңа меншік иесі болуы мүмкін деп те болжайды. Мұндай жағдайда «Zhasyl Damu Energy» электр желілері қызметін, соңғысының инфрақұрылымын пайдаланғаны үшін қосымша ақы төлеуге мәжбүр болса, ЭЖҰ клиенттері бір қалада электр энергиясын беру үшін екі рет шығындануы мүмкін. Яғни электр энергиясына тариф олар үшін қандай да бір экономикалық себепсіз, тек АЭК-ті қасақана бөлшектеу есебінен автоматты түрде бірнеше теңгеге ұлғаяды.
Өңірлердегі электр энергиясы тарифінің осылай механикалық өсуі – жіті назар аударатын жағдай. Ал заң бойынша меншік иесінің желіні беруге құқығы жоқ. Тұтынушы бір қызметке екі рет ақы төлемеуі үшін кез келген энергия беруші ұйымға өз желілерін бөлшектеуге тыйым салынған. Аталған технологиялық аспектілерді реттеу, салалық заңнамаға тиісті өзгерістер әзірлеу мен енгізу бағытында қауымдастық Энергетика министрлігіне нарық кеңесін қайта құру, проблемаларды талдап, тиісті өзгерістер әзірлеу туралы ұсыныспен жүгінген. Сонымен қатар тиісті жұмыс тобы құрылса, ол барлық тұтынушыға, оның ішінде халыққа негізсіз ауыртпалық түсіретін проблемаларды жүйелі қарастырып, шешумен айналысар еді.
«Артық төлеудің аталған мысалдары тек «айсбергтің ұшы», ал тұтастай алғанда, мұның бәрі де электр энергиясын беру қызметі саласында жүйелі проблемалар бар екенін көрсетеді. Оны технологиялық аспектілердің реттелмеуіне байланысты өңірлік желілер бойынша электр энергиясын беру қызметіне ақы төлеудегі нарық субъектілерінің негізсіз шығыстары деп тұжырымдауға болады», дейді мамандар.