• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Қаңтар, 2024

«Болашақта зәрулік туындайды». АЭС салудың маңыздылығы айтылды

365 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған сұхбатында қозғалған  ауқымды мәселенің бірі – АЭС салу жобасы. Қ.Тоқаев осы сұхбатында да елдің ертеңі үшін маңызы зор стратегиялық жобаны жүзеге асыруды жалпыхалықтық референдум арқылы шешу қажеттігін ескерткен-ді.

Бүгін газет редакциясында «АЭС: Қазақстан энергия тапшылығынан қалай құтылады?» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті.

Қоғамның талқысындағы тақырыптың күнгейі мен көлеңкесі тарқатылған жиынға Қазақстан Электроэнергетиктер ассоциациясының төрағасы Арман Телеев, Қазақстан азаматтық альянсының төрағасы Бану Нұрғазиева, «Байтақ» жасылдар партиясы аппаратының басшысы Бекберген Керей, Үлбі металлургия зауыты ғылыми орталығының төрағасы Манарбек Қылышқанов, ҚАЭС ЖШС  атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Асуан Сиябеков, қауымдастырылған профессор, ядролық физика PhD докторы Нұрлан Амангелді қатысты. Атом электр стансасын салудың маңызы мен энергия көзіне деген зәруліктің жыл озған сайын артып келе жатқанын айтты.

«Елдіктің берік тірегі саналатын әскери қауіпсіздік пен экономикадағы азық-түлік қауіпсіздігі қандай салмақты болса, энергетика қауіпсіздігінің де маңызы одан бір мысқал кем емес. Себебі электр энергиясы болмаса кез-келген саланың жұмысы тоқтайды. Қазақстанда АЭС салу деген неге үрейлі ұғым туғызады? Себебі ел ішінде түсіндіру жұмыстары өз дәргейінде атқарылып жатқан жоқ», деді М.Қылышқанов 

Арман Төлеев «қайда болмасын қосымша өнім өндіру табысты еселей түсетінін» айтты. Экологиялық өлшеммен алғанда атом энергиясы көмірдей зиян келтірмейді. Тіпті қоршаған ортаға зиянды қалдық шықпайтынын ескертті. Халықтың көкейінде үрейдің орнауы тереңдей түсінбеуінен деген пікірін алға тартты.

Қазақстанда салынуы тиіс АЭС құрылысын қай елдің компаниясы жүргізеді деген сауалдың да маңызы зор. Дөңгелек үстелге қатысушы мамандарға да осы сауал қойылды. Асуан Сиябеков атом электр стансасын салу жобасы бұған дейін де көтерілгенін, нақты айтқанда 1990-1997 жылдары аралығында бұл мәселе көптің аузында жүргенін атап өтті. 2008 жылы да талпыныс болғанын айтты. Қазақстан үшінші мәрте атом электр стансасын алуға ұмтылғанын жеткізді.

АЭС салған күннің өзінде ядролық физика саласында мамандар тапшылығы туындамай ма? Бұл сауалға жауап берген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ядролық физика кафедрасының оқытушысы Нұрлан Амангелді реактр салынса, кадрға зәрулік тумайтынын айтты. Себебі бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде һәм Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде ядролық физика мамандығы бойынша студенттер оқиды. Ядролық физика  институты мен Курчатовтағы орталық та кадр даярлауға серпін береді. Демек, бізде АЭС салынса, маман тапшылығы туындамауы тиіс.

Бану Нұрғазиева болашақта электр энергиясына деген зәрулік туындамас үшін АЭС салуды жеделдету қажеттігін айтты. Дамыған елдердің басым көпшілігі атом электр стансасының шарапатына кенеліп отырғанын ескертті.

Бекберген Керей АЭС салуда энергетикалық қауіпсіздікпен қатар экологиялық қауіпсіздікке де баса назар аудару қажеттігін жеткізді. Қазақстан 2015 жылы Париж келісіміне қол қойғандықтан қоршаған ортаға зиян келтірмеу басты міндет екенін еске салды.

Елімізде АЭС салудың стратегиялық маңызы зор екені әлі де айтылып келеді. Әлемнің 32 мемлекеті атом электр энергиясын өндіру мақсатында 440-тан аса стансаны іске қосып, энергияның балама көзін игілікке жаратып отыр.