Ғылым саласы қаншама дертке дауа тапты. Сонда да аурудың жаңа түрлері пайда болып, адамзатты сарсаңға салып отыр. Әлемді әлекке түсірген вирустар біздің елді де айналып өткен жоқ. Адам мен жан-жануар инфекциясы да экономиканың дегбірін қашырды. Осы мәселемен табан тіресіп, ұзын арқан, кең тұсаудан аулақ болуға тырысқан вирусолог-вакцинолог, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Қайсар ТАБЫНОВ «Халықтың иммундық ахуалын білу, қадағалау өте маңызды. Содан кейін ғана ауқымды иммундық науқанды бастауға болады», деген еді. Ол әлемде алғаш рет ірі қара малда кездесетін бруцеллез жұқпалы ауруына қарсы екпе әзірлеген.
– Қайсар Қазыбайұлы, сіздің біршама ғылыми зерттеуіңіздің өндіріске енгенін білеміз. Қазір қандай жаңалықтарыңыз бар?
– 2020 жылдың мамыр айында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде халықаралық Вакцинология орталығын құрдық. Осы уақыт ішінде COVID-19-ға қарсы үш вакцина, сондай-ақ жусан тозаңынан пайда болатын аллергиялық ринит пен бронх демікпесіне арналған pollenvax вакцинасын әзірледік. Халықтың аллергияға қарсы тұратын вакцинаға деген қажеттілігінің жоғары екенін ескеріп, клиникалық зерттеулер сатысына шығаруды жөн көрдік.
– Қателеспесем, сіз осы уақытқа дейін 13 вакцина әзірледіңіз. Осыған дейін ойлап тапқан вакциналарыңыз әлі қолданыста ма?
– Ғылымдағы қызметімнің 20 жылға жуығында әріптестеріммен бірге жылқы тұмауы, ірі қара және ұсақ мал бруцеллезі, құс тұмауы (А/Н5N1), шошқа тұмауы (А/Н1N1pdm09), маусымдық адам тұмауы, сондай-ақ COVID-19 сияқты қауіпті инфекцияларға қарсы 8 ветеринарлық, 5 медициналық вакцина әзірледік. Әзірлемелеріміздің 60 пайызы өндіріске сәтті енген еді. Бірақ қазір тек біреуі ғана кең көлемде тәжірибелік қолданысқа ие. Ол – құс тұмауына қарсы вакцина. Қалғандарын іс жүзінде қолданбаудың әртүрлі себебі бар. Мысалы, құс тұмауына қарсы Kazfluvac және шошқа тұмауына қарсы Refluvac медициналық вакциналары 2013 жылғы пандемия кезінде шұғыл қолдануға арналған препараттар ретінде тіркелді. Содан бері тұмау пандемиясы болған жоқ, сондықтан оларға қажеттілік болмады. Сөйтіп, елде тұмау пандемиясының қаупіне қарсы тұруға мүмкіндік беретін вакцина технологиясының әлеуеті қалыптасты.
– Ірі қара мал бруцеллезіне қарсы екпені ғылыми түрде әзірлеуіңіз, алғаш рет тәжірибеден өткізуіңіз, оны халықтың қалай қабылдағаны туралы білсек дейміз...
– Жалпы, ветеринария саласында бруцеллез мәселесі өте өзекті. Ол жануарлардың барлық түріне, соның ішінде ірі қара мен ұсақ малға әсер етуі мүмкін. Республиканың ветеринарлық зертханалар желісіне бөлінетін қаражаттың 90 пайыздан астамы дәл осы аурумен күресуге, ал қалғаны басқа инфекцияларға жұмсалады. Елде 100 жыл бұрын бруцеллезге қарсы жасалған вакциналар бар. Олар Brucella abortus S19 штамынан алынған. Өте тиімді екені рас. Бірақ мұны қабылдаған жануарлар инфекциямен бірдей антиденелер шығарады. Неғұрлым жетілдірілген вакцинаны америкалықтар 25 жыл бұрын ұсынған. Ол инфекция кезінде пайда болатын антиденелерді түзбейді. Бұл – негізінен мал бруцеллезіне қарсы вакцина жасаудағы үлкен жетістік. Алайда оның да өз кемшіліктері бар. Біріншіден, америкалық вакцинаның тиімділігі бұрынғыға қарағанда төмен. Екіншіден, вакцина әлсіреген болса да, тірі бактериядан жасалған. Соның кесірінен екпе қабылдаған жануарлардың сүтінен вирус бөлініп, адамның вакцинамен байланысты инфекциясын тудыруы мүмкін. Егер адам сүтті қайнатпай ішсе, онда ол ауру жұқтыруы ықтимал. Мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі. Ал салдары қауіпті. Осының бәрін ескере отырып, мінсіз немесе кем дегенде мінсіздікке жақын вакцинаны жасауды мақсат тұттық. Біріншіден, қауіпсіз болуы керек. Екіншіден, экологиялық таза, егілген жануарларға түсік жасатпайтын әрі тиімді болуы шарт. Тағы бір мәселе – жануарларды егілгендер мен егілмегендерден ажырата алу мүмкіндігі. Ауқымды өндіріске де жарамды болса дейміз. Осы талаптардың барлығына OMP16 және L7/L12 бруцеллез ақуыздарын білдіретін рекомбинантты тұмау вирустарына негізделген әлемдегі алғашқы векторлық ірі қара мал бруцеллезіне қарсы вакцинамыз сәйкес келді. Тұмаудың вирустық векторларын жобалау қазіргі уақытта гендік инженерия саласындағы ең озық әдістердің бірі, кері генетика әдісімен жүргізілді. Қауіпсіздігін тексеру үшін оны көп сынақтан өткіздік. Сөйтіп, кейінгі 20-30 жылда әзірленген екпелердің ішіндегі ең үздік вакцина пайда болды. 2018 жылы вакцина өндірістік комиссиялық сынақтардан (апробациядан) сәтті өтті, ал 2019 жылдың қаңтарында Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық препараттар мен жемшөп қоспаларының мемлекеттік тізіліміне енді. 2020 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы «Бай-Нұр» шаруа қожалығында бруцеллезден сауықтыру жұмыстарын жүргіздік. Өкінішке қарай, бұл вакцина елімізде әлі кең қолданысқа ие болған жоқ.
– Аустралиядағы «Vaxine Pty Ltd» биотехнологиялық компаниясында тағылымдамадан өтіпсіз.
– Иә, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында «Денсаулық сақтау үшін қауіпсіз және тиімділігі жоғары вакциналарды жасау жөніндегі инновациялық технологиялар» тақырыбы бойынша бір жылдық тағылымдамадан өттім. Тағылымдама, ең алдымен, ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру жүйесіне деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Бұл қағидаттар біздің халықаралық Вакцинология орталығына толық енгізілді. Бүгінде «Vaxine Pty Ltd» компаниясы – біздің орталықтың сенімді серіктесі. Әрі әрбір тарап біздің ұйымдардың дамуына өз үлесін қосады.
– Құс тұмауына қарсы А/H5N1 екпесін өндіріске енгіздіңіз. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Біз H5 типті құс тұмауына қарсы белсенді емес эмульсияланған вакцинаны әзірлеп, өндіріске енгіздік. Оның өнеркәсіптік өндірісі 2008 жылдан бері жалғасып келеді. Вакцина бастапқыда ел аумағы үшін эпизоотиялық өзектілікті білдіретін құс тұмауы вирусының 2007 жылы Павлодар өңірінде үй қазынан анықталған (Н5N1) жергілікті штаммы негізінде әзірленді. Қазір технология тұмау вирусының кез келген түріне қарсы вакцина жасауға мүмкіндік береді және ол CDC (ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары, АҚШ) және Nibsc (Ұлттық биологиялық стандарттар және бақылау институты, Англия) алынған тұмау вирусының эпидемиялық өзекті вакциналық рекомбинантты штамдарын пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
– Қазір қай бағытта зерттеу жүргізіп жатырсыздар?
– Аллергияға қарсы вакцинаны жасап шығару жолында терең зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Елімізде аллергиялық ринит пен бронх демікпесімен ауыратын балалар мен жасөспірімдердің ең үлкен сенсибилизациясын, яғни 80 пайызын жусан тозаңы тудырады. Бұл ретте елде мемлекеттік және жеке медициналық мекемелердің аз ғана бөлігі аллергенге тән иммунотерапия бойынша қызмет көрсетеді. Осыны ескере отырып, Денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасында «Иммунологиялық медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін рекомбинантты молекулаларды пайдалана отырып, жусанға арнайы поллинозды иммунотерапия үшін ұлттық вакцина жасау» міндеті қойылды. Pollenvax вакцинасының бірегейлігі ультра қысқа режімде төрт тері астындағы десенситизациялық иммундау мен аллергиялық ринит, астмаға қатысты айқын терапевтік тиімділікті қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта вакцинаны клиникалық зерттеулерге дайындау жүргізіліп жатыр.
– Еліміздегі биотехниканың жағдайын қалай бағалар едіңіз?
– 90-жылдардағы тоқырау вирусологияға ғана емес, тұтас отандық ғылымға салқынын тигізді. Сол кезеңде жас әрі жігерлі, шығармашылық мүмкіндіктерінің шыңында тұрған ғалымдар ғылымды тастап, күнкөріс үшін басқа дүниемен айналысуға мәжбүр болды. Сөйтіп, өз уақытында қаржыландырудың болмауына байланысты ғылымның дамуына елеулі үлес қоса алмаған ғалымдардың аз ғана шоғырына иек артуға тура келді. Әрине, шетелге шығуға немесе халықаралық ұйымдардан қаржы тартуға қол жеткізген жеке адамдар немесе зерттеу топтары да бар. Мәселен, бұрынғы жұмыс орнымды – Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтын айта аламын. Бұрын жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының қоздырғыштарымен жабық тақырыпта зерттеу жүргізе алатын. Өз жұмысының ерекшелігіне байланысты институт жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі үкіметаралық бағдарламаға сәйкес Халықаралық ғылыми-техникалық орталық тарапынан белсенді қаржыландырыла бастады. Содан кейін ғалымдар лайықты жалақыға қол жеткізіп, заманауи және қымбат жабдықтар сатып алынды. Бұл қолдау, сайып келгенде, институтқа кадр ресурстарын жоғалтпауға, биологиялық қауіпсіздік саласындағы отандық ғылымның көшбасшысы болуға мүмкіндік берді. Қазір вирусология ғылымының дамуына жас ғалымдарымыз да үлкен үлес қосып жатыр. Олар «Болашақ» бағдарламасымен әлемнің үздік оқу орындарында оқыды. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті басшылығының қолдауымен Вакцинология саласында халықаралық деңгейде жұмыс істейтін орталық құрғанымызды жоғарыда айттым. Бұл орталықта вирусология, биологиялық қауіпсіздік, биоэтика, гендік инженерия, патологиялық морфология және аллергология сияқты басқа да салаларда маманданған жас әрі креативті мамандар бар. Болашақта біз елдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қоса аламыз деп сенемін.
– Елдің биологиялық қауіпсіздік деңгейі қандай?
– Біз ғаламшардың климатын өзгерту арқылы жабайы фаунаның тіршілік ету ортасын өзгерттік. Сонымен бірге жануарлар мен құстардан таралатын көптеген жұқпалы аурудың шекарасын кеңейттік. Кейінгі жылдары елімізде үй жануарлары арасында бұрын Африка мен Таяу Шығыс елдерінде ғана тіркелген экзотикалық аурулар анықталғанын атап өткен жөн. Тіпті болашақта пандемияның пайда болу жиілігі де арта түседі. Адамдарға жұғатын барлық жұқпалы аурудың шамамен 70 пайызы жануарлардан тарайтыны белгілі. Бұл мәселеде жұртшылықтың сауаттылығы, қажетті ақпараттан хабардар болуы аса қажет. Медициналық және ветеринарлық қызметтердің бір-бірімен үйлесімді әрі тығыз жұмыс істеуі маңызды. Бұл ретте ветеринарлық қызметті едәуір нығайту, жабайы фаунадағы инфекциялар қоздырғыштарының жүйелі мониторингін қамтамасыз ету және жұқпалы дерттің жануарлардан адамдарға берілуінің алдын алу үшін басқа да іс-шаралар жүргізу қажет. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде мамандарды даярлау және биологиялық қорғау деңгейі жоғары алдыңғы қатарлы зертханалардың болуы да маңызды. Біз ел ретінде заманауи зертханалық кешен М.Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы және Ұлттық биотехнология орталығы, Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталықтың иелігінде тұрған орталық референттік зертханаға ие болғанымызға қуанамыз. Орталық Азия өңірінде баламасы жоқ мекемеде жоғары халықаралық стандарттар бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елдің биологиялық қауіпсіздігін нығайту үшін кем дегенде осы секілді тағы бірнеше зертхана салу қажет. Өйткені биологиялық қауіпсіздік жауапсыздықты көтермейді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Елігімай ТӨҢКЕР,
«Egemen Qazaqstan»