• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әскер 24 Қаңтар, 2024

Ұлттық ұланның әскери кеңесінде жыл қорытындыланып, алдағы кезеңнің міндеттері айқындалды

191 рет
көрсетілді

Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденовтің басшылығымен және өзара іс-қимыл жасайтын орган басшылары және әскердің генералдары мен офицерлерінің қатысуымен Әскери кеңес өтті. Күн тәртібінде құқықтық тәртіп әскерлерінің 2023 жылғы қызметтік-жауынгерлік әрекеті қорытындыланды. Сондай-ақ алдағы кезеңге арналған міндеттер мен тапсырмалар айқындалды.

Алқалы жиынды ашқан құқық қорғау ведомствосының басшысы полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов кеше ғана Ішкі істер министрлігінің алқасында ел Президенті-Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ұланның қызметіне жоғары баға бергенін атап өтті.

«Сонымен қатар мен құқықтық тәртіп әскерлерімен байланысты проблемалық мәселелерді белгіледім. Атап айтқанда, офицерлер мен сержанттар құрамының жетіспеушілігі жайлы мәселе қозғалды. Бүгінде жауынгерлік қызмет атқаратын әскери қызметшілердің лауазымдарын толықтыру мәселелері өзекті болып отыр.

Әрбір командир бөлімшелердің қызметтік-жауынгерлік әрекетін қамтамасыз ету үшін білікті кадрларды іріктеумен айналысуға тиіс. Бас штабқа, қолбасшыларға, әскери бөлімдердің командирлеріне бос лауазымдарды шұғыл түрде жасақтауды тапсырамын. Жеке құрам үшін қызметке қажетті жағдайларды жасап, қоғамда қызметтің тартымдылығын арттыру керек. Жергілікті атқарушы органдармен, қорғаныс істері жөніндегі бөлімшелермен бірлесіп осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет», деді ІІМ басшысы.

Ал өз кезегінде Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов Мемлекет басшысының III Бүкілармиялық кеңесте берген тапсырмалары бойынша Ұлттық ұланда атқарылған ауқымды жұмыстар жайлы мәлімдеді.

Отырыс барысында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-майор Қайрат Ақтанов өткен жылғы әскерлердің қызметтік-жауынгерлік жұмысы туралы қорытынды баяндама жасады.

Осы орайда әскердің жедел қолдануға дайындығын арттыру мақсатында әскери қызметшілер екі жүзден астам бірлескен оқу-жаттығуларына қатысқан. Оның ішінде ведомствоаралық топтар құрамындағы дағдарыс жағдайларына ден қою жөніндегі кешенді оқу-жаттығулар да бар.

Құқықтық тәртіп әскерлерінің бөлімшелері өзара іс-қимыл жасайтын органдармен бірлесіп қоғамдық тәртіпті қорғауды күшейтуге, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға және іздеу іс-шараларына да атсалысқан.

Міндеттердің ауқымды бөлігін әскери бөлімшелер қоғамдық тәртіпті қорғауға және елдегі жедел жағдайдың өзгеруіне байланысты атқарған. Оның ішінде маңызды қоғамдық-саяси іс-шараларды өткізу кезеңіне уақытылы ден қойылды.

Елдің қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелері елеулі үлес қосып келеді. Оларды дамыту және жауынгерлік мүмкіндіктерді арттыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп отыр.

Өзара іс-қимыл жасайтын органдармен бірлесіп ауқымды арнайы 12 операция жүргізілді. 10 қылмыстық топ жойылды, топтың 17 көшбасшысы мен 124 белсенді қатысушысы ұсталды.

«Қарасора» іс-шараларын өткізу шеңберінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлермен бірге өсірілген қарасораның 19 егіс алқабы табылды, құрамында 15 мыңнан астам өсімдік тектес есірткі бар бұталар тәркіленді.

Жалпы, өткен жылы Ұлттық ұланға жүктелген қызметтік-жауынгерлік міндеттер толық көлемде орындалды. 2023 жылы әскерлерде жедел-қызметтік және жауынгерлік даярлықты арттыру және жетілдіру жөніндегі іс-шаралар кешені өткізілді.

Кеңейтілген отырыста Бас әскери прокурор әділет генерал-майоры Дастан Секенов сөз сөйледі. Дастан Әбдіқадырұлы Ұлттық ұланның мемлекеттік органдар жүйесіндегі құқықтық тәртіпті, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай- ақ, құрылымдар арасындағы әртүрлі алаңдарда өзара іс-қимыл және құқықтық ынтымақтастық қамтамасыз етілгенін атап өтті. Бұған Қауіпсіздік кеңесі, Үйлестіру кеңесі, Бірлескен алқа отырыстары мен кеңестер жанындағы арнайы комиссия жатады.

Әскери кеңес отырысын қорытындылай келе, Ішкі істер министрі әскерлердің жауынгерлік дайындығы мен жауынгерлік қабілетін арттыруға, атыс жабдықтарын сатып алу үшін қажетті қаражат бөлу керектігіне ерекше назар аударды.

«Әскерлерді даярлау – бұл жеке құрам арасындағы әскери тәртіпке негізделген жауынгерлік әзірліктің бастауы. Сондықтан бөлімше командирінен бастап әскер қолбасшысына дейін әскери қызметшілерді тәрбиелеумен, моральдық-психологиялық жай-күйімен айналысуы тиіс», деді полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов.

Сонымен қатар жиын соңында Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы атынан жауынгерлік жарыстың қорытындысы бойынша бірінші орын алғаны үшін дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен өңірлік қолбасшылықтар арасында «Орталық» ӨңҚ әскери ұжымы; жедел мақсаттағы құрамалар арасында 5573 әскери бөлімінің ұжымы; ҚАЖБ күзету және айдауылдау жөніндегі әскери бөлімдердің арасында 3517 әскери бөлімнің жеке құрамы; арнайы моторландырылған әскери бөлімдер арасында 5513 және 6655 әскери бөлімдерінің жеке құрамы; маңызды мемлекеттік объектілерді күзету жөніндегі арнайы бөлімдердің арасында 3650 әскери бөлімінің жеке құрамы; жоғары әскери оқу орнының, авиациялық бөлімнің, Ұлттық ұланның қызметін қамтамасыз ететін әскери бөлімдер арасында Ұлттық ұлан Академиясының жеке құрамы марапатталды.

Ал жедел мақсаттағы әскери бөлімдер арасында бірінші орын алғаны үшін Бас қолбасшының дипломымен, ақшалай сыйлықпен және қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі қызметті атқаруға арналған арнайы автокөлікпен Қарағанды қаласының 5451 әскери бөлімінің жеке құрамы марапатталды. ГАЗ-27527 «Соболь» көлігінің кілті әскери бөлімнің командирі подполковник Рауан Омаровқа табысталды.

Сөз соңында министр офицерлер мен командирлерге жауынгерлік қызметте толағай табыс тіледі.